Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1178 қаулысы.

      2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1178 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен
алып тастауды белгілеу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу қағидалары "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 14-бабына сәйкес әзірленді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы Қағидалар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу тәртібін айқындайды.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастау - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бірі Үкіметінің актісінде белгіленген басқа мүше мемлекеттердің әлеуетті өнім берушілерінің (мердігерлеріне, бірлесіп орындаушыларына) нақты тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысуға қол жеткізуін шектеу не экономиканың белгілі бір салаларында жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуға қол жеткізуін шектеу;

      2) мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - мемлекеттік сатып алу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

2. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен
алып тастауды белгілеу тәртібі

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастауды екі жылдан аспайтын мерзімге белгілеуге құқылы.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 06.05.2019 № 260 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастау:

      1) конституциялық құрылыс негіздерін қорғауға;

      2) елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

      3) ішкі нарықты қорғауға;

      4) ұлттық экономиканы дамытуға;

      5) отандық тауар өндірушілерді қолдауға белгіленуі мүмкін.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 06.05.2019 № 260 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Мемлекеттік орган мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу қажет болған жағдайда, өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұлттық режимнен алып тастауды белгілейтін қаулысының жобасын (бұдан әрі - қаулы жобасын) әзірлейді.

      7. Әзірлеуші мемлекеттік орган әзірлеген қаулы жобасы Үкіметке енгізілгенге дейін, барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін уәкілетті орган келіседі.

      8. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастауды белгілейтін қаулы жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына енгізген және басқа мемлекеттік органдармен келіскен кезде мыналарды:

      1) қаулы жобасын;

      2) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу қажеттілігінің негіздемесін;

      3) алып тасталды – ҚР Үкіметінің 06.05.2019 № 260 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4) егер мұндай қаулы жобасына қатысты реттеушілік әсерді талдау рәсімі көзделген болса, реттеуші мемлекеттік органдардың реттеушілік әсерді талдау рәсімдерін сақтауы туралы уәкілетті органның қорытындысын қоса алғанда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу қажеттілігінің негіздемесі болуы мүмкін өзге де құжаттар (материалдар) мен мәліметтерді;

      5) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан қаулы жобасын қабылдау қажеттілігін негіздеу үшін ұсынылатын көрсеткіштер мен мәліметтердің тізбесін ұсынады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Әзірлеуші мемлекеттік орган қаулы жобасын мемлекеттік органдармен келіскеннен кейін оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 10 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентінде белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

3. Ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу туралы хабарлау
тәртібі

      10. Уәкілетті орган күні бұрын, бірақ алып тастауды белгілеу туралы акт қабылданған күнге дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей Еуразиялық экономикалық комиссияға және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің әрқайсысына хабарлама мен осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген құжаттар тізбесін жібереді.

      11. Егер Еуразиялық экономикалық комиссия уәкілетті органнан осы Қағидалардың 8-тармағында көзделмеген өзге мәліметтерді сұратса, уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде аталған сұрау салуды әзірлеуші мемлекеттік органға жібереді.

      12. Әзірлеуші мемлекеттік орган осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген сұрау салуды қарайды және уәкілетті органнан осындай сұрау салуды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тиісті ақпарат ұсынады.

      13. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген сұрау салуға бір жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жауап береді.

  Мемлекеттік сатып алуды
жүзеге асыру кезінде ұлттық
режимнен алып тастауды
белгілеу қағидаларына
1-қосымша

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен
алып тастауды белгілейтін нормативтік құқықтық актіні қабылдау
қажеттілігінің негіздемесі

      Ескерту. 1-қосымшаға өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 06.05.2019 № 260 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Р/с

Негіздемеде көрсетілуге тиіс мәліметтердің тізбесі

Әзірлеуші мемлекеттік органның ақпараты

1.

Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган


2.

Жобаны қабылдау қажеттілігінің негіздемесі


3.

Жағдай ерекшелігінің негіздемесі


4.

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру аяқталғанға дейін әлеуетті өнім берушілер туралы ақпараттың құпиялылығын сақтау қажеттілігіне байланысты мемлекеттік салып алуды жүзеге асыру ерекшеліктерін белгілеу қажеттілігінің негіздемесі (егер қабылданатын актіде осындай ерекшеліктер белгіленетін болса)


5.

Шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден мемлекеттік сатып алу қажеттілігінің негіздемесі (егер қабылданатын актіде жалғыз өнім беруші айқындалатын болса)


6.

Алып тасталды – ҚР Үкіметінің 06.05.2019 № 260 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.


7.

Жобаны қабылдаудың нақты мақсаттары, күтілетін нәтижелердің мерзімдері мен болжамды тиімділігі


8.

Егер мұндай қаулы жобасына қатысты реттеушілік әсерді талдау рәсімі көзделген болса, реттеуші мемлекеттік органдардың реттеушілік әсерді талдау рәсімдерін сақтауы туралы уәкілетті органның қорытындысын қоса алғанда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу қажеттілігінің негіздемесі болуы мүмкін өзге де құжаттар (материалдар) мен мәліметтер



      Мемлекеттік органның

      бірінші басшысы ________________________________

      қолы, қолдың толық жазылуы

      Күні_________________

  Мемлекеттік сатып алуды
жүзеге асыру кезінде ұлттық
режимнен алып тастауды
белгілеу қағидаларына
2-қосымша

Қаулы жобасын қабылдау қажеттілігін негіздеу үшін ұсынылатын
көрсеткіштер мен мәліметтердің
ТІЗБЕСІ

      1. Тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) тұтыну көлемі*

      2. Мүше мемлекетке және қажет болса үшінші елдерге қатысты тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) әкелу және әкету көлемі*

      3. Тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) мемлекеттік сатып алу көлемі*

      4. Тауарды өндіру (жұмысты орындау, қызметті көрсету) көлемі**

      5. Тауар өндірушілердің өндірістік қуатының жүктемесі**

      6. Тауар өндірудің рентабельділігі**

      7. Тауар (жұмысты, көрсетілетін қызметті) бірлігін өндіру шығындары**

      8. Тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өндірушілер бағаларының орташа деңгейі**

      9. Инвестициялар көлемі**

      10. Ұлттық режимнен алып тастауға рұқсат берілуі мен оның қажеттілігі туралы тұжырым жасауға мүмкіндік беретін тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) ерекше сипаттамалары

      ___________________

      * Көрсеткіштің мәні тұтас алғанда Қазақстан Республикасы бойынша ұсынылады.

      ** Көрсеткіштің мәні тұтас алғанда Қазақстан Республикасының өндірушілері бөлінісінде ұсынылады.

      Ескертпе. Көрсеткіштер мен мәліметтер алдыңғы үш жылдық кезеңге ұсынылады және қажеттілігіне қарай статистикалық есептіліктің немесе бухгалтерлік теңгерімнің деректерімен расталады, сондай-ақ ағымдағы кезеңге арналған болжамдық көрсеткіштер ұсынылады.

      Көрсеткіштер мен мәліметтер бойынша деректер болмаған жағдайда, мұндай деректердің болмау себептері көрсетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады