Арнайы комиссия туралы ереженi бекiту туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2024 жылғы 29 қаңтардағы № 29 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-тармағының 17) тармақшасына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына және "Арнайы комиссия туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 17 тамыздағы № 344 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33314 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес арнайы комиссия туралы ереже бекітілсін.

      2. "Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде оның көшірмесін электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін эталондық бақылау банкінде жариялау үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы қаулыны Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Шығыс Қазақстан облысының әкімі Е. Көшербаев

  Шығыс
Қазақстан облысы әкімдігінің
2024 жылғы 29 қаңтардағы
№ 29 қаулысымен бекiтiлген

Арнайы комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы арнайы комиссия туралы ереже (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысымен бекiтiлген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына (бұдан әрi – Үлгiлiк қағидалар) және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 17 тамыздағы № 344 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33314 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген Арнайы комиссия туралы үлгілік ережеге сәйкес әзiрлендi және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтiнiшiн қарау жөнiндегi арнайы комиссияның мәртебесi мен өкiлеттiгiн айқындайды.

      2. Осы Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) арнайы комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасылардың) өтінішін қарау бойынша аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      2) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      3. Комиссия аудан (облыстық маңызы бар қала) аумағында тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады. Комиссия өз жұмысын ашықтық, жариялылық, алқалылық және әділдік қағидаттарында ұйымдастырады.

      4. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      5. Комиссияның қызметін бақылауды аудан (облыстық маңызы бар қалалар) әкімінің әлеуметтік қорғау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары жүзеге асырады.

2. Комиссияның мiндеттерi мен функциялары

      6. Комиссияның негізгі міндеті "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-3-тармағы негізінде жергілікті өкілді органдар бекітетін азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесіне сәйкес азаматтардың әлеуметтік көмекке мұқтаждығын және өмірлік қиын жағдайлар туындаған кезде берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау болып табылады.

      7. Комиссияның негізгі функциясы әрбір жекелеген жағдайда әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсете отырып, осы Ереженің қосымшасына сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды (бұдан әрі - Қорытынды) шығару болып табылады.

3. Комиссияның қызметiн ұйымдастыру

      8. Комиссия өз қызметін өтеусіз негізде жүзеге асырады.

      9. Комиссияның құрамына жергілікті атқарушы органдардың мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің, оның ішінде ұйымдардың және білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау уәкілетті органдарының өкілдері, құқық қорғау органдарының, қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері кіреді.

      Комиссия төрағадан, хатшыдан және комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссияның жалпы құрамы жеті адамнан кем болмауға тиіс.

      10. Аудан (облыстық маңызы бар қалалар) әкімінің әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі орынбасары Төраға болып табылады.

      Төраға Комиссияның жұмысын ұйымдастырады және Комиссияға осы Ережеде жүктелген міндеттер мен функциялардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.

      11. Жергілікті уәкілетті орган – ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Комиссия хатшысының міндеті осы бөлімнің маманына жүктеледі.

      12. Комиссия жергілікті уәкілетті органнан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды қарайды және ашық дауыс беру арқылы әлеуметтік көмек көрсетудің қажеттігі туралы шешім шығарады.

      13. Комиссияның шешімдері оның құрамы жалпы санының үштен екісі болған кезде заңды болады.

      14. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының даусы шешуші болып саналады.

      15. Комиссия қабылдаған шешім қорытынды нысанында ресімделеді және осы Ереженің 12-тармағында көрсетілген мерзімде жергілікті уәкілетті органға беріледі.

      Оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшері көрсетіледі.

      16. Комиссия әлеуметтiк көмек мөлшерiн айқындау кезiнде жергiлiктi өкiлдi органдар "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-3-тармағына сәйкес бекiткен әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау қағидаларын басшылыққа алады.

  Арнайы комиссия туралы
ережеге қосымша

Арнайы комиссияның қорытындысы

      20___ж. "___" ______ №

      Арнайы комиссия өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек

      алуға өтініш берген адамның (отбасының)

      _____________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты) өтінішін және оған қоса берілген құжаттарды қарап, адамға

      (отбасыға) мұқтаж болуына байланысты төмендегідей себептер бойынша:

      _____________________________________________________________

      ___________________________________________________________________

      ___________________________________________________________________

      ___________________________________________________________________

      (қажеттілігі, қажеттілік жоқтығы)

      әлеуметтік көмек ұсыну туралы қорытынды шығарады.

      Әлеуметтік көмек мөлшері _______ ________________ теңге.

      (сомасы жазбаша)

      Комиссия төрағасы:__________________________________________

      Комиссия мүшелері:__________________________________________

      ______________________ ___________________

      ______________________ ___________________

      ______________________ ___________________

      ______________________ ___________________

      ______________________ ___________________

      (қолдары) (Т.А.Ә. (бар болса)

      Қорытынды қоса берілген құжаттармен __ данада 20__ж. "__" ___ қабылданды

      _______________________________________________________

      Құжаттарды қабылдаған жергілікті уәкілетті орган қызметкерінің Т.А.Ә. (бар болса),

      лауазымы, қолы

      _____________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады