"Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жoбaсы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 желтоқсандағы N 1345 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жoбaсы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы
"Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы"

       1-бап. "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы  Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 3, 18-құжат; 2004 ж., N 2, 10-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілсін:

      1) 1-бапта:
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "жұмыссыздар - өздерiне тәуелсіз себептер бойынша табыс әкелетiн еңбек қызметiмен айналыспайтын, уәкілеттi органда жұмыс іздеп жүрген және еңбек етуге әзiр адам ретiнде тiркелген, еңбекке жарамды жастағы адамдар;";
      мынадай мазмұндағы 7-1) және 7-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      "7-1) әлеуметтiк жұмыс орыны - мақсатты топтардағы жұмыссыз азаматтардың жұмысқа орналасуы үшін жұмыс бepуші жергілікті атқарушы органдармен шартты негiзде құратын, жұмыс берушінің оларға еңбекақы төлеу шығындары ішінара немесе толық өтелетін жұмыс орыны;
      7-2) жұмысқа орналастыру - халықты еңбекпен қамтуды қамтамасыз етуге ықпал етуге бағытталған ұйымдық, экономикалық және құқықтық іс-шаралар кешені;";

      2) 2-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-бап. Жұмыспен қамтылған халық

      Жұмыспен қамтылған халыққа:
      1) жеке еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiндер, оның iшiнде жұмысты сыйақы үшін толық не толық емес жұмыс уақыты жағдайларында орындайтын немесе ақы төленетін өзге жұмысы (қызметі), табысы бар адамдар;
      2) шығармашылық қызметпен айналысатын, қосалқы кәсiпшіліктерде iстейтiн және шарт бойынша өнiм өткізетін, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс атқаратын адамдарды, сондай-ақ өндірістік кооперативтердің (артельдердің) мүшелері мен жеке кәсіпкерлерді қоса, өзiн өзi жұмыспен дербес қамтығандар;
      3) еңбекақы төленетін лауазымға сайланған, тағайындалған немесе бекiтілгендер;
      4) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, ұлттық қауіпсiздiк органдарында, Қазақстан Республикасы Ішкі iстер министрлiгінің ішкі әскерлерiнде, Республикалық ұланда, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімдерінде және өзге де әскери құрылымдарда қызмет өткеріп жүргендер жатады.";

      3) 5-баптың 2 тармағының он бiрiншi абзацындағы "peпатрианттар (оралмандар)" деген сөздер "оралмандар" деген сөзбен ауыстырылсын;

      4) 7-бап мынадай мазмұндағы 5-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-2) әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру;";
      5) 9-баптың 2 тармағы мынадай мазмұндағы 4) және 5) тармақшалармен толықтырылсын:
      "4) мүгедектер үшін белгіленген жұмыс орындарының квотасын орындауға;
      5) алған мамандығы үшін біліктілігін көрсете отырып, кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан және өндiрiсішілiк оқытудан өткен қызметкерлердің саны туралы уәкілетті органға мәлiметтер беруге;";
      6) 10-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "10-бап. Жеке жұмыспен қамту агенттiгi

      1. Жеке жұмыспен қамту агенттiгiнің:
      1) Қазақстан Республикасының жұмыспен қамту және еңбек туралы заңнама мәселелерi бойынша өтінішпен барған адамдарға консультациялар беруге;
      2) жұмысқа орналасу мүмкіндіктерi туралы ақпарат беруге және өтінішпен барған адамдарға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетуге;
      3) жұмыс берушілер мен жұмысқа орналасуға тілек білдiрген адамдар туралы деректер қалыптастыруға;
      4) қызметкерлердiң жұмыс берушілердiң бiлiктiлiк талаптарына сәйкес болуын ескере отырып, қызметкерлердi iрiктеудi жүзеге асыруға;
      5) еңбек делдалдығы жөнінде қызметтер көрсету туралы өтiнiшпен барған адамдармен шарт жасасуға;
      6) халықаралық келісiмдер болған кезде, бiр елден екінші елге жұмысқа орналастыру үшiн қызметкерлер жинауды жүзеге асыруға;
      7) Қазақстан Республикасының азаматтарын шекарадан тыс жерге әкетудi, жұмыс берушілер жұмысқа орналастырушы елдiң коммерциялық банктерiндегi жинақ шоттарына азаматтардың Қазақстан Республикасына қайтуымен байланысты шығыстарды жабуға жеткiлiктi сома шегiндегi гарантиялық және кепiлдiк жарналарды енгізген жағдайда ғана жүзеге асыруға;
      8) өтiнішпен барған адамдарды кәсіптік даярлау және қайта даярлауды одан әрi жұмысқа орналастыратын етіп ұйымдастыруға;
      9) азаматтарды шетелде жұмысқа орналастырған жағдайда, оларды әкету үшін рұқсат құжаттарын ресiмдеуге құқығы бар;
      2. Жеке жұмыспен қамту aгенттігі:
      1) қандай да болмасын кемсiтушілік нысанына жол бермеуге;
      2) өтiнiшпен барған адамдардан алынатын ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
      3) балалар еңбегiнiң пайдаланылуына, адамдарды сексуалдық және өзге де пайдалануға тартуға жол бермеуге мiндеттi.
      3. Жеке жұмыспен қамту агенттiктерi жұмысқа орналастыру, жұмыс орындарын құру, жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыру мәселелерi бойынша мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілермен бiрлесіп әрекет етеді.
      4. Шетелдiк жұмыс күшін тартумен және Қазақстан Республикасынан шетелге жұмыс күшін шығарумен байланысы қызметті, мұндай қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке жұмыспен қамту агенттіктерi жүзеге асырады.";

      7) 15-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "15-бап. Жұмыссыздарды тіркеу

      1. Жұмыс тапқысы келетін адамдар жеке жұмыспен қамту агенттігіне не тұрғылықты тұратын немесе көбiрек тұрып жүрген жерi бойынша уәкілеттi органға жұмысқа орналасуға жәрдем сұрап бара алады.
      2. Жұмыс iздеп жүрген адамды жұмыссыз деп тану туралы шешімдi уәкілетті орган мынадай құжаттарды:
      жеке басының куәлiгiн (төлқұжатын);
      еңбек қызметін куәландыратын құжаттарын;
      әлеуметтiк жеке код берілгенi туралы куәлiгін (ӘЖК);
      салық төлеушінің тіркеу нөмiрiн (СТН) ұсынған кезде қабылдайды.
      3. Жұмыс іздеп жүрген адам осы баптың 2-тармағында санамаланған құжаттардан басқа, алған табысы туралы (мәлімдеу сипатындағы) мәліметтердi қоса ұсынады.
      4. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар бұдан басқа, шетелдiктің тұруға рұқсатын және азаматтығы жоқ адамның ішкі істер органдарында тiркелгенi туралы белгiсi бар куәлiгiн ұсынады.
      5. Оралмандар көші-қон жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық органдары берген оралман куәлігін ұсынады.
      6. Уәкілеттi орган осы баптың 2, 3, 4 және 5 тармақтарында көрсетілген құжаттар ұсынылған күннен бастап он күнтiзбелiк күннен кешiктiрмей, нысанын орталық атқарушы орган бекiтетін, жеке есеп кәртішкесіне (компьютерлік деректер базасы) деректер жазу жолымен, өтiнiшпен барған адамдарды, олардың тұрғылықты тұратын немесе көбiрек тұрып жүрген жерi бойынша тiркейдi.
      7. Уәкiлеттi органда тіркелген жұмыссыздар күнтізбелiк он күн iшiнде кемiнде бiр рет уәкiлеттi органда, ал ауылдық елдi мекендерде тұратын жұмыссыздар - айына кемiнде бip рет кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмінде белгiленіп тұруы тиiс.";

      8) 16-баптың 1-тармағында:
      5) тармақшадағы "6" деген сан "7" деген санмен ауыстырылсын;
      6) және 7) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      "6) тұратын жерi өзгергенде;
      7) осы Заңның 2-бабына сәйкес жұмыспен қамтылғандар санатына жатқызылғанда;";

      9) мынадай мазмұндағы 18-1-баппен толықтырылсын:

      "18-1-бап. Әлеуметтiк жұмыс орны

      1. Әлеуметтiк жұмыс орнын құруды жұмыс беруші жергіліктi атқарушы органмен келiсім шарт негiзiнде жүзеге асырады.
      2. Шарт тараптардың мiндеттерiн, жұмыстың түрлерi мен көлемiн, еңбекақы төлеудің мөлшері мен шарттарын, әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландырудың мерзімі мен көздерін қамтуы тиіс.
      3. Әлеуметтiк жұмыс орны уақытша жұмыс орындарын беру немесе құру жолымен ұйымдастырылады және мынадай ерекшелiктерi болады:
      1) мақсатты топтарға әдейi арналады;
      2) жұмыс орындарының саны шектелмейдi, жұмыстар уақытша сипатта болады және оларды ұйымдастыру үшін тұрақты жұмыс орындары мен бос орындар пайдаланыла алмайды.
      4. Әлеуметтiк жұмыс орындарын ұйымдастыруды ұсынатын жұмыс берушiлердi iрiктеудiң тәртiбiн жергіліктi атқарушы органдар айқындайды.";

      10) 22-баптағы "және жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкілеттi орган мен олардың қызметтері" деген сөздер "мен оның аумақтық бөлімшелері" деген сөздермен ауыстырылсын.".

       2-бап. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады