"Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2024 жылғы 9 ақпандағы № 28 қаулысы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңдарын басшылыққа ала отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.

      3. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2016 жылғы 30 қыркүйектегі № 300 "Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" қаулысы жойылсын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Н.С.Оразға жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Н. Төреғалиев

  Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің
2024 жылғы "___" ақпандағы
№_____
қаулысымен бекітілген

"Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты"
мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі -Аппарат) облыс әкімі мен әкімдігінің қызметін ұйымдық, құқықтық, ақпараттық-талдау, консультативтік және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Аппараттың мынадай ведомстволары бар:

      "Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      3. Аппарат өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Аппарат ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Аппарат азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Аппарат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Аппарат өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен аппарат басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Аппараттың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, индекс 090000, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 179.

      10. Осы Ереже Аппараттың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Аппараттың қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Аппаратқа кәсіпкерлік субъектілерімен аппараттың өкілеттіліктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Аппараттың заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Аппараттың мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаты:

      1) өзіне сеніп тапсырылған аумақта мемлекеттік саясатты жүргізу бойынша облыс әкімдігі мен әкімінің қызметін ақпараттық-талдау тұрғысынан, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, облыс әкімі мен әкімдігінің, оның орынбасарларының, облыс әкімі аппараты басшысы мен оның орынбасарларының тапсырмалары мен актілерінің орындалуын ұйымдастыру және бақылау;

      3) заңнамада көзделген құзыреті шегінде облыстың мемлекеттік органдарының Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыс әкімі мен әкімдігі қойған тапсырмаларды іске асыру жөніндегі қызметін үйлестіру.

      14. Өкілеттіктері:

      Құқықтары:

      1) облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан қажетті ақпараттарды алу, сондай-ақ оларға орындалуы міндетті тапсырмалар беру;

      2) меншік нысанды кәсіпорындардан, мекемелер мен ұйымдардан облыс әкімі аппаратының құзырына жатқызылған мәселелер бойынша қажетті ақпараттарды, құжаттарды, өзге де материалдарды, ауызша және жазбаша түсіндірмелерді сұрату және алу;

      3) облыс әкімдігінің отырыстарына, сондай-ақ басқармалар, департаменттер, комитеттердің, аудандар мен Орал қаласы әкімдері отырыстарына қатысу.

      Міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, облыс әкімінің актілері мен тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындау;

      3) мемлекеттік мекемеге бекітілген коммуналдық мүліктің сақталуын қамтамасыз ету;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялары:

      1) өз құзыры шегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамын әзірлеуге қатысу, мемлекеттік бағдарламалардың және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамының іске асырылуын қамтамасыз ету және бақылау, ұсыныстар әзірлеу арқылы Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын облыс аумағында іске асыруға қатысады;

      2) орталық атқарушы орган уәкілеттік берген өкілеттіктерге сәйкес республикалық бағыныстағы кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің қызметін үйлестіреді, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың, республикалық бағыныстағы аумақтық органдардың қызметін үйлестіреді және өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етеді;

      3) Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын, оны іске асыру, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру тетіктері мен әдістерін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар кешенін әзірлеуге қатысады, осы мақсаттарда облыс аумағында атқарушы билік органдарынан талдау жүргізуге қажетті ақпараттарды сұрату және дер мерзімінде алу арқылы олардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, облыс әкімі мен әкімдігінің актілерін дайындайды, олардың орындалуын бақылайды, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша ұсыныстар мен болжамдарды жасақтайды;

      4) Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің орындалуын ұйымдастырады және қамтамасыз етеді, облыс әкімі мен әкімдігі актілерінің орындалуын бақылайды;

      5) облыс әкімінің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастыру-құқықтық және материалдық-техникалық қамтуды қамтамасыз етеді;

      6) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігімен, Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратымен, министрліктермен, ведомстволармен, облыстың қала және аудандары әкімдері аппараттарымен, облыстық мәслихатпен, ұйымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;

      7) заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің, облыс әкімі мен әкімдігінің, облыстық мәслихаттың актілерінің жобалары бойынша ұсыныстар енгізеді;

      8) Батыс Қазақстан облысы әкімдігі регламентінің сақталуын қамтамасыз етеді;

      9) облыс әкімі мен оның орынбасарларының қызметін құжаттамалық қамтамасыз етуді, қызметтік құжаттарды, хаттарды, азаматтардың арыз-өтініштерін қарауды, азаматтарды жеке қабылдауды ұйымдастырады, келіп түскен азаматтардың хаттары мен өтініштеріне, құжат ағынына талдау жасайды, іс жүргізуді, құпия құжаттармен жұмысты, мемлекеттік тілде іс жүргізуді жолға қояды және жетілдіреді;

      10) облыс әкімінің шешімдері, өкімдерінің және облыс әкімдігі қаулыларының сақталуын қамтамасыз етеді;

      11) мемлекеттік органдардың қызметі тиімділігін бағалау мәселелерімен шұғылданады;

      12) ақпараттық технологияларды, электрондық құжат айналымы жүйесі мәселелерін енгізеді;

      13) облыс әкімінің номенклатурасына кіретін кадрлар бойынша ұсыныстарды зерделеу және енгізу, мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамадан өтуін, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру арқылы жергілікті атқарушы билік органдарында кадр саясатын жүзеге асырады;

      14) бұқаралық ақпарат құралдарында облыс әкімі мен оның орынбасарларының, облыс әкімдігінің қызметін жарықтандыруды ұйымдастырады, олармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі жүргізетін ішкі және сыртқы саясатты, облыстағы экономикалық және әлеуметтік жағдайдың жай-күйін, мәселелерді шешу жолдарын түсіндіреді;

      15) облыс әкімі мен әкімдігінің құқық қорғау органдарымен облыста заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайту мәселелері бойынша өзара іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз етеді.

3. Аппарат басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Аппаратты басқаруды аппарат басшысы жүзеге асырады, ол Аппаратқа жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Аппарат басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Аппарат басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Аппарат басшысының өкілеттіктері:

      1) аппаратқа жүктелген мақсаттарды іске асыруды ұйымдастырады;

      2) өз құзыреті шегінде аппараттың құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

      3) аппараттың құрылымы мен штат кестесін, оның құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;

      4) аппараттағы "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін мемлекеттік лауазымдарға тағайындайды және мемлекеттік лауазымдардан босатады;

      5) аппараттың тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      6) қызметтік тәртіптің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      7) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерді қоспағанда, аппараттың мемлекеттік қызметшілерін іссапарға жіберу, оларға демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, оларды даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар белгілеу мәселелерін шешеді;

      8) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерді қоспағанда, аппараттың мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік жауаптылығы мәселелерін шешеді;

      9) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;

      10) облыстың жергілікті атқарушы органдары қабылдаған шешімдердің орындалу барысын бақылайды;

      11) мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      12) аппарат басшысына жүктелген өзге де өкілеттіктерді, оның ішінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарға жетекшілік етуді жүзеге асырады.

      Аппарат басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Аппарат басшысы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4. Аппараттың мүлкі

      21. Аппараттың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Аппараттың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Аппаратқа бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Аппараттың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Аппаратты қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Аппаратты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Аппараттың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      "Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады