Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі N 39 Заңы.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және мүгедектердi әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз етудiң, олардың тiршiлiк-тынысы мен қоғаммен етене араласуы үшiн тең мүмкiндiктер жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнаулы жүрiп-тұру құралдары - мүгедектердiң белсендi және баяу жүрiп-тұруына арналған техникалық көмек түрi;

      2) алып тасталды - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі);

      2-1) жеке көмекші – жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедекті бірге алып жүру және объектілерге барған кезде көмек көрсету бойынша әлеуметтік қызметтер көрсететін адам;

      3) кәсiптiк бағдарлау - мүгедектiң еңбек қызметi түрлерiн таңдауына көмек көрсетуге бағытталған шаралар жүйесi;

      4) қайта жасау хирургиясы - организмнiң бұзылған функцияларын қалпына келтiруге немесе олардың орнын толтыруға бағытталған хирургиялық емдеу әдiсi;

      5) медициналық-әлеуметтік сараптама – мүгедектікті және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілей (белгілемей) отырып, куәландырылатын адамның организм функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған тыныс-тіршілігінің шектелуін бағалау, сондай-ақ оның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін айқындау;

      5-1) медициналық-әлеуметтік мекеме (ұйым) – көмек пен күтімге, медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж қарттардың, мүгедектердің, оның ішінде психоневрологиялық науқастар қатарындағы мүгедектердің, мүгедек балалардың стационар, жартылай стационар немесе күндіз болу жағдайында тұрақты немесе уақытша тұруына арналған ұйым;

      6) медициналық оңалту - организмнiң бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға, iшiнара немесе толық қалпына келтiруге бағытталған медициналық қызметтер кешенi;

      7) мүгедек – тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам;

      8) мүгедек бала – тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған он сегiз жасқа дейінгі адам;

      9) мүгедектердi әлеуметтiк оңалту - мүгедектердiң тiршiлiк-тынысының шектелуiн жеңiп шығуы үшiн жағдай туғызуға, олардың әлеуметтiк мәртебесiн қалпына келтiруге, әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуiне бағытталған шаралар кешенi;

      10) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау - мүгедектерге әлеуметтiк көмек көрсету, оңалту, сондай-ақ олардың қоғамға етене араласуы жөнiндегi шаралар кешенi;

      11) мүгедектердi жұмысқа орналастыруға арналған арнаулы жұмыс орындары - мүгедектiң жеке мүмкiндiктерi ескерiле отырып жабдықталған жұмыс орындары;

      12) мүгедектердi кәсiптiк оңалту - мүгедектердiң бұзылған не жоғалтқан кәсiптiк дағдыларын, бiлiмi мен машықтарын алуына немесе қалпына келтiруiне және оларды бейiмдеу мен жұмысқа орналастыруға бағытталған шаралар кешенi;

      13) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      14) мүгедектердiң әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуi - мүгедектердiң өзiн-өзi қарап-күту, өз бетiмен өмiр сүру мүмкiндiгiне қол жеткiзу немесе олардың отбасылық және қоғамдық өмiрдiң үйреншiктi жағдайларына қайта оралу процесi;

      14-1) мүгедектердің мамандандырылған ұйымдары – мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері, сондай-ақ ондағы қатысу үлестерінің жүз пайызы мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне тиесілі ұйымдар мына талаптарға сай келсе:

      мүгедектердің орташа жылдық саны қызметкерлердің жалпы санының кемінде 51 пайызын құраса;

      бір жылда мүгедектердің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар еңбекке ақы төлеу жөніндегі жалпы шығыстардың кемінде 35 пайызын құраса, осындай бірлестіктер мен ұйымдар;

      15) мүгедектiк - организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуы салдарынан адамның тiршiлiк-тынысының шектелу дәрежесi;

      16) мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасы - мүгедектi оңалтудан өткiзудiң нақты көлемiн, түрлерi мен мерзiмдерiн белгiлейтiн құжат;

      17) мiндеттi гигиеналық құралдар - табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттiлiктердi қанағаттандыруға арналған құралдар;

      17-1) оңалту – мүгедектің тұрмыстық, қоғамдық, кәсіби және өзге де қызметке қабілетін толық немесе ішінара қалпына келтіруге бағытталған шаралар кешені;

      18) протездiк-ортопедиялық көмек - мүгедектердi протездiк-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жөнiндегi медициналық-техникалық көмектiң мамандандырылған түрi және оларды пайдалануды үйрету;

      19) протездiк-ортопедиялық құралдар - кем аяқ-қолды немесе дененiң басқа да мүшелерiн алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудiң салдарынан организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар;

      19-1) сурдоаударма – қандай да бір тілден дактильді әліпби және (немесе) ымдау тілі көмегімен аудару;

      20) сурдотехникалық құралдар - есiту кемiстiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға арналған техникалық құралдар, оның iшiнде дауысты күшейтетiн байланыс және ақпарат беру құралдары;

      21) техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар - протездiк-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдар мен мiндеттi гигиеналық құралдар;

      22) тифлотехникалық құралдар - мүгедектердiң көру кемiстiгi салдарынан жоғалтқан мүмкiндiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар;

      23) тiршiлiк-тынысының шектелуi - адамның өзiн-өзi қарап-күту, өздiгiнен жүрiп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзiнiң мiнез-құлқын бақылау, оқу және еңбекпен айналысу қабiлетiнен немесе мүмкiндiгінен толық немесе ішінapa айрылуы;

      24) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттары – мүгедектерге және мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын, көлемін және шарттарын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер;

      25) ымдау тілі маманы – еститін және естімейтін адамдар арасында делдалдық қызмет көрсетуге байланысты мүгедекке әлеуметтік қызметтер көрсететін маман.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.07.07 № 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 № 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.12.2013 № 152-V (01.01.2006 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады, бұған халықаралық шарттан оның қолданылуы үшiн Қазақстан Республикасының заңын шығару талап етiлетiн жағдайлар қосылмайды.

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

      Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы қатынастардың субъектiлерi болып табылады.

2-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУДЫ
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

4-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаты

      Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаты:

      1) мүгедектiктiң алдын алуға;

      2) мүгедектердi әлеуметтiк қорғауға, соның iшiнде оңалтуға;

      3) мүгедектердiң қоғаммен етене араласуына бағытталған.

5-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау принциптерi

      Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаты:

      1) заңдылық, iзгiлiк, адам құқықтарының сақталуы;

      2) әлеуметтiк қорғауға кепiлдiк берiлу, медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк оңалтуға қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету;

      3) мүгедектердiң денсаулық сақтауға, бiлiм алуға және қызмет түрiн, соның iшiнде еңбек қызметi түрiн еркiн таңдауға басқа азаматтармен қатар қол жеткiзуi мен тең құқылы болуы;

      4) мемлекеттiк органдардың мүгедектердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын қоғамдық бiрлестiктермен және өзге де ұйымдармен өзара iс-қимыл жасауы;

      5) мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтуге тыйым салу принциптерi негiзiнде жүргiзiледi.

6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:

      1) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;

      2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      4) мемлекеттiк тапсырыс немесе грант бойынша оқып жүрген мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стипендиялар тағайындау мен төлеудiң тәртiбiн бекiтедi;

      4-1) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      5) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласында үйлестiру кеңесiн құрады;

      5-1) Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды бекітеді;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      5-2) тармақшамен толықтыру көзделген – ҚР 12.10.2021 № 67-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      6) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.12.19 № 9 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 № 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң құзыретi

      1. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган:

      1) Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы, сондай-ақ медициналық-әлеуметтiк сараптама саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлейдi және бекiтедi;

      1-1) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      2-1) мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;

      3) алып тасталды - ҚР 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 № 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      5) медициналық-әлеуметтiк сараптаманы және мүгедектердi оңалтуды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың жалпы принциптерiн белгiлейдi;

      6) медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын әзiрлейдi және бекітеді;

      6-1) медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу кезінде қалыптастырылатын құжаттардың нысандарын әзірлейді және бекітеді;

      7) мүгедектердi есепке алу жүйесiнiң орталықтандырылған деректер банкiн қалыптастырады, мүгедектiк себептерiнiң, құрылымының және жай-күйiнiң мониторингiн жүргiзедi;

      7-1) тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы мүгедектерге өткізу кезінде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидаларын бекітеді;

      8) алып тасталды - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдар

      9) мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      9-1) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерді көрсетуі қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-2) мүгедектерге берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышын әзірлейді және бекітеді;

      9-3) мүгедектер әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы сатып алатын тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің құнын өтеу ретінде берілетін кепілдік берілген соманы айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

      9-4) тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді берушілерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталына жіберу, оларды әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеу немесе тіркеуден шығару қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-5) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, мүгедектерді протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса алғанда, қамтамасыз ету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-6) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, есту кемістігі бар мүгедектер үшін ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін ұсыну қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-7) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, мүгедектер мен мүгедек балаларға санаторий-курорттық емдеуді ұсыну қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9-8) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталын пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң құзыретiне мыналар жатады:

      1) медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу;

      2) организм функцияларының бұзылу және тұрмыс-тіршілігінің шектелу дәрежесiне қарай себебi, мерзiмi айқындала отырып, мүгедектiк тобын және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесiн белгілеу;

      3) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік және кәсіптік бөліктерін әзірлеу, өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауына байланысты мертіккен немесе өзге де денсаулық зақымын алған жұмыскердің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген көмек пен күтімнің қосымша түрлеріне мұқтаждығын айқындау;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жәрдемақыларды және төлемдер мен өтемақылардың басқа да түрлерiн тағайындау;

      5) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларының iске асырылуын бақылау;

      6) халықтың мүгедектiгi деңгейi мен себептерiн зерделеу;

      7) өз құзыретi шегiнде мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 287-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi

      Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган:

      1) халықтың салауатты өмiр салтын қалыптастыру, мүгедектiктiң алдын алу саласындағы бiртұтас мемлекеттiк саясатты жүргiзедi;

      2) ауруларды диагностикалау, емдеу және оңалту хаттамаларын айқындайды;

      3) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының медициналық бөлігін әзірлейді және оны орындауды жүзеге асырады;

      4) медициналық-әлеуметтiк сараптама саласындағы мамандарды кәсiптiк даярлауды және қайта даярлауды қамтамасыз етедi;

      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi

      Бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектердiң бiлiм алуын қамтамасыз етедi;

      2) мемлекеттiк тапсырыс немесе грант бойынша оқып жүрген мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стипендиялар тағайындау мен төлеудiң тәртiбiн әзiрлейдi;

      3) алып тасталды – ҚР 26.06.2021 № 56-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.06.2021 № 56-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының құзыретi

      Ескерту. 10-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).

      1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi өкiлдi органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      2. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары:

      1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      2) мүгедектердi оңалтуды жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелер мен кәсiпорындарды құрады;

      2-1) мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша әлеуметтік қолдау шараларын ұсынады;

      3) мүгедектердi оңалтуды жүзеге асыратын ұйымдарды құруға ықпал етедi;

      4) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес мүгедектердi кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды) ұйымдастырады;

      5) мүгедектердi оңалту жөнiндегi мамандарды, оның iшiнде ымдау тілі мамандарын, Брайльдiң бедерлi-нүктелiк қарпі бойынша оқитын және жазатын мамандарды даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;

      6) осы Заңға сәйкес тиiстi аумақта медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалтудың орындалуын ұйымдастырады;

      7) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектердiң және мүгедек балалардың санаторий-курорттық емделуiн қамтамасыз етедi;

      8) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      9) мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектердi техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен және (немесе) арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      10) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органмен және мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен бiрлесiп мүгедектер арасында сауықтыру және спорттық iс-шараларды өткiзудi ұйымдастырады;

      11) мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен бiрлесiп мәдени-көпшілік және ағарту iс-шараларын ұйымдастырады;

      12) мүгедектерге қайырымдылық және әлеуметтiк көмектiң көрсетiлуiн үйлестiредi;

      13) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының құзыретi

      1. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi өкiлдi органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      2. Ауданның (облыстық маңызы қаланың) жергiлiктi атқарушы органдары:

      1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) мүгедектерге әлеуметтiк көмек көрсетудi ұйымдастырады және қайырымдылық көмек көрсетуді үйлестіреді;

      3-1) мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша әлеуметтік қолдау шараларын ұсынады;

      4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2015 № 403-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Мүгедектiктiң алдын алу

      1. Мүгедектiктiң алдын алу - ерте диагноз қоюға, дене, ақыл-ой, психикалық, сенсорлық және басқа кемiстiктердiң туындауынан және кемiстiктiң тұрақты функционалдық шектелуге немесе мүгедектiкке ауысуынан сақтандыруға бағытталған шаралар кешенi, сондай-ақ денсаулықты қорғау, адамның тұратын экологиялық ортасын жақсарту, салауатты өмiр салтын қалыптастыру, еңбектiң қауiпсiз жағдайларын қамтамасыз ету, өндiрiсте жарақаттануды болдырмау, кәсiптiк ауруларды азайту жөнiндегi iс-шаралар.

      2. Мүгедектiктiң алдын алуды тиiстi мемлекеттiк органдар, жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары, ұйымдар мен жұмыс берушi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

3-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ

13-бап. Медициналық-әлеуметтiк сараптама, мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы

      1. Куәландырылатын адамның мүгедектiгiн, еңбекке қабiлеттіліктен айырылу дәрежесiн белгiлеуді және әлеуметтік қорғау шараларын айқындауды халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу арқылы жүзеге асырады.

      2. Медициналық-әлеуметтік сараптама денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілетін медициналық құжаттар негізінде дәрігерлік-консультациялық комиссияның жолдамасы бойынша жүргізіледі.

      3. Медициналық-әлеуметтiк сараптама куәландырылатын адамның клиникалық-функционалдық, әлеуметтiк, кәсiби және психологиялық деректерiн талдау негiзiнде организмнiң жай-күйiн кешендi бағалау негізге алына отырып, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртiппен жүзеге асырылады.

      4. Қолданылу мерзімі өткен құжаттар және (немесе) құжаттардың толық емес топтамасы ұсынылған кезде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуден бас тартылады.

      5. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қорытындысы бойынша, тыныс-тіршілік санаттарының біреуінің (өзін-өзі қарап-күту, жүріп-тұру, еңбек қызметі (еңбекке қабілеттілік), оқып-үйрену, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзінің мінез-құлқын бақылау, ойын қызметі және танымдық қызмет, қозғалыс белсенділігіне қабілеті) шектелуіне алып келетін, организм функцияларының тұрақты бұзылуы болмаған жағдайларда, мүгедектік және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі белгіленбейді.

      6. Мүгедектiк тобы жеті жастан бастап белгiленедi.

      7. Адамды мүгедек деп тану және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі белгілеу кезінде оның себептері, мерзімдері, әлеуметтік қорғау шараларына қажеттіліктер айқындалады, сондай-ақ мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік және кәсіби бөліктері әзірленеді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      8-тармақ 01.01.2023 дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде мынадай редакцияда қолданылады - ҚР 12.10.2021 № 67-VII Заңымен.

      8. Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы мүгедектікті белгілеу мерзіміне әзірленеді.

      9. Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы организмнің бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын қалпына келтіруге және (немесе) олардың орнын толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтік, кәсіби оңалту шараларын қамтитын оңалту іс-шараларының кешенін айқындайды.

      Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы мүгедек мұқтаж болатын техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің атауын да қамтиды.

      10. Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының медициналық бөлігін медицина қызметкерлері медициналық құжаттар мен ақпараттық жүйелерде толтырады.

      11. Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедекке тегін берілетін оңалту іс-шараларын да, ақысын төлеуге мүгедектің өзі немесе оның жұмыста мертігуіне немесе кәсіптік ауруға шалдығуына кінәлі жұмыс беруші қатысатын оңалту іс-шараларын да қамтиды.

      Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда – ҚР 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

14-бап. Мүгедектердiң құқықтары

      Қазақстан Республикасында мүгедектер:

      1) әлеуметтiк қорғауға, соның iшiнде оңалтуға, қоғамға етене араласуға;

      2) әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне кiрiп-шығуын қамтамасыз етуге;

      3) ақпаратқа қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге;

      4) бiлiм алуға, қызмет түрiн, соның iшiнде еңбек қызметi түрiн еркiн таңдауға;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлеміне және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке;

      6) кәсiптiк даярлыққа және қайта даярлыққа, еңбек қабiлетiн қалпына келтiруге және жұмысқа орналасуға;

      7) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге;

      8) мемлекеттiк және өзге ұйымдарда, соның iшiнде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлiк, қызмет көрсету саласындағы ұйымдарда бiрiншi кезекте қызмет көрсетiлуге;

      9) мүгедектердiң шығармашылық қабiлеттерiн қолдауға арналған құқықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актiлерiмен бекiтiлген әлеуметтiк-экономикалық және жеке басының құқықтары мен бостандықтарына толығымен ие болады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

15-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау

      Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау әлеуметтiк, қайырымдылық көмекті, медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк оңалтуды, бiлiм алуға қолжетімділікті және мүгедектердің қоғам өмiрiне басқа азаматтармен бірдей қатысуына мүмкiндiктер жасауға бағытталған өзге де шараларды ұсыну арқылы қамтамасыз етiледi.

      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 16.11.2015 № 403-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

16-бап. Мүгедектерге көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек

      Мүгедектерге көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мемлекеттiк жәрдемақылар, өтемақылар түрiндегi төлемдерді және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де, оның ішінде қайырымдылық есебінен берілетін төлемдердi де қамтиды.

      Әлеуметтік көмектің қосымша түрлерін жергілікті атқарушы органдар, жұмыс беруші және өзге де ұйымдар көрсетуге құқылы.

      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 16.11.2015 № 403-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

16-1-бап. Мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын психоневрологиялық аурулар қатарындағы мүгедектерге және мүгедек балаларға әлеуметтік көмек

      1. Мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрып жатқан, сот шешімімен әрекетке қабілетсіз және қорғаншылыққа мұқтаж деп танылған мүгедектердің (бұдан әрі – қорғаншылықтағылар) жасына байланысты зейнетақы төлемдері, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылары "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы" және "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен есепке жазылады.

      2. Медициналық-әлеуметтік мекеменің әкімшілігі қамқорлықтағылардың алынған жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларының пайдаланылуы туралы есепті облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына тоқсан сайын ұсынуға міндетті.

      3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары қамқорлықтағылардың жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларын медициналық-әлеуметтік мекеме әкімшілігінің дұрыс жұмсауын бақылауды жүзеге асырады.

      Ескерту. 16-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.12.19. N 9 (01.01.2008 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

17-бап. Мүгедектердi оңалту

      1. Мүгедектердi оңалту организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуынан тiршiлiк-тынысының шектелуiн жоюға немесе оның орнын мүмкiндiгiнше толықтай толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк iс-шаралар кешенiн қамтиды.

      2. Мүгедектердi оңалту мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

18-бап. Мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасы

      Ескерту. 18-бап алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

19-бап. Мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасы

      Ескерту. 19-бап алып тасталды – ҚР 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

20-бап. Мүгедектердi медициналық оңалту

      1. Мүгедектердi медициналық оңалту:

      1) қалпына келтiру терапиясын (дәрi-дәрмекпен, физикалық, санаторий-курорттық емдеудi және организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функциялары мен денсаулықты қалпына келтiруге бағытталған басқа да емдеу әдiстерiн);

      2) қайта жасау хирургиясын;

      3) протездiк-ортопедиялық көмектi қамтиды.

      2. Медициналық оңалту жөнiндегi iс-шараларды "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес денсаулық сақтау ұйымдары мен меншiк нысанына қарамастан басқа да мамандандырылған ұйымдар жүргiзедi.

      2-1. Мүгедектерді медициналық оңалту медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемдерін, оңалтудың түрлері мен жүргізу мерзімдерін көрсете отырып, оңалту іс-шараларының жоспарын көздейді және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен медициналық ұйымдар жағдайларында көрсетіледі.

      3. Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес мүгедектер мен мүгедек балаларды санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету осы Заңның 32-1-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емделуге жолдама осы баптың 4-1 және 5-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiледi.

      4-1. Жұмыс берушіге қатысты соттың оны банкрот деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген жағдайда, жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емделу осы баптың 3-тармағына сәйкес беріледі.

      5. Жұмыс берушi - жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емдеу осы баптың 3-тармағына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiледi.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 26.12.2019 № 287-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

21-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту

      1. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту:

      1) мүгедектердi жеке басы гигиенасының, өзiн-өзi қарап-күтудiң, жүріп-тұрудың, қарым-қатынастың негiзгі әлеуметтік дағдыларына үйретудi;

      2) мүгедектердi техникалық көмекшi (орнын толтырушы) және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етудi;

      3) басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедектерге, оның iшiнде мүгедек балаларға үйде арнаулы әлеуметтiк көрсетілетін қызметтер ұсынуды;

      4) осы Заңның 32-1-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін көрсетуді қамтиды.

      Жүріп-тұруы қиын, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке жеке көмекшінің әлеуметтік қызмет көрсетуі оған күтімді жүзеге асыратын адамға "Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5 және 6-баптарында көзделген тәртіппен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған және төленген кезде жеке көмекшінің әлеуметтік қызмет көрсетуі ұсынылмайды;

      4-1) осы Заңның 32-1-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсетуді;

      5) медициналық-әлеуметтiк мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтiк көрсетілетін қызметтер ұсынуды;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық көмек көрсетудi;

      7) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әлеуметтiк оңалтудың өзге де түрлерiн қамтиды.

      2. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалтуды: медициналық-әлеуметтiк мекемелер (ұйымдар), әлеуметтiк көмекті үйде көрсететiн бөлiмшелер, арнаулы бiлiм беру ұйымдары (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерi), денсаулық сақтау ұйымдары және басқа да мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.

      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.12.2015 № 433-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 02.07.2018 № 165-VІ (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 287-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

22-бап. Мүгедектерге техникалық көмекшi (оpнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүрiп-тұру құралдарын беру

      1. Мүгедектер мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектерге берілетін техникалық көмекшi (оpнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкес протездiк-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен, арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етіледі.

      Протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету осы Заңның 32-1-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады.

      2. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектер мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес техникалық көмекшi (орнын толтырушы) және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен қамтамасыз етiледi.

      3. Жұмыс берушi - жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған, сондай-ақ соттың оны банкрот деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген жағдайларда, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектерге протездiк-ортопедиялық көмек, техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар, арнаулы жүрiп-тұру құралдары осы баптың 1-тармағына сәйкес берiледi.

      4. Техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар Қазақстан Республикасы мемлекеттiк сертификаттау жүйесiнiң талаптарына сәйкес мiндеттi түрде сертификатталуға тиiс.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 26.12.2019 № 287-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

23-бап. Үйде және аумақтық әлеуметтiк қызмет көрсету орталықтарында арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну

      1. Өзiнiң негiзгi өмiрлiк қажеттiлiктерiн өз бетiнше қанағаттандыру мүмкiндiгiн, өзiне өзi қызмет көрсету және (немесе) жүрiп-тұру қабiлетiн iшiнара немесе толық жоғалтуына байланысты басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж, бірінші және екінші топтардағы жалғызiлiктi мүгедектерге арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынуды халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес әлеуметтiк көмекті үйде көрсететін бөлiмшелер және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсететін аумақтық орталықтар жүзеге асырады.

      2. Өзiнiң негiзгi өмiрлiк қажеттіліктерін өз бетiнше қанағаттандыру мүмкiндiгiн, өзiне өзi қызмет көрсету және (немесе) жүрiп-тұру қабiлетiн iшiнара немесе толық жоғалтуына байланысты басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынуды халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес әлеуметтiк көмекті үйде көрсететін бөлiмшелер және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсететін аумақтық орталықтар жүзеге асырады.

      3. Үйде және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызметтер көрсететiн аумақтық орталықтарда арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

24-бап. Медициналық-әлеуметтiк мекемелерде (ұйымдарда)арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну

      1. Денсаулық жағдайына байланысты басқа адамның тұрақты күтiміне және медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж, бірінші және екінші топтардағы жалғызiлiктi мүгедектерге, психоневрологиялық науқастар қатарындағы бірінші және екінші топтардағы мүгедектерге, мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну мүгедектердiң жасына, денсаулық жағдайына сәйкес бейiнделген қарттар мен мүгедектерге, мүгедек балаларға арналған интернат-үйлерде жүзеге асырылады және тұрмыс-тіршілік жағдайларын жасауды, күтiммен қамтамасыз етудi, медициналық қызмет көрсетудi, оңалтуды, әлеуметтiк-еңбектiк бейiмдеудi, демалыс пен бос уақытты ұйымдастыруды қамтиды.

      2. Мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерде және мемлекеттiк емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдарда тұратын адамдарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көлемi халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес ұсынылады.

      3. Мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерде арнаулы әлеуметтiк көрсетілетін қызметтер ұсыну бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де материалдық және қаржылық түсiмдер есебiнен жүзеге асырылады.

      4. Мемлекеттiк емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдарда арнаулы әлеуметтiк көрсетілетін қызметтер ұсыну, құрылтайшылардың қаражатын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақылы негiзде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

25-бап. Мүгедектердiң әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне кiрiп-шығуын қамтамасыз ету

      1. Жергiлiктi атқарушы органдар:

      1) ұлттық стандарттарға сәйкес елдi мекендердi жобалау, салу және оларда құрылыс жүргізу, тұрғын аудандарды қалыптастыру, жаңадан игерiлетiн және реконструкцияланатын аумақтар мен басқа да елдi мекендердi абаттандыру кезiнде мүгедектердiң тұрғын, қоғамдық және өндiрiстiк ғимараттарға, құрылысжайларға және үй-жайларға кiрiп-шығуын;

      2) тұрғын үй құрылыстары шегiнде, сондай-ақ қызмет көрсету мекемелерi мен еңбек ету объектiлерi жанында орналасатын жеңiл автомобильдердi уақытша сақтауға арналған ашық тұрақтарды жобалау және салу кезiнде мүгедектердiң жеке автокөлiк құралдарына арналған орындарды;

      3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтердi ескере отырып, автомобильдердi қоса алғанда, арнаулы жүрiп-тұру құралдарына apналған гараждар немесе тұрақтар салу үшiн мүгедектерге кезектен тыс орын берудi;

      4) мүгедектерге қызмет көрсетуге бағдарланған мекемелер орналасқан жерлерде, сондай-ақ халық көп жүретiн жерлерде iлесе дыбыстайтын және жарық беретiн арнаулы бағдаршамдар, жол белгiлерiн және көрсеткiштер орнатуды, дыбыстайтын және жарық түсiретiн құрылғылармен жарақталған жаяу жүргiншiлер өтетiн жерлердi белгiлеудi қамтамасыз етуге тиiс.

      2. Сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдар салынып жатқан (салынуы болжанып отырған) объектілер мен кешендердің мониторингіне қатысуға мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерін тартуға тиіс.

      3. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, темiр жол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда, теңiз және өзен порттарында еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына ұлттық стандарттарға сәйкес жағдай жасауға мiндеттi.

      Аталған объектiлердi мүгедектердiң кiрiп-шығуына бейiмдеу мүмкiн болмаған жағдайларда, тиiстi жеке және заңды тұлғалар мүгедектердiң қажеттiлiктерiн барынша ескеретiн қажеттi шараларды әзiрлеп, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің бірімен келісуге және жүзеге асыруға тиiс.

      Мемлекеттiк органдар жолаушыларды тасымалдау бағыттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар өткiзген кезде, мүгедектердiң пайдалануына бейiмделген көлiк құралдары бар тұлғалар артықшылыққа ие болады.

      4. Лауазымды адамдардың, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың және заңды тұлғалардың мүгедектердің әлеуметтік инфрақұрылымға және көлік инфрақұрылымына кедергісіз қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартуға әкеп соғады.

      Ескерту. 25-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 05.10.2018 № 184-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 352-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

26-бап. Мүгедектердi тұрғын үймен қамтамасыз ету

      1. Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:

      1) тұрғын үйге мұқтаж мүгедектердi есепке қояды және олардың пайдалануына тұрғынжай бередi;

      2) мүгедектерге немесе құрамында мүгедектер бар отбасыларға берiлетiн тұрғын үй-жайларды арнайы құралдармен және жабдықпен жабдықтауды қамтамасыз етедi.

      2. Мүгедектерге ғимараттың қабаты, тұрпаты, абаттандырылу дәрежесі және тұруға қажеттi басқа да жағдайлар ескеріле отырып, тұрғын үй-жайды таңдау құқығы берiледi.

      Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

27-бап. Мүгедектердiң мәдени-ойын-сауық ұйымдарына және спорт ғимараттарына бара алуын қамтамасыз ету

      Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектерге мәдени-ойын-сауық iс-шараларына, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшiн спорт ғимараттарына бара алатын жағдайларды, арнаулы спорт жабдықтарын берудi қамтамасыз етедi.

      Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер мен он сегiз жасқа дейiнгi мүгедек балалар санамалап көрсетiлген қызметтердi - бюджет қаражаты есебiнен, ал үшiншi топтағы мүгедектер аталған қызметтер құнының елу процентін төлеп пайдаланады.

28-бап. Мүгедектердiң ақпаратқа қол жеткiзуiн қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекет:

      1) мүгедектер үшiн мерзiмдi баспасөз, ғылыми, оқу-әдiстемелiк, анықтамалық-ақпараттық және көркем әдебиет, соның iшiнде аудиотаспаларды, дискiлердi, бедерлi-нүктелi Брайль қарпiмен және сурдоаудармасы бар бейнетаспаларды шығару арқылы мүгедектердің ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      2) алып тасталды - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1-1. Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату туралы заңнамасына сәйкес жаңалықтар сипатындағы кемінде бір телебағдарлама сурдоаудармамен немесе субтитрлер түріндегі аудармамен қамтамасыз етіледі.

      2. Жеке қарым-қатынас құралы ретiнде ымдау тiлi пайдаланылады, ол сондай-ақ саңырау және нашар еститiн балаларға арналған бiлiм беру ұйымдарының оқу бағдарламасында да қолданылады.

      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

29-бап. Мүгедектерге бiлiм алуы және мектепке дейiнгi тәрбие алуы үшiн жағдайларды қамтамасыз ету

      1. Мүгедектерге тегiн бастауыш, негізгі орта, жалпы орта бiлiм алуға кепiлдiк берiледi.

      2. Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер мен мүгедек балалар үшiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға оқуға түсу кезiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн мөлшерде қабылдау квотасы көзделедi.

      3. Білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ жоғары білімді кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың құрамына қабылдауға арналған конкурстарға қатысу кезінде балдары тең болған жағдайда, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға қарсы көрсетілімдері жоқ бірінші және екінші топтағы мүгедектердің, бала кезінен мүгедектердің, мүгедек балалардың "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 5-тармағында көзделген кезектілікке сәйкес артықшылықты құқығы болады.

      4. Мемлекеттiк тапсырыс немесе грант бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын мүгедектерге стипендиямен қамтамасыз ету жөнiндегi жеңiлдiктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiледi.

      5. Алып тасталды – ҚР 26.06.2021 № 56-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      6. Мүгедек балаларды жалпы немесе арнаулы мектепке дейiнгi ұйымдарда және басқа оқу орындарында тәрбиелеу мен оқыту мүмкiн болмаған жағдайда, оларды тәрбиелеу мен оқыту ата-анасының немесе заңды өкiлдерiнiң тiлегi ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен үйде жүргiзiледi.

      7. Мемлекет мүгедектердiң, бала кезiнен мүгедектердiң және мүгедек балалардың бiлiм алуы кезеңiнде оларды күтiп-бағуға жұмсалған шығыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен толық немесе iшiнара көтередi.

      Ескерту. 29-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.07.27. № 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.06.2021 № 56-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

30-бап. Мүгедектердi кәсiптiк оңалту

      1. Мүгедектердi кәсiптiк оңалту:

      1) кәсiптiк бағдар берудi;

      2) кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды);

      3) жұмысқа орналастыруды қамтиды.

      2. Кәсiптiк бағдар беруді білім беру, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары жүзеге асырады.

      2-1. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілер мүгедектерді кәсіптік бағдарлауға қатысады.

      3. Мүгедектердi кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен алынған лицензия негiзiнде бiлiм беру қызметiн жүргiзетiн ұйымдар жүзеге асырады.

      Ескерту. 30-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 421-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

31-бап. Мүгедектердi жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету

      Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектердi жұмыспен қамтуды:

      1) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес ауыр жұмыстардағы, зиянды, қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмай, жұмыс орындары санының екіден төрт пайызына дейінгі мөлшерінде мүгедектер үшін жұмыс орындарының квотасын белгілеу;

      2) жеке кәсiпкерлiктi, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы мүгедектер үшiн қосымша жұмыс орындарын құру;

      3) мүгедектердi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмысқа орналастыру үшiн арнаулы, сондай-ақ әлеуметтiк жұмыс орындарын құру;

      4) мүгедектерге кәсiптiк оқуды ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етедi.

      Ескерту. 31-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 421-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

32-бап. Мүгедектердiң еңбек қатынастары саласындағы құқықтары

      1. Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер үшiн аптасына отыз алты сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгiленедi, ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысы берiледi.

      2. Түнгi уақыттағы жұмысқа мүгедектiң келiсiмiмен және егер оның мұндай жұмыс iстеуiне денсаулық жағдайы бойынша тыйым салынбаған болса, рұқсат етiледi.

      3. Медициналық қорытынды бойынша мүгедектің денсаулық жағдайы кәсiптiк мiндеттерiн орындауға кедергi келтiретiн не басқа адамдардың денсаулығына және еңбек қауiпсiздiгiне қауіп төндiретiн жағдайларды қоспағанда, мүгедектiк уәждері бойынша еңбек шартын жасасудан не қызмет бабында жоғарылатудан бас тартуға, жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша мүгедектi жұмыстан босатуға, оның келiсiмiнсiз басқа жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi.

      Ескерту. 32-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 23.11.2015 № 415-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

32-1-бап. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы

      1. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы әлеуметтік-еңбек саласының ақпараттық жүйесі болып табылады және халықтың жекелеген санаттарына осы Заңға және "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің құнын өтеуі шарттарымен оларды сатып алу мүмкіндігін беретін ақпараттандыру объектісін білдіреді.

      Мүгедектердің әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында өнім берушіні таңдауы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталына мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы іс-шараларының жіберілуі туралы оларды хабардар еткен күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырылады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармақ 01.01.2023 дейін қолданыста болады – ҚР 12.10.2021 № 67-VII Заңымен.

      2. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталын қолдап отыруды және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, еңбек нарығын реттеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру жөніндегі мемлекеттік саясатты ақпараттық және талдамалық қолдауды қамтамасыз ететін заңды тұлға жүзеге асырады.

      3. Мынадай:

      1) мүгедек тұратын елді мекенде сымды интернет болмаған;

      2) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркелген сатып алынатын тауарды және (немесе) көрсетілетін қызметті беруші болмаған;

      3) мүгедектің әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді сатып алудан бас тарту туралы өтініші болған;

      4) мүгедектердің жеке тапсырыстары бойынша дайындалатын және (немесе) жеке іріктеу мен теңшеуді талап ететін протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етілетін;

      5) есту аппараттарымен қамтамасыз ете отырып, есту-протездік көмегі көрсетілетін;

      6) кохлеарлық имплантқа сөйлеу процессорын ауыстыру және теңшеу бойынша қызметтер көрсетілетін жағдайларда, тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      Ескерту. 3-тарау 32-1-баппен толықтырылды – ҚР 26.12.2019 № 287-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

32-2-бап. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді берушілер

      1. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тауарларды және (немесе) қызметтерді берушілер болып табылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің талабы жеке көмекшінің әлеуметтік көрсетілетін қызметтеріне қолданылмайды.

      Психикалық саулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрған адам жеке көмекші бола алмайды.

      2. Тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді берушілерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталына жіберу, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында оларды тіркеу немесе тіркеуден шығару халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында мынадай:

      1) сәйкестігін міндетті түрде растауға жататын тауарларды беру кезінде сәйкестік сертификаты немесе сәйкестік туралы декларациясы бар;

      2) мемлекеттік тіркелуге және қайта тіркелуге тиіс медициналық бұйымдарға жататын техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарын беру кезінде тіркеу куәлігі бар;

      3) салықтық берешегі және әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі жоқ;

      4) банкроттық не тарату рәсіміне жатпайтын;

      5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілмеген;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      6) тармақша 01.01.2022 дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде мынадай редакцияда қолданылады - ҚР 12.10.2021 № 67-VII Заңымен.

      6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында көзделген сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне және (немесе) Ұлттық әл-ауқат қорының және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде Ұлттық әл-ауқат қоры иеленетін заңды тұлғалардың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілердің) тізбесіне енгізілмеген;

      7) тауарларды өткізу және (немесе) қызметтерді көрсету үшін шығарылған жерін, сипаттамаларын және бағасын растайтын құжаттарды ұсынған;

      8) санаторий-курорттық емдеуді және медициналық оңалтуды ұсыну кезінде медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар;

      9) ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметін көрсету кезінде біліктілігін растайтын құжаты бар өнім берушілер тіркеледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің талабы жеке көмекшінің әлеуметтік көрсетілетін қызметтеріне қолданылмайды.

      4. Өнім беруші әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеуден мынадай:

      1) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеуден шығару туралы өтініш берген;

      2) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға қайтыс болған немесе қызметі тоқтатылған, заңды тұлғаның қызметі тоқтатылған;

      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      4) тармақша 01.01.2022 дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде мынадай редакцияда қолданылады - ҚР 12.10.2021 № 67-VII Заңымен.

      4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында көзделген сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне және (немесе) Ұлттық әл-ауқат қорының және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде Ұлттық әл-ауқат қоры иеленетін заңды тұлғалардың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілерінің) тізбесіне енгізілген;

      5) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы өзіне алған міндеттемелерді орындамаған және (немесе) тиісінше орындамаған жағдайларда шығарылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 3) және 4) тармақшаларына сәйкес әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеуден шығару өнім берушіні тіркеуден шығару күніне әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы өзіне алған міндеттемелерді орындаудан босатпайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген жағдайларда, мүгедек өнім берушінің өзіне алған міндеттемелерді орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны туралы өзіне белгілі болған күннен бастап күнтізбелік он төрт күннен кешіктірмей әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталына тиісті ақпаратты орналастырады. Жергілікті атқарушы орган құратын, өнім беруші тарапынан бұзушылықтардың болуын немесе болмауын айқындайтын комиссия осы ақпаратты орналастырылған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.

      Өнім беруші осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеуден шығарылған жағдайда, ол туралы мәліметтер тиісті тізілімнен және (немесе) тізбеден алып тасталғаннан кейін әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында кейіннен тіркеу мүмкін болады.

      Өнім беруші осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген негіздер бойынша әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеуден шығарылған жағдайда, тіркеуден шығарылған күннен бастап кемінде бір жылдан кейін оны әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында кейіннен тіркеу мүмкін болады.

      5. Өнім беруші әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында мүгедектерге берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкес келетін тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді өткізеді.

      Өнім берушілердің әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында жасалатын шарттың талаптарына сәйкес келмейтін тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы өткізу фактісі анықталған жағдайда, олардың құны өнім берушілердің қаражаты есебінен өтеледі.

      Ескерту. 3-тарау 32-2-баппен толықтырылды – ҚР 26.12.2019 № 287-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

32-3-бап. Мүгедектерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы сатып алынатын тауарлармен және (немесе) көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету

      1. Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде мүгедектер әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді сатып алуға тапсырысты жүзеге асырады.

      Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы өткізілетін тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтер мүгедектерге берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкес келуге тиіс.

      2. Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы сатып алған кезде мүгедектің жергілікті атқарушы органдарға олардың құнын өтетуге, бірақ осы баптың 3-тармағында көзделген кепілдік берілген сома мөлшерінен асырмай өтетуге құқығы бар. Мүгедек кепілдік берілген соманың және сатып алынған тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің нақты құны арасындағы айырманы меншікті қаражаты есебінен өз бетінше төлейді.

      3. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы сатып алынатын тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің құнын өтеу ретінде берілетін кепілдік берілген сома мынадай мөлшерлерде:

      санаторий-курорттық емделуге, протездік-ортопедиялық көмекке, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарға, арнаулы жүріп-тұру құралдарына – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын мөлшерде;

      жеке көмекшінің әлеуметтік көрсетілетін қызметтеріне – бір сағатқа, бірақ күніне сегіз сағаттан асырмай, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманның жалақысы мөлшерінің есебімен;

      ымдау тілі маманының әлеуметтік көрсетілетін қызметтеріне – бір сағатқа, бірақ жылына алпыс сағаттан асырмай, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінің он бес пайызы есебімен төленеді.

      Ескерту. 32-3-баппен толықтырылды – ҚР 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ МҮГЕДЕКТЕРДI ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ IСIНЕ ҚАТЫСУЫ

33-бап. Жұмыс берушiнiң әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне бара алуды қамтамасыз ету жөнiндегi мiндетi

      Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектердiң өндiрiстiк үйлерге, ғимараттарға, үй-жайларға бара алуы үшiн жұмыс берушi жұмыс орындары мен жұмыс үй-жайларын жобалау және бейiмдеу арқылы жағдай жасайды, мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тұрғын үй-жайларды арнаулы құралдармен және көмекшi құрылғылармен жабдықтайды.

34-бап. Жұмыс берушiнiң мүгедектердi жұмыспен қамту және кәсiптiк оңалту саласындағы мiндетi

      Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған және (немесе) кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектердi жұмысқа орналастыру үшiн жұмыс берушi кәсiптiк оқытуды немесе қайта оқытуды, арнаулы жұмыс орындарын құруды осы Заңға сәйкес жеке қаражаты есебiнен қамтамасыз етедi.

35-бап. Жұмыс берушiнiң мүгедекке келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi мiндетi

      Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектерге келтiрiлген зиянды өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

5-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДIҢ ҚОҒАМДЫҚ БIРЛЕСТIКТЕРI

36-бап. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiнiң құқықтары және олардың өкiлеттiктерi

      1. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерi үйлестiру кеңесiнiң жұмысына және мүгедектердi әлеуметтiк қорғауға байланысты мәселелердi шешуге қатысады.

      2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектердiң мүдделерiн қозғайтын шешiмдердi әзiрлеу мен қабылдау кезiнде мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен және олардың өкiлеттi өкiлдерiмен өзара iс-қимыл жасайды.

      3. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiне, сондай-ақ олардың ұйымдарына олардың меншiгiндегi үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салынған жер учаскелерiне меншiк құқығын мемлекеттiк меншiктен жеке меншiкке беру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

      Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерi қызметiн тоқтатқан немесе мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiнiң, олардың ұйымдарының меншiгiндегi жылжымайтын мүлiктi иелiктен айырған жағдайда, олардың меншiгiндегi жер учаскелерi мемлекеттiң меншiгiне қайтарылуға тиiс.

      4. Мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерi:

      1) орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға мүгедектердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстар енгізу;

      2) әлеуметтiк қызметтердiң тиiстi түрлерiн көрсетудiң тиiмдiлiгiн бағалауға қатысу;

      3) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау мәселелерi жөнiнде әзiрленiп жатқан Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне ұсыныстар енгiзу;

      4) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органмен немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп спорттық iс-шараларды ұйымдастыру;

      5) уәкiлеттi аумақтық мәдениет органдарымен бiрлесiп ағарту және мәдени-көпшiлiк iс-шараларды ұйымдастыру арқылы мүгедектердi әлеуметтiк қорғау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға қатысуға құқылы.

      Ескерту. 36-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.12.2019 № 280-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-тарау. OCЫ 3AҢHЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ

37-бап. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау

      Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.

      Ескерту. 37-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

38-бап. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi құқықтары

      Ескерту. 38-бап алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

39-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.

40-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң:

      1) 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 1-баптың 17) тармақшасын; 20-баптың 5-тармағын; 21-баптың 1-тармағының 4) тармақшасын; 22-баптың 3-тармағын; 26-баптың 1-тармағының 2) тармақшасын; 28-бапты;

      2) 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 7-баптың 1-тармағының 8) тармақшасын; 25-баптың 3-тармағын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:

      1) "Қазақстан Республикасында мүгедектердiң әлеуметтiк қорғалуы туралы" 1991 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Ведомостары, 1991 ж., N 26, 345-құжат; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 9-10, 158-құжат; N 15, 208-құжат; 1995 ж., N 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 7, 79-құжат; N 12, 184-құжат; N 17-18, 219-құжат; 1998 ж., N 24, 432-құжат; 1999 ж., N 8, 247-құжат; 2001 ж., N 1, 4-құжат; N 13-14, 173-құжат; 2002 ж., N 6, 71-құжат);

      2) Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң "Қазақ ССР-iнде мүгедектердiң әлеуметтiк қорғалуы туралы" Қазақ ССР Заңын күшiне енгiзу туралы" 1991 жылғы 21 маусымдағы Қаулысы (Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Ведомостары, 1991 ж., N 26, 346-құжат).

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады