"Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 25 желтоқсандағы N 1281 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба      

Қазақстан Республикасындағы Заңы Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы

Осы Заң Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметін жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) арнайы ғылыми білім - ғылым жетістіктеріне негізделген және сот сараптамасын жүргізу үшін қажетті осы ғылым зерттейтін құбылыстардың заңдылығын көрсету, себептері мен өзара байланысын анықтау үшін пайдаланылатын арнайы білім;
      2) зерттеу объектісінің бұзылуы - зерттеу жүргізу кезінде физикалық, химиялық, биологиялық немесе өзге де әдістерді қолдану нәтижесінде объектінің қасиеті мен жағдайының өзгеруі;
      3) сараптама объектісі - заттай дәлелдемелер, құжаттар, заттар, адамның денесі және психикалық жағдайы, жануарлар, мәйіт және оның бөлшектері, үлгілер, сондай-ақ сараптама мәніне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін іс материалдарында қамтылған мәліметтер;
      4) сот сараптамасы - адамның денесі мен психикалық жағдайына және өзге де материалдық объектілерге, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік процестерде материалдарға зерттеулер жүргізуден және шешілуі арнайы ғылыми білімді талап ететін мәселелер бойынша сот сарапшысының не сот сарапшылары комиссиясының қорытынды беруінен тұратын іс жүргізу іс-әрекеті;
      5) сот сараптамасы органдары - Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу және әкімшілік заңнамасында, сондай-ақ осы Заңда белгіленген тәртіппен сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын органдар;
      6) сот сараптамасы органының басшысы (бұдан әрі - басшы) - тиісті сот-сараптама мекемелерінде немесе бөлімшелерде сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезінде басшылықты жүзеге асыратын адам;
      7) сот-сараптама қызметі - қылмыстық, азаматтық не әкімшілік процестің, аралық, төрелік талқылаудың қатысушылары болып табылатын адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында ұйымдастыру және жүргізу, арнайы ғылыми пайдалануды жүзеге асыру бойынша сот сараптамасы органдары мен сот сарапшыларының қызметі;
      8) сот-медициналық сараптама - мәйіттерді, көзі тірі адамдарды, заттай дәлелдемелерді және басқа материалдық объектілерді зерттеу қылмыстық, азаматтық, әкімшілік іс жүргізуде іс материалдарды және сот сарапшылардың қорытынды беру немесе сот сарапшылар комиссиясының мәселелерді шешуіне арнайы ғылыми білімді талап ететін іс жүргізу іс-әрекеті;
      9) сот-наркологиялық сараптама - адамның денесі мен психикалық жағдайына және өзге де материалдық объектілерге, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік процестерде материалдарға зерттеулер жүргізуден және шешілуі сот наркологиясы саласындағы арнайы ғылыми білімді талап ететін мәселелер бойынша сот сарапшысының не сот сарапшылары комиссиясының қорытынды беруінен тұратын іс жүргізу әрекеті;
      10) сот-психиатриялық сараптама - адамның денесі мен психикалық жағдайына және өзге де материалдық объектілерге, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік процестерде материалдарға зерттеулер жүргізуден және шешілуі сот психиатриясы саласындағы арнайы ғылыми білімді талап ететін мәселелер бойынша сот сарапшысының не сот сарапшылары комиссиясының қорытынды беруінен тұратын іс жүргізу әрекеті;
      11) сот сарапшысы - қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу және әкімшілік заңнамасына сәйкес істің нәтижесіне мүдделі емес, арнайы ғылыми білімі бар, қылмыстық, азаматтық не әкімшілік процесті жүргізетін орган немесе адам сот сараптамасын жүргізуді тапсырған адам;
      12) сот сарапшысының қорытындысы - Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік заңнамасында көзделген тәртіппен ресімделген, сот сараптамасын тағайындаған сарапшы (адам) немесе тараптар сот сарапшысының алдына қойған мәселелер бойынша ғылыми негізделген қорытындылар;
      13) үлгілер - анық шығу тегі бар, зерттеуге жарамды материалдық әлемнің объектілері.

2-бап. Қазақстан Республикасының сот-сараптама
қызметі туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінен, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

3-бап. Сот-сараптама қызметінің мазмұны

      Сот-сараптама қызметінің мазмұны:
      1) қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот сараптамасын жүргізуді;
      2) сот сараптамасы саласындағы ғылыми зерттеулерді;
      3) сот сараптамасын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді;
      4) сот сарапшыларын іріктеуді, кәсіби даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды қамтиды.

4-бап. Сот-сараптама қызметінің міндеті

      Сот сараптама қызметінің міндеті сараптаманы тағайындаған органға (адамға) арнайы ғылыми білімді талап ететін мәселелерді шешу арқылы нақты іс бойынша дәлелдеуге жататын мән-жайларды анықтауда көмек көрсету болып табылады.

5-бап. Сот-сараптама қызметінің негізгі қағидаттары

      Сот-сараптама қызметі сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезінде заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, сарапшының іс жүргізу тәуелсіздігі, сот-сараптама зерттеулерін жүргізу құралдары мен әдістерін пайдаланудың қол жетімділігі; зерттеулердің жан-жақтылығы мен толықтығы, кәсіби этиканы сақтау қағидаттарына негізделеді.

6-бап. Сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезіндегі заңдылық

      Сот-сараптама қызметі Қазақстан Республикасы Конституциясының және осы Заңның 2-бабында көрсетілген өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын нақты орындаған кезде жүзеге асырылады.
      Сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезінде Заңды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соқтырады.

7-бап. Сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғаның құқықтарын сақтау

      1. Сот-сараптама қызметі жалпыға танылған халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларына сай және Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары сақтала отыра жүзеге асырылады.
      2. Адамның бостандығын немесе оның жеке қол сұғылмаушылығын уақытша шектеуді талап ететін сот-сараптама зерттеулері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздерде және тәртіппен жүргізіледі.
      3. Сот-сараптама мекемесінің немесе сот сарапшысының әрекеті (әрекетсіздігі) азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін не заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін шектеуге әкелді деп санаған адам көрсетілген әрекетке (әрекетсіздікке) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.

8-бап. Сот сарапшысының іс жүргізу тәуелсіздігі

      1. Сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сарапшысы сот сараптамасын тағайындаған органнан немесе адамнан, тараптар мен іс барысына мүдделі басқа да адамдардан, сондай-ақ сот сараптамасы органының басшысынан дербес, тәуелсіз.
      2. Сот сарапшысы арнайы ғылыми біліміне сәйкес жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін негізге ала отырып қорытынды береді, бұл ретте сараптаманың нақты объектілерін зерделеу және зерттеу үшін қажетті әдістер мен құралдарды таңдауға құқылы.
      3. Сот сарапшысына ықпал етуге жол берілмейді және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке әкеп соқтырады.

9-бап. Сот-сараптама зерттеулерін жүргізу құралдары   мен   әдістерін пайдаланудың қол жетімділігі

      Сот-сараптама зерттеулерін жүргізу құралдары мен әдістеріне қол жетімділіктің жалпы қағидаттарына олардың заңдылығы, ғылыми негізделуі, этикалығы, қауіпсіздігі жатады.

10-бап. Зерттеулердің объективтілігі, жан-жақтылығы
мен толықтығы

      1. Сот сарапшысы өз құзыретінің шегінде және арнайы ғылыми білімдеріне сәйкес сот сарапшысына сараптамаға шығарылған мәселелерді шешу мақсатында сараптамаға ұсынылған объектілерге жүргізілген зерттеулер нәтижелерін негізге ала отырып, сот-сараптама зерттеулерінің байқаудан өткізілген, ұсынылған әдістемелерін пайдалана отырып объективті түрде зерттеу жүргізеді.
      2. Сот сарапшысының безендіру материалдары бар қорытындысы жалпы қабылданған ғылыми және практикалық деректер базасында жасалған қорытындылардың негізділігі мен шынайылығын тексеруге мүмкіндік беретін ережелерге негізделуі тиіс.

11-бап. Кәсіби этиканы сақтау

      Сот-сараптама зерттеулерін жүргізу кезінде қоғамның адамгершілік өлшемдеріне жауап беретін қабылданған кәсіби этика нормалары, соның ішінде принципшілдік, алаламаушылық, дербестілік, өзіне-өзі сыншылдық сақталуы тиіс.
      Сараптама этикасына сот-сараптама зерттеулерінің толықтығы мен шынайылығы, сот сарапшысының ішкі сенімінің қалыптасуы, қорытындының шынайылығына сенімділігі жатады.

12-бап. Сот сараптамасы органдары

      Сот сараптамасын:
      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органдарын;
      2) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің сот сараптамасы органдарын;
      3) функцияларына сот-психиатриялық, сот-наркологиялық сараптаманы жүргізу жатқызылған жергілікті мемлекеттік денсаулық сақтау басқармасы органдарының мамандандырылған психиатриялық және наркологиялық ұйымдарын қамтитын мемлекеттік сот сараптамасы мекемелерінің жүйесі жүзеге асырады.

2-тарау. Сот сарапшысы

13-бап. Сот сарапшысына қойылатын біліктілік талаптары

      1. Сот сараптамасы органдарында сот сарапшысы лауазымын кәсіби жоғары білімі бар және сот-сараптама қызметі саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен нақты сараптама мамандығы бойынша кейіннен дайындықтан өткен және Сот сарапшыларының мемлекеттік тізіліміне енгізілген Қазақстан Республикасының азаматы атқара алады.
      2. Сот сараптамасын жүргізу тапсырылуы мүмкін адамдар:
      1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлері;
      2) лицензияның негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдар;
      3) осы Заңның талаптарына сәйкес тергеушінің қаулысы немесе соттың қаулысы немесе ұйғарымы бойынша бір жолғы тәртіппен өзге де адамдар.
      3. Бір жолғы тәртіппен сараптама жүргізу:
      сот-сараптама қызметі саласындағы уәкілетті орган белгіленген сараптама түрлерінің тізбесінде көзделмеген сараптама тағайындалған;
      осы Заңның 47-бабына сәйкес сот сараптамасы саласындағы шет мемлекеттің маманы сарапшы ретінде тартылған жағдайларда тапсырылуы мүмкін.
      4. Осы баптың 2-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген адамдардың белгілі бір түрдегі сот сараптамасын жүргізу құқығына арналған біліктілік куәлігі болуы және Қазақстан Республикасы уәкілетті органының аттестаттау комиссиясы аттестаттауы тиіс.
      5. Сот сараптамасын:
      заңда белгіленген тәртіппен іс-әрекет қабілеті шектеулі және іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған;
      бұрын сотталған және ақтамайтын негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылған;
      сот-сараптама қызметін жүзеге асыруға байланысты лауазымнан теріс себептер бойынша босатылған;
      сот тәртібімен сарапшылық қызметті жүзеге асыру лицензиясынан айырылған адамдар жүзеге асыра алмайды.
      6. Адамды сот сарапшысы етіп тағайындау рәсімі осы Заңмен айқындалады

14-бап. Сот сарапшысының біліктілік куәлігі

      Сот сарапшысының сараптаманың белгілі бір түрін жүргізу құқығына біліктілік куәлігі біліктілік емтиханын тапсырған адамдарға беріледі.
      2. Сот сарапшысының сараптаманың белгілі бір түрін жүргізу құқығына біліктілік куәлігін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің біліктілік комиссиясы немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы береді.
      Біліктілік комиссиясы қызметінің тәртібі мен құрамын тиісінше Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі немесе Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы айқындайды.

15-бап. Сот сарапшысын аттестаттау

      1. Кәсіби даярлығының деңгейін анықтау мақсатында сот сараптамасы органдарының қызметкерлерін, сондай-ақ лицензияның негізінде сарапшылық қызметпен айналысатын адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті органның аттестаттау комиссиясы әрбір бес жыл сайын аттестаттауы тиіс.
      2. Аттестаттау комиссиясы қызметінің тәртібі мен құрамын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі айқындайды.
      3. Сот сараптамасы органының ұсынысы бойынша уәкілетті органның аттестаттау комиссиясына осы Заңда көзделген жағдайларда сот сарапшысын кезектен тыс аттестаттау өткізуіне рұқсат беріледі.

16-бап. Сот-сараптама қызметін лицензиялау

      1. Сот-сараптама қызметін лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

17-бап. Сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімі

      1. Сот сараптамасы органдарының сот сарапшылары, сондай-ақ сот-сараптама қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алған адамдар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен ережелермен қалыптастыру және пайдалану мақсаттары мен тәртібі айқындалатын Сот сарапшыларының мемлекеттік тізіліміне енгізіледі.
      2. Қылмыстық, азаматтық не әкімшілік процесті жүргізуші органдар (адамдар) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, Сот сарапшыларының мемлекеттік тізіліміне енгізілген сот сарапшыларына сараптама жүргізуді тағайындайды.

18-бап. Сот сарапшысының құқықтары

      Сот сарапшысы:
      қорытынды беру үшін қажетті объектілерді, соның ішінде үлгілерді алуға;
      егер ол сараптамалық зерттеудің бөлігі болып табылса, сот зерттеуі үшін үлгілер іріктеуге;
      қылмыстық, азаматтық не әкімшілік процесті жүргізуші органның (адамның) рұқсатымен сараптаманың мәніне қатысты істің материалдарымен танысуға және қорытынды беру үшін қажетті мәліметтерді көшіріп алуға;
      егер бұл зерттеулер жүргізуге және қорытындылар беруге қажет болса, сот сараптамасын жүргізуге басқа да сот сарапшыларын тарту туралы тиісті сот сараптамасы органы басшысының алдында өтініш жасауға;
      қылмыстық, азаматтық не әкімшілік процесті жүргізуші органның (адамның) рұқсатымен іс жүргізу әрекеттерін жүргізуге қатысуға және оған қатысушыларға сот сараптамасының мәніне қатысты сұрақтар қоюға;
      сараптаманы тағайындаған органның (адамның) келісімі бойынша оның алдына қойылған сұрақтар жөнінде ғана емес, өз құзыретінің шегінде сот сарапшысының бастамашылығы бойынша белгіленген өзге де мән-жайлар бойынша қорытынды беруге;
      сараптаманы тағайындаған органның (адамның) келісімі мен рұқсаты бойынша оның алдында қойылған сұрақтарды редакциялауға;
      сот пен процеске қатысушылардың назарын сараптаманың мәніне, соның ішінде сарапшыға сұрақтарды тұжырымдауға байланысты мән-жайларға аударуға;
      сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) әрекеттері сот сарапшысының құқығын бұзатын болса, оған заңда белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
      өзі қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен, сондай-ақ іс жүргізу әрекеті хаттамасының тиісті бөлігімен танысуға және хаттамаға енгізуге жататын, соның ішінде оның қорытындысының немесе айғақтарының процеске қатысушыларға бұрыс түсіндірілуіне қатысты оның әрекеті мен айғақтарының толық әрі дұрыс хаттамаға енгізілуіне қатысты өтініш пен ескертулер жасауға;
      сараптамалық қорытынды беруге қажетті қосымша материалдарды беру туралы өтініш жасауға;
      материалдарды бермеген жағдайда сот сараптамасын жүргізуді тоқтатуға;
      қажет болған кезде сараптама тағайындаған органның (адамның) алдында зерттеу объектісіне қол жеткізуді қамтамасыз етуде және объектіні зерттеу процесінде сот сарапшысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көмек көрсету туралы өтініш жасауға;
      тиісті қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға құқылы.

19-бап. Сот сарапшысының міндеттері

      Сот сарапшысы:
      тиісті сот сараптамасы органының басшысы тапсырған сот сараптамасын іс жүргізуге қабылдауға;
      оған берілген объектілерге және іс материалдарына толық зерттеу жүргізуге, сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) оның алдына қойған сұрақтары бойынша ғылыми негізделген және объективті қорытынды беруге;
      зерттеу әдістерін таңдаған кезде объектілерді барынша сақтау талабын ескеруге және қамтамасыз етуге;
      қылмыстық, азаматтық не әкімшілік процесті жүргізуші органға (адамға) шығыстардың сметасы мен келтірілген шығыстар туралы есепті беруге;
      қылмыстық, азаматтық не әкімшілік процесті жүргізуші органның (адамның) шақыруы бойынша қорытынды беру; олардың сұрақтарына жауап беру, сондай-ақ қорытындының мазмұнын түсіндіру үшін келуге;
      қылмыстық, азаматтық не әкімшілік процесті жүргізуші органға (адамға) оның біліктілігін растайтын құжаттарды ұсынуға;
      қылмыстық, азаматтық не әкімшілік процесті жүргізуші органның (адамның), сондай-ақ тараптардың талап етуі бойынша соттың отырысында өзінің кәсіби тәжірибесі туралы мәліметтер туралы хабарлауға;
      оның қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеті және бұл ретте анықталған мән-жайлар туралы мәліметтерді, жабық сот отырысының деректерін, сондай-ақ жеке өмірге қол сұғылмаушылықты қозғайтын, мемлекеттік құпияларды, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мән-жайлар туралы өзіне мәлім болған деректерді жария етпеуге;
      егер:
      1) қойылған сұрақтар сарапшының арнайы ғылыми білімінің шегінен шығатын болса;
      2) зерттеу жүргізуге және қорытынды беруге зерттеу объектілері және іс материалдары жарамсыз немесе жеткіліксіз болса;
      3) сот сарапшысына зерттеу объектілері мен іс материалдарын беруден бас тартылса;
      4) ғылым мен сараптама тәжірибесінің жай-күйі қойылған сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік бермесе, қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы жазбаша түрде дәлелді хабарлама жасауға және осы хабарламаны сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) жіберуге міндетті.

3-тарау. Сот сараптамасы органы басшысының құқықтары мен міндеттері

20-бап. Сот сараптамасы органы басшысының құқықтары

      Басшы:
      1) осы сот сараптамасы органында нақты мамандықтағы сот сарапшысы болмаған;
      осы сот сараптамасы органының материалдық-техникалық базасы мен жағдайы нақты сараптамалық міндеттерді шешуге мүмкіндік бермеген;
      сот сарапшысының алдында қойылған мәселелер оның құзыретінен тыс болған;
      сот сараптамасын жүргізуге арналған материалдар осы Заңның 4-тарауында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік заңнамасында көзделген тиісті талаптарды бұза отырып ұсынылған жағдайларда себебін көрсете отырып, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны немесе ұйғарымды орындамай іс жүргізу үшін ұсынылған зерттеу объектілері мен іс материалдарын кері қайтаруға;
      2) егер олардың арнайы ғылыми білімдері қорытынды беруге қажет болса, осы сот сараптамасы органында жұмыс істемейтін адамдарды сот сарапшылары комиссиясының құрамына қосу туралы сот сараптамасын тағайындаған органның немесе адамның алдында өтініш жасауға;
      3) сараптаманы тағайындаған органның (адамның) келісімімен шетел мемлекетінің сот сарапшысын тартуға;
      4) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда немесе ұйғарымда көрсетілген басқа сот сараптамасы органдарының қатысуымен сот сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруға;
      5) сараптаманы тағайындаған органның (адамның) алдында сот сараптамасын жүргізу мерзімдерін ұзарту туралы өтініш жасауға;
      6) қайта сараптау кезінде негізсіз қорытынды беру фактісі айқындалған жағдайларда;
      тиісті уәкілетті органның алдында сот сарапшысын кезектен тыс аттестаттауды өткізу туралы өтініш жасауға құқылы.
      2. Басшының:
      1) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулысыз немесе ұйғарымсыз сот сараптамасын жүргізуге қажетті зерттеу объектілері мен іс материалдарын талап етуге;
      2) сот сараптамасын тағайындаған органның немесе адамның келісімінсіз осы мекемеде жұмыс істемейтін адамды оны жүргізуге дербес тартуға;
      3) сот сарапшысына нақты сот сараптамасы жөніндегі қорытындылардың мазмұнын алдын ала шешетін нұсқау беруге құқығы жоқ.

21-бап. Сот сараптамасы органы басшысының міндеттері

      Басшы:
      1) егер онда нақты сот сарапшысы көрсетілмесе, сараптама жүргізу үшін қажетті зерттеу объектісі және іс материалдарымен бірге сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны немесе ұйғарымды алған соң нақты сот сарапшысына немесе осы сот сараптамасы органының сот сарапшылары комиссиясына іс жүргізуді тапсыруға;
      2) сараптама жүргізуді тапсырған кезде сот сарапшысына немесе сот сарапшылары комиссиясына олардың көрінеу жалған қорытынды бергені үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген қылмыстық жауапкершілігі туралы ескертуге;
      3) сарапшының іс жүргізу тәуелсіздігі қағидатын бұзбай, сот сараптамаларын жүргізу мерзімдерінің сақталуын, жүргізілген зерттеулердің толықтығы мен сапасын бақылауды қамтамасыз етуге;
      4) зерттеу аяқталған соң сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) сарапшының қорытындысын, зерттеу объектілері мен іс материалдарын беруге;
      5) зерттеулердің және олардың нәтижелерінің құпиялылығын сақтау үшін қажетті жағдайды қамтамасыз етуге;
      6) сот сараптамасын ұйымдастыруға және жүргізуге байланысты мәлім болған мәліметтерді, соның ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарын шектейтін мәліметтерді, сондай-ақ мемлекеттік, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеуге;
      7) зерттеулер жүргізуге қажетті мынадай жағдайды:
      жабдықтардың, аспаптардың, материалдар мен ақпараттық қамтамасыз ету құралдарының болуын;
      қауіпсіздік техникасы және өндірістік санитария ережелерінің сақталуын;
      ұсынылған зерттеу объектілері мен іс материалдарының сақталуын қамтамасыз етуге;
      8) мемлекеттік орган сауалының негізінде зерттеу жүргізуді тапсыруға міндетті.

22-бап. Сот сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу кезіндегі
шектеулер

      1. Сот сарапшысы сот сараптамасын жүргізуге қатысуға қарсылық білдіре алады, ал егер оған тапсырылған болса, Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік заңнамасында көзделген негіздер болған кезде жүргізуді дереу тоқтатуға міндетті.
      2. Көзі тірі адамға қатысты сот сараптамасын жүргізуге оны тағайындағанға дейін көрсетілген адамға медициналық көмек көрсеткен дәрігер қатыса алмайды. Аталған шектеулер адамды тікелей тексерусіз жүзеге асырылатын сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізу кезінде де қолданылады.

4-тарау. Сот сараптамасын жүргізу

23-бап. Зерттеу объектілерін пайдалану

      Зерттеу жүргізу кезінде сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) рұқсатымен заттай дәлелдемелер мен құжаттар зерттеу жүргізу және қорытынды беру үшін қажетті шамада ғана бүлдірілуі немесе пайдалануы мүмкін. Көрсетілген рұқсат сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда немесе ұйғарымда не тиісті хатта қамтылуға тиіс.
      1. Сот сараптамасын тағайындаған органның рұқсатымен жүргізілген заттай дәлелдемелер мен құжаттарды бүлдіру сот сараптамасы органының немесе сарапшының меншік иесіне шығынды өтеуіне әкеп соқтырмайды.
      2. Егер сот сараптамасы органына зерттеу объектісін тасымалдауға мүмкіндігі болмаған жағдайда, сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сарапшыға объектіге кедергісіз қол жеткізуін, оны зерттеу мүмкіндігін, сарапшыны тексеру орнына жеткізуді қамтамасыз етеді.

24-бап. Сот сараптамасын жүргізу негіздері

      1. Қылмыстық, азаматтық, әкімшілік процесті жүргізуші органның (адамның) қаулысы немесе ұйғарымы сот сараптамасын жүргізуге негіздеме болып табылады.
      2. Сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сарапшының зерттеу жүргізу және қорытынды беруі үшін қажетті зерттеу объектілері мен іс материалдарын ұсынады.
      3. Сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) үлгілерді алады және Қазақстан Республикасының іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды іске қосады. Қажетті жағдайларда үлгілерді алу сот сараптамасын жүргізу тапсырылған сарапшының немесе маманның қатысуымен жүзеге асырылады.
      4. Егер үлгілерді алу зерттеудің бір бөлігі болып табылған және сарапшы сот сараптамасына ұсынылған объектілерді пайдалана отырып жүзеге асырған жағдайда, сот сараптамасы аяқталғаннан кейін үлгілер оны тағайындаған органға (адамға) жіберіледі.
      5. Көзі тірі адамдарға қатысты сот сараптамасы органында сот сараптамасын жүргізу ерекшеліктері осы Заңның 5-тарауында айқындалады.

25-бап. Сот сараптамасын жүргізу тәртібі иен мерзімдері

      1. Сот сараптамасын Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік заңнамасына және осы Заңға сәйкес арнайы уәкілетті субъекті - сот сарапшысы жүргізеді.
      2. Сот сараптамасын жүргізу мерзімінің басталуы сот сараптамасы органының материалдар мен сараптама объектілерін іс жүргізуге қабылдаған сәттен бастап басталады.
      3. Сарапшылық зерттеу нәтижесі бойынша сот сарапшысының қорытындысы ресімделеді. Сараптама ұзақтығы қажетті материалдар мен және объектілер алынған күннен бастап 30 күннен аспауға тиіс, сараптаманың күрделілігіне байланысты мерзімдер мынадай үлгіде: жәй - 5 күнге дейін, орташа күрделі 15 күнге дейін, күрделі 30 күнге дейін белгіленеді. Сот сараптамасының күрделілік санаты сот-сараптама қызметі саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен айқындалады. Сараптама жүргізу үшін белгіленгеннен көп мерзім қажет болған жағдайларда, сараптама жүргізу мерзімдерін ұзарту мәселелерін сот-сараптама қызметі саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен сараптама тағайындаған органмен (адаммен) келісім бойынша сот сараптамасы органының басшысы шешеді.

26-бап. Қосымша және қайталама сот сараптамасын жүргізу

      1. Қосымша сот сараптамасы сарапшының қорытындысы бүтіндей немесе оның жеке бөліктері жеткілікті анық, толық болмаған жағдайларда, сондай-ақ, егер тергеу барысында немесе істі сот қарағанда сол зерттеу объектілеріне қатысты жаңа мәселелер туындаған не жаңа объектілер (соның ішінде салыстырмалы үлгілер) табылған немесе қосымша материалдар жиналған жағдайларда жүргізіледі.
      2. Қайталама сараптама сот сарапшысының алдыңғы қорытындысы жеткілікті негізделмеген не оның дұрыстығы күмән тудырған, не сараптаманы тағайындау мен жүргізуде іс жүргізу нормалары бұзылған жағдайларда сол объектілерді зерттеу және сол мәселелерді шешу үшін тағайындалады.
      Қайталама сараптама кемінде екі сот сарапшысы бар комиссияға тапсырылады, оған алдыңғы зерттеуді жүргізген сот сарапшысы кірмейді. Бастапқы сараптаманы жүргізген сот сарапшылары қайталама сараптама жүргізу кезінде қатыса және комиссияға түсінік бере алады, алайда олар сарапшылық зерттеу мен қорытынды жасауға қатыспайды.
      Қайталама сараптама жүргізу үшін міндетті түрде бастапқы сараптама материалдары ұсынылады.
      Қайталама сараптаманы тек сот сараптамасы органы жүргізеді.

27-бап. Комиссиялық сот сараптамасын жүргізу

      1. Комиссиялық сот сараптамасын бірнеше, кемінде екі, ал сот- медициналық сараптаманы бір немесе түрлі мамандықтағы кемінде үш сарапшы осы Заңда көзделген тәртіппен жүргізеді.
      2. Сот сараптамасының комиссиялық сипатын оны тағайындаған орган (адам) не сот сараптамасы органының басшысы айқындайды.
      3. Сот сарапшылары комиссиясының сот сараптамаларын ұйымдастыруы мен жүргізуі сот сараптамасы органының басшысына не бірнеше сот сараптамасы органдарының басшыларына жүктеледі.
      4. Сарапшылар комиссиясы олардың алдына қойылған мәселелерді шешу қажеттігін негізге ала отырып, алдағы зерттеулердің мақсаттарын, реттілігін және көлемін келіседі.
      5. Адамның психологиялық денсаулығын анықтау бойынша сот сараптамалары, сондай-ақ қайталама сараптамалар комиссиялық түрде жүргізіледі.

28-бап. Бір мамандықтағы сот сарапшылары комиссиясы

      1. Комиссиялық сот сараптамаларын күрделі, соның ішінде көп объектілі сарапшылық зерттеу жүргізу қажет болған жағдайларда бір мамандықтағы сарапшылар комиссиясы жүргізеді.
      2. Бір мамандықтағы сарапшылар комиссиялық сот сараптамасын жүргізген кезде олардың әрқайсысы зерттеуді толық көлемде жүргізеді және бірлесіп алынған нәтижелерге талдау жасайды.
      3. Ортақ пікірге келе отырып, сарапшылар бірлескен қорытынды немесе қорытынды беру мүмкін еместігі туралы хабарлама жасайды және оған қол қояды. Сарапшылар арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда олардың әрқайсысы немесе басқалармен келіспеген сарапшы дәлелденген бөлек қорытынды береді.

29-бап. Әр түрлі мамандықтағы сот сарапшылары комиссиясы (кешенді сараптама)

      1. Кешенді сот сараптамаларын сарапшылар комиссиясы іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау үшін өз құзыреттері шегінде әр түрлі сарапшылық мамандықтардағы сарапшылардың білімін пайдалану негізінде зерттеулер қажет болған жағдайларда жүргізеді.
      2. Әр түрлі мамандықтағы сот сарапшыларының комиссиясы (кешенді сараптама) сот сараптамасын жүргізу кезінде олардың әрқайсысы өздерінің арнайы ғылыми білімінің шегінде зерттеу жүргізеді.

30-бап. Сот сараптамасы органдарында сот сараптамасын жүргізу кезінде процеске қатысушылардың қатысуы

      1. Сот сараптамасын жүргізу кезінде сараптаманы тағайындаған адамның рұқсатымен процеске қатысушылар қатыса алады.
      2. Сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысқан процеске қатысушылардың зерттеу барысына араласуға құқығы жоқ, бірақ сот сараптамасының мәніне қатысты түсініктеме бере алады.
      3. Сарапшы қорытынды жасаған кезде, сондай-ақ сарапшылардың кеңесу және тұжырым жасау сатысында, егер сот сараптамасын сарапшылар комиссиясы жүргізсе, процеске қатысушылардың қатысуына жол берілмейді.
      4. Егер сот сараптамасын жүргізуге қатысқан процеске қатысушы сарапшының қызметіне кедергі келтірген жағдайда, соңғысы зерттеуді тоқтата тұруға және сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) алдында көрсетілген процеске қатысушының сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысуға рұқсат етудің күшін жою туралы өтініш білдіруге құқылы.
      5. Көзі тірі адамдарға қатысты сот сараптамасын жүргізу кезінде процеске қатысушылардың қатысу ерекшеліктері осы Заңның 5-тарауында айқындалады.

31-бап. Сарапшының немесе сарапшылар комиссиясының қорытындысы және оның мазмұны

      1. Қажетті зерттеулер аяқталған соң алынған нәтижелерді ескере отырып, сот сарапшысы (сарапшылар) өз атынан жазбаша қорытынды жасайды, оны өз қолымен, жеке мөрімен куәландырады және сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) жібереді. Сот сараптамасын сот сараптамасы органының қызметкері жүргізген жағдайда сот сарапшысының (сарапшылардың) қолы көрсетілген органның мөрімен расталады.
      Сот сараптамасын жүргізу нәтижелері жазбаша нысанда жазылады және сот сарапшысының қорытындысы түрінде ресімделеді. Қорытындыға сараптама жүргізген сот сарапшысы немесе сарапшылар комиссиясы қол қояды. Сот сарапшысының қорытындысына сараптама тағайындаған адамға жіберілетін ілеспе хат қоса тіркеледі, онда сараптама шығарылған күні, оны жүргізудің құны, қорытынды мәтінінің, безендіру материалының беттер саны туралы мәліметтер қамтылады. Ілеспе хатқа сот сараптамасы органының басшысы қол қояды.
      Сараптаманың іс жүргізу мәртебесі бастапқы, қосымша, қайталама, комиссиялық, кешенді болуына қарамастан, Сот сарапшысының қорытындысы кіріспе, зерттеу, синтездеу бөлімдері және тұжырымдар түрінде құрылыммен ұсынылады.
      Сот сарапшысының қорытындысы қажетті мәтіндік қосымшалармен не зерттеу барысы мен алынған нәтижелерді безендіретін фотокестелер, ксерокөшірмелер, сызбалар, кестелер, сұлбалар, графиктер түріндегі көркемдегіш материалмен қоса жолданады.
      2. Сот сарапшысының қорытындысын ресімдеу тәртібі мен құрылымы Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу және әкімшілік заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.

32-бап. Сарапшының қорытынды беру мүмкін еместігі туралы хабарламасы

      1. Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу және әкімшілік заңнамасында, сондай-ақ осы Заңда белгіленген тәртіптегі жағдайларда сот сарапшысы қорытынды беру мүмкін еместігі туралы дәлелденген хабарлама жасайды және сараптама тағайындаған органға (адамға) жіберіледі.
      2. Қорытынды беру мүмкін еместігі туралы хабарлама 3 бөліктен тұрады: кіріспе, дәлелдеу және қорытынды. Кіріспе бөлігінде сарапшының қорытындысындағы мәліметтер жазылады. Дәлелдеу бөлігінде қорытынды берудің мүмкін еместігінің себептері толық жазылған. Қорытынды бөлігінде сарапшыға қойылған әрбір сұрақтарға жауап берудің мүмкін еместігі көрсетіледі.
      3. Қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарлама 2 данада жасалады, сарапшы қол қояды, оның қолы сот сараптамасы органының мөрімен куәландырылады. Хабарламаның бір данасы басшы қол қойған ілеспе хатпен сараптама тағайындаған адамға жіберіледі, ал екіншісі сот сараптамасы органының бақылаудағы іс жүргізуінде қалады.
      4. Егер сараптама тағайындау туралы қаулыда (ұйғарымда) көрсетілген бір сұрақ бойынша сарапшы қорытынды берсе, ал басқа сұрақтар бойынша қорытынды беруге мүмкін еместігі туралы хабарлама жасау үшін негіз болса, бір құжат - сот сарапшысының қорытындысы жасалады.

5-тарау. Көзі тірі адамдарға сот сараптамасы

33-бап. Көзі тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу

      Көзі тірі адамдарға сот сараптамасы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік процесте жүргізіледі. Сот сараптамасына жіберілуі мүмкін адамдар тобы Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік заңнамасымен айқындалады.

34-бап. Көзі тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу жағдайлары мен орны

      1. Көзі тірі адамдарға сот сараптамасы зерттеу жүргізілетін адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдай бар медициналық немесе өзге де мекемелерде жүргізіледі.
      2. Сот сараптамасын жүргізу кезінде адамды стационарлық тексеру қажеттігі туындаған жағдайда, ол осы Заңның 35-37-баптарында және Қазақстан Республикасының іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен медициналық стационарға жатқызылуы мүмкін.
      3. Сот сараптамасына жіберілген адамдарды медициналық немесе өзге де мекемелерге жеткізуді сот сараптамасын тағайындаған орган немесе тұлға қамтамасыз етеді.

35-бап. Көзі тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде ерікті болуы және мәжбүрлеу

      1. Көзі тірі адамдарға сот сараптамасы ерікті немесе мәжбүрлеу тәртібімен жүргізілуі мүмкін.
      2. Егер сот сараптамасы ерікті тәртіппен жүргізілетін жағдайда сот сараптамасы органына сот сараптамасына ұшырайтын адамның жазбаша келісімі ұсынылуға тиіс.
      3. Егер кәмелетке толмаған немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамға қатысты сот сараптамасы тағайындалса, сот сараптамасын жүргізуге жазбаша келісімді осы адамның заңды өкілі немесе қамқоршылық және қорғаншылық органы береді.
      4. Мәжбүрлеу тәртібімен сот сараптамасына жіберілуі мүмкін адамдар тобы Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік заңнамасымен айқындалады. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайда, адамды сот сараптамасына мәжбүрлеп жіберу мүмкіндігін тікелей көрсету қамтылмаса, сот сараптамасы органы осы адамға қатысты мәжбүрлеу тәртібімен сот сараптамасын жүргізуге құқылы емес.

36-бап. Адамды медициналық мекемеге орналастыру негізі мен тәртібі

      1. Сот-медициналық не сот-психиатриялық, сот-наркологиялық сараптама тағайындалған немесе жүргізілген кезде адамды стационарлық тексеру қажеттігі туындаған жағдайда, ол стационарлық тексеру көрсетілген сот сараптамасын тағайындау туралы қаулының немесе ұйғарымның негізінде тиісті медициналық стационарға орналастырылады. Адамды медициналық мекемеге орналастыру тәртібі денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен айқындалады.
      2. Қамаудағы адамдар сот сараптамасын жүргізу үшін көрсетілген адамдарға ұстауға арнайы бейімделген медициналық стационарға орналастырылады.

37-бап. Адамның медициналық мекемеде болу мерзімдері

      1. Адам сот-медициналық немесе сот-психиатриялық, сот-наркологиялық сараптама жүргізу үшін медициналық мекемеге 30 күннен аспайтын мерзімге орналастырылуы мүмкін.
      2. Адамның медициналық мекемеде болу мерзімін ұзарту туралы сарапшының немесе сарапшылар комиссиясының өтініші сот сараптамасын тағайындаған органға немесе адамға осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім аяқталғанға дейін үш күннен бұрын кешіктірілмей ұсынылуға тиіс.

38-бап. Сот сараптамасы жүргізілетін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдігі

      1. Көзі тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сараптамасы жүргізілетін адамдардан мәліметтер алу мақсатында құқықтарын шектеуге, алдауға, күш көрсетуге, қорқытуға және өзге де шараларды қолдануға тыйым салынады.
      2. Сот сараптамасы жүргізілетін адам сарапшыға осы сот сараптамасының мәніне қатысты түсінік беруге құқылы.
      Сот сараптамасы жүргізілген адамнан осы сот сараптамасының мәніне қатысты мәліметтерді алу себебі бойынша сарапшыдан жауап алынбайды.
      3. Медициналық мекемеге орналастырылған адамның қорғаушымен, заңды өкілімен немесе осы іске қатысуға жіберілген өзге де өкілдерімен кездесуі үшінші адамның ақпарат алу мүмкіндігін болдырмайтын жағдайларда ұйымдастырылады.
      4. Медициналық мекемеге орналастырылған адамға шағым, мәлімдеме және өтініш беруге нақты мүмкіндік ұсынылуға тиіс. Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік заңнамасына сәйкес берілген шағымдар 24 сағаттың ішінде адресатқа жіберіледі және цензураға жатпайды.
      5. Сот сараптамасы жүргізілетін адамның бастамасы бойынша ерікті тәртіппен кез келген сатыда тоқтатылуы мүмкін.

39-бап. Көзі тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде процеске қатысушылардың болуы

      1. Процеске қатысушылардың көзі тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде болуы Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасымен айқындалады.
      2. Сот сараптамасы жүргізілетін адамдарға шешіндірумен ұштасатын зерттеу жүргізу кезінде тек сол жыныстағы адам ғана қатыса алады. Көрсетілген шектеу дәрігерлерге және көрсетілген зерттеулерді жүргізуге қатысатын басқа да медициналық қызметкерлерге қолданылмайды.

6-тарау. Сот-сараптама қызметін ғылыми-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету

40-бап. Сот сараптамалары әдістемесінің мемлекеттік тізілімі

      1. Сот сараптамалары әдістемесінің мемлекеттік тізілімі (бұдан әрі - тізілім) Қазақстан Республикасының аумағында сот сарапшыларының пайдалануына арналған сот сараптамаларын жүргізудің ғылыми негізделген әдістерінің тізбесін қамтиды.
      2. Тізілімді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органы жүргізеді.
      3. Тізілім пайдалану үшін бекітілген сот сараптамасы әдістемелері туралы соттардың, анықтау және алдын ала тергеу органдарының хабардар болуын қамтамасыз ету мақсатында жасалады.
      4. Сараптама жүргізу кезінде Қазақстан Республикасында сот-сараптама қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдар Тізілімде енгізілген әдістемелерді басшылыққа алады.
      5. Тізілім сот сараптамасын жүргізу әдістемесі туралы мынадай мәліметтерді қамтиды:
      1) әдістеменің атауы;
      2) авторлар;
      3) рецензенттер;
      4) шығарылған жылы, орны;
      5) мазмұны;
      6) қосымша;
      7) пайдаланылған әдебиеттер тізімі;
      6. Тізілімді қалыпастыру және жүргізу сот-сараптама қызметі саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүргізіледі.

41-бап. Сот-сараптама қызметін ғылыми-әдістемелік және оқумен қамтамасыз ету

      Сот-сараптама қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету, сондай-ақ сот сарапшыларын кәсіби даярлау және біліктілігін арттыру Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің сот сараптамасы органдарына жүктеледі.

42-бап. Сот-сараптама қызметін ақпараттық қамтамасыз ету

      1. Меншік нысанына қарамастан ұйымдар Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органдарына және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органына олардың сауалдары бойынша мемлекеттік құпияны, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, сот сараптамасы мен сот медицинасының бірыңғай ақпараттық-әдістемелік базасын жасау үшін өз өнімдерінің үлгілерін немесе каталогтарын, техникалық және технологиялық құжаттамаларын әрі ақпараттық мақсаттағы басқа да материалдарды ұсынады.
      2. Сот сараптамасы органдары өз сауалдары бойынша соттардан және құқық қорғау органдарынан іс бойынша іс жүргізу аяқталған соң ғылыми, практикалық және әдістемелік қызметте пайдалану үшін заттай дәлелдемелер болып табылатын заттарды алуға құқылы.

7-тарау. Сот сараптамасы органдарында сот-сараптама қызметін қаржылық және ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз ету

43-бап. Сот-сараптама қызметін қаржыландыру

      1. Сот-сараптама органдарында қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша, сондай-ақ мемлекеттік органдардың сауалдарының негізінде сот сараптамаларын жүргізуді қаржыландыру Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген, соттың дәлелді ұйғарымымен расталған негіздемелер болған жағдайлардан басқа, сот сараптамасы органдарында азаматтық істер бойынша сот сараптамаларын жүргізуге ақы төлеуді тараптар жүзеге асырады және алдын ала төлеу нысанында тиісті бюджетке енгізіледі. Алдын ала төлемнің болмауы сот сараптамасын жүргізуден бас тартуға негіз болып табылмайды.
      3. Мамандырылған зерттеулер жүргізу, сондай-ақ білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган бекітетін бағдарламаларға кірмейтін ғылыми және ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізу үшін ақы төлеу алдын ала төлеу нысанында тиісті бюджетке енгізіледі.

44-бап. Сот сараптамасын жүргізуді материалдық-техникалық қамтамасыз етудің стандарттары мен талаптары

      Сот сарапшысы өз қызметін сот сараптамасы органдарының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін стандарттар мен талаптарға сай келетін арнайы жабдықталған үй-жайы болған кезде жүзеге асыра алады.

8-тарау. Сот-сараптама қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастық

45-бап. Сот сараптамасы саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      Сот сараптамасы органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шет мемлекеттердің сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын органдарымен және қызметтерімен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми және әдістемелік ақпараттар алмасу, сот сарапшыларын даярлау мақсатында халықаралық байланыстар орнатуға құқылы.

46-бап. Шет мемлекеттің мемлекеттік органының тапсыруы бойынша сот сараптамасын жүргізу

      Сот сараптамасы Қазақстан Республикасының тиісті халықаралық келісімі бар шет мемлекеттің мемлекеттік органының тапсыруы бойынша жүргізілуі мүмкін. Мұндай жағдайларда, егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.

47-бап. Шет мемлекеттің сот сарапшыларын тарта отырып, сот сараптамасын жүргізу

      1. Қылмыстық, азаматтық не әкімшілік процесті жүргізуші органның (адамның) Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу және әкімшілік заңнамасында, сондай-ақ осы Заңда белгіленген тәртіппен шет мемлекеттің сот сараптамасы саласындағы мамандарын тарту туралы өтініші білдіруге құқығы бар.
      2. Сараптама тағайындаған органның (адамның) келісімімен іске асырылатын шет мемлекеттің сот сарапшысын тарту құқығына сот сараптамасы органының басшысы ие болады.
      3. Шет мемлекеттің сот сарапшысының қатысуымен сот сараптамасын жүргізу Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу және әкімшілік заңнамасында, сондай-ақ осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

9-тарау. Қорытынды ережелер

48-бап. Заңнаманы бұзу

      Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соқтырады.

49-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
      2. "Сот сараптамасы туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 12 қарашадағы Заңының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 21, 276-құжат; 2000 ж., N 6, 141-құжат; 2001 ж., N 21-22, 281-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; N 24, 153-құжат; 2005 ж., N 10, 32-құжат; 2006 ж., N 13, 86-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 9, 67-құжат).

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады