Жылыой ауданы әкімдігінің 2012 жылғы 25 желтоқсандағы № 505 ""Жылыой ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесін құру туралы" қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Атырау облысы Жылыой ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 7 шілдедегі № 179 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес Жылыой ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Жылыой ауданы әкімдігінің 2012 жылғы 25 желтоқсандағы № 505 ""Жылыой ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесін құру туралы" қаулысына төмендегідей өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Жылыой ауданы жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда мазмұндалып, бекітілсін.

      2. "Жылыой ауданы жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесі заңнамамен белгіленген тәртіпте:

      осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Атырау облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Жылыой ауданы әкімі аппаратының басшысына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкімі Ж. Қаражанов

  Жылыой ауданы әкімдігінің
2022 жылғы "7" шілдедегі
№ 179 қаулысына қосымша
  Жылыой ауданы әкімдігінің
2012 жылғы "25" желтоқсандағы
№ 505 қаулысымен бекітілген

"Жылыой ауданы жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. "Жылыой ауданы жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қорғау бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыру салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мекеменің ведомстволары бар:

      1) Халықты жұмыспен қамту орталығы;

      2) Жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы.

      3. Мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Мекеме азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Мекеме Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Мекеме өз құзіретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Мекеме басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілерімен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Мекеменің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері:

      Қазақстан Республикасы, Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, №151 көшесі, құрылыс 47, индекс: 060100.

      10. Осы Ереже мекеменің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Мекеменің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) жүзеге асырылады.

      12. Мекемеге кәсіпкерлік субъектілерімен мекеменің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Мекемеге заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Мекеменің мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      Жергілікті мемлекеттік орган мен әкімнің қызметін қамтамасыз ету.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзіретіне жататын мәселелер бойынша, меншік және шаруашылық жүргізу нысанына қарамастан кәсіпорындардан, ұйымдар мен мекемелерден кез-келген ақпарат есептер сұратуға, алуға және тексеруге;

      халықтың әлеуметтік қорғалу және жұмыспен қамтылу жағдайына әсерін тигізетін қаржы-несиелік, инвестициялық және салық саясаты шаралары туралы шешімдері әзірлеуге қатысуға;

      халықты әлеуметтік қолдаумен байланысты қоғамдық акциялар мен бағдарламалар өткізуді ұйымдастыруға;

      белгіленген тәртіппен халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша конференциялар, семинарлар және кеңестер өткізуге;

      өзіндік ақпараттық-анықтамалық бюллетеньдер, плакаттар, буклеттер, әдістемелік материалдар шығаруға, жарнама тақталар жасақтауға құқылы.

      2) міндеттері:

      жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;

      өз құзіреті шеңберіндегі Қазақстан Республикасының заңдарының және Үкіметінің нормативтік актілерінің орындалуын қамтамасыз ету;

      стандарт пен регламентке сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету;

      өз құзыреті шеңберіндегі аудандық бағдарламаларды дайындау және орындау;

      жұмыссыздарды, табысы аз адамдарды, күн көріс деңгейінен төмен тұратын адамдарды, мүгедектерді әлеуметтік қорғау;

      арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету;

      жұмыссыздарды тіркеу, сәйкесті бос жұмыс орындарын іздеуді ұйымдастыру;

      қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру;

      мүгедектердің оңалтудын кешенді шараларын жүргізу;

      балаларға, тұрғын үй көмегіне, атаулы әлеуметтік көмекке, үйде тәрбиеленіп, оқитын мүгедек балаларға төленетін жәрдемақыларды ұйымдастыру;

      бөлімге түскен өтініштерді қарау;

      орталық қызметінің мәні мен мақсатын айқындайды.

      15. Функциялары:

      1) халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға және халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған жұмыспен қамтудың өңірлік бағдарламаларын, индикативті жоспарлар мен бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру;

      2) халықты еңбек нарығының жай-күйі туралы ақпараттандыру, еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын құру негізінде жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау және болжау;

      3) халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жөніндегі орта мерзімді даму жоспарының жобаларын әзірлеу және келісу;

      4) мемлекеттік органдардың халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру жөніндегі қызметін үйлестіру және реттеу және олардың орындалуын бақылау;

      5) жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсынысты дайындау және жоғары тұрған органдарға енгізу;

      6) атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауды және төлеуді ұйымдастыру;

      7) жұмыссыздар арасында ақылы қоғамдық жұмысты ұйымдастыру;

      8) жергілікті өкілді органның нормативтік актілері негізінде әлеуметтік көмекті тағайындауды және төлеуді ұйымдастырады;

      9) тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу;

      10) бірлескен және мүдделі органдардың кадрларды оқыту және оларды жұмысқа орналастыру қажеттілігін айқындау;

      11) еңбек нарығының мониторингі;

      12) жұмыссыздар мен жұмыссыз халықты оқыту мен қайта даярлаудың өңірлік желісін қалыптастыру;

      13) халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін қосымша жұмыс орындарын құруға жәрдемдесу;

      14) жұмыссыздықты азайту үшін кәсіпкерлікті, орта және шағын бизнесті дамытуға жәрдемдесу;

      15) жұмыссыздарды есепке алу мен есепке алудың, бос жұмыс орындарын іздеудің компьютерлендірілген бағдарламаларын енгізу;

      16) әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссияның жұмысын ұйымдастыру;

      17) аудан әкімі, аудандық жұмысшылар, жұмыс берушілер және кәсіподақтар бірлестіктері арасындағы аудандық үшжақты келісімді әзірлеу, келісу, аудандық үшжақты келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар және аудандық үшжақты комиссияның бекітуіне ұсыну;

      18) қабылданған міндеттемелердің орындалу барысы мен өңірлік үшжақты келісімді іске асыру жөніндегі іс-шараларды бақылау;

      19) үшжақты комиссиялардың жұмысы туралы халыққа ақпараттық материалдарды дайындау;

      20) ауданның шаруашылық жүргізуші субъектілерімен үшжақты келісімдерді дайындауға көмек көрсету;

      21) халықтың өмір сүру деңгейін айқындайтын белгілерді талдау;

      22) мүгедектерді оңалтудың және мүгедек балаларды медициналық-педагогикалық коррекциялық қолдаудың аудандық бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;

      23) соғыс және еңбек ардагерлерін, мүгедектерді әлеуметтік қолдау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіру;

      24) мүгедек балалары бар отбасыларға, жалғыз басты қарттарға және мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру;

      25) соғыс және еңбек ардагерлерін, мүгедектерді әлеуметтік қолдау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      26) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін ұйымдастыру;

      27) еңбек ардагерлерін, мүгедектерді және азаматтардың басқа да әлеуметтік осал санаттарын әлеуметтік қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарын қамтамасыз ету және іске асыру;

      28) интернат үйіндегі жалғызбасты азаматтар мен мүгедектерді анықтау, соғыс және еңбек ардагерлерін, мүгедектерді пансионаттар мен санаторийлерге жіберу туралы өтінішті қарау және шешім қабылдау;

      29) мүгедектерді арнайы көлік құралдарымен, протездік-ортопедиялық бұйымдармен, судро-тифло-техникалық құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ мүгедектер мен ардагерлерді санаториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жоспарлау және ұйымдастыру;

      30) мүгедектер ұйымдарына әлеуметтік бағдарламаларды шешуде және олардың қызметін үйлестіруде консультациялық көмек көрсету;

      31) талдамалық материалдарды дайындау, семинарларда, кеңестерде, шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесулерде сөз сөйлеу;

      32) халықтың жекелеген топтарының өмір сүру деңгейін бағалау бойынша зерттеулер жүргізу (әлеуметтік карта);

      33) ақпараттық әлеуметтік бағдарламаларды қолдау, елді мекендермен ақпарат алмасуды қамтамасыз ету (халықтың жұмыспен қамтылуын дербес есепке алу, бақылау және талдау жүйесі);

      34) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бойынша бағдарламалық қамтамасыз ету негіздерін пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз ету;

      35) ақпараттық қызметтер нарығының жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасау;

      36) бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру үшін материалдарды дайындау;

      37) бөлімнің бюджеттік бағдарламаларының паспорттарын әзірлеу және аудан әкімдігіне бекітуге ұсыну;

      38) халық арасында азаматтық хал актілерін тіркеу және "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

      39) әлеуметтік мекемелерде тұрып жатқан және тұруға мұқтаж адамдардың әрекет қабілеттілігін анықтау үшін құжаттарды дайындау;

      40) бөлім қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау жөніндегі іс-шараны ұйымдастыру және өткізу;

      41) бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша азаматтардың, кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштерін, арыздары мен шағымдарын белгіленген тәртіппен қарау және олар бойынша тиісті шаралар қабылдау;

      42) азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етеді;

      43) туу, өлу, неке, некені бұзу, бала асырап алу (асырап алу), әкелікті (аналықты) анықтау, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту туралы азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу үшін құжаттарды рәсімдеу;

      44) азаматтық хал актілеріне қорытындылар, құжаттамалар, өзгерістер мен толықтырулар дайындайды.

3. Мекеменің бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Мекемені басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Мекеменің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Мекеменің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасары болады.

      19. Мекемесінің бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) өзінің орынбасарының және мамандарының құзіреті мен міндетін анықтайды;

      2) Заңнамада сәйкес бөлім қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      3) Заңнамада белгіленген тәртіппен көтермелеу, материалдық көмек көрсету, тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;

      4) шарттарға, бөлім актілеріне қол қояды;

      5) аудан әкімдігінің қаулысымен бекітілген штат санының лимиті шегінде бөлімнің штаттық кестесін және бөлімнің ведомстволық бағынысындағы мемлекеттік мекемелердің сәйкесті жылға арналған қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      6) мемлекеттік органдарда, басқа да ұйымдарда бөлімнің мүддесін білдіреді;

      7) Азаматтық хал актілерін тіркеуге жататын құжаттарға қол қояды;

      8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетке бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдауына дербес жауапты болады;

      Мекеменің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4. Мекеменің мүлкі

      21. Мекеменің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      Мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Мекемеге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Мекеме өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады