Ақтөбе облысы әкімдігінің 2019 жылғы 21 қазандағы № 440 "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Ақтөбе облысы әкімдігінің 2021 жылғы 30 қарашадағы № 391 қаулысы

      Ақтөбе облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Ақтөбе облысы әкімдігінің 2019 жылғы 21 қазандағы № 440 "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6431 тіркелген) қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. "Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулыны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы қаулыны оны ресми жариялағаннан кейін Ақтөбе облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Ақтөбе облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин

  Ақтөбе облысы әкімдігінің 2021 жылғы 30 қарашадағы № 391 қаулысына қосымша
  Ақтөбе облысы әкімдігінің 2019 жылғы 21 қазандағы № 440 қаулысымен бекітілген

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 2-тармағы 17-10) -тармақшасына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19123 тіркелген бұйрығына сәйкес әзірленген және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың жалпы тәртiбiн айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры – аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік әсер ету және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн құрылған азық-түлiк тауарларының жедел қоры;

      2) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту– азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды өткізу немесе жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен дәл сондай көлемдегі азық-түлік тауарларын кейін жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды қайтару;

      3) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалану– тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу;

      4) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру– сатып алу интервенциялары, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын орналастыру және сақтау;

      5) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары– тізбесін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін, олардың есебінен адамның физиологиялық қажеттіліктері қанағаттандырылатын азық-түлік тауарлары;

      6) мамандандырылған ұйымдар - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын, тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 9 қазандағы № 1279 қаулысымен бекітілген ұйымдар;

      7) сатып алу интервенциялары – Ақтөбе облысының аумағында, бағалар төмендеген кезде және/немесе Қазақстан Республикасы аумағында төтенше жағдай енгізілгенде, мамандырылған ұйымдардың азық-түлік тауарларын сатып алу жөніндегі іс-шаралар;

      8) тауар интервенциялары - бағалар өскен кезде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын, азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі іс-шаралар;

      9) шекті сауда үстемесі - ішкі сауда субъектілерінің түпкілікті тұтынушыларға азық-түлік тауарларын өткізуі кезінде бағаны айқындау үшін қалыптастырылатын сауда үстемесі.

      3. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларына сәйкес іске асырылады.

      4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің тиімді және уақтылы қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Ақтөбе облысының әкімі Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады және оның құрамын бекітеді.

      5. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Комиссияның төрағасы болып табылады, кәсіпкерлік, сауда және ауыл шаруашылығы басқармаларының (бөлімдерінің) қызметкерлері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері Комиссия мүшелері болып табылады. Комиссия өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады.

      6. Комиссияның сандық құрамы тақ болуы және кемінде тоғыз адамнан тұруы тиіс. Бұл ретте комиссия мүшелерінің үштен екісі жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болуы тиіс. Комиссия хатшысы оған мүше болмайды.

      7. Комиссияның құзыретіне мыналар жатады:

      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шешім қабылдау;

      2) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын құру және пайдалану тетігін іске асыру мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін анықтау;

      3) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларына сәйкес қарыз беруге кәсіпкерлік субъектісін анықтау;

      4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін анықтау бойынша мамандандырылған ұйымдардың ұсыныстарын қарау.

      8. Комиссияның жұмысын құруды және ұйымдастыруды "Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) қамтамасыз етеді.

      9. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін Басқарма әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарт жасасу жолымен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.

      10. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейінгі үш жылдық кезеңге Басқарма мамандандырылған ұйыммен тұрақтандыру қорының заттай және ақшалай мәндегі өтпелі активтері туралы міндеттемелері көрсетілген қосымша келісім жасасады.

      Тұрақтандыру қоры таратылған жағдайда, мамандандырылған ұйым азық-түлік тауарларын сатып алу үшін пайдаланылған бюджет қаражатының жергілікті бюджетке қайтарылуын қамтамасыз етеді.

      Егер, мамандандырылған ұйымның шешімі бойынша азық-түлік тауарларын өткізу сатып алу бағасынан төмен баға бойынша жүзеге асырылса, онда соманың қайтарылуы сатып алу және өткізу бағаларының айырмасын шегере отырып жүзеге асырылады.

      11. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымның үстеме шығыстары азық-түлік тауарларының белгіленген және нарықтық бағаларының айырмасы есебінен жабылады.

      12. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардың (бұдан әрі - мамандандырылған ұйым) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      13. Мамандандырылған ұйым ай сайын айдың 10-не дейін Басқармаға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынады.

      14. Басқарма ай сайын айдың 20-на дейін Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынады.

2-тарау. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру бойынша тетіктерді іске асыру тәртібі

      15. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарығын тұрақтандыру мақсатында Ақтөбе облысының әкімдігімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандырудың:

      1) тұрақтандыру қорларының қызметі;

      2) кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тетіктерін іске асырады.

1-параграф. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорлары қызметінің тәртібі

      16. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларының қызметі өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану жолымен жүзеге асырылады.

      17. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен пайдалану жөніндегі тетікті іске асыру мақсатында Комиссия сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін, сондай-ақ шекті сауда үстемесін айқындайды.

      18. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алуға қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысымен бекітілген тізімнен қалыптастырылады.

      19. Мамандандырылған ұйым өткізетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңы 19-бабының 1-тармағына сәйкес, Статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес Ақтөбе облысының статистика органдары қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының ресми нарықтық мәндерінен 10 немесе одан да көп пайызға төмен бағаларды ұстап тұру ескеріле отырып қалыптастырылады.

      20. Комиссия Ақтөбе облысы әкіміне азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін бекіту туралы ұсынымдар енгізеді.

      21. Ақтөбе облысының әкімдігі Комиссияның ұсынымдары негізінде сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және шекті сауда үстемесін бекітеді.

      22. Өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру кезінде азық-түлік тауарлары тікелей өндірушілерден және (немесе) ауыл шаруашылығы өндірушілерінен және (немесе) көтерме кәсіпорындардан (дистрибьюторлардан) сатып алынады.

      23. Өңірлік тұрақтандыру қорларына сатып алынатын азық-түлiк тауарлары "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тамақ өнімдерін сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде оның қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес болуы тиіс.

      24. Мамандандырылған ұйым статистикалық деректер және басқа да көздер негізінде өңірдің азық-түлік тауарларының ішкі нарығына және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің нарықтарына тұрақты негізде талдау (өндіріс көлемі және азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың, бағалардың болуы) жүргізеді, өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін айқындайды және сатып алу интервенциялары туралы шешімді қабылдайды.

      25. Өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалануды тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлік тауарларын жаңарту жолымен мамандандырылған ұйым жүзеге асырады.

      26. Мамандандырылған ұйым аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету қажет баға деңгейінің көтерілуі жағдайында, 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей, тауар интервенцияларын жүргізу туралы шешім қабылдайды.

      27. Мамандандырылған ұйым өңірлік тұрақтандыру қорын уақтылы жаңарту мақсатында тұрақты негізде өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларының сақталу мерзімдерін қамтамасыз етеді.

      28. Өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу немесе кейін дәл сондай көлемдегі жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылғы жаңа шығымнан азық-түлік тауарларын жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін азық түлік тауарларын қайтару жолымен жүзеге асырылады.

      29. Өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын тауар интервенциялары, азық-түлік тауарларын жаңарту үшін мамандандырылған ұйымдар өздерінің өткізу нүктелері және (немесе) азық-түлік тауарларын өткізетін сауда объектілері арқылы, сондай-ақ өңдеу кәсіпорындары шекті сауда үстемесі шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін өткізуді жүзеге асырады.

      30. Бұл ретте өңдеу кәсіпорны өндірген дайын азық-түлік тауарының бағасы Ақтөбе облысының әкімдігімен бекіткен шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасынан аспайды және мамандандырылған ұйымның өңдеу кәсіпорнымен жасасқан өткізу туралы шартында айтылады.

      31. Басқарма мамандандырылған ұйыммен бірлесіп тауар интервенцияларын жүзеге асыратын сауда объектілерінің орналасқан жері туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары, Басқарманың және мамандандырылған ұйымның ресми сайттары арқылы халыққа жеткізу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді.

2-параграф. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі

      32. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру мақсатында Комиссия айқындайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес мамандандырылған ұйымға кейін кәсіпкерлік субъектілеріне беру үшін қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасасу жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және төлемдік талаптарымен жүзеге асырылады.

      33. Бағаларды тұрақтандыру мамандандырылған ұйымның әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына белгіленген төмендетілген бөлшек/көтерме сауда бағаларын белгілеуі жолымен қамтамасыз етіледі.

      34. Қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектісін комиссия кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптарға (критерийлерге) сәйкес айқындайды:

      1) кәсіпкерлік субъектілерінде азық-түлік тауарларын өндіруге немесе тиісінше сақтауға, азық-түлік тауарларымен сатып алу және өзге де операцияларды орындауға арналған және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тежеуге бағытталған шаралар кешенін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өндірістік (ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін) немесе қажет болған кезде (қойма құрылыстары, арнайы жабдығы бар үй-жайлар және басқалар) сауда-логистикалық (сауда субъектілері үшін) инфрақұрылымның болуы;

      2) банк өнімдері (кредиттер, лизингтер, есеп айырысу шоттарына қызмет көрсету бойынша берешек) бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы;

      3) мемлекеттік сатып алу бойынша жосықсыз өнім берушілер тізімінде болмауы және мамандандырылған ұйымдарында орындалмаған және (немесе) уақтылы орындалмаған міндеттемелерінің болмауы;

      4) салық берешегінің болмауы;

      5) қарыз бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің болуы;

      6) бұрын берілген займдар бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы;

      7) банкроттық не таратылу рәсіміне жатқызылмауы.

      35. Комиссия кәсіпкерлік субъектісін айқындағаннан кейін мамандандырылған ұйым кәсіпкерлік субъектісіне қарыз береді.

      36. Кәсіпкерлік субъектісі мамандандырылған ұйымның қарызды қайтару бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мынадай түрде беріледі: кепіл және/немесе банктік кепілдендіру және/немесе сақтандыру шарты және/немесе үшінші тұлғалардың кепілдік/кепілгерлігі және/немесе корпоративтік кепілдендіру. Міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жазбаша нысанда рәсімделеді.

      37. Қарыз беру шарттары мамандандырылған ұйым мен кәсіпкерлік субъектісі арасында жасалған қарыз шартында белгіленеді.

      38. Жергілікті атқарушы органдар бөлетін, оның ішінде бұдан бұрын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген қаражат қаржыландыру көзі болып табылады

      39. Қарыз мерзімі өткен берешекті қайта қаржыландыруға берілмейді.

      40. Қарыз тек ұлттық валютада беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады