"Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 14 наурыздағы № 1211 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27–бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже осы қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. "Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы қаулыны қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде жіберсін;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғанынан кейін Шымкент қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырсын;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкiмiнің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсiн.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Шымкент қаласының әкімі Ғ. Сыздықбеков

  Шымкент қаласы әкімдігінің
2024 жылғы " " ___________
№ _____ қаулысына қосымша

"Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Басқарма егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарма құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Нұрсәт тұрғын үй алабы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, № 14 ғимарат.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен жүзеге асырылады.

      12. Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқарма заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      Шымкент қаласы аумағында мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер салаларында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.

      14. Өкілеттіктері:

      Құқықтары:

      1) Шымкент қаласының барлық мемлекеттік органдарынан және өзге де ұйымдардан қажетті ақпаратты сұрату және алу;

      2) Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша заңды тұлғалармен келіссөздер жүргізу және келісімдер жасасу;

      3) Шымкент қаласының әкіміне Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша ұсыныстар енгізу;

      4) белгіленген тәртіпте Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша әкімдік қаулыларының, әкімнің шешімдері мен өкімдерінің және мәслихат шешімдерінің жобаларын әзірлеу және Шымкент қаласының әкімдігіне енгізу;

      5) мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер салаларындағы мемлекеттік саясат шараларын іске асыру үшін Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан комиссиялар, кеңестер, жұмыс топтарын және басқа да кеңесші органдар құруға бастама көтеру;

      6) Басқармаға бөлінген қаражат шегінде белгіленген тәртіпте Басқарманың құзыретіне жататын мәселелерді дайындау үшін ғылыми-зерттеу ұйымдарын, сондай-ақ жекелеген мамандарды тарту;

      7) қазақтың ұлттық мәдениетін өркендетуді, сақтауды, дамытуды және таратуды қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да ұлттар мәдениетінің сақталуына, дамуына және таралуына қамқорлық көрсету;

      8) қала аумағындағы барлық санаттағы тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуын және оларды пайдалану құқықтарының орындалуын қамтамасыз ету, жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерді есепке алуды, сақтау мен қалпына келтіруді ұйымдастыру бойынша Шымкент қаласының атқарушы органның іс-шараларын қалыптастыру мен іске асыруға қатысу;

      9) мәдениетті дамытуға бағытталған фестивальдер, конкурстар, ақындар айтыстарын және басқа да іс-шараларды өткізу, сондай-ақ мемлекеттік және өзге ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста конференциялар, семинарлар, оқытудың басқа да түрлерін және тәжірибе алмасулар ұйымдастыру;

      10) мәдениет пен өнерді сақтау, дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша қалалық ведомствалардың, ұйымдардың және кәсіпорындардың қызметін үйлестіру, сондай-ақ қала және аудан әкімдері аппараттарымен саланың өзекті мәселелерін тәжірибелік шешуге қатысты мәселелер бойынша, өзара әрекеттесу;

      11) қала аумағында тілдерді дамыту саласында мемлекеттік саясатты іске асыру;

      12) Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтауды, қалыптастыруды, есебін және пайдалануды қамтамасыз ету;

      13) заңнамамен белгіленген тәртіпте тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстарды ұйымдастыру және өткізу;

      14) мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер салаларындағы әлеуметтік, экономикалық және техникалық саясатты әзірлеу мақсатында қоғамдық бірлестіктермен және өзге де ұйымдармен ынтымақтастық жасау;

      15) Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексімен белгіленген тәртіпте сотқа талап-арызбен жүгіну;

      16) өзіне берілген мүлікті басқару;

      17) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен қарастырылған өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

      15. Міндеттері:

      1) мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) Қазақстан Республикасы халқының мәдениетін қайта түлетуге, сақтауға, дамытуға және таратуға бағытталған шаралар қабылдау;

      3) ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына баулу арқылы азаматтарды отаншылдыққа және эстетикалық тәрбиелеуге жағдайлар жасау;

      4) мәдени құндылықтарға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету;

      5) халыққа мәдени қызмет етудің мемлекеттік ең төменгі стандарттарын белгілеу;

      6) мемлекеттік мәдениет ұйымдарының инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету және материалдық-техникалық базасын нығайту;

      7) дарынды тұлғаларды қолдауды қамтамасыз ету;

      8) мәдениет саласында Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, топтық-тектік және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездікке және зорлық-зомбылыққа табынуды насихаттауға немесе үгіттеуге жол бермеу жөнінде шаралар қолдану;

      9) мәдени құндылықтардың заңсыз әкетілуіне және әкелуіне, оған меншік иесі құқығының басқаға заңсыз берілуіне тосқауыл қою, оларды кез келген заңсыз иеленуден қайтарып алуға шаралар қолдану;

      10) мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастық үшін жағдайлар жасау;

      11) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, азаматтардың ұлттық-мәдени бірлестіктерге қатысу еркіндігін, мәдениет ұйымдарын құруды, шетелдердегі отандастармен мәдени байланыстарды кеңейтуге қатысуды қоса алғанда, ұлттық және мәдени өзіндік ерекшелігін қорғау және дамыту құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету;

      12) мәдениет саласында ғылыми және білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдарды қолдау;

      13) Қазақстан халқының ұлттық мәдени игілігі мен мәдени мұрасын қорғауға және дамытуға, Қазақстан Республикасының бірыңғай мәдени кеңістігін нығайтуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ іс-шараларды қолдау;

      14) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген басқада міндеттерді жүзеге асыру.

      16. Функциялары:

      1) қала әкімдігіне театр, цирк, зоологиялық саябақ, музыка және кино өнері, мәдени-демалыс қызметі мен халық шығармашылығы, кітапхана және музей ісі саласында қаланың мемлекеттік мәдениет ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру, тарату бойынша ұсыныс енгізу;

      2) театр, цирк, зоологиялық саябақ, музыка және кино өнерін, мәдени-демалыс қызметі мен халық шығармашылығын, кітапхана және музей ісін дамыту бойынша қаланың мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметін қолдау және үйлестіру, қаланың мәдениет саласындағы мекемелерінің қызметін қамтамасыз ету;

      3) театр, цирк, зоологиялық саябақ, музыка және кино өнері, мәдени-демалыс қызметі мен халық шығармашылығы, кітапхана және музей ісі саласында қаланың мемлекеттік мәдениет ұйымдарының штат бірліктерін оңтайландыру, қысқарту, тарату сондай-ақ, штат санының лимиттеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қамтамасыз ету;

      4) театр, цирк, зоологиялық саябақ, музыка және кино өнері, мәдени-демалыс қызметі мен халық шығармашылығы, кітапхана және музей ісі саласында қаланың мемлекеттік мәдениет ұйымдарының топтық іс-сапарларын келісу (5 қызметкер және одан көп болған жағдайда);

      5) шығармашылық қызметтің түрлі салаларында қалалық байқаулар, фестивальдер және конкурстар өткізуді ұйымдастыру;

      6) қаланың мәдени құндылықтарын есепке алу, қорғау, консервациялау және реставрациялау, сондай-ақ пайдалану, елдің көрнекті мәдениет қайраткерлерін мәңгі есте қалдыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      7) мәдени құндылықтарды уақытша әкету жөнiндегi сараптама комиссиясын құру және ол туралы ережені бекіту;

      8) қала аумағында орналасқан мәдениет ұйымдарының қызметіне мониторингті жүзеге асыру және уәкілетті органға ақпарат, сондай-ақ белгіленген нысанда статистикалық есептер беру;

      9) қалалық деңгейде сауықтық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуді жүзеге асыру;

      10) қаланың мемлекеттік мәдениет ұйымдарын аттестаттаудан өткізу;

      11) өз құзыреті шегінде мәдениет саласындағы коммуналдық меншікті басқаруды жүзеге асыру;

      12) тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, тарихи, ұлттық және мәдени дәстүрлер мен салттардың дамуына ықпал жасау;

      13) мәдени құндылықтарды уақытша әкету құқығына куәлік беру;

      14) қала әкімдігіне қаланың мемлекеттік кітапханаларының біріне "Орталық" мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізу;

      15) талантты жастарды және перспективалы шығармашылық ұжымдарды іздестіруге және қолдауға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асыру;

      16) мәдениет саласында әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өткізуді жүзеге асыру;

      17) ұлттық мәдени игілік объектілерінің айрықша режимінің сақталуын қамтамасыз ету;

      18) тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауды, есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, пайдалануды және олардың жай-күйін мониторингтеуді қамтамасыз ету, тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізуді қамтамасыз ету;

      19) қаланың экономикалық және әлеуметтiк даму жоспарларына жергiлiктi маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін есепке алуды, қорғауды және оларда ғылыми-реставрациялау жұмыстарын ұйымдастыру жөнiндегi iс-шараларды қосу бойынша ұсыныс енгізу;

      20) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, қалаларды және басқа да елдi мекендердi жоспарлау, салу және қайта құру жобаларын әзiрлеу және бекiту кезінде барлық санаттағы тарих және мәдениет ескерткiштерiн анықтау, зерделеу, сақтау жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын, тарихи-сәулет тiрек жоспарларын және карта-схемаларды жасауды қамтамасыз ету;

      21) тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау мiндеттемелерiн ресiмдеу және оларды меншiк иелерi мен пайдаланушылардың орындауын бақылау;

      22) қала әкімдігіне тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияны құру туралы ұсыныс енгізу;

      23) тарихи-мәдени мұра объектiлерiн анықтау, есепке алу, қорғау жөнiнде жұмыс жүргiзу;

      24) монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі жұмысты жүргізу;

      25) "мемориалдық тақталарды орнатуға рұқсат беру" мемлекеттік қызметін көрсету;

      26) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiне жоспарланатын ғылыми-реставрациялық жұмыстардың ғылыми-жобалау құжаттамасын қарау және келісу;

      27) уәкілетті органмен келісу бойынша тарихи-мәдени мұра объектiлерiн тарихи-мәдени сараптама қортытындысы негізінде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерi деп тану және оларды жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосу туралы қала әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      28) уәкілетті органмен келісу бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішін тарихи-мәдени сараптама қортындысы негізінде мәртебесінен айыру және оны жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен алып тастау туралы қала әкімдігіне ұсыныс енгізу;

      29) уәкілетті органмен келісу бойынша орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінің және аудандық атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының тіл туралы заңдарын сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

      30) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасында белгiленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар беру, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген негізде және тәртіппен әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;

      31) мемлекеттік тілді және басқа тілдерді дамытуға бағытталған қалалық маңызы бар шаралар кешенін жүзеге асыру;

      32) азаматтарды тілдік қағидат бойынша кемісітуге жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

      33) қала әкімдігіне құрамдас бөліктерге атау беру жөніндегі комиссияны құру туралы ұсыныс енгізу;

      34) Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде Шымкент қаласындағы тарихи атауларды қалпына келтiру, сақтау жөніндегі жұмысты ретке келтіру;

      35) қала көшелеріне атау беру кезінде халықтың пікірін тыңдау үшін көпшілік тыңдау ұйымдастыру;

      36) қалалық ономастика комиссиясының қызметін қамтамасыз ету;

      37) Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жұмыстарын жүргізу;

      38) Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде Қала аумағындағы мемлекеттік заңды тұлғалар, мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау туралы жұмыстарын жүргізу;

      39) атау берілген құрамдас бөліктерді бірыңғай ақпараттық жүйелеріне тіркелуін жүзеге асыруды қадағалау;

      40) ономастика саласы бойынша деректер базасын қалыптастыруды және оны үнемі толықтырып отыру жұмыстарын жүргізуді бақылау;

      41) ономастика саласы бойынша мемлекеттік органдармен, мекемелермен, ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылды жүзеге асырады, оларға ономастика саласы бойынша әдістемелік көмек көрсету;

      42) қаланың мемлекеттік архивінің сақтауына қабылданған Ұлттық архив қоры құжаттарын сақтауды, толықтыруды және пайдалануды ұйымдастыру;

      43) қаланың мемлекеттік архивінде сақталатын Ұлттық архив қоры құжаттарын мемлекеттік есепке алуды жүргізу және олардың сақталуын қамтамасыз ету;

      44) коммуналдық меншіктегі тарихи және мәдени құжаттық ескерткіштерді қорғау, оларды сақтау мен пайдалану;

      45) құжаттардың ғылыми және практикалық құндылығына сараптама жүргізуді ұйымдастыру;

      46) қаланың мемлекеттік архивінде сақталатын Ұлттық архив қорының құжаттары бойынша деректер қорын қалыптастыру;

      47) қаланың аумағында архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету мәселелеріне ұйымдастырушылық-әдістемелік басшылық жасау;

      48) қаланың аумағында Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры және архивтер туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау;

      49) жеке және заңды тұлғалардың сұрауларын орындауды ұйымдастыру;

      50) қала әкімдігінің бекітуіне сараптау-тексеру комиссиясы туралы ережені енгізу;

      51) ұлттық архив қорының құжаттарын мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың сұрауларын қанағаттандыру үшін пайдалану;

      52) қаланың тарихы бойынша архив құжаттарын жинау және қайтару;

      53) уәкілетті органмен келісім бойынша шығармашылық қызметтің түрлі салаларында республикалық конкурстар мен фестивальдар өткізуді ұйымдастыру;

      54) қала әкімдігіне қалалық көркемдік кеңес және ол туралы ережені бекіту туралы ұсыныс енгізу;

      55) қарасты мекемелер жұмысының сапасы мен өнімділігін арттыру мақсатында өз қызметінің бағыттары бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыру;

      56) қаланың мәдени мақсаттағы обьектілерінің құрылысы, реконструкциясы және жөнделуі бойынша тапсырысшы болу;

      57) тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметті лицензиялауды келісу;

      58) қаланың бас жоспарларына тарихи-сәулет тірек жоспарларын енгізу жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;

      59) мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесі бойынша жұмыстар жүргізу;

      60) Басқармаға қарасты ұйымдарға "Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру мемлекеттік бағдарламасы" бойынша қызмет көрсетуге және табыс табуға келісім беру;

      61) мемлекеттік бюджет қаражатының, Қазақстан Республикасының үкіметтік кепілдіктерімен берілетін сыртқы қарыздардың және басқа да көздердің есебінен қаржыландырылатын обьектілерді жобалауға және құрылысын жүргізуге конкурстар ұйымдастыруға және өткізуге қатысу;

      62) Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын іске асыру бойынша инвестициялық бағдарламалар мен жобаларға, сондай-ақ жылдық жоспарларды әзірлеуге қатысу;

      63) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне және өзге де мемлекеттік органдарына есептерді беруді ұйымдастыру;

      64) мүлікті, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық іс-шараларға қатысу және аталған мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру;

      65) ағымдағы бюджеттік бағдарламаларды және даму бағдарламаларын іске асыру, мемлекеттік бюджет қаражатының есебінен қаржыландырылатын инженерлік желілерді салу, қайта жаңғырту, қайта жаңалау, жаңғырту және қалпына келтіру кезінде тапсырыс берушінің функцияларын жүзеге асыру;

      66) Басқармаға қарасты коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты мемлекеттік басқару органының функцияларын жүзеге асыру;

      67) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3-тарау. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың (бар болса) бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      17. Басқарманы басқаруды Басқарма басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      18. Басқарма басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Шымкент қаласының әкімі лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.

      19. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      20. Басқарма басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың қызметін ұйымдастырады және басқарады;

      2) Басқармаға жүктелген міндеттер мен қызметтердің, қала әкімі мен жетекшілік ететін қала әкімі орынбасарының тапсырмаларының орындалуына дербес жауапты болады;

      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Басқарма қызметкерлерін, сондай-ақ қарамағындағы ұйымдардың басшыларын және олардың орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Басқарма қызметкерлерінің, Басқармасының қарамағындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың басшыларының міндеттері мен уәкілеттіктерін анықтайды;

      5) Басқарманың жұмыс жоспарларын бекітеді;

      6) Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      7) сенімхаттар береді;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Басқарманың қызметкерлеріне, сондай-ақ мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың басшыларына көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жаза қолданады;

      9) өз құзыреті шегінде қарамағындағы кәсіпорындардың және Басқарманың барлық қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      10) мемлекеттік мекеменің ішкі еңбек тәртібін бекітеді;

      11) Басқармада "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      12) азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырады;

      13) келісім-шарттар жасасады;

      14) банкте шоттар ашады;

      15) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерде көзделген өкілеттіліктерді жүзеге асырады;

      16) сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне қарсы әрекеттерді күшейту бойынша шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына дербес жауапты;

      17) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың мүдделерін білдіреді;

      18) Басқарманың қызметкерлеріне және қарамағындағы кәсіпорындардың басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте сыйақы шараларын белгілейді;

      19) Қазақстан Республикасы заңнамасымен, осы Ережемен және қала әкімдігі мен оған жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады.

      Басқарманың басшысысы мемлекеттік мекеменің қаржы-шаруашылық қызметіне және мүлкінің сақталуына дербес жауапты болады.

      Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      21. Басқарма басшысы өз орынбасарларының, бөлім басшыларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      22. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өзіне бекітіліп берілген, өзінің балансында тұрған мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын Қазақстан Республикасының атынан дербес жүзеге асырады.

      23. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      1) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

      2) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қалалық орыс драма театры" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

      3) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қалалық өзбек драма театры" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

      4) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қалалық опера және балет театры" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

      5) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

      6) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

      7) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Әл-Фараби қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      8) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      9) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      10) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      11) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      12) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      13) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      14) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

      15) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

      16) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шым қала" тарихи-мәдени кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      17) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қалалық мемлекеттік архиві" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      18) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қалалық мәдениет үйі" концерттік ұйымы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

      19) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент-цирк" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

      20) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қалалық көрме орталығы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;

      21) Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады