Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарын қайта ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 971 қаулысы

      1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 45-бабына, "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазгеоақпарат" республикалық геологиялық ақпарат орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі "Ұлттық геологиялық қызмет" акционерлік қоғамы етіп қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      2. "Ұлттық геологиялық қызмет" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – қоғам) осы қаулының 1-тармағында көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін оған белгіленген тәртіппен "Қазгеология" ұлттық геологиялық барлау компаниясы" акционерлік қоғамын қосу жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      3. Қоғам қызметінің мақсаты Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланудың ақпараттық және ғылыми негіздерін дамытуды айқындау.

      4. Қоғам қызметінің негізгі нысанасы:

      Қазақстан Республикасының геология саласындағы ғылыми мекемелерімен бірлесіп, геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, қорыту, жүйелеу және талдау;

      мыналар:

      геологиялық ақпаратқа ашық қол жеткізу;

      Қазақстан Республикасының Минералдық ресурстарының ұлттық деректер банкін пайдалану арқылы инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету болып айқындалсын.

      5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Геология комитетімен бірлесіп:

      1) қоғам жарғысының бекітілуін және оның Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) мемлекеттік қоғам акцияларының пакетін иелену және пайдалану құқығының Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Геология комитетіне берілуін;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      6. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтыру бекітілсін.

      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 971 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтыру

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында:

      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тiзбесiнде:

      "Нұр-Сұлтан қ." деген бөлімде:

      реттік нөмірі 21-159-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "21-159. "Ұлттық геологиялық қызмет" акционерлік қоғамы";

      реттік нөмірі 21-188-жол алып тасталсын.

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне:" деген бөлімде;

      "Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Геология комитетіне:" деген кіші бөлімде:

      реттік нөмірі 402-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "402. "Ұлттық геологиялық қызмет" акционерлік қоғамы";

      реттік нөмірі 403-жол алып тасталсын.

      3. "Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 6 сәуірдегі № 376 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың тізбесінде:

      "Ұлттық компаниялар" деген бөлімде:

      реттік нөмірі 36-жол алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 46-жолмен толықтырылсын:

      "46. "Ұлттық геологиялық қызмет" акционерлік қоғамы".

      4. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 маусымдағы № 17 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 5 шілдедегі № 479 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі туралы ережеде:

      Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:

      "Акционерлік қоғамдар" деген бөлімдегі 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. "Ұлттық геологиялық қызмет" акционерлік қоғамы.";

      "Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер" деген бөлімдегі 1-тармақ алып тасталсын.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады