"Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 28 желтоқсандағы N 1394 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      "Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершілiгін мiндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы

      Осы Заң аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, қаржылық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аудит жүргiзiлетiн субъект - аудитормен немесе аудиторлық ұйыммен аудит жүргізуге шарт жасасқан заңды тұлға;
      2) шартсыз франшиза - белгiленген соманы шегере отырып сақтандыру төлемiн жүзеге асыру көзделетiн франшиза;
      3) пайда алушы - осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемiн алушы болып табылатын тұлға;
      4) аудитордың және аудиторлық ұйымның азаматтық-құқықтық жауапкершілігi - аудитордың және аудиторлық ұйымның аудиттi жүзеге асыру кезiнде аудит жүргiзiлетiн субъектiлерге келтiрiлген зиянды өтеуге Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген мiндеті;
      5) сақтанушы - сақтандырушымен аудитордың немесе аудиторлық ұйымның азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгін мiндетті сақтандыру шартын жасасқан аудитор немесе аудиторлық ұйым;
      6) сақтандыру сыйлықақысы - сақтанушы сақтандырушыға оның аудитордың немесе аудиторлық ұйымның азаматтық-құқықтық жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру шартында белгіленген мөлшерде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн жасауға мiндеттемелер қабылдағаны үшiн төлеуге мiндеттi ақша сомасы;
      7) сақтандыру сомасы - сақтандыру объектiсi сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушының жауапкершiлiгінiң шектi көлемiн білдiретiн ақша сомасы;
      8) сақтандыру жағдайы - басталуына байланысты аудитордың немесе аудиторлық ұйымның азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру шартында сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн жүзеге асыру көзделетiн жағдай;
      9) сақтандырушы - сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензиясы болған кезде аудитордың немесе аудиторлық ұйымның азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандыру ұйымы;
      10) франшиза - сақтандырушының өтеуiне жатпайтын шығынның сомасы.

      2-бап. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру туралы заңдар

      1. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру oбъектiсi

      Аудитордың немесе аудиторлық ұйымның Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген, аудиттi жүзеге асыру кезiнде аудит жүргiзiлетiн субъектiлерге келтiрiлген зиянды өтеу мiндетiне байланысты мүлiктiк мүддесi аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру объектiсi болып табылады.

      4-бап. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандырудың мақсаты және негiзгi қағидаттары

      1. Ayдиторлар мен аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлігін мiндеттi сақтандырудың мақсаты (бұдан әрi - аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру) аудитордың немесе аудиторлық ұйымның аудиттi жүзеге асыруы кезiнде мүлiктiк зиян келтiрiлген аудит жүргiзiлетiн субъектілердiң мүлiктiк мүдделерiн сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру арқылы қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
      2. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндетті сақтандырудың негiзгi қағидаттары:
      аудит жүргiзiлетiн субъектiлердiң мүлiктiк мүдделерiн осы Заңда белгiленген көлемде және тәртiппен қорғауды қамтамасыз ету;
      аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шарты болған жағдайда аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың қызметiн жүзеге асыру;
      аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шарты бойынша тараптардың өз мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету болып табылады.

      5-бап. Азаматтық-құқықтық жауапкершілігін мiндеттi сақтандыруға жататын тұлғалар

      1. Жеке кәсiпкер ретiнде аудиторлық қызметтi жүзеге асыратын және аудиторлардың және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға лицензия алған аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндеттi түрде сақтандырылуға жатады.
      2. Аудитордың немесе аудиторлық ұйымның кәсiби қызметті жүзеге асыруға байланысты өзiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн ерiктi сақтандыру шартын жасасуы аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартын жасасу жөнiндегi мiндеттен босатпайды.

      6-бап. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндетті сақтандыру шартын жасаспай аудитордың және аудиторлық ұйымның қызметiн жүзеге асыруға жол бермеу

      1. Аудитор мен аудиторлық ұйым аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартын жасаспай аудиторлық қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.
      2. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартын жасаспай қызметiн жүзеге асыратын аудитор немесе аудиторлық ұйым Қазақстан Республикасының заң актілерiнде көзделген жауапкершілікте болады.

      7-бап. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру жүйесiн мемлекеттiк бақылау

      1. Сақтандыру ұйымдарының қызметiн мемлекеттiк қадағалауды сақтандыру қызметiн реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
      2. Аудиторлардың (аудиторлық ұйымдардың) осы Заңның олардың аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартын жасасу мiндетiне қатысты бөлiгiндегі талаптарды орындауын бақылау және осы талапты бұзған аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарға шаралар қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыретi шегiнде уәкiлеттi мемлекеттiк органға жүктеледi.

      2-тарау. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндетті сақтандыру шарты

      8-бап. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шарты, оны жасасу тәртiбi

      1. Aудиторлар мен ayдиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру сақтанушы мен сақтандырушы арасында осы Заңға сәйкес жасалатын ayдиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шарты негізiнде жүзеге асырылады.
      2. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шарты сақтандырушы мен сақтанушы арасында аудит жүргізу кезiнде мүлiктiк мүдделерiне зиян келтiрiлуi мүмкiн пайда алушының пайдасына жасалған келiсiм болып табылады.
      3. Aудиторлар мен aудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартында, аудит жүргiзiлетiн субъектiлердiң моральдық зиянын, айырылып қалған пайдасын және тұрақсыздық айыбын өтеуге байланысты талаптарын қоспағанда, сақтанушының аудиттi жүзеге асыруы нәтижесiнде аудит жүргiзілетiн субъектiлерге келтiрiлген мүлiктiк зиянды өтеу бойынша сақтандыру төлемiн жүзеге асыруы көзделедi.
      4. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шарты мiндетті сақтандырудың осы түрi (сыныбы) бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуға тиiс. Осы талапты бұзу аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың мiндетi сақтандыру шартының жарамсыздығына әкеп соғады.
      5. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндетті сақтандыру шарты тараптардың бiр ғана құжатты - аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу арқылы жазбаша нысанда жасалады және сақтандыру полисiн берумен куәландырылады.
      Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндетті сақтандыру шартын жасасуға сақтанушының өтiнiшi негiз болып табылады.
      Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартының жазбаша нысанын сақтамау оның жарамсыздығына әкеп соғады.
      Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартында көрсетiлуге тиiстi талаптардың толық болмағандығы үшiн жауапкершілік сақтандырушыға жүктеледi. Сақтандыру шартының жекелеген талаптарының толық болмауы салдарынан ол бойынша дау туындаған жағдайда, дау сақтанушының пайдасына шешiледi.
      6. Егер аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шарты сақтанушының немесе аудит жүргiзiлетiн субъектінiң жағдайы осы Заңда көзделгенмен салыстырғанда нашарлайтын жағдайларда жасалса, онда сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы осы Заңда белгiленген шарттармен сақтанушының және аудит жүргізiлетін субъектінiң алдында мiндеттемелер атқарады.

      9-бап. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартының қолданылуы

      1. Егер аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндетті сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, онда ол күшiне енедi және сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеген, ал оны бөлiп төлеген кезде бiрiншi сақтандыру жарнасын төлеген сәттен бастап тараптар үшiн мiндетті болады.
      2. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шарты күшiне енген күннен бастап он екi ай мерзiмге жасалады.
      Сақтандыруды қорғау кезеңi аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартының қолданылу мерзiмiмен сәйкес келедi.
      3. Егер аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартының қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледi.

      10-бап. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндетті сақтандыру шартының қолданылуын тоқтату

      Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндетті сақтандыру шартының қолданылуы:
      1) шарттың қолданылу мерзiмi өткенде;
      2) шарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылғанда;
      3) сақтандырушы сақтандыру төлемiн (сақтандыру төлемдерiн) аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартында айқындалған сақтандыру сомасы мөлшерiнде жүзеге асырған жағдайларда тоқтатылады.

      11-бап. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату

      1. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгіленген тәртiппен және жағдайларда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
      2. Егер аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату сақтандырушының кiнәсiнен оның талаптарын орындамаудан туындаған болса, ол сақтанушының төлеген сақтандыру сыйлықақыларын не сақтандыру жарналарын (сақтандыру сыйлықақыларын бөлiп төлеген кезде) оған толық қайтаруға мiндетті. Aудиторлар мен aудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатудың өзге жағдайларында сақтандыру сыйлықақысының сақтандыру қолданылған уақытқа тепе-тең болатын бөлiгін алуға сақтандырушының құқығы бар.

      12-бап. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартының жарамсыздығы

      Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартын жарамсыз деп танудың талаптары және негіздерi, сондай-ақ оның құқықтық салдарлары осы Заңның ережелерi ескерiле отырып Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгіленедi.

      13-бап. Сақтанушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтанушы:
      1) сақтандырушыдан аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру талаптарын, аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндетті сақтандыру шарты бойынша өзiнiң құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiрудi талап етуге;
      2) аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарды мiндетті сақтандыру шартынан кез келген уақытта бас тартуға;
      3) сақтандыру төлемiн осы Заңда көзделген тәртiппен және талаптарда алуға құқылы.
      Аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына қайшы келмейтiн басқа да құқықтары көзделуi мүмкiн.
      2. Сақтанушы:
      1) аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмде сақтандыру сыйлықақысын төлеуге;
      2) аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтандырушыға аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартын жасасуға қажеттi мәлiметтердi беруге;
      3) аудитті жүзеге асыру кезiнде келтiрiлген зиянды өтеу мiндетiне байланысты талаптың (талап арыздың) берiлгенi туралы өзiне белгiлi болғаннан бастап тез арада, бiрақ бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей өзiне қолайлы кез келген тәсiлмен (ауызша, жазбаша) бұл туралы сақтандырушыға хабарлауға;
      4) оқиғаның туындауы салдарынан сақтандырушыда келтірiлген зиянды өтеу мiндетi туындайтын оның себептерi, барысы және салдарлары, келтiрiлген зиянның сипаты мен көлемi туралы талқылауға мүмкiндiк беретiн қол жетерлiк барлық ақпаратты және құжаттаманы сақтандырушыға ұсынуға;
      5) сақтандырушының аудит жүргiзiлетiн субъектiнiң зиянды өтеу туралы талаптарына байланысты мәселелердi реттеуге қатысуына мүмкiндiк беруге;
      6) сақтандыру жағдайының болжалды зияндарының алдын алу немесе азайту үшiн орын алып отырған жағдайда ақылға сыйымды және мүмкiн болатын шараларды қолға алуға;
      7) сақтандыру жағдайының басталуына жауапты адамға керi талап (регресс) құқығының сақтандырушыға өтуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

      14-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтандырушы:
      1) аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндетті сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтанушыдан аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды міндетті сақтандырудың бұдан бұрынғы шарттары, сақтандыру жағдайлары, сақтандыру төлемдерi туралы ақпаратты және аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартын жасасуға қажеттi өзге де мәлiметтер беруін талап етуге;
      2) заңдарда белгіленген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк және өзге де органдар мен ұйымдардан, олардың құзыретiне қарай сақтандыру жағдайының басталу фактiсiне және сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесiнде келтiрiлген зиянның мөлшерiн анықтауға байланысты құжаттар мен мәлiметтердi сұратуға;
      3) аудиттi жүзеге асыруға байланысты мiндеттерiн орындау нәтижесiнде сақтанушы келтiрген зиянды өтеу туралы аудит жүргiзiлетiн субъектiлердiң талаптарына байланысты мәселелердi реттеуге қатысуға;
      4) осы Заңның 20-бабында көзделген жағдайларда келтiрiлген зиян үшiн жауапты адамға керi талап ұсынуға;
      5) осы Заңның 21-бабында көзделген негiздер бойынша сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
      Аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына қайшы келмейтiн басқа да құқықтары көзделуi мүмкiн.
      2. Сақтандырушы:
      1) сақтанушыны аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндетті сақтандыру шартының талаптарымен таныстыруға, оның аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiруге;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шарты мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде сақтандырушыға сақтандыру сыйлықақысын толық немесе iшiнара қайтаруға;
      3) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемiн осы Заңда көзделген тәртiппен және талаптармен жүргiзуге;
      4) сақтанушыға оның сақтандыру жағдайы кезiнде шығынды болдырмау немесе азайту үшiн жұмсаған шығыстарын өтеуге;
      5) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге;
      6) сақтандыру төлемi уақтылы төленбеген кезде осы Заңда белгіленген мөлшерде және тәртiппен пайда алушыға тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.

3-тарау. Сақтандыру сомасы және сақтандыру сыйлықақысы

      15-бап. Сақтандыру сомасының мөлшерi

      Сақтандыру сомасының мөлшерi тараптардың келiсiмi бойынша аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартында белгiленедi, бiрақ мұндайда сақтандыру сомасының мөлшерi:
      1) жеке кәсiпкер болып табылатын аудитормен жасасқан аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шарты бойынша - шарт жасау күнi белгiленген 2 000 есе айлық есептiк көрсеткiштен;
      2) аудиторлық ұйыммен жасасқан аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шарты бойынша - шарт жасасу күнi белгiленген 10 000 есе айлық есептiк көрсеткiштен кем болмауы тиiс.

      16-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi

      Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi тараптардың келiсiмi бойынша аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартында белгіленедi, бiрақ мұндайда сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасының 4,5 процентiнен аспауы тиiс.

      17-бап. Сақтандыру сыйлықақысын төлеу тәртiбi мен мерзiмi

      1. Аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын төлеу тәртiбi мен мерзiмi тараптардың келiсiмi бойынша белгiленедi.
      2. Егер аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартында өзгеше белгiленбесе, онда сақтанушы кезектi сақтандыру жарнасын уақтылы төлемегенi үшiн сақтандырушыға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 353-бабында белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.

4-тарау. Сақтандыру жағдайы және сақтандыру төлемi

      18-бап. Сақтандыру жағдайы және сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн анықтау

      1. Аудитті жүзеге асыру кезiнде аудит жүргiзілетін субъектiлердiң мүлiктiк мүдделерiне келтiрiлген зиянды өтеу жөнiнде сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершiлігінiң басталу фактiсi аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы деп танылады.
      2. Сақтандыру жағдайы сақтанушы келтiрген зиянды өтеу туралы сот шешiмi заң күшiне енген не сақтанушы аудит жүргізiлетiн субъектiлердiң зиянды өтеу туралы талаптары негiздi деп таныған және сақтандырушы сақтанушының талаптарды мойындауымен келiскен сәттен басталды деп есептеледi.
      3. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн аудит жүргiзiлетiн субъектi талаптарының сомасына қарай сақтандырушы анықтайды немесе осы Заңның 8-бабы 3-тармағының ережелерiн ескере отырып, келтiрiлген зиянды өтеу туралы заңды күшiне енген сот шешiмiмен анықталады.
      4. Сақтанушының залалдарды болдырмау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстары, егер мұндай шығыстар қажет болса немесе сақтандырушының нұсқауларын орындау үшiн жүргiзiлген болса, тiптi тиiстi шаралар нәтижесiз болса да, сақтандырушының өтеуiне жатады.
      Мұндай шығыстар нақты мөлшерде өтеледi, бiрақ сонымен қатар, сақтандыру төлемi мен өтемақы шығыстарының жалпы сомасы сақтандыру шартында көзделген сақтандыру сомасынан аспауы тиiс, егер шығыстар сақтанушы сақтандырушының нұсқауын орындау нәтижесiнде туындаса, олар сақтандыру сомасына қатыссыз толық көлемде өтеледi.
      5. Әрбiр сақтандыру жағдайы бойынша сақтандыру төлемiнiң мөлшерi аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасы мөлшерiнiң бес процентiн құрайтын сөзсiз франшизаның сомасына азайтылады.

      19-бап. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың талаптары және тәртiбi

      1. Сақтандырушыға сақтандыру төлемi туралы талапты сақтанушы немесе аудит жүргізiлетiн субъект сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшiн қажетті құжаттарды қоса бере отырып жазбаша нысанда ұсынады.
      2. Сақтандыру төлемi туралы өтiнiшке мынадай құжаттар қоса берiледi:
      1) аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндетті сақтандыру шарты;
      2) аудит жүргізiлетiн субъектінiң зиянды өтеу туралы сақтанушы таныған талабы немесе аудиттi жүзеге асыру кезiнде сақтанушы келтiрген зиянды өтеу туралы заңды күшiне енген сот шешiмiнiң көшiрмесi;
      3) заңды тұлғаның өкіліне берiлген сенiмхаттың түпнұсқасы;
      4) сақтанушы мен аудит жүргізiлетiн субъект арасында жасалған аудит жүргiзуге арналған шарттың нотариат куәландырған көшiрмесi;
      5) зиянды болдырмау немесе азайту жөнiнде шаралар қабылдауға байланысты шығыстарды растайтын құжаттар - олар болса;
      6) аудиторлық есептiң көшiрмесi.
      3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы ұсынылған құжаттардың толық тiзбесiн және оларды қабылдаған күндi көрсете отырып өтiнiш берушiге анықтама беруге мiндетті.
      4. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырған кезде пайда алушыдан оның сақтандырушыдан талап ету құқығын шектейтiн шарттарды қабылдауын талап етуге құқығы жоқ.
      5. Аудиттi жүзеге асыру нәтижесiнде сақтанушы зиян келтiрген аудит жүргізiлетiн субъект, ал аудит жүргізiлетiн субъект қайта ұйымдастырылған жағдайда - оның құқық мирасқоры пайда алушы болып табылады.
      Аудит жүргiзiлетiн субъектiге (оның құқық мирасқорына) келтiрiлген зиянды сақтандырушының осы Заңда белгiленген жауапкершiлiгі көлемiнiң шегінде өтеген және өз шығыстарын сақтандырушының өтеуiне құқық алған сақтанушы немесе өзге де тұлға пайда алушы болып табылуы мүмкiн.
      6. Сақтандырушы осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жетi жұмыс күнiнен кешiктiрмей сақтандыру төлемiн жасайды.
      7. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiне аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартының тараптары немесе пайда алушы қарсы болған жағдайда сақтандырушы сақтандыру төлемiнiң көрсетiлген адамдардың бiрде-бiрi қарсы болмаған бөлiгiн осы баптың 6-тармағында көзделген мерзiм iшiнде төлеуге мiндеттi.
      Сақтандырушы сақтандыру төлемiнiң қарсылық болған бөлiгін, егер сот шешiмiнде оның тез арада орындалуы айтылмаса, бiтiм келiсiмiне қол қойылған және оны сот бекiткен күннен бастап не осы дау бойынша соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде төлеуге тиiс.
      8. Сақтандырушыға аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартының қолданылу кезеңiнде келтiрiлген зиян үшiн сақтандыру төлемi туралы талап сақтандыру жағдайы басталған сәттен бастап үш жыл iшiнде қойылуы мүмкiн.
      9. Сақтандырушы сақтандыру төлемiн уақтылы жүзеге асырмаған жағдайда пайда алушыға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 353-бабында белгіленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.

      20-бап. Зиян келтiрген адамға керi талап қою құқығы

      1. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушының сақтанушыға жүзеге асырылған сақтандыру төлемi шегiнде мынадай жағдайларда:
      1) сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететiн қасақана әрекеттерi салдарынан болса;
      2) сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгі оның заң актiлерiнде белгiленген тәртіппен сақтандыру жағдайымен себептi байланыстағы қасақана қылмыстар немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттер жасауы салдарынан басталса;
      3) сақтанушы (сақтандырылушы) сақтандыру жағдайының шығындарын азайту жөнiнде қасақана шара қабылдамаса;
      4) сақтанушы сақтандыру объектiсi, сақтандыру тәуекелi, сақтандыру жағдайы және оның салдарлары туралы қасақана жалған мәлiметтердi сақтандырушыға хабарлағанда;
      5) сақтанушы сақтандыру жағдайының басталуы үшiн жауапты тұлғаға өзiнiң талап қою құқығынан бас тартқанда, сондай-ақ талап қою құқығының өтуi үшiн қажеттi сақтандыру құжаттарын беруден бас тартқанда керi талап қоюға (регресс) құқығы бар.
      2. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға сақтандыру нәтижесiнде сақтандырушы өтеген шығындар үшiн жауапты адамға сақтанушы қоятын керi талап қою (регресс) құқығы төленген сома шегінде ауысады.

      21-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босату негіздерi

      1. Зиян:
      1) аудит жүргiзiлетiн субъектiнiң сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететiн қасақана әрекеттерi;
      2) аудит жүргiзiлетін субъектiнiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сақтандыру жағдайымен себептi байланыстағы қасақана қылмыстар немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттерi салдарынан болған жағдайда, сақтандырушы сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
      2. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуына мыналарда:
      1) сақтанушының шығын келтiруге кiнәлi адамнан шығынға тиiстi өтем алуы;
      2) осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырушының аудит жүргізу нәтижесiнде шеккен зиянды өтеу мiндетiне байланысты талаптың (талап арыздың) ұсынылғаны туралы ескертпеуi немесе уақтылы ескертпеуi;
      3) сақтанушының сақтандыру жағдайының басталу жағдайларын тексеруде және келтiрiлген зиянның мөлшерiн белгiлеуде сақтандырушыға кедергі жасауы;
      4) аудит жүргізiлетiн субъектінiң аудит жүргізуге арналған шартта көзделген мiндеттердi бұзуы;
      5) сақтанушының Қазақстан Республикасының аудит туралы заңдарында анықталған аудитордың (аудиторлық ұйымның) функцияларына және мiндеттерiне сәйкес келмейтiн қызметтi жүзеге асыруы;
      6) аудит жүргізiлетін субъектiнiң сақтанушыға толық емес және/немесе шынайы емес құжаттаманы және аудит жүргiзуге қажетті басқа ақпаратты ұсынуы негіз болуы мүмкін.
      3. Егер сақтандырушы сақтандыру жағдайының басталуы туралы уақтылы бiлгендiгi дәлелденсе не сақтандырушыда бұл туралы мәлiметтердiң жоқ болуы оның сақтандыру төлемiн жүзеге асыру мiндетiне әсер етпесе, сақтанушы аудиттi жүзеге асыру кезiнде шеккен зиянды өтеу мiндетiне байланысты талаптың (талап арызының) ұсынылғаны туралы сақтандырушыны ескертпеу немесе уақтылы ескертпеу сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуға негiз бола алмайды.
      4. Сақтандыру төлемiнен бас тартуға негiз болған кезде сақтандырушы осы Заңның 19-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жетi жұмыс күнiнiң iшiнде сақтандыру төлемi туралы өтiнiш берушi тұлғаға бас тарту себептерiн дәлелдi түрде негiздей отырып жазбаша нысанда сақтандыру төлемiнен толық немесе iшiнара бас тарту туралы тиiстi шешiмдi жiбередi.
      5. Сақтандырушының осы бапта көзделмеген негіздер бойынша сақтандыру төлемiнен бас тартуға құқығы жоқ.

5-тарау. Қорытынды ережелер

      22-бап. Дауларды қарау тәртiбi

      Аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаралады.

      23-бап. Аудиторларды және аудиторлық ұйымдарды мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық

      Аудиторларды және аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін мiндетті сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуға кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.

      24-бап. Осы Заңды күшiне енгiзу тәртiбi

      Осы Заң жарияланған күнінен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады