"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 желтоқсандағы № 986 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне:

      1) 12-баптың 37) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "37) жеке қосалқы шаруашылық – азаматтың және оның отбасы мүшелерінің елді мекенде орналасқан жер учаскесінде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу бойынша өзі тұтынуына және жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбай, жеке мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін өткізуіне арналған кәсіпкерлік емес қызмет түрі;";

      2) 97-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке қосалқы шаруашылықты, балық өсіру шаруашылығын (акваөсіруді), бақ шаруашылығын және саяжай құрылысын дамыту үшін жеке меншікке;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларына шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу, орман өсіру, балық өсіру шаруашылығын (акваөсіруді), ғылыми-зерттеу, тәжірибе жүргізу және оқыту мақсаттары, қосалқы ауыл шаруашылығын, бау-бақша шаруашылығын және мал шаруашылығын жүргізу үшін жер пайдалануға беріледі.

      Пайдалануға беру мерзімі кемінде он жылды құрайтын шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскесін беру жағдайларын қоспағанда, жер учаскесiн көрсетілген мақсаттар үшiн жер пайдалану құқығымен беру мерзiмi кемiнде бес жылды құрайды. Жер учаскесiн осы тармақшада көрсетілген мерзімдерден аз мерзiмге беруге оны алуға мүдделi өтiнiш берушiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi.";

      3) 102-баптың 3 және 4-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қазақстан Республикасының азаматтарына бақ шаруашылығымен айналысу, саяжай құрылысы және бау-бақша шаруашылығы, балық өсіру шаруашылығы (акваөсіру) үшін жер учаскелері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, ауылдық елді мекендердің жерінен және босалқы жерден беріледі.

      4. Жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге, бақ шаруашылығымен айналысуға және саяжай құрылысына, балық өсіру шаруашылығына (акваөсіруге) арналған жер учаскелерінің меншік иелері болып табылатын азаматтар ортақ мүдделеріне қарай құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын жай серіктестіктерге, бағбандық немесе өзге де тұтыну кооперативтеріне бірігуге құқылы.".

      2. "Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы" 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 20) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "20) ауыл шаруашылығы жануарлары – мал шаруашылығы өнімін алу мақсатында адам өсіретін жануарлар, құстар, балықтар және бал аралары;".

      3. "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 27-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 38) тармақшамен толықтырылсын:

      "38) жеке қосалқы шаруашылықтардың және олардың ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жай-күйі және оларды дамыту туралы ақпаратты жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға береді.";

      2) 39-3-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 4-6) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-6) ауыл әкімінің жеке қосалқы шаруашылықтарды және олардың кооперацияларын дамыту жөніндегі есебін тыңдау;".

      4. "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 13) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) ауыл шаруашылығы өнімі – бал ара шаруашылығын, балық өсіру шаруашылығын (акваөсіруді) қоса алғанда, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығының, оның ішінде органикалық өнім өндіру арқылы алынған шикізаты және өнімі, сондай-ақ оларды бастапқы қайта өңдеу арқылы алынған өнімдер;".

      5. "Жайылымдар туралы" 2017 жылғы 20 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) екпе (жасанды) жайылымдар – тұрақты, өнімділігі жоғары жемшөп алқаптары бар, ауыл шаруашылығы жануарларын ұтымды күтіп-бағу және оларға зооветеринариялық қызмет көрсету үшін шалғынның жоғары шығымдылығын қамтамасыз етуге арналған жүйелермен және құрылғылармен, мал иіретін жерлермен және суаттармен жарақталған жайылымдар;";

      2) 13-баптың 2-тармағы 8) тармақшасының сегізінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "екпе (жасанды) және аридтік жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ерекшеліктері;".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады