"Төрелік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 163 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Төрелік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Төрелік туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында төрелік қызметі процесінде туындайтын қатынастарды, сондай-ақ Қазақстанда төрелік шешімдерді танудың және оларды орындаудың тәртібі мен шарттарын реттейді.

      1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Қолданылу аясы
      Осы Заң, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, төрелік шешетін дау субъектілерінің мемлекет ішінде немесе оның шегінен тысқары жерде орналасқанына (тіркелгеніне) қарамастан, жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған дауларға қатысты қолданылады.

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) Қазақстан Республикасының жариялы тәртібі – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде бекітілген құқық тәртібінің негіздері;
      2) сот – Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес бірінші саты бойынша азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар туралы істерді қарауға уәкілетті Қазақстан Республикасы сот жүйесінің соты;
      3) төрелік – нақты дауды қарау үшін арнайы құрылған төрелік немесе тұрақты әрекет ететін төрелік не дауды жеке-дара қарайтын төреші;
      4) төрелік келісім (төрелік ескерту) – тараптардың азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын немесе туындауы мүмкін дауды төрелікте қарауға беру туралы жазбаша келісімі;
      5) төрелік талқылау – дауды төрелікте қарап, төрелік шешім шығару процесі;
      6) төрелік талқылаудың тараптары – араларында төрелік келісім жасалған талапкер мен жауапкер;
      7) төрелік регламенті – тұрақты әрекет ететін төреліктің қызметін ұйымдастыру тәртібі;
      8) төрелік шешім – төрелік шығарған шешім;
      9) төреші – тараптар сайлаған немесе осы Заңға және/немесе дауды шешу үшін тиісті төреліктің регламентіне сәйкес тағайындалған жеке тұлға;
      10) іскерлік айналымның дағдылары – қандай да бір құжатта тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан қолданылатын құқыққа қайшы келмейтін, азаматтық-құқықтық шарттар саласында қалыптасқан және кеңінен қолданылатын ұстаным қағидалары.

      3-бап. Төреліктің түрлері
      1. Қазақстан Республикасында төреліктер тұрақты әрекет ететін төрелік немесе нақты дауды шешетін төрелік ретінде құрылуы мүмкін.
      Дауларды төреші жеке-дара не алқалы шешуі мүмкін.
      2. Тұрақты әрекет ететін төрелікті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған жеке және заңды тұлғалар құруы мүмкін.
      Тұрақты әрекет ететін төрелікті құру үшін осы тармақта көрсетілген тұлғалар төрелік регламентін, осы төрелікте қызметті жүзеге асыратын төрешілер тізімін бекітуге тиіс.
      3. Нақты дауды қарау үшін төрелікті тараптар өздерінің азаматтық-құқықтық қатынастарынан туындаған дауды шешу үшін құрады және сол дауды шешкенге дейін немесе тараптар дауды сотқа беру туралы шешім қабылдағанға дейін әрекет етеді.
      4. Қазақстан Республикасында төреліктер мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар жанынан құрыла алмайды, сондай-ақ оны табиғи монополия субъектілері және тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығында басым жағдайға ие субъектілер, дауыс беретін акцияларының елу және одан да көп пайызы (жарғылық капиталға қатысу үлесі) мемлекетке тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғалар құра алмайды.

      4-бап. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасы
      1. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      5-бап. Төрелік талқылаудың қағидаттары
      Төрелік талқылау:
      1) туындаған немесе туындауы мүмкін дау бойынша төрелік талқылауды жүзеге асырудың тәртібі мен шарттары мәселелерін тараптар өздерінің арасында алдын ала келісім бойынша дербес шешу құқығына ие екендігін білдіретін тараптар еркінің дербестігі;
      2) төрешілер мен төреліктер өздерінің шешімдерінде құқық тараптарының келісімі бойынша қолданылатын нормаларды ғана басшылыққа алатынын білдіретін заңдылық;
      3) өздеріне берілген дауларды шешу кезінде төрешілер мен төреліктердің тәуелсіздігін, оларға қандай да бір ықпал жасауды болдырмайтын жағдайларда шешім қабылдайтынын білдіретін тәуелсіздік;
      4) төрелік талқылауда тараптар құқықтардың бірдей көлемін пайдаланатынын және міндеттің бірдей көлемін көтеретінін, өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын дербес және қандай да бір жағдайдан тәуелсіз таңдайтынын білдіретін тараптардың жарыспалылығы және тең құқықтылығы;
      5) өздеріне берілген дауларды шешу кезінде төрешілер мен төреліктердің және төрелік талқылау тараптарының белгіленген талаптарды, қоғамның имандылық қағидаттарын және іскерлік әдеп қағидаларын сақтай отырып, адал әрекет етуге тиіс екендігін білдіретін әділеттілік;
      6) төрешілердің және төрелік талқылауға қатысушылардың төрелік талқылау барысында өздеріне белгілі болған мәліметтерді тараптардың немесе олардың құқық мирасқорларының келісімінсіз жария етуге құқылы еместігін және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, төрелік талқылау барысында өздеріне белгілі болған мәліметтер туралы куә ретінде олардан жауап алуға болмайтындығын білдіретін құпиялылық;
      7) жарамсыз төрелік ескертпенің күшін жою, оны өзгерту немесе тану негізгі келісімді тоқтатуға, өзгертуге немесе жарамсыз деп тануға әкеп соқпайтынын білдіретін төрелік келісімнің дербестілігі қағидаттарын сақтау арқылы жүзеге асырылады. Тиісінше, негізгі келісімнің күшін жою, оны өзгерту немесе жарамсыз деп тану төрелік ескертпені жарамсыз деп тоқтатуға, өзгертуге немесе тануға әкеп соқпайды.

      6-бап. Қарсылық білдіру құқығынан бас тарту
      Осы Заңның қандай да бір ережесінің немесе төрелік келісімнің қандай да бір талабының сақталмағанын және оның үстіне, осы мақсаттар үшін төрелік регламентінде айқындалған мерзім ішінде осындай сақталмауға қарсылықты мәлімдемей төрелік талқылауға одан әрі қатысып жатқанын білетін тарап өзінің қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан болып есептеледі.

      7-бап. Төрелік қызметіне араласуға жол бермеушілік
      Төрешілер мен төреліктер өздеріне берілген дауларды шешу кезінде тәуелсіз болады, осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, өздерінің қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың қандай да бір араласуы болдырылмайтын жағдайда шешімдер қабылдайды.

      8-бап. Дауды төреліктің шешуіне беру
      1. Тараптар арасында жасалған төрелік келісім болған кезде дауды төреліктің қарауына беруге болады.
      2. Төрелік келісімді тараптар арасында қандай да бір нақты азаматтық-құқықтық қатынас бойынша туындаған немесе туындауы мүмкін дауларға қатысты тараптар жасауы мүмкін.
      3. Соттың қарауында жатқан дауға қатысты төрелік келісім аталған сот дау бойынша шешім қабылдағанға дейін жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайда сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
      4. Талаптарын тараптардың бірі формулярларда немесе өзге стандарттық нысандарда айқындаған және басқа тарап ұсынылған шартқа тұтастай қосылуы (қосылу шарты) арқылы қабылдауы мүмкін болған шарт бойынша дауды шешу туралы төрелік келісім, егер мұндай келісім талап қою үшін негіздер туындағаннан кейін жасалса, жарамды болады.
      5. Төрелікке тараптардың келісімі бойынша жеке және (немесе) заңды тұлғалар арасында азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған даулар берілуі мүмкін.
      6. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, дауды тұрақты әрекет ететін төрелікке беру кезінде тұрақты әрекет ететін төреліктің регламенті төрелік келісімнің ажырамас бір бөлігі ретінде қарастырылады.
      7. Төрелік келісімнің қолданысы тараптар оны қандай тәртіппен жасасса, сондай тәртіппен тоқтатылуы мүмкін.
      8. Кәмелетке толмағандардың, заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған адамдардың мүддесін қозғайтын даулар, банкроттық немесе оңалту туралы, табиғи монополиялар субъектiлерi мен олардың тұтынушылары арасындағы даулар төреліктің қарауына жатпайды.
      9. Төрелік жеке мүліктік емес қатынастардан туындайтын, мүлікке байланысты емес, өмір мен денсаулыққа, жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға, адамның есіміне қатысты құқығына тиіспеушілікке байланысты дауларды қарауға құқылы емес.
      10. Төрелік бір жағынан Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары, екінші жағынан мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар арасындағы дауларды тиісті саланың уәкілетті органының келісімі болған жағдайда қарауға құқылы.

      9-бап. Төрелік келісімнің нысаны мен мазмұны
      1. Төрелік келісім жазбаша нысанда жасалады. Төрелік келісім, егер ол тараптар қол қойған немесе хаттар, телеграммалар, телефонограммалар, телетайпграммалар, факстер, электронды құжаттар алмасу арқылы жасалған құжатта немесе субъектілерді және олардың ерік білдіруін айқындайтын өзге құжаттарда төрелік ескерту түрінде жазылса, төрелік келісім жасалған болып есептеледі.
      2. Егер төрелік келісім сотта талап-арыз алмасу және талап қоюды қайтарып алу арқылы жасалса, онда тараптардың бірі істі төреліктің қарауына беруді ұсынса, ал екінші тарап бұған қарсы болмаса, ол жазбаша түрде жасалған болып есептеледі.
      3. Дауды төреліктің шешуіне беру туралы талап жазылған құжатқа сілтеме жасау шарт жазбаша түрде жасалған және бұл сілтеме төрелік келісімді шарттың бір бөлігі ретінде жасаған кезде төрелік келісім болып табылады.
      4. Төрелік шартта:
      1) тараптардың дауларды төрелікке беру туралы айқын көрсетілген ниеті;
      2) төрелік қарауға жататын нысананы көрсету;
      3) нақты төрелік институтын көрсету;
      4) төрелік талқылауды жүргізу регламентін (егер тұрақты әрекет ететін төрелік таңдап алынса) немесе тәртібін көрсету;
      5) бір жағынан Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары, екінші жағынан мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар арасындағы даулар қаралған жағдайда тиісті саланың уәкілетті органының келісімі қамтылуға тиіс.
      Төрелік келісімнің қосымша талаптары тараптардың келісімімен айқындалуы мүмкін.
      5. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей және жанама түрде мемлекетке тиесілі, төрелік келісім жасасуға ниет білдіретін жеке тұлғалар тиісті саланың уәкілетті органына осындай келісімді жасасуға келісім беретіні туралы сұрау салу жібереді. Тиісті саланың уәкілетті органы сұрау салуды бес күн ішінде қарап, келісетіні не дәлелді бас тартуы туралы жазбаша хабарлама жібереді. Тиісті саланың уәкілетті органы сұрау салуды қарау кезінде мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін және мүдделерін ескеруге тиіс.

      10-бап. Төрелiк келiсiм және даудың мәнi бойынша сотқа
              талап қою
      Төрелiк талқылау нысанасы бойынша талап қою берiлген сот, егер төрелік келiсiм жарамсыз, күшiн жойған немесе орындалуы мүмкін болмайтын деп таппаса, егер тараптардың кез келгенi бұл туралы өтiнсе, даудың мәнi бойынша өзiнiң алғашқы өтiнiшiн ұсынудан кешiктiрмей тараптарды төрелікке жiберуге тиiс.

      2-тарау. Төрелiктiң құрамы

      11-бап. Төрешiлер
      1. Iстiң нәтижесiне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi емес, тараптардан тәуелсiз болып табылатын және төрешiнiң мiндеттерiн атқаруға келiсiм берген, жасы отыз беске толған және жоғары заң бiлiмi мен тиісті салада кемінде бес жыл үздіксіз жұмыс өтілі бар жеке тұлға төрешi болып сайланады (тағайындалады).
      Дауды жеке-дара шешетін төрешінің жоғары заң білімі мен заң мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуға тиіс. Дауды алқалы шешетін жағдайда төрелік төрағасының жоғары заң білімі болуға тиіс.
      2. Төрешiлiкке кандидаттарға қойылатын қосымша талаптарды тараптар тiкелей келiсуi немесе тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік регламентiнде айқындауы мүмкін.
      3. Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiсiнде белгiленген тәртiппен судья сайлаған немесе тағайындаған;
      2) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған;
      3) соттылығы алынбаған немесе өтелмеген не қылмыс жасады деп айып тағылған адам;
      4) мемлекеттiк қызметшi, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты, өз қызметiн тұрақты немесе мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен ақысы төленетiн, жұмыстан босатылған негiзде жүзеге асыратын мәслихат депутаты және әскери қызметшi болып табылатын адам төрешi бола алмайды.

      12-бап. Төрешiлердiң дауды қарау кезiндегi саны
      1. Тараптар саны тақ болуға тиiс төрешiлер санын белгiлеуге құқылы.
      2. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда дауды төрелiкте шешу үшiн үш төрешi сайланады (тағайындалады).

      13-бап. Төрешілер алқасының құрамы
      1. Төрешілер алқасының құрамын құру тараптардың келiсiмi бойынша төрешiлердi (төрешiнi) сайлау (тағайындау) арқылы жүргiзiледi.
      2. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелікте төрешілер алқасының құрамын құру тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктiң регламентiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
      3. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төрешілер алқасының құрамын құру тараптармен келiсiлген тәртiппен жүргiзiледi.
      4. Тараптардың келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдiк не азаматтығы жоқ адам төрешi болып сайлануы мүмкін.
      5. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса немесе дауды тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік қарамайтын болса, үш төрешiден тұратын төрешілер алқасының құрамын құру кезiнде әрбiр тарап бiр төрешiнi тағайындайды және осылайша тағайындалған екi төрешi үшiншi – төрағалық ететін төрешiнi тағайындайды.
      6. Тараптардың келiсiмi болмаған жағдайда сот немесе тұрақты жұмыс істейтін төреліктің басшысы:
      1) тарап басқа тараптан бұл туралы өтiнiштi алған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде төрешiнi тағайындамаған;
      2) егер екi төрешi өздерiн тағайындаған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде үшiншi төрешiнi таңдау туралы уағдаласпаған;
      3) тараптар дауды жеке-дара қарайтын төрешiнi таңдау туралы уағдаласпаған жағдайларда, дау тараптарының бiрiнiң өтiнiшi бойынша төрешiлердi (төрешiнi) тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік құрамындағы адамдардың қатарынан күнтiзбелiк отыз күн iшiнде тағайындауы мүмкін.
      7. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік дауды қараған кезде, егер тараптар төрешілер алқасының құрамы туралы уағдаласпаса, төрешiлердi (төрешiнi) тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктiң басшысы күнтiзбелiк отыз күн iшiнде тағайындауы мүмкін.
      Тұрақты жұмыс істейтін төрелік басшысының төрешілерді тағайындау туралы шешімінің күші жойылуға жатпайды.

      14-бап. Төрешілер тізілімі
      1. Қазақстанның Төрелік палатасы төрешілер туралы деректерді пайдалану үшін Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асыратын төрешілердің бірыңғай тізілімін жүргізеді.
      2. Төрешілер тізілімі – Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асыратын төрешілер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық дерекқор.
      3. Төрешілер туралы ақпарат мүдделі тұлғаларға, соның ішінде мемлекеттік органдарға жұмыста пайдалану үшін электрондық анықтама нысанында беріледі.
      4. Төрешілер тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын Қазақстанның Төрелік палатасы бекітеді.
      5. Төрешілер тізілімі Қазақстанның Төрелік палатасының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылуға және оған төрешілердің кіргізілуіне қарай жаңартылып отыруға тиіс.

      15-бап. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік қызметiнiң шарттары
      1. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзінің төрешiлерiнiң тізілімін жүргізеді. Заңды мекенжайын және регламентін қоса алғанда, тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік туралы ақпарат, сондай-ақ төрешілердің тізілімі жеке және заңды тұлғалардың еркін танысуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернет-ресурстарда орналастырылады. Төреліктің шешімдері туралы ақпарат дау тараптарының келісімі болған кезде орналастырылады.
      Төрешілердің тізілімі төрешінің тегін, атын, әкесінің атын (болған жағдайда), жұмыс орны, лауазымы мен жұмыс кезеңі көрсетіле отырып, жұмыс тәжірибесін, ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағын (болған жағдайда), қараған істерінің санын қамтуға тиіс.
      2. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзінің регламентінде айқындалған тәртіппен қаралған даулар бойынша істерді сақтауды жүзеге асырады. Тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктің істерін сақтауды бақылауды Қазақстанның Төрелік палатасы жүзеге асырады.

      16-бап. Төрешiден бас тарту
      1. Төрешi осы Заңның 11-бабының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, тараптар төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.
      2. Төрешінің турашылдығына және (немесе) құзыреттілігіне күмән туғызатын мынадай мән-жайлар, егер:
      1) төрешімен тығыз байланысты адам дау тарапының бірі болып табылса немесе төреші дауды қараудың нәтижесіне қарай басқадай тұрғыда елеулі пайда табуды немесе зиян келтіруді күтетін болса;
      2) төреші немесе онымен тығыз байланысты адам дау тарапы болып табылатын заңды тұлғаның, оның филиалының немесе өкілдігінің жетекшісі болып табылса немесе басқадай тұрғыда тарапты немесе дауды қараудың нәтижесіне қарай елеулі пайда табуды немесе зиян келтіруді күтетін адамды білдіретін болса;
      3) төреші сарапшы ретінде болса немесе басқадай тұрғыда даудағы өз ұстанымын алдын ала анықтап қойған болса немесе тараптың ұстанымын алдын ала дайындауда немесе жазып беруде тарап жағына жәрдем көрсеткен болса;
      4) төреші осы істі қарауға байланысты осы Заңда көзделмеген сыйақы алса немесе оны талап етсе;
      5) төреші төрелік талқылау мерзімдерін негізсіз сақтамайтын болса төрешіден бас тартуға негіз болып табылады.
      Осы Заңның мақсаттары үшін, егер адам төрешінің жұбайы (зайыбы) немесе оның туысы, жегжаты не тұрақты жұмыс істейтін төреліктің қызметкері болып табылса, төрешімен еңбек немесе шарттық қатынастарда тұрса немесе оның төрешіге тәуелділігін куәландыратын өзге де байланысы болса, етене байланыстағы адам болып табылады.
      3. Қандай да бiр жеке адамға оның төрешi етiп сайлану (тағайындалу) мүмкiндiгiне байланысты өтініш білдірiлген жағдайда аталған адам осы Заңның 11-бабына сәйкес одан бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлардың бар екендiгі туралы хабарлауға тиiс. Егер аталған мән-жайлар төрелiк iс қарау кезiнде туындаған жағдайда, төрешi бұл туралы тараптарға кiдiрiссiз хабарлауға және өздiгiнен бас тартатыны туралы мәлiмдеуге тиiс.
      4. Тарап, егер бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар оған осы істі қарау үшін төрелік құрамын қалыптастырғаннан кейін ғана белгiлi болған жағдайда, ол осы бапқа сәйкес өзi сайлаған төрешiден бас тарту туралы мәлiмдеуi мүмкiн.
      5. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiкте төрешiден бас тарту рәсiмi оның регламентiнде айқындалуы мүмкiн.
      6. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төрешiден бас тарту рәсiмiн тараптар келiсуi мүмкiн.
      7. Егер төрешiден бас тарту рәсiмi тараптармен келiсiлмесе немесе тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде айқындалмаса, онда тарап төрешiден бас тарту туралы жазбаша дәлелдi өтiнiштi төрешiден бас тарту үшiн негiз болып табылатын мән-жайлар өзiне белгiлi болғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде төрелiкке беруге тиiс.
      Егер өзiнен бас тарту мәлiмделген төрешi оны қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда төрелiктiң құрамына кiретiн төрешiлер тараптардың жазбаша дәлелдi өтiнiшi алынған кезден бастап он күн мерзiмде бас тарту туралы мәселенi шешедi.
      Дауды жеке-дара қарайтын төрешiнiң бас тартуы туралы мәселенi сол төрешi шешедi.
      Егер дауды жеке-дара қарайтын төрешi тараптардың бiрiнiң немесе екеуiнiң де бас тарту туралы өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартса немесе тараптардың бiрi төрешiден бас тартумен келiспесе, онда тараптар бас тарту туралы мәселенi төреліктің осы құрамының төрелiк талқылауды тоқтатуы туралы келiсiм қабылдау арқылы шешедi.

      17-бап. Төрешінің өкілеттіктерін тоқтату
      1. Төрешінің өкілеттіктері тараптардың келісімі бойынша осы Заңның 16-бабында көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ өз өкілеттіктерін дауды қарау бойынша белгіленген мерзім ішінде орындамаған немесе ауруы бойынша, қайтыс болуына не дауды қарау бойынша өз өкілеттіктерінен бас тартуына байланысты өз міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіз болған жағдайда, тоқтатылуы мүмкін.
      Осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздердің қайсыбіріне қатысты келіспеушілік болған жағдайда, кез келген тарап тұрақты жұмыс істейтін төрелік басшысына төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешім қабылдау туралы өтінішхатпен жүгінуі мүмкін.
      Төрешінің өкілеттіктерін тоқтатуға қатысты шешімнің күші жойылуға жатпайды.
      2. Дауды жеке-дара қараған төреліктің немесе төрешінің өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда, қарауда жатқан дау бойынша іс жүргізу басқа төрелікті (төрешіні) сайлағанға (тағайындағанға) дейін тоқтатыла тұрады.
      3. Төрешінің өкілеттіктері нақты іс бойынша шешім күшіне енгеннен кейін немесе егер тараптар мұндай тоқтатуға қатысты уағдаласқан жағдайда тоқтатылады. Осы Заңның 44-бабында көзделген жағдайларда төрешінің өкілеттіктері қайта басталады, ал бұдан соң аталған бапта көзделген процестік әрекеттер жасалғаннан кейін тоқтатылады.

      18-бап. Төрешіні ауыстыру
      Төрешінің өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда, ауыстырылатын төрешіні сайлау (тағайындау) кезінде қолданылған қағидаларға сәйкес басқа төреші сайланады (тағайындалады).
      Ауыстыру тәртібімен сайланған (тағайындалған) төреші іс бойынша қайта тыңдауды тағайындауға құқылы.

      19-бап. Қазақстанның Төрелік палатасы
      1. Қазақстанның Төрелік палатасы – Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында төрелік қызметін іске асыру, ынталандыру және қолдау үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсаттарында құрылған, коммерциялық емес, өзін-өзі реттейтін ұйым.
      Қазақстанның Төрелік палатасының қызметі осы Заңмен және жарғымен реттеледі. Қазақстанның Төрелік палатасы заңды тұлға болып табылады және заңда белгіленген тәртіппен тіркелуге жатады.
      2. Қазақстанның Төрелік палатасының міндеттері:
      1) төрешілердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдарында, шетелдік және халықаралық ұйымдарда өзге де жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау;
      2) дауларды шешудің баламалы әдістерін дамыту саласында ұлттық және халықаралық деңгейлердегі іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ оларға қатысу;
      3) төрелік саласында зерттеулер жүргізу дауларды шешудің баламалы әдістері бойынша халықаралық ұйымдармен бірлескен жобаларға қатысу;
      4) төрелік қызметті мониторингтеу, тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің ішкі құжаттарын, Қазақстан Республикасының төрелік практикасын біріздендіру;
      5) халықаралық маңызы бар сертификаттар бере отырып, төрешілер даярлау;
      6) осы Заңға және Қазақстанның Төрелік палатасының құрылтай құжаттарына сәйкес өзге де міндеттер.
      3. Төрешілер, сондай-ақ Қазақстанның Төрелік палатасының мақсаттарына бірлесіп жетуге мүдделі, кіру жарнасын енгізген және мүшелік жарна төлейтін жеке тұлғалар Қазақстанның Төрелік палатасының мүшелері бола алады.
      4. Қазақстанның Төрелік палатасы басқару органдары:
      1) жоғары басқару органы – мүшелердің жалпы жиналысы;
      2) тұрақты жұмыс істейтін алқалы басқару органы – басқарма;
      3) атқарушы жеке-дара орган – басқарма төрағасы;
      4) Қазақстанның Төрелік палатасының қаржылық-шаруашылық қызметін ішкі бақылау органы – тексеру комиссиясы (ревизор) болып табылады.

      3-тарау. Төрелік талқылауды жүргізу

      20-бап. Төреліктің өз құзыреті туралы қаулы және талап қоюды
              қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы өкім
              шығару құқығы
      1. Төрелік өзіне шешуге берілген дауды қарауға өкiлеттiктepi (юрисдикциясы) бар немесе жоқ екендiгi туралы мәселенi, оның iшiнде тараптардың бiрi төрелiк келiсiм жарамсыз деген себеппен төрелiк талқылауға қарсылық бiлдiрген жағдайда дербес шешедi. Бұл мақсат үшін шарттың бір бөлігі болып табылатын төрелік ескертпе, шарттың басқа талаптарына тәуелді емес келісім ретінде түсіндіріледі. Төреліктің шарттың жарамсыздығы туралы шешім шығаруы төрелік ескертпенің жарамсыздығына әкеп соқпайды.
      2. Тарап даудың мәнi бойынша алғашқы өтiнiш берiлгенге дейiн төрелiктiң өзiне шешуге берiлген дауды қарауға төрелiктің өкiлеттiктерi жоқ екенi туралы мәлiмдеуге құқылы.
      3. Егер төрелiк талқылау барысында қаралуы төрелiк келiсiмде көзделмеген мәселе төрелiк талқылаудың нысанасына айналса, не ол осы iс қарауда қолданылатын құқық нормаларына немесе төрелiк талқылау қағидаларына сәйкес төрелiк талқылаудың нысанасы бола алмаса, тарап төрелiктiң өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны туралы мәлiмдеуге құқылы.
      4. Төрелiк осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жасалған өтiнiштi он күн мерзiмде қарауға мiндеттi. Өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша ұйғарым шығарылады.
      5. Егер төрелiк өзiнiң құзыретi туралы мәселенi қарау кезiнде төрелiктiң дауды қарауға өкiлеттiктерi жоқтығы туралы ұйғарым шығарса, онда төрелiк дауды мәнi бойынша қарай алмайды.
      6. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік кез келген тараптың өтiнiшi бойынша қандай да бiр тараптың өзi қажет деп есептеген даудың нысанасына қатысты талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде осындай шаралар қабылдауы туралы өкiм ете алады, бұл туралы ұйғарым шығарады.

      21-бап. Төрелiк талқылау қағидаларын айқындау
      1. Төрелiк талқылауды тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік өзiнiң регламентiне және төрелiк келісімге сәйкес жүзеге асырады.
      2. Төрелiк нақты дауды шешу үшiн төрелік талқылауды тараптармен келiсiлген қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.
      Тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктiң регламентiнде, сондай-ақ осы Заңның ережелерiнде айқындалмаған және тараптармен келiсiлмеген төрелік талқылаудың қағидаларын төрелік айқындайды.
      3. Төрелiк сотқа берілген өкiлеттiктер кез келген дәлелдемеге жол берушілікті, оның қатыстылығын, мәнін және маңызын айқындауға арналған өкiлеттiктерді қамтиды.

      22-бап. Төрелiктің орны
      Тараптар, дау тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктiң қарауына берiлетiн жағдайды қоспағанда, төреліктiң орнын өз қалаулары бойынша айқындай алады. Мұндай уағдаластық болмағанда, төреліктiң орнын, тараптар үшiн қолайлылық факторын қоса алғанда, iстiң мән-жайларын ескере отырып, төрелік айқындайды.

      23-бап. Талап-арыз
      1. Талапкер өзiнiң талаптарын талап-арызда баяндайды, ол төрелікке жазбаша нысанда берiледi. Талап-арыздың көшiрмесi жауапкерге берiледi.
      2. Талап-арызда:
      1) талап-арыздың берiлген күнi;
      2) тараптардың атауы, олардың пошталық мекенжайы және банк деректемелерi;
      3) төрелікке жүгiну негiздемесi;
      4) талапкердiң талаптары;
      5) талапкер өзiнiң талаптарын негiздеген мән-жайлар;
      6) талап қою талаптарының негiздерiн растайтын дәлелдемелер;
      7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;
      8) талап-арызға қоса берiлетiн құжаттар мен өзге де материалдардың тiзбесi көрсетiлуге тиiс.
      Талап-арызға талапкер немесе сенiмхаттың немесе өкiлдiң өкiлеттiгiн куәландыратын өзге құжаттың түпнұсқасы қоса берiле отырып, оның өкiлi қол қоюға тиiс.
      3. Төрелiктiң регламентiнде талап-арыздың мазмұнына қосымша талаптар көзделуi мүмкін.

      24-бап. Талап-арызға пiкiр
      1. Жауапкер талапкерге және төрелікке онда өзiнiң талап қоюға қарсылықтарын баяндай отырып, талап-арызға пiкiр ұсынуға құқылы. Талап-арызға пiкiр төреліктiң регламентiнде көзделген тәртiппен және мерзiмдерде талапкерге және төрелікке берiледi.
      Егер төреліктiң регламентiнде талап-арызға пiкiр беру мерзiмi айқындалмаса, онда көрсетiлген пiкiр, төреліктiң бiрiншi отырысына дейін кемiнде күнтiзбелiк он күн қалғанда ұсынылады.
      2. Тарап төрелік iс қарау барысында өзiнiң талап-арыздарын немесе талап қоюға қарсылықтарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.

      25-бап. Төрелiк талқылауды қозғау
      1. Төрелiк талап-арызды қабылдап, күнтізбелік он күн ішінде төрелік регламентiне немесе тараптар келiскен қағидаларға сәйкес төрелік талқылауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралатын орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап-арызға жазбаша пiкiр берудi ұсынады.
      2. Жауапкердiң қарсылықтарын бермеуі дауды қарауға кедергi бола алмайды.

      26-бап. Төрелiк талқылаудың басталуы
      1. Егер тараптардың келiсімімен өзгеше көзделмесе, төрелiк дәлелдемелерді беру үшін немесе ауызша жарыссөздер үшін істі ауызша тыңдау өткізу не құжаттар мен басқа да материалдар негізінде ғана талқылауды жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды. Алайда, егер тараптар ауызша тыңдауды өткізбеуге уағдаласпаса, төрелiк мұндай тыңдауды тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша талқылаудың тиiстi сатысында өткізуге тиіс.
      2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, нақты дауға қатысты төрелiк талқылау осы дауды төрелiкке беру туралы өтінішті жауапкер алған күні басталады.
      3. Егер тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, төрешi тараптарға төрелік отырысының уақыты мен орны туралы алдын ала және тиiстi түрде хабарлама тапсыруға мiндеттi.
      4. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда тараптардың бiрi төрелікке ұсынатын барлық құжаттардың, материалдардың көшiрмелерi мен ақпаратты төрелік олар төрелікке келiп түскен күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде екiншi тарапқа беруге тиiс. Төрелiк сараптамалық қорытындыларды тараптарға төрелік талқылау басталғанға дейiн беруге тиiс.

      27-бап. Талап-арызды қайтару
      1. Төрелiк егер:
      1) тараптар арасында төрелік келісім болмаса;
      2) талап қою төрелік келiсiмде көзделмеген төрелікке берiлсе;
      3) талап қоюдың нысанасы төрелік келiсiмнiң шеңберiнен тыс болса;
      4) төрелік келісімнің қатысушылары болып табылмайтын үшінші тұлғалардың мүдделерін қозғаса;
      5) талап-арызға қол қоюға өкiлеттiктерi жоқ адам қол қойса;
      6) талапкер талап-арызды қайтарып алу туралы өтініш берсе;
      7) осы немесе басқа төреліктің іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде іс бар болса, талап-арызды қайтарады.
      2. Талап-арыз қайтарылған кезде төрелік дәлелді ұйғарым шығарады.
      3. Арыздың қайтарылуы талапкердің сол жауапкерге сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қойып, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, тиісті тұрақты жұмыс істейтін төреліктің регламентінде немесе тараптардың келісімінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, төрелікке қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.

      28-бап. Төрелік талқылаудың тілі
      1. Тараптар төрелік талқылау барысында пайданылатын тiл немесе тiлдер туралы өз қалаулары бойынша уағдаласуы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда төрелік талқылау тілі төрелікке талап-арыз қай тілде берілуіне байланысты төреліктің ұйғарымымен белгіленеді.
      Егер талқылауға дайындық барысында төрелікте өкілі талап-арыз берген тілді талапкердің меңгермегені анықталса, онда талапкердің жазбаша өтініші бойынша сот төрелік талқылаудың тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
      Төрелiк талқылау жүргiзiлiп отырған тiлдi меңгермеген iске қатысушы адамдарға аудармашы арқылы iс материалдарымен танысу, төрелік талқылауға қатысу құқығы, төрелікте ана тiлiнде сөйлеу құқығы қамтамасыз етiледi. Бұл ретте тарап аудармашының төрелік талқылауға қатысуын дербес қамтамасыз етеді.
      2. Құжаттар мен өзге де материалдарды төрелік талқылау тiлiнде (тiлдерiнде) ұсынбаған тарап олардың аудармасын қамтамасыз етедi, бұл ретте төреліктiң регламентiнде не тараптардың келiсiмiнде қосымша талаптар айқындалуы мүмкін.
      3. Төрелiк тараптардан құжаттар мен өзге де материалдардың төрелік талқылау тiлiндегi (тiлдерiндегi) аудармасын талап ете алады.
      4. Төреліктің құжаттары және өзге де материалдары төрелік талқылаудың тілінде іске қатысушы адамдарға табыс етіледі.

      29-бап. Құжаттарды ұсынбау немесе тараптардың келмей қалуы
      1. Құжаттар мен өзге де материалдарды ұсынбау, оның iшiнде төрелік отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етiлген тараптардың бiрiнiң немесе олардың өкiлдерiнiң төрелік отырысына келмей қалуы, егер құжаттар мен өзге де материалдардың ұсынылмау себептерiн немесе тараптардың төрелік отырысына келмей қалуын ол дәлелсiз деп таныса, ұсынылып отырған материалдар мен дәлелдемелер негiзiнде төрелік талқылау және төреліктiң шешiм қабылдауы үшiн кедергi болып табылмайды.
      2. Жауапкердiң талап қоюға қарсылықтар ұсынбауын талапкердiң талаптарын тану ретiнде қарауға болмайды.

      30-бап. Тараптардың жазбаша хабарламаны алуы
      Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса:
      1) егер кез келген жазбаша хабарлама адресаттың тұрақты тұрғылықты жерi бойынша немесе пошталық мекенжайы бойынша оның жеке өзіне жеткiзiлсе, ол алынды деп есептеледi; мұндайларды ақылға қонымды анықтама жүргізу арқылы анықтау мүмкін болмаса, егер ол соңғы белгiлi тұратын жерiне тапсырыс хатпен немесе осы хабарламаны жеткiзу әрекетiн тiркеудi көздейтiн өзге де түрде жiберiлсе, жазбаша хабарлама алынды деп есептеледi;
      2) жазбаша хабарлама осындай жеткiзiлген күнi алынды деп есептеледi.

      31-бап. Тараптардың құқықтары
      Төрелiк талқылауға қатысушы тараптардың:
      1) iс материалдарымен танысуға және осы материалдардан көшiрмелер алуға;
      2) дәлелдемелердi ұсынуға;
      3) өтiнiш бiлдiруге, төрешiлерден бас тартуға;
      4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруге;
      5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерiн ұсынуға;
      6) басқа тараптың өтiнiштерiне және дәлелдерiне қарсылық бiлдiруге;
      7) төрелік отырыс хаттамасымен танысуға және ол бойынша жазбаша ескертулер беруге;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес сот алдында төреліктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы өтiнiш беруге;
      9) осы Заңда белгiленген жағдайларда төреліктiң шешiмiн бұзу туралы өтініш беруге;
      10) істі бітімгершілік келісімімен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтауға құқығы бар.

      32-бап. Тараптардың төрелік отырысына қатысуы
      1. Әрбiр тарапқа өз ұстанымын баяндау және өзiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн тең мүмкіндiктер берiлуге тиiс.
      2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік iс қарау тараптардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысуымен төреліктiң жабық отырысында жүзеге асырылады.
      Тараптар өкiлдерiнiң өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресiмделуге тиiс.
      3. Төреліктің отырысы (оның бөлігі) тараптардың өтінішімен не төреліктің бастамашылығымен төрелікке және тараптарға бір-бірін есту және/немесе көру мүмкіндігін қамтамасыз ететін бейнеконференция байланысы мен өзге де бағдарламалар, техникалық құралдар пайдаланыла отырып online режимінде өткізілуі мүмкін.
      Бұл ретте төрелік келісімде көрсетілген төрелік талқылаудың орны отырыс өткізу, шешім шығару орны болып табылады.

      33-бап. Дәлелдемелерді ұсыну және зерттеу
      1. Әрбiр тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негiздемесi ретiнде сiлтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиiс. Төрешi, егер ұсынылған дәлелдемелерді жеткiлiксiз деп тапса, тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етудi ұсынуға құқылы.
      2. Төрешілер, егер тараптар ұсынған дәлелдемелердің дауға қатысы болмаса немесе мұндай дәлелдемелердің ұсынылған уақыты ескеріле отырып бас тарту орынды болып табылса, дәлелдемелерді қабылдаудан бас тартуға құқылы.
      3. Төрешi iс бойынша қолда бар барлық дәлелдемелердi тiкелей зерттеуге мiндеттi.

      34-бап. Төрелік тағайындаған сарапшы
      1. Егер төрелік талқылауға қатысушы тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төрелік:
      1) төрелік айқындайтын нақты мәселелер бойынша өзiне қорытындылар беруi үшiн бiр немесе бiрнеше сарапшы тағайындауы;
      2) тараптан iске қатысты кез келген ақпаратты сарапшыға ұсынуын не оған iске қатысты құжаттардың, тауарлардың немесе басқа да мүлiктiң тексерiп қарау үшiн ұсынылуын немесе тексерiп қарауға мүмкіндiк берiлуiн талап eтуi;
      3) егер бұл мәселелерді тараптар арнайы ескертпесе, сараптама жүргізу және сарапшының қатысуына ақы төлеуге арналған шығыстарды бөлуді қоса алғанда, төрелік талқылауға сарапшының қатысуына қатысты өзге де мәселелерді шешуі мүмкін.
      2. Сараптамалық қорытынды жазбаша нысанда беріледі.
      3. Тараптардың өзге жөнінде уағдаластығы болмаған кезде, егер тарап бұл туралы өтiнсе немесе төрелік оны қажет деп есептесе, сарапшы өзiнiң жазбаша қорытындысын ұсынғаннан кейiн тыңдауға қатысуға тиiс, онда тараптарға оған сұрақтар қою және даулы мәселелер бойынша айғақтар беру үшiн мамандар ұсыну мүмкіндiгi берiледi.

      35-бап. Істі төрелік талқылауға дайындау, дауларды қарау
              және шешу мерзімдері
      1. Егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, істі төрелік талқылауға дайындау арыз қабылданған күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Аса күрделі істер бойынша ерекше жағдайларда бұл мерзім төрешінің дәлелді ұйғарымы бойынша бір айға дейін ұзартылуы мүмкін.
      2. Егер регламентте немесе тараптардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, төрелік дауларды төрелік талқылауға істерді дайындау аяқталған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде қарайды және шешеді.
      3. Қаралып жатқан даудың күрделілігіне қарай төрелік белгіленген мерзімдерді ұзартуы мүмкін.
      4. Егер төреші төрелік талқылауды негізсіз кешіктірсе, тараптардың төрешіден бас тарту туралы және жаңа төреші тағайындау туралы өтініш жасауға құқығы бар.

      36-бап. Төрелiк отырыстың хаттамасы
      1. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік отырысында хаттама жүргiзiледi.
      2. Төрелік отырысының хаттамасы iстi талқылаудың барлық елеулi кездерiн көрсетуге тиiс.
      Төрелік отырысының хаттамасында:
      1) төрелік отырысының жылы, айы, күнi және орны;
      2) төрелік отырысының басталу және аяқталу уақыты;
      3) iстi қарайтын төреліктің атауы, төрешілердің, төрелік отырысы хатшысының тегi және аты-жөнi;
      4) iстiң атауы;
      5) iске қатысушы адамдардың, өкiлдердiң, куәлардың, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келуi туралы мәлiметтер;
      6) iске қатысушы адамдарға, өкiлдерге олардың процестiк құқықтарын түсiндiру туралы мәлiметтер;
      7) төрағалық етушiнiң (жеке-дара төрешінің) өкiмдерi және төреліктің отырыс залында төрелік шығарған ұйғарымдар;
      8) iске қатысушы адамдардың және өкiлдердiң арыздары, өтiнiшхаттары, ұсыныстары мен түсiнiктемелерi;
      9) куәлардың айғақтары, сарапшылардың өз қорытындыларын ауызша түсiндiруi, мамандардың түсiнiктемелерi;
      10) құжаттарды жария ету туралы мәлiметтер, заттай дәлелдемелердi тексерiп қарау деректерi, дыбыс жазбаларын тыңдау, бейнежазбаларды, киноматериалдарды қарау;
      11) төреліктің отырыс залында болған сұрақтар мен жауаптардың мазмұны;
      12) шешiмдер мен ұйғарымдардың мазмұнын жариялау және түсiндiру, оларға шағымдану тәртiбi мен мерзiмiн түсiндiру туралы мәлiметтер;
      13) iске қатысушы адамдарға хаттамамен танысу және ол бойынша ескертулер беру құқықтарын түсiндiру туралы мәлiметтер;
      14) хаттаманың жасалған күнi көрсетiледi.
      3. Төрелік отырысының хатшысы хаттама жасайды, оны төрелік талқылау тараптарының келiсiмi бойынша не тұрақты жұмыс iстейтiн төреліктің регламентiне сәйкес төрелік тағайындайды.
      4. Iске қатысушы адамдар және олардың өкiлдерi хаттаманың қандай да бiр бөлiгiн жариялау, өздерi iс үшiн елеулi деп санайтын мән-жайлар жөнiндегi мәлiметтердi хаттамаға енгiзу туралы өтiнiм жасауға құқылы.
      5. Хаттама төрелік отырысы аяқталғаннан кейiн үш жұмыс күнінен кешiктiрiлмей жасалуға және оған қол қойылуға тиiс.
      Күрделi iстер бойынша төрелік отырысының хаттамасын жасау және оған қол қою неғұрлым ұзақ мерзiмде, бiрақ төрелік отырысы аяқталғаннан кейiн бес жұмыс күнінен кешiктiрiлмей жүзеге асырылуы мүмкiн.
      6. Хаттамаға төрағалық етушi мен хатшы қол қояды. Барлық өзгерiстер, түзетулер, толықтырулар хаттамада ескертiлуге және олардың қолдарымен куәландырылуға тиiс.

      37-бап. Хаттамаға ескертулер жасау
      Төрелік талқылауға қатысушы адамдар немесе олардың өкілдері төрелік отырысының хаттамасымен оны әзірлеген және оған қол қойған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде танысуға және бес жұмыс күні ішінде хаттамаға ондағы жол берілген дұрыс еместікті немесе жасалған әрекеттердің және олардың нәтижелерін тіркеудің (көрсетудің) толық еместігін көрсете отырып, жазбаша түрде ескертулер беруге құқылы.

      38-бап. Хаттамаға жасалған ескертулерді қарау
      1. Хаттамаға жасалған ескертулерді оған қол қойған төрағалық етуші (жеке-дара төреші) қарайды, ол ескертулермен келіскен жағдайда олардың дұрыстығын куәландырады.
      2. Берілген ескертулермен төрағалық етуші (жеке-дара төреші) келіспеген жағдайда, олар істі қарауға қатысатын адамдарды хабарландыра отырып, төрелік отырысында қаралады. Істі қарауға қатысатын адамдардың келмеуі хаттамаға жасалған ескертулерді қарауға кедергі болып табылмайды. Ескертулерді қараудың нәтижесінде төрағалық етуші (жеке-дара төреші) олардың дұрыстығын куәландыру не оларды толығымен немесе ішінара қабылдамау туралы ұйғарым шығарады. Барлық ескертулер іске тігіледі.
      3. Хаттамаға жасалған ескертулер оларды берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
      4. Төрағалық етуші (жеке-дара төреші) іс бойынша қандай да бір объективті себептер бойынша хаттамаға берілген ескертулерді қарай алмайтын жағдайда, олар іс материалдарына тігіледі.

      39-бап. Соттың қамтамасыз ету шараларын ұсынудағы
              және дәлелдемелер алудағы жәрдемi
      1. Тараптар төрелiк талқылау кезiнде осы Заңның 20-бабының
6-тармағында көзделген жағдайда талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуге құқылы. Соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым қабылдауы төрелiк келiсiммен үйлеспеушілік болып табылмайды.
      2. Төрелiкте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтiнiштi тарап сотқа төрелiк талқылау жүзеге асырылатын орны немесе оған қатысты қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкiн мүлiктiң тұрған жерi бойынша бередi.
      3. Соттың төрелiкте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтiнiштi қарауы және оның талап қоюды қамтамасыз ету немесе оны қамтамасыз етуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      4. Төрелiкте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша осы ұйғарымды шығарған сот жоюы мүмкiн. Төрелiктің талап қою талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі соттың қамтамасыз ету шараларын жою үшін негіз болып табылады.
      5. Төрелiк немесе төрелiктiң келiсiмiмен тарап сотқа дәлелдемелер алуға жәрдемдесу туралы өтiнiшпен жүгіне алады. Сот осы өтiнiштi Қазақстан Республикасының процестік заңнамасына сәйкес қарайды.

      40-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу
      1. Қарсы талаптың талапкердiң талаптарымен өзара байланысы болған жағдайларда, сондай-ақ төрелiктiң қарсы талап қоюды төрелiк келiсiмге сәйкес қарауы мүмкiн болатын жағдайларда жауапкер талапкерге қарсы талап қоюға құқылы.
      2. Егер тараптар қарсы талап қою үшiн өзге мерзiмге келiспесе, қарсы талап қою төрелiк шешiм қабылдағанға дейiн төрелiк талқылау барысында қойылуы мүмкiн.
      3. Қарсы талап қою осы Заңның 23-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келуге тиiс.
      4. Талапкер төрелiк талқылау регламентiнде немесе қағидаларында көзделген тәртiппен және мерзiмдерде қарсы талап қоюға қарсылықтарын ұсынуға құқылы.
      5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда жауапкер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарын сақтай отырып, қарсы талап қоюды есепке алуды талап етуге құқылы.

      4-тарау. Төрелiкте дауды шешуге байланысты
               шығыстар

      41-бап. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстар
      1. Дауды төрелiкте шешуге байланысты шығыстарға:
      1) төрешiлердiң гонорары;
      2) төрешiлердiң төрелiкте талқылауға қатысуына байланысты шеккен шығыстары, оның iшiнде дау қаралатын жерге жол жүру, онда тұру және тамақтану ақысының шығыстары;
      3) сарапшыларға және аудармашыларға төленуге тиiстi сомалар;
      4) төрешiлердiң жазбаша және заттай айғақтарды олардың тұрған жерiнде тексеріп қарауға және зерттеуге байланысты шеккен шығыстары;
      5) куәлар шеккен шығыстар;
      6) төрелiк шешiм өз пайдасына шығарылған тараптың өкiлі көрсеткен қызметтерiнiң ақысын төлеуге жұмсалған шығыстары;
      7) тұрақты жұмыс істейтін төреліктің оның қарау орнын қамтамасыз етуге байланысты шығыстарынан басқа, төрелiк талқылауды ұйымдастыруға және материалдық қамтамасыз етуге жұмсалған шығыстары кiредi.
      2. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiкте төрешiлер гонорарының мөлшерiн тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде көзделген төрешiлер гонорарларының шәкiлiне сәйкес төрелiктiң құрамы айқындайды.
      Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiктiң регламентiнде төрешiлер гонорарының белгiленген мөлшерiне нұсқау болмаған кезде төрелiк төрешi гонорарының мөлшерiн дау бойынша талқылаудың әрбiр нақты жағдайында, талап қоюдың бағасын, даудың күрделiлiгiн, төрешiлердiң төрелiк талқылауға жұмсаған уақытын және iске қатысты кез келген басқа да мән-жайларды ескере отырып, айқындауы мүмкiн.
      3. Төрелiкте нақты дауды шешу үшiн төрешiлер гонорарының мөлшерi тараптардың келiсiмi бойынша айқындалады, ал мұндай келiсiм болмаған кезде тұрақты жұмыс iстейтiн төрелiк үшiн көзделген тәртiппен нақты дауды шешуге арналған төрелiк айқындайды.

      42-бап. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу
      1. Тараптар арасында төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлудi төрелiк тараптардың келiсiмiне сәйкес, ал мұндай келiсiм болмаған кезде қанағаттандырылған және қабылданбаған талаптарға барабар жүргiзедi.
      2. Егер келтiрiлген шығыстарды өтеу туралы талап төрелiкте талқылау барысында мәлiмделсе және оны төрелiк қанағаттандырған болса, төрелiктiң шешiмi өз пайдасына шешiлген тараптың өкiлі көрсеткен қызметтердің төлеміне жұмсалған шығыстар, сондай-ақ төрелiк талқылауға байланысты өзге де шығыстар төрелiктiң шешiмi бойынша екінші тарапқа жатқызылуы мүмкiн.
      3. Төрелiкте дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу төрелiктiң шешiмiнде немесе ұйғарымында көрсетiледi.
      4. Талапкер талап қоюдан бас тартқан кезде оған келтірілген шығыстарды жауапкер өтемейді.

      43-бап. Төрелікте дауларды шешуге байланысты шығыстарды
              қамтамасыз ету
      1. Төрешілер өздері төрелікте дауларды шешуге байланысты шеккен шығыстарының қамтамасыз етілуін тараптардан талап етуге құқылы. Төрешілер жекелеген талаптарға қатысты жекелеген қамтамасыз етуді айқындауға құқылы. Егер тараптардың бірі төрешілер белгіленген мерзімде талап етілетін қамтамасыз етудің өз бөлігін бермесе, басқа тарап толық қамтамасыз етуді енгізу мүмкін. Егер талап етілетін қамтамасыз етуді тараптар бермесе, төрешілер талқылауды толық немесе ішінара тоқтатуға құқылы.
      Төрешілер төрелік талқылау процесінде берілген қамтамасыз етуді шығыстарды жабу мақсатында пайдалануға құқылы. Төрешілер түпкілікті шешімде өз өтемақы туралы мәселені шешкеннен кейін және осы бөліктегі шешім мәжбүрлі түрде орындауы мүмкін болғанда, егер тараптар шешімге сәйкес төлем міндеттерін орындамаса, төрешілер қамтамасыз ету есебінен төлемді алуға құқылы.
      2. Тараптар бірлесіп қатыспаған төрешілерге өтемақы төлеу туралы келісім жарамсыз болып табылады. Толық қамтамасыз етуді берген тарап төрешілер атқарған жұмысына өтемақы алу мақсатында барлық қамтамасыз етуді пайдалану туралы келісуге құқылы.
      3. Төрешілер өтемақы төленуіне байланысты шешімді қабылдауға құқылы емес.
      4. Тараптар немесе төреші сотта төрешілердің өтемақы туралы мәселе бойынша шешіміне шағым жасауға құқылы. Шағым жасау туралы талап-арызды тарап шешімді алған күнінен бастап үш ай ішінде, ал төреші оның жарияланған күнінен бастап үш ай ішінде беру мүмкін. Егер осы Заңның 49-бабына сәйкес төрелік шешіміне түзету, толықтыру немесе түсіндіру болса, тарап талап-арызды тарап шешімнің түпкілікті мәтінді алған күнінен бастап үш ай ішінде, ал төреші талап-арызды түпкілікті шешім жарияланған күнінен бастап үш ай ішінде беруге тиіс. Шешімде осы мәселе бойынша шешімге шағым жасауды ниеттенетін тарап нені істеу керектігі туралы нақты нұсқаулар қамтылуға тиіс.
      Төрешіге өтемақы азайтуға жатады деген сот шешімі оны азайту туралы өтінішхат бермеген тарапқа да қолданылады.

      5-тарау. Төрелік шешімді шығару және талқылауды
               тоқтату. Төрелік шешімнің күшін жою

      44-бап. Даудың мәніне қолданылатын нормалар
      1. Төрелiк дауды қарағанда тараптар қолданылады деп таңдаған құқық нормаларына сәйкес дауды шешедi. Қандай да бiр мемлекеттiң құқығына немесе құқық жүйесiне кез келген сiлтеме жасау оның қайшылықты нормаларына емес, осы мемлекеттiң материалдық құқығына тiкелей сiлтеме ретiнде түсiндiрiлуге тиiс.
      Төрелік дауды қараған кезде оның тараптарының біреуі мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар болып табылса, егер халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, ол Қазақстан Республикасының заңнамасын қолданады.
      2. Тараптардың қолданылатын құқық туралы келiсiмi болмаған жағдайда, қолданылатын құқықты төрелiк Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайды.
      3. Нақты құқық қатынастарын реттейтiн нормалар болмаған кезде, төрелiк осы мәмiлеге қолданылатын iскерлiк айналымның дағдыларына сәйкес шешiм қабылдайды.
      4. Даулы қатынастарды реттейтiн құқық нормалары болмаған жағдайда, төрелік ұқсас құқық қатынастарын реттейтiн құқық нормаларын қолданады, ал мұндай нормалар болмаған кезде, дауды заңдардың жалпы бастаулары мен мағынасын негiзге алып шешедi.

      45-бап. Төреліктің шешім қабылдауы
      1. Төрелік iстiң мән-жайы зерттелгеннен кейiн төрелік құрамына кiретiн төрешілердің көпшiлiк даусымен шешiм қабылдайды.
      Шешiм төреліктің отырысында жарияланады. Төрелік шешiмнiң тек қарарлық бөлiгiн жариялауға құқылы. Мұндай жағдайда, егер тараптар шешiмдi жiберуге арналған мерзiмдi келiспесе, шешiмнiң қарарлық бөлiгi жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн iшiнде тараптарға уәжді шешiм жiберiлуге тиiс.
      Төрелік мүшелерiнiң көпшiлiгiнiң шешiмiмен келiспеген төреші өзiнiң айрықша пiкiрiн мәлiмдеуге құқылы, ол шешiмге қоса тiркеледi. Тараптар төрешінің айрықша пiкiрiмен танысуға құқылы.
      2. Төрелік, егер оны қажет деп таныса, шешiм қабылдауды кейiнге қалдыруға және тараптарды қосымша отырысқа шақыруға құқылы.
      3. Төреліктің шешiмi төрелік талқылау орнында қабылданған болып есептеледi және оған төреші (төрешілер) қол қойған күнi күшiне енедi.

      46-бап. Бiтiмгершiлiк келiсiм және дауды медиация
              тәртібімен реттеу
      1. Егер тараптар дауды төрелiк талқылау барысында, оның ішінде, Қазақстан Республикасының медиация туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, медиация тәртібімен реттесе, төрелiк талқылауды тоқтатады және тараптардың өтiнiшi бойынша бұл реттеудi келiсiлген шарттарда төрелiк ұйғарым ретiнде тiркейдi.
      2. Келiсiлген шарттардағы төрелiк ұйғарым осы Заңның 45-бабының ережелерiне сәйкес шығарылуға тиiс. Мұндай төрелiк ұйғарым даудың мәнi бойынша шығарылған төрелiк шешiм сияқты да орындалуға тиiс.

      47-бап. Төрелік шешімнің нысаны мен мазмұны
      1. Төрелiк шешiм жазбаша нысанда жазылады және оған төрешiлер (жеке-дара төреші), оның iшiнде ерекше пiкiрi бар төрешi қол қояды, оның жазбаша ұстанымы төрелiк шешiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады. Егер төрелiк талқылау алқалы түрде жүзеге асырылса, онда шешiмге төрелiк алқасының құрамына кiретiн төрешiлердiң барлығы қол қоюы мүмкін.
      2. Төреліктің шешімінде:
      1) шешім қабылданған күні;
      2) осы Заңның 22-бабына сәйкес айқындалған төрелік талқылаудың орны;
      3) төрелік құрамы және оны құру тәртібі;
      4) дау тараптарының атауы, олардың өкілдерінің өкілеттіктері көрсетіле отырып, тегі, аты-жөні, лауазымдары;
      5) төрелік құзыретінің негіздемесі;
      6) талапкердің талаптары және жауапкердің қарсылықтары;
      7) талқылауға қатысатын адамдар дауының, өтінішінің, түсініктемесінің мәні;
      8) төрелік анықтаған істің мән-жайы, осы мән-жайлар туралы төреліктің тұжырымдары негiзделген дәлелдемелер, төрелік шешiм қабылдау кезiнде басшылыққа алған Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерi көрсетiлуге тиiс.
      Шешiмнiң қарарлық бөлігінде әрбiр мәлiмделген талап-арыз талабын қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы төреліктің тұжырымдары, төрелікте дауды шешуге байланысты шығыстардың сомасы, көрсетілген шығыстардың тараптар арасында бөлiнуi және қажет болған жағдайда қабылданған шешiмдi орындаудың мерзiмi мен тәртiбi көрсетiлуге тиiс.
      3. Төрелiк шешiм қабылдағаннан кейiн күнтізбелік он күн ішінде шешiмнiң бір данасы әрбiр тарапқа тапсырылуға не жiберiлуге тиiс.

      48-бап. Төреліктің ұйғарымы
      Төрелік дау мәнін қозғамайтын мәселелер бойынша ұйғарымдар шығарады, олар уәжді болуға тиiс.

      49-бап. Төрелiк талқылауды тоқтату
      1. Төрелiк талқылау осы баптың 2-тармағында көрсетілген негiздер бойынша төрелiк талқылауды тоқтату туралы ұйғарым шығару арқылы тоқтатылады.
      2. Төрелiк, егер:
      1) жауапкер даудың мәнi бойынша шешiлуiне өзiнiң заңды мүддесiнiң болуына байланысты төрелiк талқылауды тоқтатуға қарсылығын мәлiмдемесе ғана, талапкер өзiнiң талабынан бас тартқан және төрелiк бас тартуды қабылдаған;
      2) төрелiк өзiне шешуге берiлген дауды қарауға төрелiктiң құзыретi жоқ екендiгi туралы ұйғарым шығарған;
      3) сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысанасы туралы және сол негiздер бойынша қабылданған соттың немесе төрелiктiң заңды күшiне енген шешiмi болған;
      4) тараптар төрелiк талқылауды тоқтату туралы келiсiмге келген;
      5) төрелiк талқылау тарапы болып табылатын заңды тұлға таратылған;
      6) төрелiк талқылаудың тарапы болып табылатын жеке тұлға қаза тапқан (қайтыс болды деп жарияланған) не ол хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда төрелiк талқылауды тоқтату туралы ұйғарым шығарады.

      50-бап. Төрелік шешiмдi түзету және түсiндiру. Қосымша төрелік
              шешiм

      1. Егер тараптар өзге мерзiмге келiспесе, төрелiк шешiмдi алғаннан кейiн күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде:
      1) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктен шешiмдегi есептеулерде жол берiлген кез келген қателердi, жаңылыс жазуларды немесе жаңсақ жазылымдарды не осындай сипаттағы өзге де қателердi түзетудi өтiнуi мүмкiн;
      2) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктен қабылданған шешiмнiң қандай да бiр нақты тармағына немесе бөлiгiне түсiнiктеме берудi өтiнуi мүмкiн.
      Егер, төрелiк өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде тиiстi түзетулер енгiзуге немесе түсiнiктеме беруге тиiс. Төрелiк шешiмге шығарылған түсiнiктеме төрелiк шешiмнiң ажырамас бөлiгі болып табылады.
      2. Төрелiк шешiм шығарылған күннен бастап есептегенде күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде төрелiк өз бастамасы бойынша осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында аталған кез келген қатенi түзете алады.
      3. Егер, тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктiң шешiмiн алғаннан кейiн төрелiк талқылау барысында мәлiмделген, алайда шешiмде көрiнiс таппаған талаптарға қатысты қосымша шешiм шығаруды күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде төрелiктен өтiнуi мүмкiн. Егер төрелiк өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алғаннан кейiн күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде қосымша төрелiк шешiм шығаруы тиiс.
      4. Төрелiк қажет болған жағдайда мерзiмдi ұзарта алады, бiрақ бұл мерзiм күнтiзбелiк алпыс күннен аспауға тиiс, осы мерзiм iшiнде осы баптың 1 немесе 3-тармақтарына сәйкес қателердiң түзетiлуi, түсiнiктеме берiлуi немесе қосымша төрелiк шешiм шығарылуы қажет.

      51-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төрелік шешімді
              қайта қарау
      1. Төреліктің шешiмi төрелік келiсiм тараптарының бiрiнiң немесе құқықтары жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғалған өзге де тұлғаның арызы бойынша қайта қаралуы мүмкiн. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төреліктің шешiмiн қайта қарау негiздемелерi:
      1) iс үшiн елеулi, арыз берушiге белгiлi болмаған және белгiлi болуы мүмкiн емес мән-жайлар;
      2) заңсыз не негiзсiз шешiмнiң қабылдануына әкеп соққан, күшiне енген сот үкiмiмен белгіленген, куәнiң көрiнеу жалған жауаптары, сарапшының көрiнеу жалған қорытындысы, көрiнеу бұрыс аударма, құжаттардың не заттай дәлелдемелердiң жалғандығы;
      3) күшiне енген сот үкiмiмен белгіленген тараптардың, iске қатысушы басқа адамдардың не олардың өкiлдерiнiң қылмыстық iс-әрекеттерi немесе төреліктің осы iстi қарау кезiнде жасаған қылмыстық әрекеттерi;
      4) төрелік немесе алқа құрамы төрелік шешім шығарған кезде қолданған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің конституциялық емес деп тануы болып табылады.
      2. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша төреліктің шешiмiн қайта қарау туралы арыз осы Заңда айқындалған тәртiппен қайта қарау үшiн негiз болған мән-жайлар белгіленген күннен бастап үш ай iшiнде берiледi және шешiм шығарған төрелікте қаралады.
      Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді төрелік бір айға дейінгі мерзімде қарайды және шешеді.
      Төреліктің, оның iшiнде бұрынғы құрамда шешiм шығарған тұрақты әрекет ететін төреліктің отырысын өткiзу мүмкiн болмаған кезде, осы Заңда белгiленген тәртiппен құрылған төреліктің жаңа құрамы жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша шешiмдi қайта қарау туралы арызды қарайды.

      52-бап. Төрелiк шешiмнiң күшін жою негіздері
      1. Сот төрелік шешімнің күшін жою үшін күшін жою туралы өтінішхатты мәлімдеген тарап:
      1) төрелiк шешiмнiң төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн мәселе бойынша шешімді қамтымайтындығы, қолданылатын құқыққа сәйкес келмейтіндігі не төрелiк келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулыларды қамтитындығы, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпауы салдары туралы дәлелдемелерді ұсынуға тиіс.
      Егер, төрелiк келiсiмде қамтылған мәселелер жөнiндегi төрелiктiң шешiмдерi мұндай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi шешiмдерден бөлiнуi мүмкiн болса, онда төрелiк келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi шешiмдерді қамтитын төрелiк шешiмi бөлiгiнің ғана күшi жойылуы мүмкін;
      2) сот төрелiк келiсiм тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз деп танығандығы немесе тараптар оны бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк келiсiм жарамсыздығы туралы дәлелдемелерді ұсынуға тиіс;
      3) төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк талқылау туралы оның тиiстi түрде хабардар болмағандығы немесе сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өзiнiң түсiндiрулерiн ұсына алмағандығы;
      4) төрешілер алқасы құрамы немесе талқылаудың төрелiк рәсiмi тараптардың келiсiмiне сәйкес келмегендiгі;
      5) сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша шығарылған соттың немесе төрелiктiң заңды күшiне енген шешiмi не талап-арыз берушінің талап-арыздан бас тартуына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе төреліктің ұйғарымы болған;
      6) төрелік шешім осы Заңның 48-бабында көзделген жазбаша нысан және қолтаңба туралы талаптарға жауап бермейтіндігі туралы дәлелдемелерді ұсынуға тиіс.
      2. Мыналар:
      1) төрелік шешім Қазақстан Республикасының жариялы тәртібіне қайшы келетіндігі;
      2) төрелік шешім шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелік талқылау нысанасы болып табылмайтыны айқындалған жағдайда сот төрелік шешімнің күшін жояды.

      53-бап. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат
      1. Төрелік шешімнің күшiн жою туралы өтiнiшхат тараптары жеке тұлға болып табылатын төрелік талқылау жөніндегі жергілікті сотқа немесе тараптары заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар мен заңды тұлғалар болып табылатын мамандандырылған ауданаралық экономикалық төрелік талқылау жөніндегі сотқа беріледі.
      2. Төрелік шешімнің күшiн жою туралы өтiнiшхат осы өтiнiшхатты мәлiмдеген тараптың төрелiк шешiмдi алған күнiнен бастап үш ай өткен соң, ал өтiнiш осы Заңның 51-бабына сәйкес берiлген жағдайда, төрелiк осы өтiнiш бойынша шешiм шығарған күннен бастап мәлiмделуi мүмкiн емес.
      3. Сот тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша төрелiк талқылауды жаңарту үшiн не төрелiк шешiмнің күшін жоюдың негiзiн жоюға мүмкiндiк беретiн өзге де шараларды қолдану үшiн төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы өтiнiшхат бойынша iс жүргiзудi белгiлi бiр мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
      Егер төрешілер жаңа шешім шығарса, тарап сот белгілеген мерзім ішінде талап-арыз ұсынбай шешімнің жаңартылған төрелік талқылауға немесе бастапқы шешімдегі өзгерістерге қатысты бөлігінде шешімнің күшін жою туралы өтініш беруге құқылы.
      4. Сот төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.

      6-тарау. Төрелiк шешiмдерді тану және орындауды
               iске асыру

      54-бап. Қазақстан Республикасында төрелiк шешiмді тану
              және орындауды iске асыру
      1. Төрелiк шешiм мiндеттi деп танылады және сотқа жазбаша арыз берiлген кезде Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес орындалады.
      2. Егер төрелік шешімде мерзім белгіленбесе, онда ол дереу орындалуға жатады.

      55-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату
      1. Егер төрелік шешім белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаса, онда ол мәжбүрлеп орындатуға жатады.
      2. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға сот берген атқару парағы негізінде төрелік шешімді орындау кезінде қолданылатын атқарушылық іс жүргізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
      3. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арыз тараптары жеке тұлға болып табылатын төрелік талқылау жөніндегі жергілікті сотқа немесе тараптары заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар мен заңды тұлғалар болып табылатын мамандандырылған ауданаралық экономикалық төрелік талқылау жөніндегі сотқа беріледі.

      56-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатумен байланысты
              шығыстарды өндіріп алу
      Төрелік шешiмді мәжбүрлеп орындатуға байланысты қосымша шығыстар шешiмдi еріктi түрде орындамаған тарапқа жүктеледi.

      57-бап. Төрелiк шешiмдi танудан немесе орындаудан бас
              тарту үшiн негiздер
      1. Сот мына негiздер бойынша:
      1) егер осы тарап сотқа:
      сот төрелiк келiсiм тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз не әрекет қабiлетi шектеулi деп тануының;
      төрелік келiсiмнiң оны тараптар бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмағанда Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жарамсыздығының;
      шешiм өзiне қарсы шығарылған тараптың төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк талқылау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегендігiнiң немесе сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өзiнiң түсiнiктемелерiн ұсына алмағандығының;
      сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша шығарылған соттың немесе төрелiктiң заңды күшiне енген шешiмi не талап-арыз берушінің талап-арыздан бас тартуына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе төреліктің ұйғарымы болған;
      сот үкімімен белгіленген қылмыстың жасалуы нәтижесінде төреліктің шешім шығаруы мүмкін болған;
      төрелiк шешiмінiң төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғандығының не төрелiк келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпауы салдарының дәлелдемелерiн ұсынған жағдайларда ғана төрелiк шешiмнiң қай елде шығарылғанына қарамастан, оны танудан немесе орындаудан бас тартады.
      Егер, төрелiк келiсiмде қамтылған мәселелер жөнiндегі төрелiктiң шешiмдерi мұндай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегі шешiмдерден бөлiнуi мүмкiн болса, онда төрелiк келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi шешiмдерден тұратын төрелiк шешiмнiң бөлiгі ғана күшiн жоюы мүмкін;
      төрелiктiң құрамы немесе талқылаудың төрелiк рәсiмi тараптардың келiсiмiне сәйкес келмегендiгiнiң немесе ол болмағанда, төрелiк орналасқан елдiң заңына сәйкес келмегендiгiнiң;
      шешiм тараптар үшiн әлi де мiндеттi емес болғандығының немесе күшi жойылғандығының немесе оның орындалуын өз заңына сәйкес шешiм шығарған елдiң соты тоқтатып қойғандығының;
      2) егер соттың осы төрелiк шешiмдi тану немесе орындау Қазақстан Республикасының жариялылық тәртiбiне қайшы келетiндігiн немесе төрелiк шешiм шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк талқылаудың нысанасы болып табылмайтындығын белгілеуінің дәлелдемелерiн ұсынған жағдайларда ғана төрелiк шешiмнiң қай елде шығарылғанына қарамастан, оны танудан немесе орындаудан бас тартады.
      2. Сот төрелiк шешiмдi тану немесе орындау туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.

      7-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

      58-бап. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасын
              бұзғаны үшін жауаптылық
      1. Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      59-бап. Өтпелі ережелер
      1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған халықаралық төреліктер мен аралық соттар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде өздерінің ережелеріне, жарғыларына немесе регламенттеріне тиісті өзгерістер енгізуге міндетті.
      2. Осы Заңның 19-бабында көрсетілген Қазақстанның төрелік палатасын құру үшін алғашқы құрылтай жиналысын өткізуге байланысты ұйымдастырушылық мәселелер Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жүктеледі.

      60-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
      1. Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. «Халықаралық төрелiк туралы» 2004 жылғы 28 желтоқсандағы № 23 Қазақстан Республикасының Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 24, 152-құжат; 2010 ж., № 3-4, 12-құжат; 2013 ж., № 15, 76-құжат; "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2014 жылғы 2 шілдедегі № 225-V Қазақстан Республикасының Заңы); «Аралық соттар туралы» 2004 жылғы 28 желтоқсандағы № 22 Қазақстан Республикасының Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 24, 151-құжат; 2009 ж., № 9-10, 47-құжат; 2010 ж., № 3-4, 12-құжат; 2012 ж., № 6, 43-құжат; № 14, 93-құжат; 2013 ж., № 15, 76-құжат; "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2014 жылғы 4 шілдедегі № 233-V Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады