Қазақстан Республикасында жалпыға бiрдей құқықтық оқуды ұйымдастыру жөнiндегi шаралар туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 21 маусымдағы N 2347 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы N 829 Жарлығымен

       Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009.06.18 N 829 Жарлығымен.

      Халықтың құқықтық мәдениетi мен құқықтық хабардарлығын арттыру, экономикалық бағдарламаларды құқықтық қамтамасыз етудiң тиiмдiлiгiн көтеру әрi заңдылықты, құқықтық тәртiптi, реттiлiктi нығайту мақсатында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 12 ақпандағы N 1569 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасындағы Құқықтық реформаның мемлекеттiк бағдарламасын (негiзгi бағыттар) орындау үшiн қаулы етемiн:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасындағы жалпыға бiрдей құқықтық оқу туралы ереже, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiндегi әскери қызметшiлер мен азаматтық қызметкерлердiң жалпыға бiрдей құқықтық оқуын ұйымдастыру туралы ереже, Атқарушы өкiмет органдары мен олардың қарамағындағы кәсiпорындардың, мекемелердiң басшы кадрлары мен мамандарын құқықтық аттестациялау туралы ереже және Қазақстан Республикасында оқушы жастарды құқықтық оқыту тұжырымдамасы бекiтiлсiн.

      2. Жалпыға бiрдей құқықтық оқуды ұйымдастыруға жалпы басшылық пен бақылау жасау Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi мен жергiлiктi әкiмдерге жүктелсiн.

      3. Жалпыға бiрдей құқықтық оқуға әдiстемелiк басшылық жасау Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне жүктелсiн.
      Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi:
      мемлекеттiк органдардың, ғылыми мекемелердiң үлгiлiк оқу бағдарламаларын, оқулықтар, оқу-көрнекi және әдiстемелiк құралдар дайындау жөнiндегi жұмыстың үйлестiрiлуiн жүзеге асырады;
      жалпыға бiрдей құқықтық оқудың барлық буындарына нормативтiк-анықтамалық материалдар мен көпшiлiкке арналған заң әдебиетiн, оқулықтар, оқу құралдарын және плакаттер шығаруды қамтамасыз етедi;
      Қазақстан Республикасының министрлiктерiнде, мемлекеттiк комитеттерiнде, ведомстволарында, жергiлiктi әкiмдердiң аппараттарында жалпыға бiрдей құқықтық оқуды ұйымдастыру, жөнiндегi жұмыстың жай-күйiн зерделейдi, оны жақсарту бойынша ұсыныс әзiрлейдi деп белгiленсiн.

      4. Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлiгi мерзiмдi басылымдарда қолданылып жүрген заңдар мен құқық қолдану практикасын түсiндiретiн айдарлар ашатын болсын.

      5. "Қазақстан теледидары мен радиосы" республикалық корпорациясы құқық органдарымен бiрлесiп Қазақстан Республикасының халқын құқықтық оқуы жөнiнде арнаулы хабарлар ұйымдастырсын.

      6. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен бiрлесiп 1995 жылғы 1 қазанға дейiн Қазақстан Республикасында халықтың жалпыға бiрдей құқықтық оқуы бағдарламасының жобасын Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне табыс етсiн.

      7. Ұлттық жоғары мемлекеттiк басқару мектебiнiң негiзiнде Жергiлiктi атқарушы және өкiлдi органдардың, министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, ведомстволардың басшы қызметкерлерiн құқықтық даярлау мен қайта даярлау орталығы құрылсын.

      8. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi:
      министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, ведомстволардың басшы қызметкерлерiн, облыс әкiмдерiн, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi Аппаратының бөлiм меңгерушiлерiн аттестациядан өткiзуге аттестациялау комиссиясын құрсын;
      аттестациялауға жататын қызметкерлер лауазымының жалпы тiзбесiн анықтасын.

      9. Министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер, ведомстволар, жергiлiктi әкiмдер:
      1995 жылғы 1 шiлдеге дейiн тұрақты жұмыс iстейтiн құқықтық бiлiм беру мектептерiн құрсын;
      1995 жылғы 1 қарашаға дейiн атқарушы өкiмет органдары мен олардың қарамағындағы кәсiпорындардың, ұйымдардың қызметкерлерiн аттестациялауға арналған аттестациялау комиссияларын құрсын;
      министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер, ведомстволар, жергiлiктi әкiмдер мен қарамағындағы ұйымдар аппаратының басшыларын, мамандарын және басқа қызметкерлерiн ұдайы құқықтық оқытуды қамтамасыз етсiн.

      10. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi және "Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштерi туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қолданылатын басқа да әскери құрамалар, Iшкi iстер министрлiгi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Қаржы министрлiгiнiң Бас салық инспекциясы Салық полициясының басқармасы, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Кеден комитетi, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiндегi әскери қызметшiлер мен азаматтық қызметкерлердiң жалпыға бiрдей құқықтық оқуын ұйымдастыру туралы ережеге сәйкес әскери қызметшiлердi, қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды, сондай-ақ басқа да қызметкерлердi құқықтық оқытуды қамтамасыз етсiн.

      11. Қызметкерлердi құқықтық оқыту жөнiндегi шығындарды министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер, ведомстволар, әкiмдер, кәсiпорындар, мекемелер өз қаражатының есебiнен жүргiзедi деп белгiленсiн.

      12. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi, Жастар iсi, туризм және спорт министрлiгi, Бiлiм министрлiгi басқа да мүдделi органдармен бiрлесiп милиция органдарында есепте тұрған, тәрбиелеу мекемелерiнде жазасын өтеп жүрген кәмелетке толмаған адамдарды құқықтық оқытуды ұйымдастыру жөнiнде шаралар қолдансын.

      13. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi, Ұлттық ғылым академиясы және Бiлiм министрлiгi құқықтық сана мен құқықтық тәрбиенi қалыптастырудың өзектi мәселелерi бойынша мақсаткерлiк зерттеулер жүргiзсiн.

      14. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне, Бiлiм министрлiгiне және Ұлттық жоғары мемлекеттiк басқару мектебiне жалпыға бiрдей құқықтық оқу жөнiндегi оқу-әдiстемелiк жұмысты қамтамасыз ету үшiн нысаналы мақсатпен қажеттi қаражат бөлсiн.

      15. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi Үкiметтiң бұрын қабылдаған шешiмдерiн осы қаулымен сәйкестендiретiн болсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы Президентiнiң
1995 жылғы 21 маусымдағы    
N 2347 қаулысымен      
БЕКIТIЛГЕН         

Қазақстан Республикасындағы жалпыға бiрдей
құқықтық бiлiм беру туралы
ЕРЕЖЕ

I. Жалпы ережелер

      1. Жалпыға бiрдей құқықтық оқу - бұл бұқаралық құқықтық насихат пен азаматтарға құқықтық тәрбие беру жүйесi.

      2. Осы Ереже Қазақстан Республикасында жалпыға бiрдей құқықтық оқуды жүргiзудiң мақсатын, принциптерi мен тәртiбiн айқындайды.

      3. Жалпыға бiрдей құқықтық оқудың мақсаты - азаматтардың құқықтық мәдениетiн көтеру және заңды құрметтеу дәстүрiн қалыптастыру.

      4. Жалпыға бiрдей құқықтық оқудың принциптерi:
      халықты жаппай қамту;
      жүйелiлiк;
      үздiксiздiк;
      құқықтық бiлiм алуға мүдделiлiк және оны алу мүмкiндiгiн жүзеге асыруды қамтамасыз етудегi мемлекеттiң мiндетi;
      дербестiк (түрлi санаттағы азаматтардың жасын, кәсiбiн және басқа да ерекшелiктерiн ескеру) болып табылады.

II. Жалпыға бiрдей құқықтық оқуды ұйымдастыру

      5. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi, Бiлiм министрлiгi мен Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлiгi құқықтық оқу жөнiнде ғылыми-әдiстемелiк ұсыныстар, құралдар, құқықтық оқудың тақырыптық жоспарлары мен бағдарламаларын түрлi санаттағы азаматтардың жасын, кәсiбiн және басқа ерекшелiктерiн ескере отырып әзiрлеудi қамтамасыз етедi.

      6. Министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, ведомстволардың, жергiлiктi әкiмдердiң жанынан құқықтық бiлiм беру мектептерi құрылады, оларда осы органдар аппараттарының қызметкерлерi, оларға бағынысты кәсiпорындардың, мекемелердiң басшылары мен басқа да қызметкерлерi оқиды.

      7. Жалпыға бiрдей құқықтық ұйымдастыру жөнiндегi жұмысқа министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, ведомстволардың, жергiлiктi әкiмдердiң аппараттары заң қызметiнiң қызметкерлерi белсене қатысады.

      8. Қазақстан Республикасының облыстарында, қалалары мен аудандарында базалық кәсiпорындар, мектептер, училищелер, техникумдар, кiтапханалар, клубтар айқындалады, құқықтық тақырыптарға арналған бұрыштар мен стендiлер ұйымдастырылады.

      9. Министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер, ведомстволар басшы кадрлар мен мамандарды құқықтық аттестациялау туралы бұйрықтар, ал әкiмдер болса, қаулылар шығарады, аттестациялауға жататын қызметкерлер лауазымының тiзбесiн айқындайды, лауазымдық мiндеттердiң сипаты мен ерекшелiктерi ескерiле отырып және аттестацияланушы адамдардың лауазымдық жағдайына орай түзiлген, аттестацияланушыға қажеттi құқықтық мәселелердiң тiзбесiн әзiрлейдi.

      10. Жалпыға бiрдей құқықтық оқудың ұйымдастырылуына жалпы басшылық пен бақылау жасауды Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi мен жергiлiктi әкiмдер, ал әдiстемелiк басшылықты Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi мен әдiлет басқармалары (бөлiмдерi) жүзеге асырады.

III. Жалпыға бiрдей құқықтық оқуды жүргiзу тәртiбi

      11. Жалпыға бiрдей құқықтық оқу басшыларды, мамандарды мынадай топтар бойынша құқықтық оқытуды көздейдi:
      бiрiншi топ - министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, ведомстволардың, облыстық әкiмшiлiктер мен өкiлдi органдардың басшылары.
      Құрамды айқындау, оқу-тақырыптық жоспар мен бағдарлама әзiрлеу, тыңдаушылардың келуi мен сабақтың жүргiзiлуiн қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Аппараты мен Ұлттық жоғары мемлекеттiк басқару мектебiне жүктеледi:
      екiншi топ - министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардың, кәсiпорындардың, ұйымдардың, мекемелердiң, облыстардағы аумақтық органдарының басшы қызметкерлерi, қалалық, аудандық және ауылдық әкiмшiлiктердiң басшылары, облыстық Мәслихаттар - Депутаттар жиналысының депутаттары, облыстық және қалалық әкiмдер аппараттарының қызметкерлерi.
      Құрамды айқындауды, оқу-тақырыптық жоспар әзiрлеудi тыңдаушылардың келуi мен сабақтың жүргiзiлуiн қамтамасыз етудi облыстық (қалалық) әдiлет басқармаларымен бiрлесiп атқару облыстардың әкiмдерiне жүктеледi;
      үшiншi топ - аудандардағы кәсiпорындардың, ұйымдардың, мекемелердiң басшылары, мамандары, аудандық және ауылдық әкiмдер аппаратының, аудандық өкiлеттi органдардың қызметкерлерi, қалалық және аудандық Мәслихаттар - Депутаттар жиналысының депутаттары.
      Құрамды айқындау, оқу-тақырыптық жоспар мен бағдарлама әзiрлеу, тыңдаушылардың келуi мен сабақтың жүргiзiлуiн қамтамасыз ету аудандардың әкiмдерiне жүктеледi.
      Ескертпе. Аудандардың әкiмдерi қажет болған жағдайда сабақты мынадай екi топта жүргiзу туралы шешiм қабылдай алады:
      а) өнеркәсiп орындарының, ұйымдарының басшылары үшiн;
      б) ауылшаруашылық кәсiпорындарының басшылары үшiн.
      Оқу-тақырыптық жоспар екi нұсқада дайындалуға тиiс;
      төртiншi топ - құрылымдық бөлiмшелердiң басшылары, министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер, ведомстволар аппаратының мамандары.
      Құрамды айқындау, оқу-тақырыптық жоспар мен бағдарлама әзiрлеу, тыңдаушылардың келуi мен сабақтың жүргiзiлуiн қамтамасыз ету министрлерге және мемлекеттiк комитеттердiң, ведомстволардың басшыларына жүктеледi;
      бесiншi топ - кәсiпорындардың, ұйымдардың, мекемелердiң лауазымды адамдары, жұмысшылар мен қызметшiлерi.
      Құрамды айқындау, оқу-тақырыптық жоспар мен бағдарлама әзiрлеу, тыңдаушылардың келуi мен сабақтың жүргiзiлуiн қамтамасыз ету кәсiпорындардың, ұйымдардың, мекемелердiң басшыларына жүктеледi;
      алтыншы топ - Қарулы Күштердегi әскери қызметшiлер мен азаматтық қызметкерлер, iшкi iстер, ұлттық қауiпсiздiк, салық полициясы органдары, кеден органдары мен Республикалық ұлан жүйесiнiң қатардағы және басшы құрамы және басқа адамдары.
      Құрамды айқындау, оқу-тақырыптық жоспар мен бағдарлама әзiрлеу, тыңдаушылардың келуi мен сабақтың жүргiзiлуiн қамтамасыз ету тиiстi министрлiктер мен ведомстволардың, әскери бөлiмдер мен басқа да ұйымдардың бiрiншi басшыларына жүктеледi;
      жетiншi топ - газет, журнал редакцияларының, радио мен теледидардың журналистерi.
      Құрамды айқындау, оқу-тақырыптық жоспар мен бағдарлама әзiрлеу, тыңдаушылардың келуi мен сабақтың жүргiзiлуiн қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлiгi мен баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдарында заңдарды сақтау жөнiндегi облыстық инспекцияларға жүктеледi.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 
1995 жылғы 21 маусымдағы    
N 2347 қаулысымен      
Бекiтiлген        

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштердiң әскери
қызметшiлер мен азаматтық қызметкерлердiң жалпыға бiрдей
құқықтық оқуын ұйымдастыру туралы
ЕРЕЖЕ

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiндегi жалпыға бiрдей құқықтық оқуды жүргiзудiң мазмұнын, жүйесi мен нысанын, оны ұйымдастыру жөнiндегi лауазымды адамдардың, тәрбие беру құрылымдарының мiндеттерi мен мiндеттiлiктерiн айқындайды.

      2. Осы Ереженi iшкi iстер, ұлттық қауiпсiздiк, салық полициясы мен кеден органдары, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қолданылатын басқа да әскери құрамалар мен олардың оқу орындары қолданады.

      3. Жалпыға бiрдей құқықтық оқудың негiзгi мазмұны жоғары құқықтық санаға тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының заңдарын, әскери жарғыларды, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi басшылығының бұйрықтары мен директиваларын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiндегi әрбiр әскери қызметшiнiң, азаматтық қызметкерлердiң қатаң және мүлтiксiз орындауы жөнiндегi құқықтық бiлiмдi сенiмге және практикалық iс-қимылға айналдыруды қамтамасыз ету болып табылады.

      4. Жалпыға бiрдей құқықтық оқу Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiндегi әскери қызметшiлер мен азаматтық қызметкерлердiң барлық санаттарына кешендi тәрбие берудiң құрамдас бөлiгi, оларды оқытудың мiндеттi нысаны болып табылады.

      5. Жалпыға бiрдей құқықтық оқуды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi басшылығының бұйрығына сәйкес әрбiр оқу жылына арналып бекiтiлген тақырыптық және оқу жоспарларына орай жергiлiктi атқарушы органдармен, азаматтық және әскери бөлiмшелермен, заң қызметтерiмен тығыз iс-қимыл жасай отырып Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi орталық аппаратының басқармаларында, бөлiмдерiнде, аумақтық органдарында, бiрлестiктерiнде, құрамаларында, әскери бөлiмшелерiнде, мекемелерi мен кәсiпорындарында әскери басқарма органдары, тәрбие жұмысы жөнiндегi органдар ұйымдастырады.

      6. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiндегi әскери қызметшiлер мен азаматтық қызметкерлердiң жалпыға бiрдей құқықтық оқуы мынадай жолдармен:
      а) офицерлiк құрамның командирлiк дайындық жүйесiнде құқықтық мәселелердi бiр жылға арналған 40 сағаттық бағдарлама бойынша оқытып-үйрету;
      б) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiндегi әскери қызметшiлердiң қоғамдық-гуманитарлық дайындық және әлеуметтiк-құқықтық бiлiм беру процесiнде құқықтық және заңдылық, азаматтық қызметкерлердiң экономикалық оқуы мәселелерiн оқытып-үйрету;
      в) құқықтық ақпараттар өткiзу;
      г) Қазақстан Республикасы заңдарын оқытып-үйрету және оны iс жүзiнде қолдану жөнiндегi әрбiр әскери қызметшiнiң, азаматтық қызметкерлердiң жүйелi жеке жұмысы арқылы жүзеге асырылады.
      Оқу жоспары әзiрлегеннен кейiн әрбiр әскери қызметшiге төрт баллдық жүйе бойынша баға қойылатын бақылау сабағы өткiзiледi. Офицерлердiң құқықтық дайындығының деңгейi кәсiби әзiрлiк пен аттестациялаудың есепке алу парақтарында көрсетiледi, ол кезектi әскери атақ беру кезiнде, жоғары лауазымға ұсынар кезде ескерiледi.

      7. Жалпыға бiрдей құқықтық оқу:
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiндегi жеке құрамға және азаматтық қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен басқа да құқықтық және нормативтiк актiлерiнiң талаптарын, әскери антты, әскери жарғыларды, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi басшылығының бұйрықтары мен директиваларын дер кезiнде жеткiзу;
      бөлiмдер мен бөлiмшелерде әскери тәртiптi нығайтудың және тиiстi құқықтық тәртiптi ұстаудың, әскери қызметшiлер мен азаматтық қызметкерлерге, олардың отбасы мүшелерiне қатысты әлеуметтiк әдiлеттiлiк принциптерiн нығайтудың маңызды шарты ретiнде әскери қызметшiлерге, азаматтық қызметкерлерге әскерлердiң өмiрiн, тұрмысы мен қызметiн реттейтiн құқықтық ұйғарымдарды сөзсiз орындау қажеттiгiн түсiндiру;
      әскери қызметшiлердiң құқықтық оқуын жүзеге асыру, құқықтық мәдениетiн, заңдық хабардарлығы мен заң актiлерi, оларды бұзғандығы үшiн жүктелетiн жауапкершiлiк шаралары жөнiндегi бiлiмiн арттыру;
      командирлердiң (бастықтардың), тәрбиешi-офицерлердiң теориялық бiлiмдерiн көтеру, бағынысты бөлiмдер мен мекемелерде оларды құқықтық-тәрбиелiк практикаға, әскери құқықтық тәртiпке қол сұғатындарға заңды дұрыс қолдана бiлуге оқыту;
      Қарулы Күштердегi жеке құрамды, азаматтық құрамды Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданылып жүрген заңдарын құрметтеу, оларды күнделiктi өмiрде және қызметте қатаң сақтауға әзiрлiк сезiмiн қалыптастыру;
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiндегi құқық бұзушылықтың алдын алу, әскери қызметшiлермен және азаматтық қызметкерлермен жеке жұмыс жүргiзу жөнiндегi шараларды жүзеге асыруда командирлерге (бастықтарға), тәрбие беру органдарына құқықтық тәрбиенi ұйымдастыруға көмек көрсету мiндеттерiн шешедi.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң
1995 жылғы 21 маусымдағы     
N 2347 қаулысымен       
Бекiтiлген         

Атқарушы өкiмет органдары мен олардың қарамағындағы
кәсiпорындардың, мекемелердiң басшы кадрлары мен
мамандарын құқықтық аттестациялау туралы
ЕРЕЖЕ

I. Жалпы ережелер

      1. Атқарушы өкiмет органдары мен олардың қарамағындағы кәсiпорындардың, мекемелердiң басшы кадрлары мен мамандарын құқықтық аттестациялау құқықтық мәдениеттi, iскерлiк бiлiктiлiктi және тапсырылған iске жауапкершiлiктi көтеру, саяси, экономикалық, әлеуметтiк бағдарламаларды құқықтық қамтамасыз етудiң тиiмдiлiгiн арттыру, құқықтық тәртiп пен реттiлiктi нығайту мақсатында жүргiзiледi.

II. Аттестация жүргiзуге дайындық

      2. Аттестациялауға: министрлер, мемлекеттiк комитеттердiң төрағалары, республикалық ведомстволардың басшылары мен олардың орынбасарлары, Министрлер Кабинетi Аппаратының бөлiм меңгерушiлерi мен олардың орынбасарлары, жергiлiктi әкiмдер мен олардың орынбасарлары, мемлекеттiк кәсiпорындардың, мекемелердiң және олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары, мемлекеттiк органдардың бас және жетекшi мамандары мен басқа да лауазымды адамдары жатады. Атқарып отырған қызметiнде бiр жылдан аспайтын уақыт жұмыс iстеген адамдар аттестациялауға жатпайды.

      3. Аттестациялау кезең-кезеңiмен үш-бес жылда бiр рет, қызметке жаңа тағайындалған басшыларды аттестациялау қызметке тағайындалғаннан кейiн бiр жыл өткен соң жүргiзiледi.
      Аттестациялау жүргiзудiң мерзiмдерiн, кестесiн:
      а) министрлiктердiң: мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардың басшы қызметкерлерi, облыс әкiмдерi және Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi Аппаратының бөлiм меңгерушiлерi мен олардың орынбасарлары үшiн - Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi;
      б) өзiнiң аумақтық органдары мен қарамағындағы кәсiпорындардың, мекемелердiң басшылары, министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволар аппаратының лауазымды адамдары үшiн - министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер, ведомстволар;
      в) қарамағындағы кәсiпорындардың, мекемелердiң, төменгi әкiмшiлiктердiң басшы қызметкерлерi, тиiстi жергiлiктi әкiмшiлiктер аппаратының қызметкерлерi үшiн - әкiмдер;
      г) өз аппаратының қызметкерлерi үшiн - министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардың аумақтық органдарының басшылары;
      д) құрылымдық бөлiмшелердiң басшы кадрлары үшiн - кәсiпорындардың, ұйымдардың, мекемелердiң басшылары анықтайды.
      4. Аттестациялау комиссиялары:
      а) Министрлер Кабинетiнiң жанында - Премьер-министрдiң өкiмiмен;
      б) министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, ведомстволардың жанында - олардың басшыларының бұйрығымен;
      в) жергiлiктi әкiмдердiң жанында - әкiмдердiң қаулысымен;
      г) министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардың аумақтық органдарының жанында - олардың басшыларының бұйрығымен;
      д) кәсiпорындардың, мекемелердiң жанында - олардың басшыларының бұйрығымен құрылады.
      Аттестациялау комиссияларының құрамына құқық қорғау органдарының, әдiлет мекемелерi мен басқа да мемлекеттiк органдардың бiлiктi заңгерлерi енгiзiледi.

III. Аттестация жүргiзудiң тәртiбi

      5. Аттестациялаудың күнi мен уақыты туралы аттестацияланатын адам күнi бұрын аттестация жүргiзуден бiр айдан кешiктiрiлмей хабардар етiледi.

      6. Аттестациялау комиссиясының мәжiлiсi хаттамамен ресiмделедi. Аттестациялау нәтижелерi бойынша аттестациялау комиссиясы 2 дана етiп аттестациялау парағын (қоса берiлiп отыр) толтырады, онда аттестацияланушы адам басқарып отырған ведомстводағы, ұжымдағы заңдылық пен тәртiптiң жай-күйi, алдына қойылған мiндеттердi қамтамасыз етудегi құқықтық құралдарды қолданудың тиiмдiлiгi, тiкелей өзiнiң заңға қатысты атқарушылық және тәртiптiк өнегесi ескерiле отырып, оның құқықтық бiлiмiнiң бағасы көрсетiледi.

      7. Комиссияда басшы кадрлар мен мамандардың жұмыс ерекшелiгiне қарай аттестациядан өткiзу үшiн құқық мәселелерiнiң үлгi тiзбесi болуға тиiс.

      8. Осы деректердiң және аттестациялау кезiнде байқалған құқық туралы бiлiмiнiң негiзiнде аттестациялау комиссиясы аттестацияланып отырған басшының қызметiне мына бағалардың бiрiн бередi:
      а) заңдарды қанағаттанарлық дәрежеде байыптай алады, құқықтық бiлiм деңгейi бойынша атқарып отырған лауазымына сай келедi;
      б) заңдарды нашар бiлетiндiгiн көрсеттi, қайта аттестациялауға жатады (мұндай жағдайда қайта аттестациялау алты ай iшiнде жүргiзiлуге тиiс).
      Аттестацияланып отырған адамның құқықтық бiлiмiнiң бағасын аттестациялау комиссиясы дауыс беру арқылы шығарады. Дауыс беру нәтижесi көпшiлiк дауыспен анықталады және комиссия мәжiлiсiнiң хаттамасына жазылады. Аттестация жүргiзуге және дауыс беруге аттестациялау комиссиясы мүшелерi санының кем дегенде 2/3-i қатысуға тиiс. Аттестациялау нәтижелерi туралы комиссия аттестацияланған қызметкерлерге, олар жұмыс iстейтiн ұжымға және олар бағынатын немесе есеп беретiн жоғары тұрған органға хабарлайды. Аттестациялау парағы қызметкердiң жеке iс-қағазында сақталады.
      Қызметкердi кезектi аттестациялау кезiнде аттестациялау
комиссиясына алдыңғы аттестациялау парағы табыс етiледi. Қызмет
жағынан жоғарылату кезiнде қызметкердiң құқықтық бiлiмiнiң
деңгейiн ескеру қажет.

Басшы кадрлар мен мамандарды
құқықтық аттестациялау жөнiндегi
АТТЕСТАЦИЯЛАУ ПАРАҒЫ

     Тегi, аты, әкесiнiң аты _____________________________________
     Туған жылы _____________________ ұлты _______________________
     Бiлiмi ______________________________________________________
     Мамандығы ___________________________________________________
     Аттестациялау сәтiндегi лауазымы және қызметке тағайындалған
     күнi ________________________________________________________
     Атқарушы өкiмет органдарындағы ______________________________
     _____________________________________________________________
     _____________________________________________________________
        (олардың қарамағындағы кәсiпорындардағы, мекемелердегi)
     жұмысының жалпы стажы _______________________________________
     _____________________________________________________________
     -------------------------------------------------------------
     Аттестациялау комиссиясының ұсыныстары (жекелеген құқық
     мәселелерiн қосымша зерделеу, басқарып отырған ұжымдағы
     заңдылық пен құқық тәртiбiн нығайту проблемаларына көңiл
     бөлудi күшейту және т.б.)
     _____________________________________________________________
     _____________________________________________________________
     _____________________________________________________________
     _____________________________________________________________
     _____________________________________________________________
     Комиссия төрағасы                       _____________________
     Комиссия төрағасының
       орынбасары                            _____________________
      Комиссия хатшысы                       _____________________
     Комиссия мүшелерi                       _____________________
     Аттестациялау күнi                      _____________________
     Аттестациялау парағымен
           таныстым                    ___________________________
                                        Аттестацияланушы адамның
                                        қолы және өткен күнi
     Аттестациялау парағы бағыныстылығы
     бойынша жоғары тұрған органға
     (лауазымды адамға) жiберiлдi
     (органның атауы, күнi)      _________________________________

Қазақстан Республикасы Президентiнiң
1995 жылғы 21 маусымдағы    
N 2347 қаулысымен     
Бекiтiлген        

Қазақстан Республикасында оқушы
жастарды құқықтық оқыту
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

      Қазақстан Республикасының Конституциясында бекiтiлген қоғамымызды одан әрi демократияландыру, құқықтық мемлекет құру iсi құқықтық оқыту мен тәрбиенi жетiлдiру, халықтың барлық топтарын және ең алдымен оқушы жастарды қамтитын, оларды оқытудың барлық кезеңiнде үздiксiз құқықтық даярлау тұрғысында жалпыға бiрдей заң бiлiмiн берудi ұйымдастыру жөнiнде кезек күттiрмейтiн және пәрмендi шараларды талап етедi.
      Оқушы жастарды құқықтық оқытудың басты мiндетi құқықтық тәрбиенiң бүкiл кешенiн биiк құқықтық сана мен заңды қастерлеу дәстүрiн қалыптастыруға жұмылдыруда болып отыр.
      Тұжырымдаманың мақсаты - құқықтық мәдениет негiздерiн қалау.

Құқықтық оқыту проблемалары мен
жолдары

      Орта және жоғары мектепте құқықтық оқыту мен тәрбиенiң осы таңда қалыптасқан деңгейi мен ұйымдастырылуы бүгiнгi кезең талаптарына сай келмейдi. Құқықтық мемлекет құру жағдайында жастар арасындағы қылмыстық ахуал мен орта және жоғары оқу орындарында құқықтық оқытудың төмен деңгейi алаңдаушылық туғызбай қоймайды. Оқушылар оқу бағдарламаларына сәйкес құқық негiздерiмен тек 9 сыныпта таныса бастайды да, оны 32-34 сағат көлемiнде бiр жыл оқиды.
      Құқықты жоғары сыныптарда зерделеу тым кеш болады, өйткенi құқықтық сана негiздерi, тұлғаны қалыптастырудың iргетасы едәуiр ертерек қалануға тиiс. Кәмелетке толмағандардың ауыр қылмыстары үшiн қылмыстық жауапкершiлiгi 14 жастан басталатындығын да ескеру қажет. Сондықтан мектеп оқушылары осы жаста-ақ белгiлi бiр мөлшерде құқықтық бiлiм алуға тиiстi.
      Құқықтың негiзгi принциптерi адамгершiлiк қасиеттермен байланысты екенiн ескере отырып, мектепте дейiнгi тәрбие мекемелерiнде балаларға қоғамдық нормалар "әлiппесiн" оқыту қажет.
      Оның үстiне бүгiнгi таңда орта және жоғары мектеп арасында құқықтық бiлiмдi арттыру мен тереңдету iсiнде айқын өзара байланыс пен сабақтастық жоқ, жастардың түрлi санаттарын құқықтық даярлаудың көлемi мен практикалық бағыт-бағдары жеткiлiксiз, құқықтың тәрбиелiк-алдын алу әлеуетiн пайдалануға деңгейi төмен болып отыр.
      Оқушы жастарды құқықтық оқытудың бүкiл жүйесiн түбiрлi қайта құру ұсынылады.
      Балабақшадағы тәрбие мен оқыту бағдарламасында адамгершiлiк-құқықтық тәрбие жөнiнде бөлiм қарастыру ұсынылады.
      Балабақшада адамгершiлiк-құқықтық тәрбие берудiң мақсаты сәби тұлғасының моральдық-құқықтық қасиеттерiнiң негiздерiн, оның iлкi құқықтық түсiнiктерi мен сезiмдерiн, құлықтық ұстанымдарын қалыптастыру, мектеп жасында ойдағыдай құқықтық тәрбие алуының негiзiн даярлау, ата-аналардың мектеп табалдырығын аттайтын бүлдiршiндердi құқықтық тәрбие беруге әзiрлеу, отбасының құқықтық мәдениетiн көтеру болып табылады.
      Құқықтық тәрбие берудiң мектептегi кезеңiнiң басталуымен адамның қоғамдағы мiнез-құлық тәртiбiн ұғынуы, қарапайым құқықтық бiлiмi мен машықтары тереңдеп, жүйелiлiгi артады. Оларды қалыптастыру - мектеп оқушыларының жасына сай мүмкiндiктерiн, қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу ерекшелiктерiн ұғыну қисынын, тұлғаның құқықтары мен мiндеттерiн, жауапкершiлiгiн ескере отырып, бастаушы мектепке тән адамгершiлiк-құқықтық тәрбие берудiң түрлi нысандарының мiндетi. Құқықтық материалды игеру қисынының курс материалымен ("Айналадағы әлеммен танысу", I-IV сыныптар) едәуiр сәйкесетiндiгi осыдан.
      Орталау мектепте (V-VIII сыныптар) құқықтық тәрбие беру мен оқыту сапалық жаңа деңгейiмен сипатталады, құқықтық бiлiмдi игеруде, адамның қоғамдағы мiнез-құлық тәртiбiн түсiнуде едәуiр жүйелiлiкке ие бола түседi, тiкелей өмiр ахуалдарында заң тұрғысындағы сауаттылық пен құқықтық бiлiмнiң рөлi арта түседi. Бұл деңгей, ең алдымен, бiтiрушi (XI) сыныпта "Құқық негiздерi" дербес курсын (бұл курсты "Азаматтардың конституциялық құқықтары мен мiндеттерi" деп атау туралы ұсыныстар енгiзiлуде) зерделеу мен қамтамасыз етiледi. Курс Қазақстан Республикасының Конституциясын, азаматтардың негiзгi құқықтары мен мiндеттерiн, заң жүзiндегi жауапкершiлiк, заңдылық пен құқық тәртiбi мәселелерiн, ең алдымен тұлғаның табанды адамгершiлiк-құқықтық қасиеттерiн, оның әлеуметтiк әдiлеттiк, адамның шынайы азаматтығы туралы түсiнiктерiн қалыптастыруға жәрдемдесетiн басқа да тақырыптарды зерделеудi көздейдi.
      Курстың мазмұны көп жағдайда 14 жастан бастап заң бойынша тұлғаның құқықтық жағдайында елеулi өзгерiстер болатындығымен байланысты. Кәмелетке толмағандардың жұмысқа қабылдануы ықтимал, 14 жастан бастап iшiнара, ал 16 жастан бастап толық әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершiлiк басталады, азамат паспорт алады, мүлiктiк, тұрғын үй және өзге де әлеуметтiк қатынастар саласында оның азаматтық-құқықтық жағдайы өзгередi. Заңда белгiленген тәртiппен кәмелетке толмағандардың некеге тiркелу жасы кемiтiлуi мүмкiн.
      Жалпы бiлiм беретiн мектепте (Х-ХI сыныптар) жұмыстың құқықтық мәселелер жөнiндегi үйiрмелерi, клубтары, оқушылардың ғылыми қоғамдары, оқырмандар мен көрермендер конференциялары, олимпиадалар тәрiзi нысандарын көздеген жөн.
      Жалпы бiлiм беретiн орта мектепте (Х-ХI сыныптар), кәсiптiк-техникалық училищелерде, арнаулы орта оқу орындарында құқықтық даярлық "Құқық негiздерi" курсымен қамтамасыз етiледi. Оқушылардың бiлiм берудiң осы сатысындағы түсiнiктерi өмiрдегi шынайы ахуалдарды толығырақ бейнелеуге тиiс. Орта бiлiм берудiң әрбiр түрiне қарай курс оқу орнының кәсiптiк бағыт-бағдарын ескере отырып сараланады. Кәсiптiк-техникалық училищелер мен техникумдарда курс оқушылардың 9 және 11 жылдық базалық даярлығын ескеруге тиiс. Арнаулы орта оқу орындарында толықтығы мен мазмұндылығы жағынан курс едәуiр дәрежеде жоғары оқу орнының құқықтық проблематикасына жақындауға тиiс.
      Бiлiм берудiң осы кезеңiнiң басты мақсаты оқушыларды келешек еңбек қызметi үшiн қажеттi құқықтық бiлiммен және машықтармен қаруландыру болып табылады. Бұл мiндеттi шешу заңдарды өндiрiстiк әрi қызмет бабындағы iс-әрекетiнде, сондай-ақ басқа жағдайларда да iс жүзiнде қолдана бiлудiң жеткiлiктi машықтарына баулумен байланысты. Бұған негiзiнен оқушылардың құқықтық санасына ықпал жасаудың қисындық-ұғымдық құралдарымен, бiрiншiден, құқық салалары мен институттарын қайткенде де барлық азаматтар қатысатын әдеттегi, қалыпты, неғұрлым кең тараған қатынастарды реттейтiн заң нормаларының мейлiнше нақты, практикалық мәнi бар нұсқамаларын меңгеру жолымен; екiншiден, тиiстi кәсiби қызметтi реттейтiн құқықтық нормаларды меңгеру жолымен жетуге болады.
      Заң бойынша жастардың осы тобының мәртебесi елеулi өзгерiстерге ұшырайды. 18 жастан кәмелеттiк кезеңi басталады. Жастардың сайлау және сайлану, өз мүлкiне толық дербес иелiк ету, неке қатынастарына тұру, қалыпты еңбек қызметiмен айналысқан кезде тиiстi материалдық жауапкершiлiк құқығы пайда болады.
      Жоғары мектеп құқықтық бiлiм беруден күрделi шаруашылық және әлеуметтiк мәселелердi шығармашылықпен шешуге, құқықтық тұрғыда өндiрiс пен ғылыми-техникалық прогрестiң сауатты ұйымдастырушысы, әрi еңбек ұжымының басшысы болуға қабiлеттi маманның жан-жақты дүниетанымы мен дамыған құқықтық мәдениетiн қалыптастыруды талап етедi. Мұндай маманның құқықтық бiлiмi байсалды теориялық негiзге және әлеуметтiк дамудың тарихи заңдылықтарын түсiнуге негiзделуге, оның құқықтық мемлекеттiк жалпы саясатында, сондай-ақ жеке, нақты құқықтық ахуалдарда да дұрыс бағдар ұстануына мүмкiндiк беруге тиiс. Бұл мiндеттер мемлекеттiк және қоғамдық өмiрдiң аса маңызды құқықтық аспектiлерiн ғылыми-теориялық зерделеу, оларды қолданылып жүрген құқық тәртiбiне орай құқық нормаларын iске асыру тұрғысынан бағалау, осы құқық тәртiбiнде заңдылықты нығайтуға өзiнiң тiкелей қатысуы процесiнде шешiледi. Маманды жоғары оқу орнында құқықтық даярлау деңгейiне қойылатын талап оның тиiстi кәсiптiк қызметтi (оның басқару аспектiлерiн қоса) реттейтiн құқықтық нормалар жиынтығын жеткiлiктi түрде толық меңгеруi, мұндай нормаларды iс жүзiнде пайдалана бiлудiң белгiлi машықтарына баулу, оларды қолдануға "жаттығу" болып табылады. Жоғары оқу орнындағы даярлықта, сондай-ақ халықаралық-құқықтық аспектiлер де орын алуға тиiс.
      Жоғары оқу орнындағы құқық курсы осы талаптардың бәрiне сай келуге тиiс. Жоғарғы оқу орындарында құқықтық материалды неғұрлым терең игеру және нақтылай түсу үшiн: "Мамандандырудың құқықтық мәселелерi және оның неғұрлым көкейкестi проблемалары", "Ғылыми-техникалық процестi құқықтық қамтамасыз ету" және т.б. арнаулы курстар көзделгенi жөн. Курс тек лекциялық дәрiстерден тұрмауға тиiс, ол мiндеттi түрде семинарлар мен практикалық сабақтар болуын көздеуге, компьютерлер мен бейнетехниканы қолдана отырып "iскер ойындар" нысанында, студенттермен жеке жүргiзiлетiн жұмыстың сан алуан нысандарында жүзеге асырылуға тиiс. Студенттердiң құқықтық курстар проблематикасы бойынша курс жұмысын жазу мүмкiндiгi болуға тиiс.
      Студенттердiң құқықтық мәдениетiн қалыптастырудың сөзсiз шарты олардың аудиториядан тыс тиiстi сабақтарға қатысуы, өздiгiнен бiлiм алуы және әлеуметтiк-құқықтық белсендiлiктiң өзге де нысандары болып табылады.
      Заң оқу орындарынан басқаларының бәрiнде құқықты оқытудың тұтастығы мен толықтығы оқу пәнiнiң дербес курстарымен қамтамасыз етiледi. Бұл пәндi - "Құқық негiздерi" деп атау ұсынылады.
      Аталған пән бiртұтас үш мақсатты:
      адамның биiк азаматтығын, оның жалпы құқықтық мәдениетi мен әлеуметтiк белсендiлiгiн қалыптастыруды;
      таңдаған еңбек қызметiне даярлық барысында оқушы жастардың арнаулы құқықтық бiлiм алуын;
      құқық бұзушылықтың дер кезiнде алдын алуды көздейдi.
      Құқықтық әзiрлiктiң деңгейi жастарға үздiксiз бiлiм берудiң мынадай негiзгi кезеңдерiне сәйкес келедi:
      бастаушы деңгей (мектепке дейiнгi кез, жалпы бiлiм беретiн мектептердiң бастауыш сыныптары);
      орта деңгей (орталау мектеп, жалпы бiлiм беретiн орта мектеп, кәсiптiк-техникалық училищелер, арнаулы орта оқу орындары);
      жоғары деңгей (жоғары заң оқу орындарынан басқалары, университеттердiң заң факультеттерiнен басқалары).
      Бұл ретте жоғары оқу орнындағы құқықтық даярлау мамандарды салалық мамандық жетiлдiру институттары, құқық мектептерi және т.б. арқылы әрi қарай жүйелi түрде құқықтық қайта даярлаумен нығайтылады.
      Құқықтық педагогиканың жалпы теориясында бекiген ережеге сәйкес жастарды құқықтық оқытудың түпкi мақсаты заңды саналы түрде қастерлеудi және оны өмiр тәжiрибесiнде белсендi пайдалана бiлудi қалыптастыру болып табылады. Бұл бiлiм беру: жағдай туғызу (оқушылардың жас ерекшелiктерiн, мүмкiндiктерi мен өмiр тәжiрибесiн ескере отырып); сабақтастық; жүйелiлiк; практикалық маңыздылық принциптерiне құрылуға тиiс. Құқықтық оқыту барысында шартты түрде iстiң негiзгi екi жағы ерекшеленедi:
      1) жалпы азаматтық құқықтық бiлiм мен бiлiктi меңгеру;
      2) кәсiби қызметiмен байланысты құқықтық құралдарды меңгеру.
      Бiрiншi кезектегi мiндеттер негiзiнен жалпы бiлiм беретiн мектепте, екiншiсi - кәсiптiк-техникалық, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында шешiледi.
      Алайда бiрiншi жағы негiзгiсi және екiншiсiнiң дүниетанымдық iргетасы болып қала бередi, ол адамның есею барысына, бiлiмдiлiгi мен әлеуметтенуiне қарай мейлiнше терең мазмұнмен және кез келген құқықтық ахуалды жеке негiздей бiлуiмен толығып отырады.
      Маманның құқықтық бiлiмiн тереңдету мен жаңғыртудың қорытындылаушы және сонымен бiрге ұдайы жүргiзiлетiн кезеңi оны салалық институттар мен бiлiктiлiгiн жетiлдiрудiң басқа да нысандары арқылы үнемi құқықтық қайта даярлап отыру болып табылады.
      Заң оқу орындарынан басқаларында оқушы жастарды құқықтық даярлаудың берiлiп отырған Тұжырымдамасының барлық буындарда құқықтық және педагогтiк жағынан даярлығы бар кадрлар санының жеткiлiктi болуын көздейтiнi сөзсiз. Осы мақсатта жоғары заң оқу орындары мен техникумдарынан басқалары үшiн университеттердiң заң факультеттерiнде құқық пәндерiнiң оқытушыларын даярлау, оқу-әдiстемелiк және нормативтiк базамен қамтамасыз ету, оқытудың техникалық және басқа толымды құралдарын енгiзу туралы мәселенi шешу қажет.
      Оқушы жастарды құқықтық оқыту мен тәрбие теориясының проблемаларын терең ғылыми зерделеусiз, жалпы бiлiм беретiн, кәсiптiк-техникалық, арнаулы орта және жоғары мектептерде құқық пәндерiн оқытудың теориялық базасы мен әдiстемелiк жабдықталуын жан-жақты жақсартпайынша орта және жоғары мектепте жалпыға бiрдей заң оқуының мiндеттерiн шешу мүмкiн емес. Осыған орай Мемлекет және құқық институтының жанынан оқушы жастарға үздiксiз бiлiм берудiң барлық сатыларында құқықтық оқыту мен тәрбие беру проблемаларына ғылыми зерттеулер жүргiзудi, жалпыға бiрдей құқықтық оқудың мазмұны мен әдiстемесiн әзiрлеудi қамтамасыз ететiн Құқық тәрбиесi жөнiндегi республикалық орталық құру қажеттiгi пiсiп жетiлдi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады