"Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 желтоқсандағы № 1579 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 С. Ахметов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы

      Осы Заң мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      1) көрсетілетін қызметті алушы - орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары, сондай-ақ көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алатын шетел азаматтары, азаматтығы жоқ тұлғалар және шетелдік заңды тұлғалар;
      2) қызмет көрсетуші - мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын бекітетін және тиісті салаларда мемлекеттік қызметтер көрсету процесін ұйымдастыратын орталық мемлекеттік орган, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде мемлекеттік қызметтер көрсету процесін ұйымдастыратын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы;
      3) көрсетілетін мемлекеттік қызметті беруші — тікелей мемлекеттік қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ тікелей мемлекеттік қызметтер көрсететін қызмет көрсетушілер;
      4) «бір терезе» қағидаты - мемлекеттік қызмет көрсетуді орталықтандырып ұсынудың мемлекеттік қызметтер көрсету процесінде құжаттарды тапсыру мен алу кезінде көрсетілетін қызметті алушының қатысуын және оның көрсетілетін мемлекеттік қызмет берушілермен тікелей байланысын шектеуді көздейтін нысаны;
      5) мемлекеттік қызмет көрсету - көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі;
      6) мемлекеттік қызмет көрсету регламенті - көрсетілетін мемлекеттік қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қызметінің ішкі тәртібін және өзге көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушілермен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
      7) мемлекеттік қызмет көрсету стандарты - мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету процесінің сипаттамасын, оның нысандарын, мазмұнын, нәтижесін және сапасының критерийлерін қамтитын нормативтік құқықтық акт;
      8) мемлекеттік қызметтер көрсету процесін автоматтандыру — электрондық нысанда мемлекеттік қызметті көрсетуді қамтамасыз ету үшін көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушінің әкімшілік процестерін қайта құру рәсімі;
      9) мемлекеттік қызметтер көрсету тізілімі - көрсетілетін мемлекеттік қызметті алушылар, мемлекеттік қызмет көрсету стандартын әзірлейтін және бекітетін орталық мемлекеттік орган, көрсетілетін мемлекеттік қызметті беруші және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге мәліметтер көрсетілген мемлекеттік қызметтер көрсетудің жіктелген тізбесі;
      10) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі - коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтардың ақпаратты жинауға, өңдеуге, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алушылардың қанағаттану деңгейі мен мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын айқындау бойынша талдау жүргізуге бағытталған қызметі;
      11) мемлекеттік қызмет көрсету процесін оңтайландыру — мемлекеттік қызметтер көрсету процесін, мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімін оңайлатуға, оны көрсету процесіндегі буындарды, оның ішінде автоматтандыру арқылы қысқартуға бағытталған іс-шара;
      12) «электрондық үкіметтің» веб-порталы — электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көрсетуге және «электрондық үкіметтің» электрондық ақпараттық ресурстарына қолжетімділіктің бірыңғай терезесін білдіретін ақпараттық жүйе;
      13) халыққа қызмет көрсету орталығы — көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушілердің «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуін қамтамасыз ететін заңды тұлға;
      14) мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы - мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша бір көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушінің көрсетуін қамтамасыз ететін заңды тұлға;
      15) мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша бірыңғай байланыс орталығы - көрсетілетін қызметті алушыларға Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша ақпарат беру жөніндегі жұмысты қамтамасыз ететін ақпараттық-анықтамалық қызмет.

      2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер
             көрсету саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің негізгі
             қағидаттары

      Мемлекеттік қызметтер мынадай қағидаттар негізінде көрсетіледі:
      көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсетуді іс-әрекет жасауға физикалық қабілетсіздігінің, тілінің, нәсілінің, дінінің, ұлтының белгілері және басқа да белгілер бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз алуы;
      көрсетілетін қызметті алушының шығындарын барынша азайта отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру және олардың сапасын арттыру;
      қызмет көрсетушілер мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушілердің қызметі туралы есептерді жүйелі түрде жасау және жұртшылыққа ұсыну;
      көрсетілетін қызметтерді алушыларды мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы ақпаратқа толық қолжетімділікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерді алушылардың стандарттарды әзірлеуге және мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызмет көрсетушілер мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушілер қызметінің есептерін бағалауға қатысуы;
      мемлекеттің қаржы, уақыт және өзге де шығындарын мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде қызмет көрсетушілер мен көрсетілетін қызметті берушілердің тиімді пайдалануы.

      4-бап. Көрсетілетін мемлекеттік қызметті алушылар

      1. Көрсетілетін қызметті алушының:
      1) мемлекеттік қызмет көрсету мен осы көрсетілетін қызметті беруші туралы толық және дұрыс ақпарат алуға;
      2) осы мемлекеттік қызметті көрсетудің бекітілген стандартының талаптарына жауап беретін көрсетілетін мемлекеттік қызметті алуға;
      3) көрсетілетін мемлекеттік қызмет нәтижесіне сотқа дейін және сотқа шағымдануға;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілетін мемлекеттік қызметті қағаз (дәстүрлі) және/немесе электрондық нысанда алуға;
      5) қызмет көрсетушілерге ұсыныстар енгізе отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандарттарының жобаларын әзірлеу және жетілдіру кезінде оларды жария талқылауға қатысуға құқығы бар.
      2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең жағдайларда алады.

      5-бап. Қызмет көрсетушілер және көрсетілетін мемлекеттік
             қызметтерді берушілер

      1. Мыналар:
      1) тиісті салаларда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекітетін және мемлекеттік қызметтер көрсету процесін ұйымдастыратын орталық мемлекеттік органдар;
      тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде мемлекеттік қызметтер көрсету процесін ұйымдастыратын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары қызмет көрсетушілер болып табылады.
      2. Мыналар:
      1) бюджет қаражаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бюджетінің қаражаты (шығындар сметасы) есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін қызмет көрсетушілер, олардың ведомстволары және аумақтық органдары, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар;
      2) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда және тәртіппен жеке тұлғалар, мемлекеттік мекемелер және осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты кәсіпорындар, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, мемлекеттік емес заңды тұлғалар көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушілер болып табылады.
      3. Қызмет көрсетушілер мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушілердің:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сот органдарына жүгінуге;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға құқығы бар.
      4. Қызмет көрсетушілер:
      1) мемлекеттік қызметтер көрсету процесін оңтайландыру қажеттілігін кезең-кезеңмен қарауға;
      2) жылына кемінде бір рет көрсетілетін қызметті алушылардан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасына қанағаттану деңгейі туралы сауалнама жүргізуді жүзеге асыруға;
      3) көрсетілетін қызметті алушыларға мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы толық, дұрыс және қолжетімді ақпарат ұсынуға;
      4) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, халыққа қызмет көрсету орталықтарына мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелерге қолжетімділік ұсынуға;
      5) көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыруға;
      6) көрсетілетін қызметті алушылардың көрсетілетін қызметті берушілерге шағымдарын қарауға және оларды шағымдарды қарау нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы хабардар етуге;
      7) көрсетілетін қызметті алушылардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылдауға;
      8) мемлекеттік қызметтер көрсету туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
      9) көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарының жобаларын, сондай-ақ оларды өзгерту, толықтыру және жою жобаларын әзірлеу процесіне қолжетімділігін қамтамасыз етуге;
      10) осы Заңның талаптарына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету
стандарттарының жобаларын әзірлеу кезінде жария талқылау жүргізуге;
      11) мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарының жобаларын интернет-ресурстарда, қызмет көрсетушілердің баспа басылымдарында, «электрондық үкіметтің» веб-порталында жариялауға;
      12) мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына бағалау жүргізу үшін ақпарат беруге міндетті.
      5. Көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушілер:
      1) мемлекеттік қызметтер көрсетуді мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттары мен регламенттеріне сәйкес көрсетуге;
      2) мүмкіндіктері шектеулі адамдар мемлекеттік қызметтер көрсетуді алған кезде оларға қажетті жағдайлар жасауға;
      3) мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыруға;
      4) өзге көрсетілетін қызмет берушілерге мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін қажетті құжаттар мен ақпаратты беруге, сондай-ақ өзге көрсетілетін қызметті берушілерден, оның ішінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау есебінен осындай құжаттар мен ақпаратты алуға;
      5) халыққа қызмет көрсету орталығы мен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына мемлекеттік қызметтер көрсету стандартында белгіленген мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімі өткенге дейін кемінде бір тәулік бұрын халыққа қызмет көрсету орталығы мен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижесін жіберуге;
      6) көрсетілетін қызметті алушының сұратуы бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетудің орындалу мәртебесі туралы хабардар етуге;
      7) көрсетілетін қызметті алушылардың шағымдарын қарауға және оларды шағымдарды қарау нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы осы Заңда белгіленген мерзімдерде хабардар етуге;
      8) көрсетілетін қызметті алушылардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылдауға;
      9) мемлекеттік қызметтер көрсету туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.

2-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету тізілімі

      6-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету тізілімі

      1. Қазақстан Республикасында көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтер көрсетулер мемлекеттік қызметтер көрсету тізіліміне енгізілуі тиіс.
      2. Тізілім әрбір мемлекеттік қызмет көрсету туралы мынадай мәліметтерді:
      мемлекеттік қызмет көрсетудің атауын;
      көрсетілетін мемлекеттік қызметті алушының атауын (жеке/заңды тұлғалар);
      көрсетілетін мемлекеттік қызмет стандартын әзірлеуді және бекітуді қамтамасыз ететін қызмет көрсетушінің атауын;
      көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушінің атауын;
      өтініштерді қабылдауды және ресімделген құжаттарды беруді немесе мемлекеттік қызмет көрсету электрондық нысанда көрсетілген жағдайда «электрондық үкіметтің» веб-порталында көрсетуді жүзеге асыратын ұйымның атауын;
      көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нысанын;
      көрсетілетін мемлекеттік қызметтің ақылы не тегін екендігін қамтиды.
      3. Тізілімді мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      4. Мемлекеттік қызметтер көрсету тізілімін әзірлеу, жүргізу, мониторингілеу тәртібін және мемлекеттік қызметтер көрсетуді жіктеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

3-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарты

      7-бап. Мемлекеттік қызмет көрсету стандартын әзірлеуге
             қойылатын жалпы талаптар

      1. Мемлекеттік қызмет көрсету стандартын орталық мемлекеттік орган, оның ішінде жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызметтер көрсету үшін өз құзыреті шеңберінде тізілімге енгізілген сәттен бастап үш ай ішінде мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша әзірлейді және бекітеді.
      2. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуге жатады.
      3. Жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттары жергілікті атқарушы органдармен және мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша бекітіледі.
      Мемлекеттік қызмет көрсетудің электрондық нысанын және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуді көздейтін мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттары мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша бекітіледі.
      4. Мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасы міндетті түрде жария талқылауға жатады.
      5. Мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын қабылдау, өзгерту және жою қызмет көрсетушілердің қалауы бойынша немесе мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ұсынымдары, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын қоғамдық мониторингілеу қорытындыларының, көрсетілетін қызметті алушылардың шағымдарын қарау негізінде жүзеге асырылады.
      6. Мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттары көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушілердің тұрған жерінде, бұқаралық ақпарат құралдарында, «электрондық үкіметтің» веб-порталында, қызмет көрсетушілер мен мемлекеттік қызметтерді берушілердің интернет-ресурстарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында және көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушілерге жеке өтініш білдірген кезде танысу үшін қолжетімді болуы тиіс.

      8-бап. Мемлекеттік қызмет көрсету стандартының мазмұнына
             қойылатын талаптар

      1. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарты:
      1) көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушінің атауын;
      2) мемлекеттік қызмет көрсету стандартын бекітетін қызмет көрсетушінің атауын;
      3) мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін;
      4) мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесінің нысанын;
      5) мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін;
      6) мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлемақы мөлшерін және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдерін;
      7) мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесін;
      8) мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздердің тізбесін;
      9) мемлекеттік қызмет көрсету туралы сұрау салу кезінде және мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижесін алу кезінде кезекте күту мерзімін;
      10) мемлекеттік қызмет көрсету туралы көрсетілетін қызметті алушының сұратуын тіркеу мерзімін;
      11) көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушінің шешімдеріне және әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымданудың сотқа дейінгі (соттан тыс) тәртібін көздейді.

      9-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарының
             жобаларын жария талқылау

      1. Мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарының жобаларын жария талқылау мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарында мүдделері, құқықтары мен бостандықтары қозғалатын жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын есепке алу мақсатында жүргізіледі.
      2. Жария талқылауды мемлекеттік қызметтер көрсету стандартының жобасын әзірлеуге уәкілетті мемлекеттік орган ұйымдастырады.
      3. Мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасын жария талқылау көрсетілетін қызметті алушылардың ұсыныстар мен ескертулер беру және оларды есепке алу мүмкіндігімен мемлекеттік қызметтер көрсету стандартын әзірлеген мемлекеттік органның интернет-ресурсында, «электрондық үкіметтің» веб-порталында орналастыру арқылы, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасы туралы көрсетілетін қызметті алушының хабардар етілуін қамтамасыз ететін өзге де тәсілдермен жүзеге асырылады.
      4. Жария талқылау нәтижелері бойынша мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасы мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасын әзірлеген мемлекеттік органның пысықтауына жатады. Мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасын әзірлеген мемлекеттік орган, жария талқылау барысында алынған ескертулер мен ұсыныстардың дереккөзі мен талқылау және есепке алу нәтижелерін көрсете отырып, олардың тізбесін және қысқаша мазмұнын қамтитын мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарлама жасайды. Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасына жасырын ұсыныстары мен ескертулері қаралмайды.
      Мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарламада келіп түскен ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, пысықталған мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасымен танысу тәсілі туралы ақпарат қамтылуы тиіс. Мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарлама жарияланған күнінен бастап мемлекеттік қызмет көрсету стандартының пысықталған жобасы танысу үшін қолжетімді болуы тиіс.
      Жария талқылаудың нәтижелері бойынша мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарлама мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберіледі.
      5. Мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган мемлекеттік қызметтер көрсету тізіліміне тиісті мемлекеттік қызмет көрсету енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасын жария талқылауды ұйымдастырады және өткізеді. Мемлекеттік қызмет көрсету стандартының жобасына жеке және заңды тұлғалардың осы тармақта көрсетілген мерзім өткен соң түскен ұсыныстары мен ескертулері қаралмайды.

4-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету регламенті

      10-бап. Мемлекеттік қызмет көрсету регламентін
              әзірлеуге қойылатын талаптар

      1. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушілердің мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі қызметін ұйымдастыру үшін қызмет көрсетушілер мемлекеттік қызмет көрсету стандарты қабылданғаннан кейін бір ай мерзімде мемлекеттік қызмет көрсету регламенттерін әзірлейді және бекітеді.
      2. Орталық мемлекеттік орган, оның ведомстволары мен аумақтық органдары, жеке тұлғалар, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар, ведомстволық бағынысты мемлекеттік органдар, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, мемлекеттік емес заңды тұлғалар көрсететін мемлекеттік қызметтер көрсету регламенті орталық мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
      3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары, ауыл (село), кент, ауылдық (селолық) округтердің, аудандық маңызы бар қалалардың, қаладағы аудандардың әкімдері көрсететін мемлекеттік қызмет көрсету регламенті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ауыл (село), кент, ауылдық (селолық) округтер, аудандық маңызы бар қалалар, қаладағы аудандар әкімдерінің нормативтік құқықтық қаулысымен бекітіледі.
      4. Электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсету және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсету регламенті ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша бекітіледі.

      11-бап. Мемлекеттік қызмет көрсету регламентінің
              мазмұнына қойылатын талаптар

      1. Мемлекеттік қызмет көрсету регламентті:
      1) жалпы ережелерді;
      2) көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушінің лауазымды адамдары, өзге қызметкерлері және құрылымдық бөлімшелері, мемлекеттік қызмет көрсетуге жұмсалатын уақыт шығыны көрсетілген мемлекеттік қызмет көрсетудің кезеңдік процесін;
      3) көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушінің лауазымды адамдары, өзге қызметкерлері мен құрылымдық бөлімшелерінің өзара іс-қимыл жасау тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету кезінде оның ақпараттық жүйесін пайдалану тәртібін;
      4) халыққа қызмет көрсету орталығымен және (немесе) мемлекеттік органдармен және көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушімен өзара іс-қимыл жасау тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету кезінде олардың ақпараттық жүйелерін пайдалану тәртібін көздейді.

5-тарау. Мемлекеттік қызметтерді көрсету

      12-бап. Мемлекеттік қызметтерді көрсету

      Мемлекеттік қызметтер:
      1) тікелей көрсетілетін мемлекеттік қызметті беруші арқылы;
      2) халыққа қызмет көрсету орталығында;
      3) мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында;
      4) электрондық форматта: электрондық үкіметтің веб-порталы, көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушінің интернет-ресурсы арқылы көрсетіледі.

      13-бап. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушінің
              тікелей мемлекеттік қызметтер көрсетуі

      Көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушінің тікелей мемлекеттік қызмет көрсетуінің талаптары мен тәртібі мемлекеттік қызметтер көрсету стандарты мен регламентінде айқындалады.

      14-бап. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында және
              мамандандырылған халыққа қызмет көрсету
              орталықтарында мемлекеттік қызметтер көрсету

      1. Көрсетілуі көрсетілетін қызметті алушының өтініші мен құжаттарын көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушілерге қағаз жеткізгіште жөнелтуді көздейтін мемлекеттік қызметтер халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілген кезде өтініштер мен құжаттар қабылданған күн мемлекеттік қызмет көрсету стандартында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кіреді.
      2. Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету стандартында көзделген құжаттардың тізбесін толық ұсынбаған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталығының және мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері көрсетілетін мемлекеттік қызметті алуға арналған өтініштерді қабылдаудан бас тартады.
      3. Халыққа қызмет көрсету орталықтары және мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушының жеке тұлғасын сәйкестендіруді халыққа қызмет көрсету орталықтарының және мамандандырылған халыққа қызмет көрсетудің орталықтарының қызметкерлері жүзеге асырады.
      4. Көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасы болмаған жағдайда, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері көрсетілетін қызметті алушының жазбаша келісімі негізінде көрсетілетін қызметті алушының сұратуын өзіне қызметтік мақсаттарда пайдалануға берілген электрондық цифрлық қолтаңбамен растайды.
      5. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда халыққа қызмет көрсету орталықтары, халыққа қызмет көрсетудің мамандандырылған орталықтары арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету электрондық нысанда да жүзеге асырылады.
      6. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру және ұйымдастыру тәртібі мен оларды әдіснамалық қамтамасыз етуді ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      7. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіруді және оларды әдіснамалық қамтамасыз етуді тиісті мемлекеттік қызметтерді көрсетушінің келісімі бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      8. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін ұйымдастыру тәртібін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша тиісті мемлекеттік қызметтерді көрсетуші айқындайды.

      15-бап. Электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету

      1. Электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету ақпараттық- коммуникациялық технологиялар арқылы жүзеге асырылады. Электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету процесінде мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижесін алғанға дейін қағаз түріндегі құжат айналымына жол берілмейді.
      2. Электрондық нысанда мемлекеттік қызмет көрсету көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасы, сондай-ақ жеке тұлға - көрсетілетін қызметті алушының жеке сәйкестендіру нөмірі, заңды тұлға - көрсетілетін қызметті алушының бизнес сәйкестендіру нөмірі болған жағдайда жүзеге асырылады.
      3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, электрондық немесе қағаз құжатты беру немесе мәліметтерді мемлекеттік органның, ақпараттық жүйесіне енгізу электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі болып табылады.
      4. Мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      16-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін
              оңтайландыру

      1. Мемлекеттік қызмет көрсету процестерін оңтайландыру оңтайландыруға жататын мемлекеттік қызметтер көрсетудің бәріне қатысты тұрақты негізде, оның ішінде:
      1) мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін автоматтандыру;
      2) көрсетілетін қызметті алушылардың қатысуынсыз көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушілермен және өзге де мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет көрсету кезінде қажетті ақпарат және құжаттар алмасу арқылы жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін оңтайландыру тәртібін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
      3. Оңтайландыру мерзімдері мен оңтайландырылуға тиіс көрсетілетін қызметтер тізбесін қызмет көрсетушілермен келісім бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      17-бап. Көрсетілетін қызметті алушыларды мемлекеттік
              қызметтер көрсетудің сапасы мен тәртібі туралы
              хабардар ету

      1. Мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы ақпарат:
      1) стандарттарды қызмет көрсетушінің интернет-ресурсында және «электрондық үкіметтің» веб-порталында орналастыру;
      2) стандарттарды көрсетілетін қызметті алушылар еркін қол жеткізетін және онымен танысуға мүмкіндік беретін мемлекеттік қызметтер көрсету орындарында орналастыру;
      3) мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы;
      4) көрсетілетін қызметті алушының өзі жүгінуі арқылы беріледі.
      2. Қызмет көрсетушілер мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушілер мемлекеттік қызмет көрсету стандарты қабылданған немесе өзгертілген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде оны көрсету тәртібі туралы ақпаратты өзектілендіреді.
      3. Қызмет көрсетушілер және берушілер қажетті түсініктемелерімен бірге мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы ақпаратты көрсетілетін қызметті алушыларға олар жеке жүгінген кезде дереу беруге міндетті.
      4. Мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы ақпарат көрсетілетін қызметті алушыға оның бірыңғай байланыс орталығына жүгінуі арқылы беріледі.
      5. Бірыңғай байланыс орталығының қызметін үйлестіруді және әдіснамалық қамтамасыз етуді, сондай-ақ оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
      6. Қызмет көрсетушілер қызмет көрсетушінің интернет-ресурсына және «электрондық үкіметтің» веб-порталына және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарына орналастыру арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызметі туралы есеп береді.
      7. Мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызмет туралы есепті қалыптастыру тәртібі мен беру мерзімдерін мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
      8. Қызмет көрсетушілер жылына кемінде бір рет көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушілердің, мүдделі жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызмет туралы есептерді жария талқылаулар жүргізеді. Жария талқылаулардың қорытындылары мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру және мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын жетілдіру кезінде пайдаланылады.

      18-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету үшін төлемақы

      1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметтер көрсету Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес ақылы негізде көрсетіледі.
      2. Тегін көрсетілуіне Қазақстан Республикасы заңдарымен кепілдік берілген мемлекеттік қызметтерді көрсеткені үшін көрсетілетін қызметті алушыға төлемақы белгілеуге жол берілмейді.
      3. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің ақылылық критерийлерін және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің төлемақысын есептеу әдістемесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      19-бап. Сотқа дейінгі шағымдану тәртібі

      1. Қызмет көрсетуші, көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын бұзған жағдайда көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті алу орны бойынша шағыммен жүгінуге құқылы.
      2. Көрсетілетін қызметті беруші және/немесе қызмет көрсетуші - жергілікті атқарушы орган көрсететін мемлекеттік қызметке сотқа дейінгі шағымдану тәртібі мынадай кезеңдерді көздейді.
      Көрсетілетін қызметті алушының шағымын көрсетілетін қызметті беруші және/немесе қызмет көрсетуші жергілікті атқарушы орган бес жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Осы кезеңде шағым қанағаттандырылмаған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету стандартын бекіткен қызмет көрсетуші орталық мемлекеттік органға жүгінеді. Қызмет көрсетуші орталық мемлекеттік органның шағымды қарау мерзімі бес жұмыс күнінен аспауы тиіс.
      Мемлекеттік қызмет көрсету стандартын бекіткен қызмет көрсетуші орталық мемлекеттік органның шешіміне көрсетілетін қызметті алушы қанағаттанбаған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгінеді.
      3. Мемлекеттік қызмет көрсету стандартын бекіткен қызмет көрсетуші орталық мемлекеттік орган көрсететін мемлекеттік қызметке сотқа дейінгі шағымдану тәртібі мынадай кезеңдерді көздейді.
      Көрсетілетін қызметті алушының шағымын мемлекеттік қызмет көрсету стандартын бекіткен қызмет көрсетуші орталық мемлекеттік орган бес жұмыс күні ішінде қарауы тиіс. Осы кезеңде шағым қанағаттандырылмаған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға жүгінеді.
      4. Қызмет көрсетушілер мен берушілер шағымды қарау кезінде:
      1) келіп түскен шағымдардың есебін міндетті түрде жүргізуге;
      2) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін объективті, жан-жақты және уақтылы, оның ішінде олардың қатысуымен қарауды қамтамасыз етуге;
      3) жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қолдануға міндетті.
      Шағымды қарау қорытындылары бойынша көрсетілген қызметті алушыға шағымның қанағаттандырылғаны немесе оны қанағаттандырудан бас тартылғандығы туралы дәлелді шешім жіберіледі. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға тиісті шағымды қарау қорытындыларының қысқаша сипаттамасымен оны тіркеу фактісі туралы хабарлама жіберіледі.
      5. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган шағымды қарау қорытындылары бойынша:
      1) көрсетілетін қызметті алушының шағымын қанағаттандырмау себептерін кешенді зерделеуді қамтамасыз етуге;
      2) қызмет көрсетушілер мен берушілер тарапынан заңсыз әрекетке жол берілген фактілер белгіленген жағдайда олардың атына көрсетілетін қызметті алушының бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруді талап етуді жіберуге;
      3) тиісті қызметті көрсетушілер мен берушілер тарапынан көрсетілетін қызметті алушының шағымын қанағаттандырудың уақтылылығы мен толықтығын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
      Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган шағымды он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
      6. Беруші, қызмет көрсетуші және мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган:
      1) шағымның негізділігін тексеруді/қайта тексеруді, оның ішінде жергілікті жерге барып жүргізу;
      2) мемлекеттік қызметтерді өзге де ұсынушылардан қосымша ақпарат алу мақсатында шағымды қарау мерзімін он жұмыс күнінен асырмай ұзартады.
      Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда шағымдарды қарау бойынша өкілеттік берілген лауазымды адам осы баптың 2, 3, 5-тармақтарында көрсетілген мерзімдер келгенге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей шағым берген көрсетілген қызметті алушыға шағымды қарау мерзімін ұзарту себептерін көрсете отырып, ұзарту туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз тасығышта берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) хабарлайды.
      7. Көрсетілетін мемлекеттік қызметті алушылардың шағымдары бойынша іс жүргізуді мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган, қызмет көрсетуші және берушімен іс жүргізу жөніндегі ішкі регламентке сәйкес іс жүргізудің басқа түрлерінен бөлек жүргізеді.
      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган шағымды қанағаттандырмаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушы сотқа жүгінуге құқылы.
      8. Көрсетілетін қызметті алушы сотқа дейінгі шағымданудың кез келген кезеңінде сотқа шағыммен жүгінуге құқылы. Шағымданудың сотқа дейінгі тәртібі көрсетілетін қызметті алушының сотқа жүгіну құқығын жоймайды.
      9. Қызмет көрсетушінің, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушінің, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын сақтамау немесе тиісінше сақтамау салдарынан келтірілген залалды өтеуі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

6-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау,
бақылау, қоғамдық мониторингілеу

      20-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалауды,
              бақылауды, қоғамдық мониторингілеуді жүргізу
              қағидаттары

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалауды, бақылауды, қоғамдық мониторингілеуді жүргізу мынадай қағидаттарға негізделеді:
      1) объективтілік;
      2) бейтараптылық;
      3) жан-жақтылық.

      21-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына бағалау
              жүргізу тәртібі

      Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалауды мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

      22-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына бақылау
              жүргізу тәртібі

      1. Мыналар:
      1) көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын, оның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттары мен регламенттерін бұзу фактілері мен себептері;
      2) көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қызметті алушылардың шағымдары және оларды қарау нәтижелері мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау нысанасы болып табылады.
      2. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бақылау ішкі және сыртқы бақылау болып бөлінеді.
      3. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына сыртқы бақылау жүргізу тәртібін мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды және оның ішінде мыналарды қамтиды:
      1) жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізудің тәртібі, мерзімдері және негіздері;
      2) қызмет көрсетушінің интернет-ресурсында, «электрондық үкіметтің» веб-порталында тексеру нәтижелерін орналастыру.
      4. Ішкі бақылауды жүргізу тәртібін қызмет көрсетуші мемлекеттік органдар үлгілік талаптар негізінде айқындайды және өздерінің құрылымдық және аумақтық бөлімшелеріне, жеке тұлғаларға, мемлекеттік мекемелер және осы қызмет көрсетушілерге ведомстволық бағынысты кәсіпорындарға, сондай-ақ мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға қатысты жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына ішкі бақылауды жүргізуге қойылатын үлгілік талаптарды мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
      5. Ішкі бақылау нәтижелерін қызмет көрсетуші мемлекеттік органдар жартыжылдықта бір рет не сұрату бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.

      23-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық
              мониторингі

      1. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторингін мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік тапсырысы арқылы мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын талдау, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына көрсетілетін қызметті алушылардың қанағаттану деңгейін зерттеу және айқындау мақсатында аккредиттелген коммерциялық емес ұйымдар жүргізеді.
      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингін коммерциялық емес ұйымдар жеке бастамасы бойынша және өз есебінен де жүргізе алады.
      2. Аккредиттелген коммерциялық емес ұйымдардың мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингін жүргізуін әдіснамалық қамтамасыз етуді мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
      3. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингін жүзеге асыратын тұлғаларды аккредиттеуді мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      4. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингін жүзеге асыратын тұлғаларды аккредиттеу мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізіледі.
      5. Аккредиттелген коммерциялық емес ұйымдар жүргізген қоғамдық мониторинг нәтижелерін қызмет көрсетушілер стандарттар мен регламенттерді қабылдау, өзгерту немесе жою мақсатында пайдаланады.

      24-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы Қазақстан
              Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін
              жауапкершілік

      Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету барысында алынған қызметтік, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді таратқаны үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарының және мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді берушілер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікте болады.

      25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Қолданыстағы мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары осы Заң қолданысқа енген күннен бастап үш айдан кешіктірмей осы Заң талаптарына сәйкес келтіруге жатады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады