Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы N 116 Қаулысы.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.10.2022 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 47-бабының 7-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.10.2022 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидалары және олардың мөлшерлері бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.02.28 № 266 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 7 ақпандағы
№ 116 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидалары және олардың мөлшерлері

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.10.2022 № 799 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидалары және олардың мөлшерлері (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және мемлекеттік стипендияларды тағайындау мен төлеу тәртібін, сондай-ақ олардың мөлшерлерін айқындайды.

      2. Мемлекеттік стипендиялар білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын студенттерге, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидент- дәрігерлерге, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына (бұдан әрі – алушылар) тағайындалады және төленеді.

      3. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын стипендияларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын мемлекеттік атаулы стипендияларды тағайындау және төлеу тәртібіне қолданылмайды.

      4. "Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымының студенттеріне, магистранттарына, докторанттарына, резидент-дәрігерлеріне, дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына стипендия тағайындау және төлеу тәртібі "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры" мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.

2-тарау. Мемлекеттік стипендияны тағайындау тәртібі

      5. Мемлекеттік стипендия аралық аттестаттаудың (емтихан сессиясының) нәтижелері бойынша "үздік", "жақсы" деген бағаға сәйкес бағалардың баламасын алған, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын студенттерге, интерндерге, магистранттарға, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алуға ауыстырылған студенттерге, интерндерге, магистранттарға тағайындалады.

      6. Докторанттарға, резидент-дәрігерлерге және дайындық бөлімшелерінің тыңдаушыларына мемлекеттік стипендия бүкіл оқу кезеңіндегі аралық аттестаттаудың (емтихан сессиясының) нәтижелеріне қарамастан бүкіл оқу мерзіміне тағайындалады.

      7. Бірінші академиялық кезеңге мемлекеттік стипендия мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бірінші курсқа (бірінші оқу жылына) қабылданған барлық студенттерге, магистранттарға 1 қыркүйектен немесе 1 қаңтардан бастап бірінші академиялық кезең мен каникул аяқталатын айды қоса алғанда, оның соңына дейін тағайындалады.

      Келесі академиялық кезеңдерде мемлекеттік стипендия студенттерге, магистранттарға осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес алдыңғы академиялық кезеңдегі аралық аттестаттау (емтихан сессиясы) нәтижелері бойынша тағайындалады.

      8. Аралық аттестаттауды (емтихан сессиясын) академиялық күнтізбеде белгіленген мерзімде дәлелді себептер бойынша (сырқаттану, отбасы жағдайы, дүлей апаттар, академиялық немесе кредиттік ұтқырлық бойынша оқу) тапсырмаған студенттерге, интерндерге, магистранттарға білім беру ұйымының басшылығы білім алушы растайтын құжаттарды тапсырғаннан кейін аралық аттестаттау (емтихан сессиясын) тапсырудың жеке мерзімдерін белгілейді.

      Тапсырылған аралық аттестаттау (емтихан сессиясы) нәтижелері бойынша білім алушылардың аталған санатына осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен мемлекеттік стипендия тағайындалады.

      9. Бір оқу орнынан басқасына ауысқан студенттерге, интерндерге, магистранттарға мемлекеттік стипендия алдыңғы семестрдің қорытындысы бойынша осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен тағайындалады.

      10. Академиялық демалыстан оралған студенттерге, интерндерге, магистранттарға мемлекеттік стипендияны тағайындау оқу жоспарларындағы академиялық айырма жойылғаннан кейін осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Сырқатына байланысты екінші оқу жылына қалдырылған студенттерге, интерндерге, магистранттарға мемлекеттік стипендия олар оралған кезден бастап осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен оқу жоспары орындалған алдыңғы семестрдің қорытындысы бойынша тағайындалады.

      Тиісті медициналық қорытындысы бар болса, туберкулезбен ауыратын студенттерге, интерндерге, магистранттарға, резидент-дәрігерлерге, докторанттарға мемлекеттік стипендия алдыңғы семестрдің қорытындысына қарамастан еңбекке жарамсыздық кезеңіне, бірақ еңбекке жарамсыздық басталған күннен бастап он айдан аспайтын кезеңге тағайындалады.

      11. Студенттер, интерндер, магистранттар, докторанттар, резидент-дәрігерлерге бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты академиялық демалыста болған кезеңде мемлекеттік стипендия тағайындалмайды.

      12. Мемлекеттік стипендияларды тағайындау білім алушылардың үлгерімін бақылау жүктелген бөлімше бастығының қызметтік жазбасы (ұсынуы) негізінде білім беру ұйымы басшысының немесе оны алмастыратын адамның бұйрығымен жүргізіледі.

      13. Мемлекеттік стипендияларды тағайындау:

      1) шығарылу себебіне қарамастан, білім алушы білім беру ұйымынан шығарылған жағдайда;

      2) білім алушы қайтыс болған жағдайда;

      3) білім алушы оқу бітіргеннен кейін оқу бітіргені туралы бұйрық шыққан күнінен бастап тоқтатылады.

      14. Осы Қағидалардың 13-тармағында белгіленген жағдайлар бойынша мемлекеттік стипендияларды тағайындауды тоқтату білім беру ұйымы басшысының немесе оны алмастыратын адамның тиісті бұйрығын шығару арқылы жүзеге асырылады.

      15. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын көру қабілеті жағынан мүгедектігі бар адамдарға және есту қабілеті жағынан мүгедектігі бар адамдарға, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және қорғаншылыққа (қамқорлыққа) алынған балаларға мемлекеттік стипендия растайтын құжаттар тапсырылған күннен бастап және емтихан сессиясының нәтижелері бойынша академиялық берешегі болмаған кезде ұлғайту ескеріліп тағайындалады.

3-тарау. Мемлекеттік стипендияны төлеу тәртібі

      16. Мемлекеттік стипендия осы Қағидалардың 12-тармағында көзделген оны тағайындау туралы бұйрықтың негізінде төленеді.

      Мемлекеттік стипендияны төлеуді ("Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 1-бабының 13-1-тармағына сәйкес) білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты, жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды және мемлекеттік атаулы стипендияларды қоспағанда, мемлекеттік стипендиялар төлеуді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға қатысушылардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын және Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген адамдардың бюджет қаражатының шығыстарын жұмыспен өтеу немесе жұмыспен өтемеген жағдайда орнын толтыру жөніндегі өз міндеттерін сақтауын мониторингтеу мен бақылауды қамтамасыз ететін заңды тұлға (бұдан әрі – оператор):

      әкімшісі білім беру саласындағы уәкілетті орган болып табылатын тиісті бюджеттік бағдарламалардың қаражаты шеңберінде;

      әкімшілері тиісті саланың өзге уәкілетті органдары болып табылатын тиісті бюджеттік бағдарламалардың қаражаты шеңберінде келісу бойынша жүзеге асырады.

      17. Мемлекеттік стипендияларды төлеу айдың 15-і күніндегі жағдай бойынша жүргізілетін алушылардың осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі тексерілгеннен кейін толық ай үшін бөлшектемей жүзеге асырылады, бұл бірінші курстың бірінші семестрінде білім алатын алушыларға қатысты емес, осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген фактілерді белгілеу үшін олардың сәйкестігін тексеру қыркүйекте 30 қыркүйектегі жағдай бойынша, ал келесі айларда айдың 15-і күніндегі жағдай бойынша жүргізіледі.

      18. Мемлекеттік стипендияларды төлеу шеңберінде оператор, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл жүзеге асырылатын ақпараттық жүйені айқындайды.

      Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары операторға өздерінде оқып жүрген алушылар, олардың аралық аттестаттауының (емтихан сессиясының) нәтижелері, осы Қағидаларға сәйкес алушылардың санаттары, сондай-ақ алушылардың таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банкте не Ұлттық пошта операторында ашылған олардың ағымдағы шоттарының деректемелері туралы мәліметтерді ұсынады.

      19. Мемлекеттік стипендияларды төлеу олардың сомаларын алушылардың таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банкте не Ұлттық пошта операторында ашылған ағымдағы шотқа аудару арқылы жүзеге асырылады.

      20. Мемлекеттік стипендия аралық аттестаттаудан (емтихан сессиясынан) және каникулдардан кейінгі келесі айдың бірінші күнінен бастап академиялық кезең, аралық аттестаттау мен каникул аяқталатын айды қоса алғанда, оның соңына дейін ай сайын төленеді. Бітіруші курстарда оқып жүргендерге мемлекеттік стипендия білім беру ұйымдарын бітіруіне байланысты оқудан шығарылған күніне дейінгі кезең үшін төленеді.

      21. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын көру қабілеті жағынан мүгедектігі бар адамдарға және есту қабілеті жағынан мүгедектігі бар адамдарға, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және қорғаншылыққа (қамқорлыққа) алынған балаларға мемлекеттік стипендия растайтын құжаттар тапсырылған күннен бастап және емтихан сессиясының нәтижелері бойынша академиялық берешегі болмаған кезде ұлғайту ескеріліп төленеді.

      22. Мемлекеттік стипендияға ұсынылған студенттерге, интерндерге, магистранттарға мемлекеттік стипендия жазғы каникул кезеңінде екі ай (шілде, тамыз) үшін жиынтықтап төленеді.

      23. Кәсіптік практика, жазғы каникулдар кезеңінде, сондай-ақ жалақы төленетін жұмыс орындары мен лауазымдарда жұмыс істеген кезеңде студенттерге, интерндерге, магистранттарға мемлекеттік стипендия осы Қағидалардың 12-тармағында белгіленген тәртіппен төленеді.

      24. Медициналық қорытындының (дәрiгерлiк-консультациялық комиссияның қорытындысы) негізінде берілген академиялық демалыстарды қоспағанда, студенттер, интерндер, магистранттар, резидент-дәрігерлер, докторанттар академиялық демалыста болған кезеңде мемлекеттік стипендия төленбейді.

      25. Жүктілігіне және босануына байланысты демалыс кезеңіне студенттерге, интерндерге, магистранттарға, резидент-дәрігерлерге, докторанттарға мемлекеттік стипендия Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген бүкіл мерзім ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалысқа шыққанға дейін белгіленген мөлшерде төленеді.

      Академиялық демалыс кезеңінде жүктілігіне және босануына байланысты уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы анықтама ұсынылған кезде академиялық демалыс тоқтатылып, жүктілігіне және босануына байланысты демалыс ресімделеді.

4-тарау. Бiлiм беру ұйымдарында білім алушыларға берілетін мемлекеттiк стипендияның мөлшерлерi

      26. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға ай сайынғы мемлекеттік стипендия мынадай мөлшерде белгіленеді:

      1) даярлаудың педагогикалық бағыттарында және "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 36660 (отыз алты мың алты жүз алпыс) теңге;

      2) жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық бағыттарында білім алатын студенттерге – 58800 (елу сегіз мың сегіз жүз) теңге;

      3) жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша білім алатын студенттерге – 58800 (елу сегіз мың сегіз жүз) теңге;

      4) интерндерге – 66403 (алпыс алты мың төрт жүз үш) теңге;

      5) магистранттарға – 86987 (сексен алты мың тоғыз жүз сексен жеті) теңге;

      6) "Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымында білім алатын магистранттарға – 162500 (жүз алпыс екі мың бес жүз) теңге;

      7) докторанттарға – 195000 (жүз тоқсан бес мың ) теңге;

      8) даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша докторанттарға 195000 (жүз тоқсан бес мың) теңге;

      9) даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 100036 (жүз мың отыз алты) теңге;

      10) мемлекеттік органдардан оқуға жіберілген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттарына соңғы жұмыс орны бойынша лауазымдық айлықақысының деңгейінде, бірақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын магистранттар үшін белгіленген мемлекеттік стипендияның мөлшерінен төмен емес;

      11) техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 21787 (жиырма бір мың жеті жүз сексен жеті) теңге.

      27. Техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттердің мемлекеттік стипендиясы – 20948 (жиырма мың тоғыз жүз қырық сегіз) теңге.

      28. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына берілетін мемлекеттік стипендия мөлшері осы Қағидалардың 25-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттердің ай сайынғы мемлекеттік стипендиясы мөлшерінің 85 (сексен бес) пайызы деңгейінде белгіленеді.

      29. Көру қабілеті жағынан мүгедектігі бар адамдарға және есту қабілеті жағынан мүгедектігі бар адамдарға, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және қорғаншылыққа (қамқорлыққа) алынған балалардың, сондай-ақ аралық аттестаттау (емтихан сессиясы) нәтижелері бойынша тек "үздік" деген бағалары бар студенттер мен магистранттардың білім беру ұйымдарында оқу кезеңінде жоғарылатылған мемлекеттік стипендия алуға құқығы бар.

      Мемлекеттік стипендияның мөлшерлерін жоғарылату осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес белгіленеді.

      30. "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес экологиялық апат аймағында тұратын білім алушыларға стипендия төлеу экологиялық жағынан қолайсыз жағдайда тұрғаны үшін коэффициент қолданыла отырып белгіленеді.

      31. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толықтай мемлекет қамтамасыз ететін студенттер мен магистранттарға мемлекеттік стипендия тиісінше студенттер мен магистранттардың мемлекеттік стипендиясы мөлшерінің 50 (елу) пайызы мөлшерінде белгіленеді.

      32. Медициналық қорытындының негізінде академиялық демалыстағы студенттерге, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидент-дәрігерлерге мемлекеттік стипендия академиялық демалыс уақытына тиісінше докторанттардың, резидент-дәрігерлердің, студенттердің, интерндердің, магистранттардың мемлекеттік стипендиясы мөлшерінің 50 (елу) пайызы (мүгедектігі бар адамдарға – 75 (жетпіс бес) пайыз) мөлшерінде белгіленеді.

  Мемлекеттік стипендияларды
тағайындау, төлеу қағидаларына
және олардың мөлшеріне
қосымша

Мемлекеттік стипендиялардың мөлшерлерін жоғарылату

Р/с №

Стипендиаттар тізбесі

Мемлекеттік стипендияның белгіленген мөлшеріне шаққанда мөлшерлерді пайызбен жоғарылату, %

1 2 3

1

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын көру қабілеті жағынан мүгедектігі бар адамдарға және есту қабілеті жағынан мүгедектігі бар адамдарға

75

2

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген студенттерге, магистранттарға және интерндерге

50

3

Жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және азаматтардың қамқорлығындағы (қорғаншылығындағы) балалар қатарындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге, магистранттарға және интерндерге

30

4

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын, емтихан сессиясының нәтижелері бойынша тек "үздік" деген бағалары бар студенттерге, магистранттарға (мемлекеттік атаулы стипендиялар мен Қазақстан Республикасы Президентінің стипендияларын алатын студенттерден басқа)

15

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 7 ақпандағы
N 116 қаулысына
қосымша

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Білім беру ұйымдарында оқитындардың жекелеген санаттарына мемлекеттік стипендияларды тағайындау мен төлеудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы N 1903 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 54, 538-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы N 1903 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 тамыздағы N 1254 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., N 36-37, 430-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы N 1903 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 12 шілдедегі N 770 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 22, 234-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы N 1903 қаулысына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 мамырдағы N 473 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., N 21-22, 213-құжат).

      5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы N 1903 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 5 наурыздағы N 286 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 12, 157-құжат).

      6. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы N 1903 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 5 қарашадағы N 1154 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 44, 553-құжат).

      7. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы N 1903 қаулысына толықтыру мен өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 мамырдағы N 453 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 21, 250-құжат).

      8. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы N 1903 қаулысына толықтыру мен өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 26 мамырдағы N 515 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 22, 271-құжат).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады