"Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 26 тамыздағы № 861 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 17 сәуірдегі № 469 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 26 тамыздағы № 861 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Президенті
ЖАРЛЫҚ

«Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережелерін бекіту туралы»
Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 26 тамыздағы
№ 861 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 26 тамыздағы № 861 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 36, 342-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      жоғарыда көрсетілген Жарлықпен бекітілген Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережелері осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің     
2012 жылғы «    »     
№    Жарлығына  
ҚОСЫМША       

Қазақстан Республикасы 
Президентінің    
2011 жылғы 26 тамыздағы
№ 861 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН     

Республикалық бюджет жобасын әзірлеу
ЕРЕЖЕЛЕРІ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережелері (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне сәйкес әзірленді және республикалық бюджет жобасын әзірлеу тәртібін айқындайды.
      2. Республикалық бюджет жобасын әзірлеу үдерісі мынадай кезеңдерді:
      1) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын әзірлеуді және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің мақұлдауын;
      2) орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын немесе стратегиялық жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, бюджеттік өтінімдерді әзірлеуді және оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауын;
      3) республикалық бюджет туралы заң жобасын әзірлеуді қамтиды.

2. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық
даму болжамының жобасын әзірлеу

      3. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді.
      4. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы стратегиялық және бағдарламалық құжаттар мен Қазақстан Республикасы Президентінің елдегі жағдай туралы және республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы ескеріле отырып, жылжымалы негізде бес жылдық кезеңге арналып, жыл сайын әзірленеді және мыналарды:
      1) экономика дамуының сыртқы және ішкі жағдайларын;
      2) орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салық-бюджет саясатының мақсаттары мен міндеттерін;
      3) бес жылға арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салық-бюджет саясатының негізгі бағыттары мен шараларын;
      4) бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамын;
      5) шоғырландырылған, мемлекеттік және республикалық бюджеттер түсімдері мен шығыстарының, бюджет тапшылығының болжамын қамтитын үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік параметрлердің болжамын;
      6) әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын;
      7) басым республикалық бюджеттік инвестициялар тізбесін қамтиды.
      Нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштер сандық және сапалық нәтижелерді айқындау үшін негізгі бағыттар (салалар) бойынша белгіленеді, бес жылдық кезең ішінде Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық саясаты осы нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуға тиіс.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі әлеуметтік-экономикалық дамудың және бюджеттік параметрлердің қосымша көрсеткіштерін енгізуі мүмкін.
      5. Республикалық бюджет шығыстарының болжанатын көлемі:
      1) жалпы сипаттағы трансферттердің бекітілген көлеміне және жалпы сипаттағы трансферттер туралы тиісті заңмен қамтылмаған жылдарға арналған олардың болжанатын көлеміне;
      2) үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге;
      3) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар мен келісімдерді орындауға;
      4) мемлекеттік кепілдіктер мен кепілгерліктерді орындауға;
      5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервін қалыптастыруға байланысты шығыстарды бөле отырып айқындалады.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінің болжанатын көлемін айқындау кезінде есепті және ағымдағы қаржы жылына белгіленген резерв көлемі ескеріледі.
      6. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қалыптастыру үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері үш жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамалары бойынша, оның ішінде басым бюджеттік инвестициялар тізбесіне енгізу үшін бюджеттік инвестициялар бойынша негіздемелері бар ұсыныстарды және басқа да қажетті ақпаратты ағымдағы қаржы жылының 1 наурызына дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады. Бұл ретте жаңа бастамалар бойынша, оның ішінде бюджеттік инвестициялар бойынша ұсыныстарды беру нысандары мен тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамалары жөніндегі, оның ішінде бюджеттік инвестициялар жөніндегі ұсыныстарын стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға, Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қарайды және Республикалық бюджет комиссия отырысында республиканың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен әлеуметтік-экономикалық саясат басымдықтарының сценарийлік болжамы мақұлданған күннен бастап үш күн мерзімде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған ағымдағы шығыстардың жаңа басымдықтары бойынша қорытындыларды жібереді.
      Осы тармақта көрсетілген құжаттарды қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын айқындайды және әлеуметтік-экономикалық даму болжамына енгізу үшін бюджеттік инвестициялық саясаттың басымдықтарын қалыптастырады.
      Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары бюджеттік инвестициялық саясаттың басымдықтарына сәйкес ағымдағы қаржы жылының 15 наурызынан кешіктірмей тиісті республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған нысаналы даму трансферттері бойынша ұсыныстар енгізеді.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік инвестициялық саясат басымдықтарының негізінде және осы Ереженің 9-тармағында көрсетілген құжаттарды қарау нәтижелері бойынша:
      1) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган анықтаған нысан бойынша қорытынды қалыптастырады және жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 1 мамырына дейінгі мерзімде республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жібереді;
      2) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның оң экономикалық қорытындысына ие (кейінге қалдыру шарты бар бюджеттік инвестицияларды қоспағанда) үш жылдық кезеңге арналған басым республикалық бюджеттік инвестициялар тізбесінің жобасын қалыптастырады және жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 15 мамырынан кешіктірмей оны кейіннен Республикалық бюджет комиссиясында қарау үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізеді.
      7. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдайды.
      8. Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдаған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.

3. Орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының
жобаларын немесе стратегиялық жоспарларына енгізілетін
өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын әзірлеу, басым
бюджеттік инвестициялар бойынша ұсыныстар әзірлеу, стратегиялық
жоспарлар мен бюджеттік өтінімдер әзірлемейтін бюджеттік
бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының
жобаларын әзірлеу

      9. Республикалық бюджет шығыстарын жоспарлау үшін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері:
      1) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ағымдағы қаржы жылының 1 сәуіріне дейінгі мерзімде стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, сондай-ақ басым бюджеттік инвестициялар бойынша ұсыныстарды;
      2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ағымдағы қаржы жылының 15 мамырына дейінгі мерзімде бюджеттік өтінімдерді және стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындыларын есепке ала отырып, стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын ұсынады.
      Стратегиялық жоспарларды әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік өтінімдерді және бюджеттік бағдарламалардың жобаларын ұсынады.
      Нәтижелерге бағалау жүргізілген жағдайда бағалау нәтижелері Ережелердің осы тармағында көрсетілген құжаттарға қоса беріледі.
      Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджеттің шығыстарын жоспарлаған кезде Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 126-бабының 2-тармағына сәйкес республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған есепті қаржы жылындағы стратегиялық жоспардың іске асырылуы туралы есептердің деректерін ескереді.
      10. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының, әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде әр үш жыл сайын бес жылдық кезеңге әзірленеді.
      11. Республикалық бюджет шығыстарының болжамды көлемі осы Ережелердің 5-тармағында санамаланған шығыстарды шегере отырып, базалық шығыстарға және жаңа бастамаларға арналған шығыстарға бөлінеді.
      Тұрақты сипаттағы шығыстар, күрделі шығыстар, сондай-ақ бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен басталған (жалғасатын) бюджеттік инвестициялық жобаларға және концессиялық жобаларға арналған шығыстар базалық шығыстар болып табылады.
      Мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді орындауға және мемлекеттік қызметтер көрсетуге, сондай-ақ трансферттер төлеуге және мемлекеттің басқа да міндеттемелеріне байланысты шығыстар тұрақты сипаттағы шығыстар болып табылады.
      Жаңа бастамаларға арналған шығыстарға:
      1) кейіннен жаңа бюджеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға сәйкес әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа басым бағыттарын іске асыруға;
      2) макроэкономикалық және әлеуметтік көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты емес және қолданыстағы бюджеттік бағдарламалар шеңберінде бюджет қаражатын жұмсаудың қосымша бағыттарын (орындалатын мемлекеттік функциялардың, өкілеттіктердің және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көлемін кеңейтуді) көздейтін базалық шығыстарды ұлғайтуға бағытталған шығыстар жатады.
      12. Республикалық бюджеттің базалық шығыстарға және жаңа бастамаларға арналған шығыстарының көлемін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның ұсыныстары негізінде және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындыларын ескере отырып, Республикалық бюджет комиссиясы бөледі.
      Базалық шығыстар шығыстардың қазіргі құрылымы мен болжамды макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде есептелген кезекті жоспарлы кезеңнің үшінші жылына арналған болжамды көлемді қоса отырып, ағымдағы жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдары шығыстарының бекітілген көлемі негізінде айқындалады.
      Жаңа бастамаларға арналған шығыстар стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген елдің дамуының басымдықтарын, есепті қаржы жылының бюджеттік мониторингі нәтижелерін, есепті қаржы жылында стратегиялық жоспарды іске асыру туралы есептерді, нәтижелерді бағалауды ескере отырып, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің арасында бөлінеді.
      13. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің жаңа бастамаларға арналған шығыстарын жоспарлау қосымша бюджет қаражатын бөлу есебінен де, өткен жоспарлы кезеңде республикалық бюджет туралы заңда бекітілген осы бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің базалық шығыстары қаражатын қайта бөлу есебінен де жүзеге асырылады.
      14. Егер жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша өткен жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдарының шығыстар сомасы республикалық бюджет туралы заңда осы бағдарламалар бойынша бекітілген сомамен салыстырғанда өзгермейтін болса, онда осы бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша шығыстардың түрлері бойынша есептер жасалмайды.
      Осы бағдарламалар бойынша шығыстардың түрлері бойынша есептер үшінші жылға ғана жасалады.
      Егер жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша өткен жоспарлы кезеңнің екінші және (немесе) үшінші жылдарының шығыстар сомасы республикалық бюджет туралы заңда осы бағдарламалар бойынша бекітілген сомамен салыстырғанда өзгеретін болса, онда шығыстардың түрлері бойынша есептеулер жоспарланатын жоспарлы кезеңнің жылдары бөлінісінде осы бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша жасалады және ұсынылады.
      15. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын және басым бюджеттік инвестициялар бойынша ұсыныстарды олардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға, елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамына, Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе оларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын қарау нәтижелері бойынша он күн ішінде қорытындыны қалыптастырады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган анықтайтын нысан бойынша республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне жібереді.
      16. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қорытындысын ескере отырып, стратегиялық жоспардың жобасын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобасын пысықтайды, бюджеттік өтінім жасайды және Бюджет кодексінің 66-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
      17. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:
      1) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін олардың Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасына, әлеуметтік-экономикалық даму болжамына, мемлекеттік қызметтің қолданыстағы заттай нормаларына және стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан;
      2) стратегиялық жоспарлар жобаларының немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулар жобаларының құрамында ұсынылған бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштерін олардың стратегиялық мақсаттармен, стратегиялық бағыттардың міндеттерімен өзара байланысы тұрғысынан;
      3) стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларында ұсынылған нәтижелік пен тиімділік көрсеткіштерін олардың бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қызметінің функцияларына, өкілеттіктеріне, бағыттарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.
      18. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік өтінімдерді қарау қорытындылары бойынша және стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобалары мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын ескере отырып, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстары бойынша қорытындыны қалыптастырады және Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жібереді.
      Бұл ретте республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері щығыстарының көлеміне әлеуметтік-экономикалық даму болжамында көзделмеген жаңа бастамаларға арналған шығыстар енгізілмеуге тиіс.
      Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган арасындағы келіспеушіліктерді Республикалық бюджет комиссиясы қарайды.
      Республикалық бюджет комиссиясы республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің шығыстары бойынша қорытындыны қарайды және ол бойынша ұсыныстар әзірлейді.
      19. Республикалық бюджет комиссиясы бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қарауға дайындаған материалдарды жоспар-кестеге сәйкес қарайды.
      20. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейінгі мерзімде пысықталған бюджеттік өтінімдерді, стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға пысықталған стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын ұсынады.

4. Республикалық бюджет туралы заң жобасын әзірлеу

      21. Республикалық бюджетті бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әлеуметтік-экономикалық даму болжамын, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын қарау нәтижелері бойынша қорытындыларын ескере отырып, жыл сайын жоспарлы кезеңге әзірлейді және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      22. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясының республикалық бюджет жобасы бойынша ұсыныстары негізінде республикалық бюджет туралы заңның жобасын әзірлейді және ағымдағы қаржы жылының 15 тамызынан кешіктірмей оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ұсынады.
      23. Республикалық бюджет туралы заңның жобасы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 13-бабында көзделген бюджет құрылымына сәйкес Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 71-бабында көзделген талаптар ескеріле отырып әзірленеді.
      24. Республикалық бюджет туралы заңның жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізеді.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық бюджет туралы заңның жобасымен бір мезгілде мынадай құжаттарды және материалдарды:
      1) республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын;
      2) орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын;
      3) стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын;
      4) мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың соңғы есепті күнгі жай-күйі туралы деректерді;
      5) бюджеттік бағдарламалардың бюджеттік кіші бағдарламалары бөлінісінде бюджет қаражатының жұмсалу бағытын нақтылайтын ақпаратты және республикалық бюджеттің жобасына енгізілген шешімдерді ашып көрсететін түсіндірме жазбаны ұсынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады