Үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы № 168 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 20 мамырда № 28138 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің үлгілік қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік алпыс күннен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
      ресурстар министрі С. Брекешев
     
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі
     
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
      КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
      КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрі
2022 жылғы 20 мамырдағы
№ 168 Бұйрығымен
бекітілген

Үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің үлгілік қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 12) тармағына сәйкес әзірленді және үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің тәртібін белгілейді.

      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:

      1) жануардың иесі - жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;

      2) жауапты адам – жануар иесінің осы Заңда белгіленген құқықтары мен міндеттерін жануар иесінің жазбаша тапсырмасы бойынша өзіне алатын адам;

      3) ұстау орны – жануардың иесі және (немесе) жауапты адам пайдаланатын, жануар ұсталатын ғимараттар, құрылыстар, құрылысжайлар, үй-жайлар немесе жер учаскелері;

      4) үй жануарлары (компаньон жануарлар) (бұдан әрі – үй жануарлары) – қай түрге жататынына қарамастан, адам эстетикалық қажеттіліктері мен қарым-қатынас қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін дәстүрлі түрде асырайтын және өсіретін жануарлар;

      5) үй жануарларының өз бетінше серуендеуі – үй жануарларының ұстау орнынан тыс жерде жануар иесінсіз және (немесе) жауапты адамсыз өз бетінше болуы;

      6) үй жануарларын серуендету – жануар иесінің және (немесе) жауапты адамның жануарды ұстау орнының шегінен тыс жерге шығаруды көздейтін және жануардың қозғалыс белсенділігіне, табиғи қажеттіліктерін атқаруға деген физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған әрекеттері.

2-тарау. Үй жануарларын ұстаудың тәртібі

      3. Үй жануарларын ұстау жөніндегі талаптарға мыналар жатады:

      1) үй жануарларын күтіп-бағу жағдайлары олардың биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келуге, олардың табиғи қажеттерін қанағаттандырады;

      2) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес үй жануарлары ауруларының профилактикасын, диагностикасын, оларды емдеуді және жоюды қамтамасыз ету болып табылады.

      4. Үй жануарының иесі және жауапты адамы алаңдаушылық туғызуға, адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндіруге, айналадағыларға зиян келтіруге жол бермейтін жағдайларды қамтамасыз етеді.

      5. Үй жануарларын төмендегідей орындарда ұстауға рұқсат етілмейді:

      1) Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау және денсаулық сақтау салаларындағы заңнамасының талаптары бұзылған кезде қоғамдық орындарда, ұстау орындарында;

      2) ортақ пайдаланылатын орындарда (баспалдақ алаңдары, жертөлелер, шатырлар, шектес балкондар, лоджиялар және ортақ пайдаланылатын қосалқы үй-жайлар);

      3) үй маңындағы аумақтарда (жеке тұрғын үйлердің үй маңындағы аумақтарынан басқа);

      4) асүйлер мен жатақхана дәліздерінде.

      6. Үй жануарларының иесі және жауапты адам тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың, оның ішінде кондоминиум объектілерінің, қоғамдық орындардың үй жануарларымен ластануына, қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол берілмейді.

      7. Бірнеше отбасы тұратын тұрғынжайда (жеке тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй) үй жануарларын ұстау медициналық қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, барлық тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерінің келісімімен жүзеге асырылады.

      8. Бау-бақша, саяжай кооперативтерінің, демалыс үйлерінің аумақтарында санитариялық-гигиеналық ережелердің талаптарын сақтай отырып, үй жануарларын ұстауға жол беріледі.

      9. Үй жануарлары бар адамдардың жатақханалар мен қонақ үйлерде уақытша болуына Қазақстан Республикасы заңнамасының санитариялық-гигиеналық және өзге де талаптарын сақтай отырып, жатақханалар мен қонақ үйлерде белгіленген ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес көрсетілген ұйымдардың келісімімен жол беріледі.

      10. Үй жануарларын қараусыз қалдыруға жол берілмейді. Қарау мүмкін болмаған жағдайда үй жануарының иесі немесе жауапты тұлға:

      1) жануарды үй жануарларына арналған панажайға уақытша күтіп-бағуға орналастырады;

      2) үшінші адамдарға уақытша күтіп-бағуға береді;

      3) зоологиялық жатынжайға орналастырады.

      11. Үй жануарын одан әрі ұстау мүмкін болмаған жағдайда жануар иесі және жауапты адам үй жануарын одан әрі орналастыруға шаралар қабылдайды.

      12. Иттерді өздігінен серуендеуін және адамдар мен жануарларға шабуыл жасауды болдырмайтын жағдайларда ұсталады. Мұндай жағдайлар болмаған жағдайда ит байлануы немесе үйшікте болады.

3-тарау. Үй жануарларын серуендету тәртібі

      13. Үй жануарларын серуендету адамдардың, басқа жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адамдардың мүлкіне үй жануарларының зиян келтіруден қорғау талабымен жүзеге асырылады.

      14. Үй жануарларының иесі және жауапты адам қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары белгілеген тәртіппен үй жануарларын серуендету ережелерін сақтайды.

      15. Үй жануарларын серуендету кезінде иелері және жауапты адам келесі талаптарды сақтайды:

      1) үй жануарларын тыйым салу белгісімен белгіленбеген орындарда ұзындығы 2 (екі) метрден аспайтын қарғы баумен тұмылдырықсыз серуендету, бұл ретте жануардың иесі өзімен бірге тұмылдырық алып жүруді, ол қажет болған кезде итке дереу кигізуді;

      2) жергілікті атқарушы органдармен белгіленген жерлерде, итке тұмылдырықты уақтылы кигізеді және серуендету орындарда қарғы баудың лайықты ұзындығын реттеуді;

      3) үй жануарының айналасындағыларға алаңдаушылық және кедергі келтірмеуді;

      4) үй жануарлары көшелер арқылы немесе магистральдардың жанында өткен кезде тұмылдырық кигізіледі және жол-көлік оқиғаларын және оның жүру бөлігінде апат болуын болдырмау үшін оны 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғы бауда және ұстайды;

      5) тыйым салатын жазбалар болмаған жағдайда иесінің иті тұмылдырықта және 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғы баумен мекемелерде, азық-түлік емес дүкендерде, поштада болуына рұқсат етіледі;

      6) итті, егер бұл ретте қоғамға қауіп төнбесе, қоғамдық тәртіпті бұзбаса, иттің денсаулығына қауіп төнбесе немесе оның еркін қозғалуына кедергі келтірілмесе, ғимараттың жанында 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғы баумен байлап және тұмылдырықта қалдыруға рұқсат етіледі.

      16. Иттермен қорғалатын бекітілген аумақтары бар иелер иттерді өздерінің базаларында, қоймаларында, өндірістік үй-жайларында тек түнгі уақытта және қоршалған аумақта еркін серуендетеді. Күндізгі уақытта иттер байлауда немесе үйшікте болады.

      17. Елді мекен аумағында:

      1) иттердің өздігінен серуендеуіне;

      2) үй жануарларын серуендетуге және олардың мінез-құлқын бақылауға қабілеті жоқ, оның ішінде алкогольден, есірткіден, уытқұмарлықтан масаң күйдегі адамдарға, қоғамдық орындарда және көлікте үй жануарларын серуендетуге;

      3) мектепке дейінгі балалар, білім беру, дене шынықтыру-спорттық және медициналық, емдеу ұйымдарының, мәдениет ұйымдарының, балалар мен спорттық ойын алаңдарының аумақтарында және тыйым салу белгілері орнатылған, серуендеуге арналмаған өзге де аумақтарда үй жануарларын серуендетуге;

      4) адамдар шомылуға рұқсат етілген аумақта үй жануарларын серуендетуге;

      5) адамдар шомылуға рұқсат етілген аумақта, тоғандарда, субұрқақтарда және су бөгеттерінде үй жануарларын шомылдыруға және жууға;

      6) үй жануарларының қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарында (көзі әлсіз көретін адамдарға арналған қызметтік иттер мен жетелеуші иттерден басқа), сервистік қызмет көрсету азық-түлік дүкендерінің сауда және өндірістік залдарында, мәдени мекемелерде (иттер қатысатын көрмелер, ойын-сауық және бұқаралық іс-шаралар өткізу жағдайларын қоспағанда), діни ұйымдарда (бірлестіктерде), балалар, білім беру, медициналық ұйымдардың үй-жайларында болуына және ұсталуына жол берілмейді.

      18. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында үй жануарларын серуендетуге не өзге мақсатта жануарлармен жүруге тыйым салынған орындарды айқындайды, сондай-ақ қажет болған кезде үй жануарларын серуендетуге арналған орындарды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жабдықтайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады