"Саяси партиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 14 қарашадағы N 1059 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Саяси партиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

      Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

"Саяси партиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

       1-бап . "Саяси партиялар туралы" 2002 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., N 16, 153-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат; N 13, 53-құжат; 2007 ж. N 9, 67-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) 6-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "6-бап. Саяси партияны құру
      1. Саяси партия саны бір мың адамнан кем емес, саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) шақыратын және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың үштен екісінің атынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады. Азаматтар саяси партияның құрылтай съезіне (конференциясына) жеке өзі қатысады. Азаматтардың сенімхат бойынша саяси партияның құрылтай съезінде (конференциясында) өкілдік етуіне жол берілмейді. Саяси партияның құрылуын, соның ішінде құрылтай съезінің (конференциясының) өткізілуін ұйымдастыруды қаржыландыру осы Заңның 18-бабының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) дайындау, шақыру және өткізу үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының бастамашы тобы мүшелерінің қатарынан құрамында кемінде он адам бар ұйымдастыру комитеті құрылады.
      3. Ұйымдастыру комитеті тіркеуші орган белгілеген нысан бойынша тіркеуші органға мынадай ақпаратты қоса табыс етеді:
      1) тіркеуші орган белгілеген нысан бойынша электрондық және қағаз жеткізгіштегі азаматтардың саяси партия құру жөніндегі бастамашы тобының тізімі және ұйымдастыру комитетінің мүшелері туралы мәліметтер;
      2) оның құрылу мақсаты, саяси партияның болжалды атауы, орналасқан жері, ұйымдастыру комитетінің ақшасын және өзге де мүлкін болжалды қалыптастыру және пайдалану көздері, сондай-ақ ұйымдастыру комитетінің қаражатын қалыптастыру үшін есеп айырысу шотын ашуға және оның қызметін қамтамасыз ету үшін азаматтық-құқықтық шарттар жасасуға уәкілеттік берілген ұйымдастыру комитетінің мүшесі (бұдан әрі — ұйымдастыру комитетінің уәкілетті тұлғасы) туралы мәліметтер көрсетілген ұйымдастыру комитеті жиналысының хаттамасы.
      4. Тіркеуші орган осы баптың 3-тармағында көрсетілген хабарламаны және өзге де құжаттарды алған күні ұйымдастыру комитетінің уәкілетті тұлғасына оларды тапсырғанын растайтын құжат (бұдан әрі - растама) береді.
      5. Тіркеуші орган растама бергеннен кейін ғана ұйымдастыру комитеті өз қызметіне кірісуге құқылы.
      Ұйымдастыру комитеті растама берілген күннен бастап алты айдың ішінде өз қызметін жүзеге асырады.
      6. Ұйымдастыру комитеті растама берілген күннен бастап екі айдың ішінде саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) өткізуі тиіс. Бұл мақсатта ұйымдастыру комитеті:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында саяси партияны құру ниеті, саяси партия құрылтай съезінің (конференциясының) өтетін орны мен күні туралы мәліметтерді оған растама берілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей жариялайды;
      2) ұйымдастыру комитетінің уәкілетті тұлғасы арқылы Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде есеп айырысу шотын ашады;
      3) саяси партияны құруға бағытталған өзге да ұйымдастырушылық және ақпараттық-насихаттау қызметін жүзеге асырады.
      7. Құрылтай съезінде (конференциясында) саяси партияны құру, оның атауы, жарғысы, бағдарламасы туралы шешімдер қабылданады және оның басшы органдары құрылады.
      8. Саяси партия жарғылық қызметін мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін жүзеге асырады.
      9. Ұйымдастыру комитеті өзінің қызметін мынадай жағдайлар туындаған кезде тоқтатады:
      1) тіркеуші орган растау берген күннен бастап алты ай өтуі;
      2) саяси партияны мемлекеттік тіркеу;
      3) саяси партияны мемлекеттік тіркеуден бас тарту;
      4) азаматтардың бастамашы тобының шешімі бойынша.
      10. Саяси партия мемлекеттік тіркеуден өткен жағдайда ұйымдастыру комитетінің ақшасы және өзге де мүлкі, сондай-ақ ақшаның және өзге де мүліктің түсу көздері көрсетілген олардың пайдаланылуы туралы қаржылық есеп құрылған саяси партияға табыс етіледі.
      10. Саяси партияны мемлекеттік тіркеуден бас тартқан жағдайда немесе азаматтардың бастамашы тобының шешімі бойынша ұйымдастыру комитетінің қызметі тоқтатылған жағдайда ұйымдастыру комитетінің қалған ақшасы мен өзге де мүлкі қайырымдылық жасаушыларға салынған қайырмалдықтарға пропорционалды түрде беріледі.";
      2) 7-баптың 1-тармағының екінші бөлігі "саяси партиялардың" деген сөздерден кейін "және қоғамдық ұйымдардың" деген сөздермен толықтырылсын;
      3) 10-бапта:
      2-тармақтағы "екі" деген сөз "төрт" деген сөзбен ауыстырылсын;
      6-тармақтағы "елу" және "жеті жүз" деген сөздер тиісінше "қырық" және "алты жүз" деген сөздермен ауыстырылсын;
      8-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Мемлекеттік тіркеу мерзімін тоқтатуға себеп болған негіздемелер жойылған кезде тіркеуші орган саяси партияны мемлекеттік тіркеу не мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.";
      4) 11-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
      "1-1. Осы Заңның 10-бабының 6-тармағында көзделген партия мүшелерінің жалпы санына әсер етпейтін саяси партия мүшелерінің тізімі бойынша анықталған бұзушылықтар саны саяси партияны мемлекеттік тіркеуден бас тартуға негіз бола алмайды.
      Аталған тармақтың күші осы Заңның 8-бабының 1, 2, 3 және 5-тармақтары бұзылған жағдайларға таралмайды.";
      5) 14-бапта:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Өз қызметін тоқтатқан саяси партияның құрылымдық бөлімшелері (филиалдар және өкілдіктер) саяси партия жоғарғы органының қайта ұйымдастыру (тарату) жөніндегі шешімінің негізінде тіркеуші органда есептік тіркеуден шығарылуы тиіс";
      2-тармақ "саяси партияны тіркеу" деген сөздерден кейін "саяси партияны қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданған күннен бастап екі ай мерзім өткеннен кейін" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
      "2-1. Саяси партияның бөлінуі немесе құрамынан бөлініп шыққан кезде қайта ұйымдастырылған саяси партия және қайта құрылған саяси партия мүшелерінің жалпы саны Осы Заңның 10-бабы 6-тармағының талаптарына сәйкес болуы тиіс".
      6) 18-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
      "7) халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардан гранттар және өзге де қаражаттар алатын азаматтардан немесе ұйымдардан.".
       2-бап . Осы Заң алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады