"Мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 14 мамырдағы N 448 қаулысы

      Қазақстан Pеспубликасының Yкiметi қаулы етеді:
      "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы

      Осы Заң мемлекеттiк құқықтық статистиканы және арнайы есепке алуды жүргiзудi жүзеге асырудың құқықтық негiздерi мен қағидаттарын, құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргiзу саласындағы статистикалық қызметтi жүзеге асыратын уәкiлеттi органның және өзге де мемлекеттiк органдардың өкiлеттiктерi мен функцияларын айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдалынады:
      1) әкiмшiлiк-құқықтық статистика - әкiмшiлiк құқық бұзушылық пен әкiмшiлiк iс жүргiзудiң жай-күйi туралы мемлекеттiк құқықтық статистика саласы;
      2) ведомстволық есепке алу - құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi жүзеге асыратын, құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiнiң жедел iздестiру және қызметтiк қызметiн қамтамасыз етуге арналған тұлғалар, заттар мен оқиғалар туралы олардың қылмыстық белгiлерi бойынша мәлiметтердi жинау, топтау, тiркеу, жүйеге келтiру, жiктеу, сақтау;
      3) мемлекеттiк құқықтық статистика - қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық, әкiмшiлiк-құқықтық салаларындағы ведомстволық есепке алудың орталықтандырылған жүйесiне негiзделген мемлекеттiк статистика саласы;
      4) азаматтық-құқықтық статистика - азаматтық құқықтық қатынас пен азаматтық сот iсiн жүргiзудiң, осы саладағы атқарушылық iс жүргiзудiң жай-күйi туралы мемлекеттiк құқықтық статистика саласы;
      5) мемлекеттiк құқықтық ақпараттық статистика жүйесi - құқықтық статистика және арнайы есепке алу уәкiлеттi органы мен субъектiлерiнiң бiрiктiрiлген статистикалық ақпараттық дерекқоры;
      6) құқықтық статистикалық байқау - заңдылықтың, құқықтық тәртiптiң жалпы жай-күйiне, адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуына әсер етушi құбылыстар мен процестер туралы статистикалық байқау;
      7) құжатталған ақпарат - ұсынылған нысанына қарамастан, ақпараттық есепке алу құжатында жазылған, қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық, әкiмшiлiк-құқықтық салалардағы тұлғалар, заттар, фактiлер, онда болатын оқиғалар, жағдайлар және басқа да құқықтық құбылыстар мен процестер туралы мәлiметтер;
      8) ақпараттық есепке алу құжаты - соның негiзiнде мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәлiметтерi қалыптастыратын белгiленген нысандағы құқықтық статистикалық ақпараттың материалдық (қағаз, магнит, оптикалық) тасушысы;
      9) жедел есепке алу - құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi жүзеге асыратын, құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiнiң жедел iздестiру қызметiн қамтамасыз етуге арналған тұлғалар туралы мәлiметтердi жинау, топтау, тiркеу, жүйеге келтiру, жiктеу, сақтау;
      10) құқықтық статистикалық ақпарат - статистикалық мақсатта пайдалану үшiн құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi уәкiлеттi органға беретiн мәлiметтер;
      11) арнайы есепке алу - мемлекеттiк құқықтық статистика саласындағы жедел және ведомстволық есепке алуды қоспағанда, құжатталған ақпаратты жинау, топтау, тiркеу, өңдеу, жинақтау, жiктеу, сақтау;
      12) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi - мемлекеттiк құқықтық статистиканы қалыптастыру, арнайы есепке алуды жүргiзу, қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық, әкiмшiлiк-құқықтық салаларда қолданылатын құжатталған ақпаратты зерделеу мен талдау үшiн уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықтық статистикалық ақпарат беретiн құқықтық қорғау, сот және өзге де мемлекеттiк органдар;
      13) қылмыстық-құқықтық статистика - қылмыстың, жазалау мен қылмыс жасағаны үшiн өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал шараларының, қылмыстық ic жүргiзудiң, осы саладағы атқарушылық ic жүргiзудiң жай-күйi туралы мемлекеттiк құқықтық статистика саласы;
      14) уәкiлеттi орган - өз құзыретi шегiнде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк басқару органы.

      2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта, осы Заңда қамтылғаннан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Мемлекеттiк құқықтық статистика мен арнайы есепке алудың негiзгi мiндеттерi мен қағидаттары

      1. Мемлекеттiк құқықтық статистика мен арнайы есепке алуды жүргiзудiң мiндеттерi:
      1) бiрыңғай статистикалық қағидаттар мен стандарттардың негiзiнде елдегi заңдылық пен құқықтық тәртiптiң жай-күйi туралы мемлекеттiк органдарды, заңды және жеке тұлғаларды тиiмдi және жеткiлiктi ақпараттық қамтамасыз ету;
      2) мемлекеттiк құқықтық ақпараттық статистика жүйесiн жетiлдiру мен дамыту болып табылады.
      2. Мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу:
      1) мемлекеттiк құқықтық ақпараттық статистика жүйесiн басқару бiрлiгi;
      2) құқықтық статистикалық ақпараттың тұтастығы, объективтiлiгi, жеткiлiктiлiгi, тұрақтылығы мен салыстырмалылығы;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шекте құқықтық статистикалық ақпараттың қол жетiмдiлiгi мен ашықтығы;
      4) адам мен азаматтың, заңды тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұлжытпай сақталуы;
      5) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiнiң құқықтық статистикалық ақпарат алудағы сұрау салуларын қанағаттандыру қағидаттарымен жүзеге асырылады.

2-тарау. Мемлекеттiк құқықтық статистиканы және арнайы есепке алуды ұйымдастыру

      4-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Мемлекеттiк құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргiзу саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру мақсатында уәкiлеттi орган:
      1) мемлекеттiк құқықтық статистиканы қалыптастырады;
      2) жедел, ведомстволық есепке алуды және жедел iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдармен құпия негiзде ынтымақтасатын тұлғаларды есепке алуды қоспағанда, арнайы есепке алуды жүргiзедi;
      3) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi беретiн мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәлiметтерiнiң тұтастығына, объективтiлiгiне, жеткiлiктiлiгiне қадағалауды жүзеге асырады, сондай-ақ осы саладағы ақпаратты жинау, тiркеу, өңдеу, қорлау, жинақтау және сақтау әдiстемесiн белгiлейдi;
      4) құқықтық статистикалық байқауларды жүргiзедi;
      5) құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргiзу саласында ақпараттық-талдау қызметiн жүзеге асырады;
      6) шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге жүргiзiлген барлық тексерулердiң бiрыңғай статистикалық есебiн жүргiзедi;
      7) мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алуды дамыту жөнiндегi бағдарламаларды әзiрлейдi және iске асырады;
      8) құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимыл жасайды;
      9) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      5-бап. Уәкiлеттi органның функциялары

      1. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi өз өкiлеттiктерi шегiнде:
      1) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiнен мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргiзу мәселелерi жөнiнде құқықтық cтатистикалық ақпарат, ведомстволық статистикалық есептiлiк, бастапқы есепке алу құжаттары мен нысандарын, сондай-ақ статистикалық деректерді және арнайы есепке алуды жүргiзу үшін басқа да ақпаратты өтеусiз алуға;
      2) құқықтық статистика субъектiлерi беретiн құқықтық статистикалық ақпараттың тұтастығына, объективтiлiгiне, жеткiлiктiлiгiне бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға;
      3) Қазақстан Республикасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдарын бұзушылықтарды анықтауға және жоюға бағытталған бақылау және қадағалау шаралары кешенiн жүзеге асыруға;
      4) құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелерi бойынша заңдылықтың бұзылуын анықтау мен жою үшiн прокурорлық қадағалау актiлерiн қолдануға;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарының бұзылғандығы анықталған жағдайларда шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге тексерулер жүргiзу актiлерiн тiркеуден бас тартуға;
      6) оған Қазақстан Республикасының заңдарымен жүктелген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
      2. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi өз өкiлеттiктерi шегiнде:
      1) мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында aқпаратты жинауды, өңдеудi, Жинақтауды жүргiзудi және оны жандандыруды;
      2) жүргiзiлетiн құқықтық статистикалық байқаулардың бағдарламасын мемлекеттiк статистикаға басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келiсудi және бекiтудi;
      3) мемлекеттiк органдарды құқықтық статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етудi;
      4) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген шекте, көлемде және мерзiмде құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiн құқықтық статистикалық ақпаратпен, арнайы есепке алу мәлiметтерiмен қамтамасыз етудi;
      5) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген шекте, көлемде және мерзiмде жеке және заңды тұлғаларға олардың қаражаты есебiнен ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетудi;
      6) мемлекеттiк құпияларды құрайтын алынатын мәлiметтердiң және заңмен қорғалатын құпияның сақталуын;
      7) ақпараттық жүйелердiң рұқсатсыз қол сұғудан, құқықтық статистика және арнайы есепке алу объектiлерi туралы деректердi бүлiнуден немесе жоюдан қорғауды;
      8) мемлекеттiк құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргiзу кезiнде адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын жүзеге асыруға мiндеттi.

      6-бап. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiнiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi өз өкiлеттiктерi шегiнде:
      1) мемлекеттiк құқықтық статистика мен арнайы есепке алуды жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы ұсыныстарды енгiзуге;
      2) ведомстволық құқықтық статистикалық қадағалаудағы және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жедел iздестiру қызметiн қамтамасыз етуге арналған жедел, ведомстволық есепке алуды жүргiзуге құқығы бар.
      2. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi:
      1) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген шекте, көлем мен мерзiмде құқықтық статистикалық ақпаратты уәкiлеттi органға беруге;
      2) құқықтық статистикалық ақпараттың тұтастығын, объективтiлiгi мен жеткiлiктiлiгiн қамтамасыз етуге және өз өкiлеттiктерi шегiнде құқықтық статистикалық ақпаратты көрсетудiң толықтығы мен дұрыстығын бақылауды жүзеге асыруға;
      3) мемлекеттiк құпияларды құрайтын алынатын мәлiметтердiң және заңмен қорғалатын құпияның сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.

      7-бап. Жеке және заңды тұлғалар құқықтарының кепiлдiгi

      1. Құқықтық статистикалық ақпаратты тiркеу, жинақтау, өңдеу, сақтау және беру барысында уәкiлеттi орган мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi және заңмен қорғалатын құпияны қорғау жөнiндегi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қабылдайды.
      2. Тергеу мен анықтау деректерiн құрайтын нақты құбылыстар, процестер мен тұлғалар туралы құқықтық статистикалық ақпарат жариялауға жатпайды. Егер бұл тергеу мүдделерiне қайшы келмесе және басқа да тұлғалардың құқықтарының, бостандықтарының, заңмен қорғалатын мүдделерiнiң бұзылуына байланысты болмаса, тергеушiнiң, анықтаушының, прокурордың рұқсатымен олар мүмкiн деп танылған көлемде жариялануы мүмкiн.
      3. Адам мен азаматтың, заңды тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтау мақсатында уәкiлеттi органға берiлген барлық бастапқы құқықтық статистикалық ақпараттың сақталуы қамтамасыз етiледi.

      8-бап. Статистикалық жұмыстарды қаржыландыру

      Уәкiлеттi орган, құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi мен олардың аумақтық бөлiмшелерi орындайтын статистикалық жұмыстар, сондай-ақ оларды ұстау мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

3-тарау. Құқықтық есепке алуды тiркеу, арнайы есепке алу

      9-бап. Құқықтық есепке алуды тiркеу

      1. Құқықтық есепке алуды тiркеудi уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi құжатталған ақпаратты қабылдау, есепке алу және жүйелеу арқылы жүзеге асырады.
      2. Құқықтық есепке алуды тiркеу қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық және әкiмшiлiк-құқықтық түрде жүзеге асырылады.

      10-бап. Арнайы есепке алуды тағайындау мен жүргiзу

      1. Арнайы есепке алу:
      1) мемлекеттiк органдардың құқық қолдану қызметiн;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жеке тұлғаларды ақпараттық қамтамасыз етуге арналған.
      2. Уәкiлеттi орган арнайы есепке алуды жинауды, топтауды, тiркеудi, өңдеудi, жинақтауды, жiктеудi, сақтауды және пайдалануды қамтамасыз етедi.
      3. Уәкiлеттi орган өз өкiлеттiгi шегiнде оған жүктелген мiндеттердi орындау үшiн жедел және ведомстволық есепке алуды қоспағанда, арнайы есепке алудың түрлерiн белгiлеуге құқылы.
      4. Құқықтық статистика субъектiлерi өз құзыретiне кiретiн мiндеттердi шешу мақсатында жедел және ведомстволық есепке алуды жүзеге асырады.
      5. Арнайы есепке алуды құру, қалыптастыру, сақтау және пайдалану ережесiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.

4-тарау. Құқықтық статистикалық ақпаратты пайдалану және сақтау

      11-бап. Құқықтық статистикалық ақпаратты пайдалану және сақтау тәртiбi

      1. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын сақтай отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында статистикалық мәлiметтердi жариялауға, статистикалық жинақтарды шығаруға және құқықтық статистикалық ақпаратты практикалық және ғылыми-зерттеу мақсаттарында өзгедей пайдалануға құқылы.
      2. Ақпараттық есепке алу құжаттары мен есептiлiк нысандары түрiндегi құқықтық статистикалық ақпарат сақталуы уәкiлеттi орган айқындаған талаптарға сәйкес қамтамасыз етiлетiн жағдайларда сақталады.
      3. Құқықтық статистикалық ақпаратты сақтау мерзiмiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкiлеттi орган белгiлейдi.

5-тарау. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауаптылық

      12-бап. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жауап бередi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады