"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 690 қаулысы



      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.


      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне:

      53-баптың 1-тармағының 12) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) басқа да бағыттар: облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттеріне трансферттер;

      үкіметтік борышқа қызмет көрсету және оны өтеу; мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелерді орындау;

      экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер жөніндегі міндеттемелерді орындау; үкіметтік қарыздарды хеджирлеу мәмілелері бойынша шығыстар; мемлекеттің кепілгерлігі бойынша міндеттемелерді орындау;

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерін, оның ішінде мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерiн орындау; мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты бойынша шығыстарды өтеу;

      халықаралық қаржы ұйымдарына Қазақстан Республикасының мүшелігіне қатысты төлемдер, берілмейтін борыштық міндеттемелер (вексельдер) және донорлық жарналар бойынша мемлекеттің міндеттемелерін орындау;

      үкіметтік борышты мерзімінен бұрын өтеуге, оның ішінде шығарылған мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алуға арналған шығыстар;

      стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты орындауға арналған шығыстар.".

      2. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:

      78-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Мемлекет кәсіпкерлік субъектілерінің қайырымдылығын осындай қызметті жүзеге асыратын, қайырымдылықты дамытуға елеулі үлес қосқан кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін тәртіппен мемлекеттік наградалар, сондай-ақ қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен құрметті атақтар белгілеу және беру арқылы ынталандырады.

      3. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне:

      1) 35-баптың 9) тармақшасындағы "шешімі жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжат болуы мүмкін." деген сөздер "шешімі;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 10) тармақшамен толықтырылсын:

      "10) волонтерлік немесе қайырымдылық ұйымның қолы қойылған және мөрімен куәландырылған, волонтерлік қызметтің немесе қайырымдылықтың кезеңі мен түрі көрсетілген волонтерлік қызметті немесе қайырымдылықты жүзеге асыру туралы мәліметтерді қамтитын анықтама жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжат болуы мүмкін.

      Волонтерлік қызметті немесе қайырымдылықты жүзеге асыру туралы мәліметтерді қамтитын анықтама бос лауазымдарға сәйкес келетін бағыттар бойынша жұмыскерлерге қойылатын біліктілік талаптарын растау үшін қолданылады.";

      2) 139-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Конкурсты бос лауазымы бар мемлекеттік мекеме, қазыналық кәсіпорын ұйымдастырады және өткізеді. Қазақстан Республикасы азаматтарының волонтерлік, қайырымдылық қызметті жүзеге асыруға қатысуын конкурстық комиссия үміткердің жеке қабілеті мен кәсіптік даярлығын ескере отырып, азаматтық қызметке кіру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ескереді.".

      4. 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне:

      50-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "50-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы бәсекелес ортаға беру

      Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы бәсекелес ортаға беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.".

      5. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Кодексіне:

      8-баптың 19) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "19) Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы заңнамасына сәйкес азаматтардың көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасына қанағаттануы бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастырады, оның іске асырылуына мониторинг және нәтижелеріне бағалау жүргізеді;".

      6. "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      39-баптың 2-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) заң актiлерiнде белгiленген шекте коммерциялық емес ұйымның басқа заңды тұлғаларды, өз филиалдары мен өкiлдiктерiн құруы немесе олардың қызметiне қатысуы туралы шешiм қабылдау мәселелерi жатады. Бұл ретте мемлекеттік қорды қоспағанда, қордың жоғары басқару органы құрылтай құжаттарына сәйкес қор қатысушысы (акционері) болып табылатын басқа заңды тұлғалардың қызметіне қатысуы туралы шешімдер қабылдауды қамқоршылық кеңеске беруге құқылы.

      Жоғары басқару органының ерекше құзыретiне заң актiлерiне сәйкес коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарымен осы ұйым қызметiнiң басқа да мәселелерi жатқызылуы мүмкiн.".

      7. "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар ұсыну және сыйлықақылар туралы" 2005 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттар және сыйлықақылар туралы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Заң мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты іске асыру, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар беру процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.";

      3) 1-бапта:

      3-1) және 7-1) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-1) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар саласындағы мемлекеттік орган (бұдан әрі – мемлекеттік орган) – мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, іске асырылуын мониторингтеу және нәтижелерін бағалау және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттарды қалыптастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган, оның ішінде орталық атқарушы және жергілікті атқарушы орган;";

      "7-1) үкіметтік емес ұйымдарға арналған грант (бұдан әрі – грант) – үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы оператордың азаматтық бастамаларды қолдау, әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін тарту мақсатында үкіметтік емес ұйымдарға беретін қаражаты;";

      мынадай мазмұндағы 7-6), 7-7), 7-8) және 7-9) тармақшалармен толықтырылсын:

      "7-6) мемлекеттік гранттарды қалыптастыру – мемлекеттік органдардың мемлекеттік гранттардың бағыттарын айқындау, жыл сайынғы және (немесе) орта мерзімді жоспарлау және мемлекеттік гранттардың бюджетін айқындау рәсімдерін жүргізу жөніндегі қызметі;

      7-7) мемлекеттік гранттардың тиімділігін бағалау – жобаларды іске асыру барысында алынған нәтижелерді, оның қойылған мақсаттар мен күтілетін нәтижелерге сәйкестігін талдау процесі;

      7-8) стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс - жалпыұлттық басымдықтарды іске асыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін тарту мақсатында орталық атқарушы органдар үкіметтік емес ұйымдарға беретін қаражат;

      7-9) стратегиялық әріптес – стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру қағидаларына сәйкес конкурстық іріктеуден өткен, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты орындау шартын жасасқан үкіметтік емес ұйым.";

      4) 2-бапта:

      тақырып және 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан, сондай-ақ "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңынан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.";

      мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Осы Заңның әрекеті оператордың қатысуынсыз үкіметтік емес ұйымдарға гранттар беруге байланысты туындайтын қатынастарға қолданылмайды.";

      5) 3-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру процесін құқықтық реттеу қағидаттары

      Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру процесін құқықтық реттеу:

      1) заңдылық;

      2) Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды іске асыру тиімділігін арттыру;

      3) Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтік міндеттерді шешуге қатысуы;

      4) үкіметтік емес ұйымдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету;

      5) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру процесінің жариялылығы мен ашықтығы қағидаттарына негізделеді.";

      6) 4-бап мынадай мазмұндағы 1-1) және 1-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-1) стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру қағидаларын бекітеді;

      1-2) стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыстың бағыттарын айқындайды;";

      7) 4-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-1-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) мемлекеттік органдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, іске асыру, іске асыру мониторингін және нәтижелерін бағалау қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

      2) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруды, іске асыруды, іске асыру мониторингін және осы тапсырыстың нәтижелерін бағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға ақпараттық, консультациялық, әдістемелік қолдау көрсетеді;

      3) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, іске асыру мониторингі және осы тапсырыстың нәтижелерін бағалау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      4) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс стандарттарын әзірлейді және бекітеді;

      5) өзінің интернет-ресурсында мемлекеттік органдар іске асыратын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тақырыптарын орналастырады;

      6) жылына бір рет Қазақстан Республикасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат береді;

      7) мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, олардың мониторингі және тиімділігін бағалау қағидаларын бекітеді;

      8) Үйлестіру кеңесін құрады, оның ережесі мен құрамын бекітеді;

      9) Үйлестіру кеңесінің қарауына орталық атқарушы органдардың құзыретіне жататын мемлекеттік гранттардың басым бағыттарының тізбесін жібереді;

      10) Үйлестіру кеңесінің ұсынымдары негізінде өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік гранттардың бағыттарын және қаржыландыру көлемін қалыптастырады;

      11) орталық атқарушы органдарға құзыретіне сәйкес мемлекеттік гранттар бағыттары бойынша Үйлестіру кеңесінің ұсынымдарын жібереді;

      12) өз құзыреті шегінде оператор арқылы мемлекеттік гранттарды береді;

      13) мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, оларға мониторинг жүргізу және тиімділігін бағалау қағидаларына сәйкес мемлекеттік гранттардың тиімділігін бағалауды жүзеге асырады;

      14) оператордың өз қызметінің нәтижелері туралы есебін қарайды және оның нысанын бекітеді;

      15) үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақылар беруді жүзеге асырады және оларды беру қағидаларын бекітеді;

      16) стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру қағидаларын әзірлейді;

      17) орталық атқарушы органдар беретін ақпарат негізінде жыл сайын 1 ақпанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметін стратегиялық әріптестік бағыттары бойынша стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыстың нәтижелері туралы хабардар етеді;

      18) Қазақстан Республикасының Үкіметіне стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс бағыттарын айқындау, өзгерту, алып тастау жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      19) Үкіметтік емес ұйымдардың деректер базасына енгізу үшін "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 41-бабының 5-тармағына сәйкес ұсынылатын мәліметтерді тексеруді жүзеге асырады;

      20) Үкіметтік емес ұйымдардың деректер базасын жүргізуді жүзеге асырады;

      21) Үкіметтік емес ұйымдардың деректер базасын қалыптастыру тәртібін айқындайды;

      22) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.";

      8) 4-2-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-2-бап. Мемлекеттік органдардың құзыреті

      Мемлекеттік органдар:

      1) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруды, іске асыруды, іске асыру мониторингін және осы тапсырыстың нәтижелерін бағалауды жүзеге асырады;

      2) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестерді құрады;

      3) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру жөніндегі ақпаратты уәкілетті органға береді;

      4) өздерінің интернет-ресурстарында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жоспарланған және іске асырылатын тақырыптарын және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалауды орналастырады;

      5) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдарға ақпараттық, консультациялық, әдістемелік қолдау көрсетеді;

      6) өз құзыреті шегінде мемлекеттік гранттарды оператор арқылы береді және оператордың мемлекеттік гранттарды іске асыру нәтижелері туралы есебін қарайды;

      7) мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, оларға мониторинг жүргізу және тиімділігін бағалау қағидаларына сәйкес мемлекеттік гранттардың тиімділігін бағалауды жүзеге асырады;

      8) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Орталық атқарушы органдар:

      1) Үйлестіру кеңесінің ұсынымы негізінде мемлекеттік гранттардың бағыттары мен қаржыландыру көлемін қалыптастырады;

      2) стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру қағидаларына сәйкес стратегиялық әріптестерді конкурстық іріктеуді жүргізеді және олармен шарттар жасасады;

      3) стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру қағидаларына және жасалған шарттарға сәйкес стратегиялық әріптестердің міндеттемелерді орындауын бағалауды жүзеге асырады;

      4) жыл сайын 1 желтоқсанға дейін уәкілетті органға стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру қағидаларына сәйкес стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс бойынша стратегиялық әріптестік нәтижелері туралы ақпарат береді.

      Жергілікті атқарушы органдар:

      1) Қазақстан Республикасы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігінің аумағында қызметін жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдар туралы мәліметтерді жинайды, жинақтайды және уәкілетті органға табыс етеді;

      2) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестердің қарауына мемлекеттік гранттардың басым бағыттарының тізбесін шығарады;

      3) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестердің ұсынымдары негізінде мемлекеттік гранттардың бағыттарын және қаржыландыру көлемдерін қалыптастырады;

      4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіне орай Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.";

      9) 5-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты іске асыру, мемлекеттік гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру салалары";

      1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс іске асыру, мемлекеттік гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру мынадай салалар бойынша жүзеге асырылады:";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру:

      1) өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) көмек көрсету;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де әлеуметтік маңызы бар салалар бойынша да жүзеге асырылады.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс салалары шеңберінде тақырыптар қалыптастырылады.";

      10) 6-баптың 2 және 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар туралы және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Осы Заңның 5-бабында көзделген салалар бойынша жарғылық мақсаттарға сәйкес қызметін жүзеге асыратын әлеуетті өнім берушілер конкурсқа қатысуға жіберіледі.";

      11) 6-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "6-1-бап. Гранттар

      1. Гранттар:

      1) бюджет қаражаты есебінен берілетін мемлекеттік гранттар;

      2) бюджеттен тыс қаржыландыру көздерінен берілетін мемлекеттік емес гранттар болып бөлінеді.

      2. Мемлекеттік гранттар мынадай түрлерге бөлінеді:

      1) қысқа мерзімді гранттар – іске асыру мерзімі үш айдан бастап бір жылға дейін, қаржыландыру көлемі бес жүзден үш мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш болатын гранттар;

      2) орта мерзімді гранттар – іске асыру мерзімі бір жылдан екі жылға дейін, қаржыландыру көлемі үш мыңнан он мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш болатын гранттар;

      3) ұзақ мерзімді гранттар – іске асыру мерзімі екі жылдан үш жылға дейін, мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, олардың мониторингі және тиімділігін бағалау қағидаларына сәйкес ұзақ мерзімді жобаларды іске асыру үшін қажетті материалдық базасы бар үкіметтік емес ұйымдарға берілетін қаржыландыру көлемі он мыңнан басталатын айлық есептік көрсеткіш болатын гранттар.

      3. Мемлекеттік гранттар оператор арқылы грант беруге арналған шартқа сәйкес үкіметтік емес ұйымдар әзірлеген әлеуметтік бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін беріледі.

      4. Мемлекеттік гранттар:

      тарату процесіндегі;

      дәрменсіз (банкрот) деп танылған;

      атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар;

      мүлкіне тыйым салынған;

      экономикалық қызметі тоқтатылған;

      басшылары, құрылтайшылары оператордың уәкілетті тұлғаларының жақын туыстары болып табылатын;

      басшылары, құрылтайшылары жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген үкіметтік емес ұйымдарды қоспағанда, үкіметтік емес ұйымдардың деректер базасына енгізілген үкіметтік емес ұйымдарға конкурстық іріктеу негізінде беріледі.

      5. Мемлекеттік грантты алған үкіметтік емес ұйымдар алынған қаражаттың:

      1) мөлшері он мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын гранттар үшін он пайыздан аспайтын;

      2) мөлшері он мың айлық есептік көрсеткіштен асатын гранттар үшін бес пайыздан аспайтын бөлігін материалдық-техникалық қамтамасыз етуге және институционалдық дамытуға пайдалана алады.

      6. Мемлекеттік емес гранттар мен есептілікті беруге қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес оператор мен тапсырыс беруші арасында жасалған шарттың талаптарымен айқындалады.

      7. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында реттелетiн гранттар беру процесінде туындайтын қатынастарға осы баптың күші қолданылмайды.";

      12) 6-2-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, оларға мониторинг жүргізу және тиімділігін бағалау қағидаларына сәйкес мемлекеттік гранттардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асыруға;";

      13) мынадай мазмұндағы 6-5-баппен толықтырылсын:

      "6-5-бап. Стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс

      1. Орталық атқарушы органдар уәкілетті органға стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру қағидаларына сәйкес стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс бағыттары бойынша ұсыныстар енгізеді.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарынан туындайтын стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыстың бағыттарын айқындайды.

      3. Стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыстың әрбір бағыты бойынша конкурстық іріктеу негізінде бір ғана стратегиялық әріптес айқындалады. Стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру қағидаларына сәйкес орталық атқарушы орган мен стратегиялық әріптес арасында жасалған шарт негізінде жүзеге асырылады.

      4. Стратегиялық әріптестің кінәсінен стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты орындау шартында белгіленген нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізілмеген және (немесе) стратегиялық әріптес өз міндеттемелерін жүйелі түрде орындамаған жағдайларда шарт стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру қағидаларында айқындалатын тәртіппен тиісті орталық атқарушы органның бастамасы бойынша біржақты тәртіппен бұзылуға жатады.

      5. Стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер актісін стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру қағидаларына сәйкес құрылған орталық атқарушы органның және азаматтық қоғамның өкілдерінен тұратын комиссия қабылдайды.";

      14) 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыстың, мемлекеттік гранттар мен сыйлықтардың бюджет қаражатын қаржыландыру және пайдалану

      Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты, мемлекеттік гранттар мен сыйлықтарды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты, мемлекеттік гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру үшін көзделген бюджет қаражаты осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға арналған шартта, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырысты орындау шартында, мемлекеттік грант беруге арналған шартта белгіленген мақсаттарда және тәртіппен пайдаланылады.";

      15) 8-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "8-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыстың орындалуын, гранттардың пайдаланылуын және сыйлықақылар берілуін бақылау

      Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыстың орындалуын, гранттардың пайдаланылуын және сыйлықақылар берілуін бақылауды уәкілетті орган, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.";

      16) 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "9-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.".

      8. "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      31-баптың 2-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1. Шығармашылық одақтарды қаржыландыру Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы заңнамасына сәйкес, сондай-ақ филантроптық қызмет және (немесе) демеушілік қызмет және (немесе) меценаттық қызмет есебінен жүзеге асырылады.".

      9. "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      26-баптың 5-тармағының 4) тармақшасындағы "адамдардың артықшылықты құқығы бар." деген сөздер "адамдардың;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) қайырымдылық ұйымы берген анықтама негізінде қайырымдылық жасаушылардың артықшылықты құқығы бар.

      Қайырымдылыққа жұмсалған сағаттардың жалпы саны кемінде елу сағаттан кем болмауға тиіс.".

      10. "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      17-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер:

      1) бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындау жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған конкурстарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар туралы заңнамасына сәйкес қатысуға;".

      11. "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      75-бап мынадай мазмұндағы 15-тармақпен толықтырылсын:

      "15. Коммуналдық мүлік осы баптың 3-тармағының үшінші бөлігінде айқындалатын тәртіпке сәйкес қайырымдылық және волонтерлік ұйымдарға жеңілдікті шарттармен кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.".

      12. "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      29-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингін жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар өз бастамасы бойынша және өз есебінен жүргізеді.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша да жүргізіледі.".

      13. "Қайырымдылық туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      2), 4), 5) және 9) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) демеушілік қызмет – демеушінің осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес демеушінің атын көпшілікке танымал ету шарттарымен демеушілік көмек көрсету жөніндегі қызметі;";

      "4) ерікті қайырмалдықтар – пайдаланушыларға олардың әлеуметтік сипаттағы мәселелерін шешу үшін берілген ақша, сондай-ақ мүлік;

      5) қайырымдылық – қайырымдылық көмек көрсетуге және ізгілік қажеттіліктерді қанағаттандыруға негізделген, филантропиялық, демеушілік, меценаттық қызмет, корпоративтік немесе электрондық қайырымдылық, сондай-ақ кіші отанға қолдау көрсету түрінде ерікті, өтеусіз не жеңілдікті шарттармен жүзеге асырылатын әлеуметтік пайдалы қызмет;";

      "9) қайырымдылық жасаушы – корпоративтік қайырымдылық шеңберіндегі кәсіпкерлік субъектісі және (немесе) қайырымдылықты жүзеге асыратын филантроп және (немесе) демеуші және (немесе) меценат және (немесе) кіші отанға қолдау көрсететін адам;";

      мынадай мазмұндағы 2-1), 18), 19), 20), 21), 22), 23), 24), 25), 26) және 27) тармақшалармен толықтырылсын:

      "2-1) демеушілік көмек – осы көмекті көрсететін демеуші туралы ақпаратты тарату мақсатында өтеусіз негізде:

      жеке тұлғаларға жарыстарға, конкурстарға, көрмелерге, байқауларға қатысу және шығармашылық, ғылыми, ғылыми-техникалық, өнертапқыштық қызметті дамыту, білім және спорт шеберлігі деңгейін арттыру үшін қаржылай (әлеуметтік қолдау шараларынан басқа) қолдау түрінде;

      коммерциялық емес ұйымдарға олардың жарғылық мақсаттарын іске асыру үшін ағымдағы қажеттіліктерін қанағаттандыруға ұсынылатын мүлік;";

      "18) корпоративтік қайырымдылық – пайдаланушыларға көмек көрсету немесе қайырымдылық бағдарламаларын қолдау бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің ерікті қызметі;

      19) қайырымдылық фандрайзингі – қайырымдылық акцияларын, концерттерді, марафондарды және өзге де іс-шараларды, оның ішінде онлайн-іс-шараларды өткізу арқылы қайырымдылық бағдарламасын іске асыру үшін қайырымдылық ұйымдарының ақшалай, материалдық, еңбек және ақпараттық ресурстарын тарту процесі;

      20) қайырымдылық фандрайзер – қайырымдылық бағдарламаларын іске асыру үшін қаражат пен ресурстарды тарту бойынша қайырымдылық ұйымы айқындаған жеке немесе заңды тұлға;

      21) қайырымдылық краудфандингі – мамандандырылған интернет-ресурстардың (краудфандингтік платформалар) көмегімен белгілі бір қайырымдылық бағдарламасын қаржыландыру мақсатында қайырымдылық ұйымдарының ақша қаражаттарын тарту;

      22) қайырымдылық краудфандингі платформасы – қайырымдылық бағдарламаларын іске асыруға интернетте ақша қаражатын тарту үшін пайдаланылатын интернет-ресурс;

      23) қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган – мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы орталық атқарушы орган;

      24) қайырымдылық ұйымдарының тізілімі – қайырымдылық объектілері, қайырымдылық ұйымдары және олар көрсеткен қайырымдылық көмек туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер базасы;

      25) электрондық қайырымдылық – электрондық тәсілмен жүзеге асырылатын ерікті қайырмалдықтарды тарту жөніндегі қызмет;

      26) онлайн қайырмалдықтар – электрондық төлем құралдары арқылы қолма-қол ақшасыз ақша аудару жолымен жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыратын ерікті қайырмалдықтар.";

      2) 4-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Филантропиялық, демеушілік, меценаттық қызмет, корпоративтік және электрондық қайырымдылық, кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызмет қайырымдылықтың түрлері болып табылады.".

      3) 1-тарау мынадай мазмұндағы 4-1, 4-2, 4-3 және 4-4-баптармен толықтырылсын:

      "4-1-бап. Электрондық қайырымдылық

      Электрондық қайырымдылыққа байланысты ақша аударымдарын қайырымдылық жасаушылар және (немесе) қайырымдылық ұйымдары төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнаманың талаптарына сәйкес көрсетілетін төлем қызметтерін берушілердің сервистері арқылы электрондық тәсілмен жүзеге асырады.

      4-2-бап. Қайырымдылық краудфандингі

      1. Қайырымдылық ұйымы интернет-ресурс арқылы қаржы қаражатын жинау үшін қолда бар қайырымдылық краудфандингі платформасында жоспарланып отырған қайырымдылық бағдарламасы туралы толық ақпаратты орналастырады.

      2. Толық ақпарат деп қайырымдылық ұйымының атауы, бірінші басшысы, бенефициарлық меншік иелері, әділет органдарында тіркелген күні, веб-сайт (бар болса), электрондық мекенжайы және басқа да байланыс деректері, бағдарламаның мақсаты, сипаттамасы, іске асырылу кезеңі, қаржы қаражатын жинау сомасы түсініледі.

      3. Қайырымдылық ұйымы қайырымдылық краудфандингі платформасында қажетті қаржы қаражатын жинағаннан және қайырымдылық бағдарламасын іске асырғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында және қайырымдылық ұйымының интернет-ресурсында көрсетілген қайырымдылық көмектің қайырымдылық бағдарламасының нәтижелері туралы есеп жариялайды.

      4-3-бап. Қайырымдылық фандрайзингі

      1. Қайырымдылық ұйымы қайырымдылық бағдарламасын іске асыру үшін ақшалай, материалдық, еңбек және ақпараттық ресурстарды тарту арқылы қайырымдылық фандрайзингін жүзеге асырады.

      2. Қайырымдылық фандрайзингін қайырымдылық ұйымының қызметкерлері немесе осы бағытта жұмыс тәжірибесі бар фандрайзер жүзеге асырады.

      3. Қайырымдылық фандрайзингі қайырымдылық акцияларын, концерттерді, марафондарды және басқа да іс-шараларды, оның ішінде онлайн-іс-шараларды өткізу арқылы жүзеге асырылады.

      4. Қайырымдылық бағдарламасын іске асыру үшін қаражат жинауға бағытталған онлайн-іс-шараны өткізу кезінде қайырымдылық ұйымы интернет-ресурстарда қайырымдылық ұйымы, мақсаттары, мерзімдері туралы ақпаратты, қайырымдылық бағдарламасының сипаттамасын, қайырымдылық бағдарламасын іске асыру үшін қаржы қаражатының қажетті сомасын орналастырады.

      5. Қайырымдылық ұйымы бұқаралық ақпарат құралдарында, қайырымдылық ұйымының интернет-ресурсында қайырымдылық акцияларының, концерттердің, марафондардың және өзге де іс-шаралардың өткізілуі мен нәтижелері туралы ақпаратты жариялайды.

      4-4-бап. Корпоративтік қайырымдылық

      1. Кәсіпкерлік субъектілері корпоративтік қайырымдылықты дамыту туралы шешім қабылдаған жағдайда қайырымдылық көмек көрсету жөніндегі ішкі құжаттарды әзірлейді.

      2. Ішкі құжаттар пайдаланушыларға қайырымдылық көмек көрсетудің қағидаттарын, негізгі бағыттарын, қағидалары мен тәртібін, ұйым бюджетінің шығыс бөлігін қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      3. Көрсетілетін қайырымдылық көмектің мақсаттары осы Заңның 2-бабына сәйкес айқындалады.";

      4) 6-бапта:

      5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік бюджет есебінен қайырымдылықпен айналысуға, сондай-ақ қайырымдылық жасаушы бекіткен қайырымдылық бағдарламасына біржақты тәртіппен өзгеріс (өзгерістер) енгізуге құқығы жоқ.

      6. Мемлекет қайырымдылық субъектілеріне Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін тәртіппен мемлекеттік наградалар, сондай-ақ қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен құрметті атақтар белгілеу және беру арқылы қайырымдылықты ынталандырады.";

      мынадай мазмұндағы 7, 8 және 9-тармақтармен толықтырылсын:

      "7. Мемлекет "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес коммуналдық мүлікті жеңілдікті шарттармен кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру түрінде қайырымдылық ұйымдарына қолдау көрсетеді.

      8. Білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың құрамына қабылдауға конкурс өткізу кезінде қайырымдылық саласындағы қызметті жүзеге асыратын қайырымдылық жасаушылар балдары тең болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен басым құқық алады.

      9. Қайырымдылық жасаушылардың қайырымдылық қызметке қатысуын конкурстық комиссия үміткердің жеке қабілеті мен кәсіптік даярлығын ескере отырып, азаматтық қызметке кіру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ескереді.";

      5) 7-бапта:

      5-тармақ алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:

      "6. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қайырымдылық саласындағы консультативтік-кеңесші органды құрады және таратады.";

      6) мынадай мазмұндағы 7-1 және 7-2-баптармен толықтырылсын:

      "7-1-бап. Қайырымдылық саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган:

      1) қайырымдылық саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) қайырымдылық саласында жеке, заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      3) қайырымдылық ұйымдарының тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      4) қайырымдылық саласында құрметті атақ беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      5) қайырымдылық саласында құрметті атақ береді;

      6) Үкімет жанындағы қайырымдылық жөніндегі консультативтік-кеңесші органның жұмысын ұйымдастырады;

      7) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      7-2-бап. Қайырымдылық ұйымдарының тізілімі

      1. Қайырымдылық объектілері, қайырымдылық ұйымдары және олар көрсеткен қайырымдылық көмек туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер базасы қайырымдылық ұйымдарының тізілімі болып табылады.

      2. Қайырымдылық ұйымдарының тізілімінде мәліметтерді тіркеу ерікті негізде жүргізіледі;

      3. Қайырымдылық ұйымдары және олар көрсеткен қайырымдылық көмек туралы ақпарат электрондық анықтама нысанында беріледі және жалпыға бірдей қолжетімді болып табылады.

      4. Қайырымдылық ұйымдарының тізілімін қалыптастыру және жүргізу уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.";

      7) 8-бапта:

      1-тармақтың 5) тармақшасындағы "жүзеге асыруға құқығы бар." деген сөздер "жүзеге асыруға;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) және 7) тармақшалармен толықтырылсын:

      "6) қайырымдылық ұйымын ұстауға қайырымдылық бағдарламасын іске асыруға түскен қаржы қаражатының жиырма пайызына дейін, онда өзге қаржыландыру көздері болмаған кезде пайдалануға.

      Қайырымдылық ұйымын ұстау штаттағы қызметкерлердің жалақысы, кеңсені жалға алуды, кеңсе тауарларын сатып алуды, байланысты, банк комиссияларын, бюджетке төленетін міндетті төлемдер мен сақтандыру жарналарын, жиһаз, компьютерлік және кеңселік ұйымдастыру техникасын сатып алуды қамтуы мүмкін.

      7) қайырымдылық жасаушыларға олардың қайырымдылыққа қатысуын растайтын анықтамаларды беруге құқығы бар.";

      2-тармақтың 4) тармақшасындағы "орындауға міндетті." деген сөздер "орындауға;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) жылына бір реттен сиретпей іске асырылған қайырымдылық бағдарламасы туралы есепті бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) қайырымдылық ұйымының интернет-ресурсында жариялауға міндетті.

      Есепте қайырымдылық бағдарламасын іске асыру шеңберінде қол жеткізілген кірістер мен шығыстар туралы қысқаша ақпарат қамтылуы тиіс";

      8) 11-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Нысаналы сипаты бар қайырымдылық көмекті алған пайдаланушы қайырымдылық көмек пайдаланылған кезден бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде алынған қайырымдылық көмектің нысаналы пайдаланылуын растайтын жазбаша нысанда (тиісті растайтын құжаттаманы қоса бере отырып) қайырымдылық жасаушыға есеп беруге міндетті.";

      9) 12-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) ерікті қайырмалдықтар, оның ішінде қайырымдылық ұйымдарының интернет-ресурстары, қайырымдылық краудфандингтік платформалар, төлем жүйелері арқылы алынған қайырмалдықтар;";

      10) 16-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қайырымдылық ұйымының жарғысында көзделген тәртіппен құрылатын алқалы орган қайырымдылық ұйымының жоғары басқару органы болып табылады.

      2. Жоғары орган қайырымдылық ұйымының атқарушы органын тағайындайды, қайырымдылық ұйымы қызметінің оның жарғысының мақсатына сәйкестігін бақылауды, сондай-ақ жарғыда бекітілген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.";

      11) мынадай мазмұндағы 25-1-баппен толықтырылсын:

      "25-1-бап. Демеушілік көмек

      1. Жеке тұлғаларға демеушілік көмек олардың спорттық, мәдени немесе өзге де іс-шараларға қатысуы кезінде, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қоспағанда, шығармашылық, ғылыми, ғылыми-техникалық, өнертапқыштық қызметті дамытуды, білім беру мен спорт шеберлігі деңгейін арттыруды қолдау үшін қаржылай қолдау түрінде ұсынылады.

      2. Қайырымдылық ұйымдарына демеушілік көмек олардың жарғылық мақсаттарын іске асыру үшін көрсетіледі.

      3. Демеушілік көмек көрсету кезінде ақпарат мыналардың:

      1) демеушінің;

      2) жеке тұлғаның;

      3) қайырымдылық ұйымының;

      4) демеушілік көмек алушылардың қалауы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарын және электрондық ақпараттық ресурстарды тарту арқылы таратылуы мүмкін.".

      14. "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      18-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерін және (немесе) өзге де ұйымдарды тарту құқығымен халықты жұмыспен қамту орталықтары жүргізеді.".

      15. "Волонтерлік қызмет туралы" 2016 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бап мынадай мазмұндағы 10), 11) және 12) тармақшалармен толықтырылсын:

      "10) волонтерлік қызмет мониторингі – волонтерлік қызмет туралы, оның ішінде волонтерлік бағдарламаларды (жобаларды) және волонтерлік акцияларды іске асыру туралы ақпаратты жинау және талдау процесі;

      11) корпоративтік волонтерлік – ұйым қызметкерлерінің өз ұйымының қолдауымен әртүрлі волонтерлік бағдарламаларға (жобаларға) ерікті түрде қатысуы;

      12) тәлімгерлік – балалар мен жасөспірімдерге рухани, моральдық, мәдени құндылықтарды қалыптастыруда, олардың өз бетінше өмір сүру дағдыларын, жеке әлеуетін дамытуда, жеке және кәсіптік мақсаттарын айқындауда және осылайша әлеуметтік бейімделу процесін іске асыруда көмек көрсетуден көрінетін Қазақстан Республикасының әлеуметтік белсенді азаматтарының волонтерлік қызмет түрі.";

      2) 6-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 12-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "12-1) барлық үлгідегі ұйымдардағы (білім беру, медициналық және басқалар) жасөспірімдер мен жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз бетінше өмір сүруге дайындауға жеке қолдау көрсету және көмек көрсету;";

      3) мынадай мазмұндағы 6-1-баппен толықтырылсын:

      "6-1-бап. Корпоративтік волонтерлік

      1. Корпоративтік волонтерлікті дамыту туралы шешім қабылданған жағдайда, кәсіпкерлік субъектілері волонтерлік қызметті жүзеге асыру бойынша ішкі құжаттарды әзірлейді.

      2. Корпоративтік волонтерліктің ішкі құжаттары корпоративтік волонтерлік қызметті жүзеге асырудың қағидаттарын, негізгі бағыттары мен тәртібін айқындайды.

      3. Корпоративтік волонтерліктің мақсаттары осы Заңның 4-бабына сәйкес айқындалады.";

      4) 8-бапта:

      1-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес волонтерлік қызметтің, оның ішінде волонтерлік бағдарламалардың (жобалардың) және волонтерлік акциялардың іске асырылуының мониторингін жүзеге асырады;";

      1-тармақтың 8) тармақшасы алып тасталсын;

      5) 9-бапта:

      3), 4) және 7) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізу жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді;

      4) волонтерлік қызметті қолдау және волонтерлік ұйымдар мен волонтерлерді волонтерлік бағдарламаларды (жобаларды) іске асыруға және волонтерлік акцияларды өткізуге қатысуға тарту тәртібі жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірлейді;";

      "7) волонтерлік қызметтің мониторингін жүзеге асыру, оның ішінде волонтерлік бағдарламаларды (жобаларды) және волонтерлік акцияларды іске асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      5) тармақша алып тасталсын;

      6) 10-бапта:

      1-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес волонтерлік қызметтің, оның ішінде волонтерлік бағдарламалардың (жобалардың) және волонтерлік акциялардың мониторингін жүзеге асырады;";

      2-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес волонтерлік қызметтің, оның ішінде волонтерлік бағдарламалардың (жобалардың) және волонтерлік акциялардың мониторингін жүзеге асырады;";

      7) 12-бапта:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Волонтерлік қызметті он төрт жасқа толған жеке тұлғалар жүзеге асыра алады.

      2. Он төрт жасқа толмаған жеке тұлғалар волонтерлік қызметке ата-анасының (өзге де заңды өкілдерінің) жазбаша келісімімен немесе олармен бірге ілесіп жүруімен қатысады.";

      мынадай мазмұндағы 2-1, 2-2 және 2-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "2-1. Он сегіз жасқа толмаған волонтер волонтерлік қызметті жүзеге асыруға жұмсаған уақыт кезеңі мыналарды құрайды:

      1) он төрт жастан он алты жасқа дейін - аптасына жиырма төрт сағаттан аспайды;

      2) он алты жастан он сегіз жасқа дейін – аптасына отыз алты сағаттан аспайды.

      2-2. Он сегіз жасқа толмаған жеке тұлғалар волонтерлік қызметті олардың денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жағдайда жүзеге асырады.

      2-3. Он сегіз жасқа толмаған волонтерлерді:

      1) төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарларын жою, дүлей зілзалалар, экологиялық, техногендік және басқа да апаттар, әлеуметтік шиеленістер, жазатайым оқиғалар нәтижесінде зардап шеккен адамдарға, құқық бұзушылықтар құрбандарына, босқындарға және мәжбүрлі қоныс аударушыларға көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды жүргізуге;

      2) Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары негізінде өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда, сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшыраған немесе қылмыстық қудалаудағы адамдарға көмек көрсетуге;

      3) ауыр жұмыстарға, зиянды және (немесе) қауіпті жағдайлары бар жұмыстарға тартуға болмайды.";

      3-тармақтың 9) тармақшасындағы "қатысуға құқығы бар." деген сөздер "қатысуға;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 10) және 11) тармақшалармен толықтырылсын:

      "10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ балдары тең болған жағдайда жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың құрамына қабылдауға арналған конкурста көрсеткен патриотизмі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін "Елбасы медалі" ерекшелік белгісі болған кезде артықшылық алуға;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен азаматтық қызметке кіру кезінде конкурстық комиссияның оның волонтерлік қызметін есепке алуына құқығы бар. Бұл ретте конкурстық комиссия кандидаттың жеке қабілеттері мен кәсіптік даярлығын да ескереді.";

      4-тармақтың 7) тармақшасындағы "кедергі келтірмеуге міндетті." деген сөздер "келтірмеуге;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:

      "8) қайырымдылық қайырмалдықтарын жинау жүзеге асырылған жағдайда, қайырымдылық жасаушыға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаражат жинау нәтижелері туралы есеп беруге міндетті.".

      мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Волонтер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыра алады.";

      8) 14-бап мынадай мазмұндағы 9 және 10-тармақтармен толықтырылсын:

      "9. Волонтер азаматтық қызметке арналған конкурсқа қатысқан кезде волонтерлік ұйым волонтерлерге волонтерлік қызметті жүзеге асырғаны туралы анықтама береді.

      Анықтамада қол қойылған және волонтерлік ұйымның мөрімен (бар болса) куәландырылған, волонтерлік қызметтің кезеңі мен түрі көрсетіле отырып, волонтерлік қызметті жүзеге асыру туралы мәліметтер қамтылуы тиіс.

      10. Волонтерлік ұйым уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізеді.";

      9) 16-баптың 2-тармағы алып тасталсын;

      10) 17-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Мемлекет "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес коммуналдық мүлікті жеңілдікті шарттармен кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру түрінде волонтерлік ұйымдарға қолдау көрсетеді.".

      2-бап. Осы Заң:

      1) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағын, 4-тармағын, 5-тармағын, 7-тармағының 1) тармақшасын, 2) тармақшасын, 3) тармақшасының сегізінші және тоғызыншы абзацтарын, 4) тармақшасының екінші, үшінші және төртінші абзацтарын, 5) тармақшасын, 6) тармақшасын, 7) тармақшасының он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма бірінші абзацтарын, 8) тармақшасының он төртінші, он бесінші және он алтыншы абзацтарын, 9) тармақшасын, 10) тармақшасын, 13) тармақшасын, 14) тармақшасын, 15) тармақшасын, 16) тармақшасын, 8-тармағын, 10-тармағын, 12-тармағын, 14-тармағын;

      2) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 13-тармағы 1) тармақшасының он алтыншы абзацын, 6) тармақшасының алтыншы, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші және он бесінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады