Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі мен Эстония Республикасының Ұлттық мұрағаты арасындағы мұрағат ісі саласындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

Жаңа

Келісім, Таллин қ., 2011 жылғы 20 сәуір

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Келісім 2011 жылғы 20 сәуірде күшіне енді.

      Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі мен Эстония Республикасының Ұлттық мұрағаты, бұдан әрі Тараптар деп аталып,
      Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасы бай тарихи-мәдени мұраға ие екендігін растай отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасы арасындағы дәстүрлі достықты дамыту мен өзара тиімді ынтымақтастық олардың бір-біріндегі өзіндік ерекшеліктерді, тарихты, мәдениетті және қол жеткен табыстарды білу мен құрметтеу арқылы жүзеге асатынын, мемлекеттік Тараптардың мұрағаттық материалдарын зерттеп қолдануға қажет екендігін ескеріп,
      Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасы мұрағаттық мекемелер арасындағы байланысты дамытуды ниеттене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар ынтымақтастықты жалпыға бірдей халықаралық құқық нормалары мен принциптеріне, мұрағат ісі саласындағы өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес теңдік және түсіністік ұстанымы негізінде дамытады.

2-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес мұрағат ісі мен құжаттама саласына байланысты ақпараттармен, нормативті құқықтық актілермен, мұрағаттану, археография және құжаттану мәселелері бойынша әдебиеттермен, сондай-ақ екі жақ мүдделеріне сәйкес мұрағаттық құжаттар жарияланымдарымен алмасады.

3-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасының азаматтарына (бұдан әрі - зерттеушілеріне) Тараптардың мемлекеттік мұрағаттарында сақтаудағы құжаттық мұраларды зерделеу ісінде көмек көрсетеді. Тараптардың әрқайсысы келісуші Тарап мемлекеті зерттеушілерінің өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес мұрағат қорлары мен ғылыми-анықтамалық аппаратқа, жарияланған және жарияланбаған анықтамалық материалдарға қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
      Зерттеушілерге мұрағаттық құжаттарды жеке сандық камера арқылы жарық пен тағанды қолданусыз тегін көшіруге мүмкіндік беріледі.

4-бап

      Ұлттық мұрағат қорын Қазақстан Республикасы және Эстония Республикасы халықтарының тарихы мен мәдениеті жөніндегі ақпараты бар құжаттармен толықтыру мақсатында өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мұрағат құжаттарын іздеп табу және олардың көшірмелерін алу ісінде бір-біріне жәрдемдеседі.

5-бап

      Тараптардың әрқайсысы басқа Тарап мемлекетінің азаматтары мен ұйымдарының әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұрау салуларын оның басқаруында болып табылатын мұрағат құжаттарын пайдалана отырып, өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қарастырады.

6-бап

      Осы Келісім негізінде алынған ақпарат немесе мұрағаттық құжаттар, ақпарат беруші Тараптың жазбаша келісімінсіз, оны сұратқан немесе ұсынған мақсаттан басқа мақсатта қолданылмайды.
      Осы Келісім негізінде ақпарат немесе мұрағаттық құжаттар алған Тарап, ақпарат беруші Тараптың жазбаша келісімінсіз, алынған ақпаратты үшінші тарапына бермейді.

7-бап

      Осы Келісімді орындау барысында, егерде әрбір нақты жағдайда басқаша тәртіп белгіленбесе, туындайтын шығындарды өз мемлекеттердің ұлттық заңнамаларында қарастырылған қаржы аясында көтеріп алады.

8-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылар болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша Тараптардың құқықтары мен міндеттемелеріне кедергі келтірмейді.

9-бап

      Осы Келісімге Тараптар екі жақты келісім нәтижесінде хаттамалар арқылы толықтырулар мен өзгертулерді енгізе алады және ол өзгертулер Келісімнің бөлінбес бөлігі болып табылады.

10-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және бес жылдық мерзімге жасалады. Тараптардың ешқайсысы оның қолданылуын тоқтатуға кем дегенде алты ай қалғанға дейін өзінің ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабарлама жібермесе, Келісім келесі бесжылдық мерзімге ұзартылады.
      Осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылуы осы Келісімнің ережелері негізінде келісілген және оның қолданылуы тоқтатылған сәтте аяқталмаған жобалар мен бағдарламаларды Тараптардың орындауына кері әсерін тигізбейді.

      2011 жылы 20 сәуірде Таллин қаласында қазақ, эстон және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды. Барлық мәтіндердің заңды күші бірдей.
      Осы Келісімді талдауда пікір өзгешеліктері туындаған жағдайда, Тараптар оның орыс тіліндегі мәтініне жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының             Эстония Республикасының
        Байланыс және ақпарат               Ұлттық мұрағаты атынан
        министрлігі атынан

(Қолдары) 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады