"Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 228 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 5 қарашадағы № 610 бұйрығы

      "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 702 Жарлығына, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 24 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына, "Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 702 Жарлығын іске асырудың кейбір мәселелері туралы" 2018 жылғы 11 шілдедегі № 420 және "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрліктерінің кейбір мәселелерi туралы" 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 16 қазандағы № 645 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 228 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1-тармақта:

      17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "17) осы бұйрыққа 17-қосымшаға сәйкес "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесінің";

      мынадай мазмұндағы 18) тармақшамен толықтырылсын:

      "18) осы бұйрыққа 18-қосымшаға сәйкес "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережелері бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрыққа 1-қосымшада:

      14-тармақта 11), 12), 13), 15), 16) тармақшалар алып тасталсын;

      көрсетілген бұйрыққа 2-17-қосымшаларда:

      14-тармақта 5), 6), 7) тармақшалар алып тасталсын;

      көрсетілген бұйрыққа 17-қосымшада:

      бүкіл мәтін бойынша "Оңтүстік Қазақстан облысы" деген сөздер "Түркістан облысы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Департаменттің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 161200, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Т. Диметов көшесі, 77-үй.";

      көрсетілген бұйрық осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 18-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті:

      1) осы бұйрық қабылданған күннен бастап күнтізбелік он күннің ішінде қағаз және электрондық түрдегі қазақ және орыс тілдеріндегі оның көшірмесін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
Е. Біртанов

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2018 жылғы 5 қарашадағы
№ 610 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2018 жылғы 5 мамырдағы
№ 228 бұйрығына
18-қосымша

"Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Департамент) өз құзыреті шегінде дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы бақылау және іске асыру функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің (бұдан әрі – Комитет) аумақтық бөлімшесі болып табылады.

      2. Департамент өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Департамент мемлекеттік мекеме ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауымен мөрі және мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Департамент азаматтық-құқықтық қарым-қатынасқа өз атынан түседі. 5. Департаменттің, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Департамент өз құзыретінінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Департамент басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Департаменттің құрылымы мен штат саны қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      8. Департаменттің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 160000, Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Т. Әлімқұлов көшесі, 12 үй.

      9. Департаменттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Департаменттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Департаменттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджетінен жүзеге асырылады.

      12. Департаментке кәсіпкерлік субъектілерімен Департаменттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Департаментке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      13. Департаменттің негізгі міндеттері:

      1) халықты және денсаулық сақтау ұйымдарын қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және медициналық техникамен қамтамасыз етуде мемлекеттік бақылау саласында мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) фармацевтикалық қызмет саласында мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімдігін қамтамасыз ету.

      14 Департаменттің функциялары:

      1) денсаулық сақтау саласында өз құзыреті шегінде мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) өз құзыреті шегінде лицензиаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      3) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы (оның ішінде тіркелмегендерін) ізгілік көмек немесе төтенше жағдайлар кезіндегі көмек ретінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге қорытындылар (рұқсат беру құжаттарын) беруді жүзеге асыру;

      4) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналысына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      5) Қазақстан Республикасында тіркелген және тіркелмеген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы әкелуді (әкетуді) келісу;

      6) фармацевтикалық білімі бар мамандарға біліктілік санатын беру туралы куәлікті беру;

      7) сынақ зертханаларын биологиялық активті заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулер жүргізу құқығына аккредиттеуге қатысу;

      8) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасын сараптау және бағалау жөніндегі монополиялық қызметті жүзеге асыратын сынақ зертханаларын аккредиттеуге қатысу;

      9) медицина, фармацевтика қызметкерлерінің және халықтың дәріге қатысты сауаттылығын арттыру бойынша ақпараттық кампанияларды үйлестіруге қатысу;

      10) тиісті фармацевтикалық практика сәйкестігіне фармацевтикалық инспекцияларды жүзеге асыруға қатысу;

      11) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтарды, оның ішінде белгілі бір аурулары (жан-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарын амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және мамандандырылған емдік өнімдермен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесіне сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажеттілігін қалыптастыруға және сатып алуға бюджеттік қаражатты жоспарлауға қатысу;

      12) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қозғау, қарау және әкімшілік жазалар қолдану;

      13) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін немесе қызметінің жекелеген түрлерін тоқтата тұру бойынша шаралар қабылдау;

      14) өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

      15) заңдарда, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Министрлік қабылдайтын, өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      15. Департаменттің құқықтары мен міндеттері:

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, өзге ұйымдардан және лауазымды тұлғалар қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтау;

      3) Департаменттің лауазымды тұлғаларымен жеке және заңды тұлғаларға берген заңнама талаптарын немесе ұйғарымдарды, қаулыларды орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде сотқа жүгіну;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген жағдайларды қоспағанда, өзінің өкілеттігін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу;

      5) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканының айналысы саласындағы бағдарламаларды әзірлеу бойынша ұсыныстар енгізу, сондай-ақ азаматтардың денсаулығын сақтау бойынша мемлекеттік және салалық (секторлық) бағдарламаларды әзірлеуге қатысу;

      6) өз құзыреті шегінде дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласында мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу;

      7) қолданыстағы заңнамада көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асырады.

3-тарау. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

      16. Департаментте басшылықты Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты Басшы – облыстардың (қалалардың) бас мемлекеттік фармацевтика инспекторы жүзеге асырады.

      17. Департамент басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тәртіппен лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.

      18. Департамент басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары бар.

      19. Департамент басшысының өкілеттігі:

      1) заңнамалық актілерге сәйкес еңбек қатынастары мәселелері жоғары лауазымды тұлғаның құзыретіне жататын қызметкерлерден басқа, Департамент қызметкерлерін лауазымдарына тағайындайды және босатады;

      2) Департаменттің құрылымдық бөлімшесінің басшысы мен қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді.

      3) заңнамалық актілерге сәйкес еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған лауазымды тұлғаның құзыретіне жататын қызметкерлерді қоспағанда, Департамент қызметкерлерінің жұмысының тиімділігі мен сапасын айқындау үшін олардың қызметіне жыл сайынғы бағалауды жүргізеді;

      4) заңнамада белгіленген тәртіппен Департамент қызметкерлерін іссапарға жіберу, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, дайындау (қайта дайындау), біліктілігін арттыру, ынталандыру, үстемақы және сыйақы төлеу мәселелерін шешеді;

      5) заңнамалық актілерге сәйкес еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған лауазымды тұлғаның құзыретіне жататын қызметкерлерді қоспағанда, Департамент қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;

      6) мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдарда, сондай-ақ жеке тұлғалардан қарым қатынаста Департаменттің атынан өкілдік етеді;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Департамент атынан жеке және заңды тұлғаларға наразылықтар мен талап-арыз қою туралы шешім қабылдайды;

      8) Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды және бұйрықтарға қол қояды;

      9) Департаментте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды;

      Департамент басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асырады және міндеттерді атқарады.

4-тарау. Департаменттің мүлкі

      20. Департаменттің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі бар.

      21. Департаменттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Департаментке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Департаменттің өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау . Департаментті қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Департаментті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады