"Қазақстан Республикасында тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 желтоқсандағы № 915 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасында тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

Қазақстан Республикасында тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы

      Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде микрокәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайларды жақсарту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарга дейін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілеріне барып тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды тоқтата тұрсын, оған мыналар қосылмайды:

      1) халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, заңдылық пен қоғамдық тәртіпке әлеуетті түрде жаппай қатер; конституциялық құрылысқа және ұлттық қауіпсіздікке тура немесе тікелей қатер төндіретін бұзушылықтардың алдын алуға немесе жоюға бағытталған, сондай-ақ "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша жүргізілетін тексерулер;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу фактілерінің туындау себептерін анықтау үшін бақылау мен қадағалаудың нақты субъектісіне (объектісіне) қатысты нақты факт бойынша жоспардан тыс бір тексеру жүргізу жеткіліксіз және осы нақты фактіге байланысты өзге де субъектілерге қатысты бақылау мен қадағалау талап етілетін жағдайларда осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес тексерулер;

      3) кәсіпкерлік субъектілерінің өз қызметіне қатысты өтініштері негізінде, оның ішінде "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рұқсат алуға өтініш бойынша барып жүргізілетін тексерулер және профилактикалық бақылау;

      4) 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тексерулер;

      5) Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша прокуратура органдарының тексерулері;

      6) кедендік тексерулер;

      7) қарсы салықтық тексерулер;

      8) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында өнім қауіпсіздігінің мониторингін жүзеге асыру үшін өнімді іріктеу және оған санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу мақсатында барып профилактикалық қадағалау;

      9) Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасының сақталуын барып тексерулер және профилактикалық бақылау.

      2. Осы Жарлықтың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тексерулер орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысының шешімі негізінде жүргізіледі деп белгіленсін.

      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      4. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады