Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысы

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мына нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметті лицензиясыз жүзеге асыру кезінде тапқан табысты алу жөніндегі заңнаманы соттардың қолдануы туралы" 2004 жылғы 18 маусымдағы № 4 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 25 қарашадағы № 11 нормативтік қаулысымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) 1-тармақтың бірінші абзацындағы "26)" деген цифрлар "27)" деген цифрлармен ауыстырылсын;

      2) 7-тармақтың бірінші абзацындағы ", мұнай және газ" деген сөздер "саласындағы, көмірсутектер" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 8-тармақтың үшінші абзацындағы "2000 жылғы 30 қарашадағы № 109-II" деген сөздер "2018 жылғы 10 қаңтардағы № 133-VI" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2. "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы" 2012 жылғы 9 сәуірдегі № 1 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 3; 2016 жылғы 25 қарашадағы № 11 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) 1-тармақтың төртінші абзацындағы ", мамандандырылған әкімшілік немесе аудандық сотқа" деген сөздер алып тасталсын;

      2) мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылғанға дейін сот, іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын орган адамның келмеу себептерін (шақыру қағазын табыс ету туралы қолхаттың болуын, адамды хабардар етуді ӘҚБтК-нің 743-бабында санамаланған тәсілдермен растайтын өзге де дәлелдемелер), келмеудің дәлелді себептерінің бар екендігін куәландыратын құжаттарды тексеруге міндетті.

      Күштеп әкелу туралы ұйғарымда ӘҚБтК-нің 822-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шарасын қолдану негіздері қамтылуы тиіс.

      Күштеп әкелу туралы ұйғарымды орындауды уәкілетті органның лауазымды адамы ұйғарымда баяндалған күштеп әкелу жүзеге асырылатын адам туралы мәліметтерге сәйкес жүзеге асырады. Күштеп әкелу туралы ұйғарымды орындау мүмкін болмаған жағдайда (мысалы, осы адамды немесе оның болатын жерін анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтердің болмауы) лауазымды адам бұл туралы күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарған сотқа не мемлекеттік органға (лауазымды адамға) дереу хабарлауға міндетті.

      Күштеп әкелу түнгі уақытта жүргізілмейді.

      Тиісті медициналық қорытындымен куәландыруға жататын денсаулық жағдайы бойынша өзiнiң жатқан орнынан кете алмайтын немесе кетпеуге тиiс адамдар күштеп әкелінуге жатпайды.";

      3) 8-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші абзацтармен толықтырылсын:

      "Көліктегі, жол шаруашылығындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша алынған құжаттар іс бойынша қабылданған қаулы орындалғанға дейін оны алып қоюды жүргізген органда сақталады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің материалдарына жүргізуші куәлігінің көшірмесі (жүргізуші куәлігінің нысанына қарамастан) қоса тіркелуге тиіс.

      Көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін алып қою ӘҚБтК-нің 797-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген бұзушылықтар жасалған кезде ӘҚБтК-нің 795-бабының талаптарын сақтай отырып жүргізіледі. Әкімшілік айыппұлды өндіріп алу туралы қаулыны орындау мақсатында көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін алып қоюды жүргізуге тыйым салынады.";

      4) 10-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "ӘҚБтК-нің 797-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықтар жасалған кезде көрсетілген баптың екінші бөлігінде аталған уәкiлеттi лауазымды адам көлiк құралдарын, кемелерді, оның iшiнде шағын көлемдi кемелердi уақытша сақтау үшiн оларды арнаулы алаңдарға, тұрақтарға немесе стационарлық көлiктiк бақылау бекетiне iргелес жатқан алаңдарға жеткізу, оның iшiнде басқа да көлiк құралын (эвакуаторды), кеменi немесе шағын көлемдi кеменi пайдалана отырып жеткiзу арқылы, кідірту себептерi жойылғанға дейiн кідіртуге, жеткiзуге және пайдалануға тыйым салуға құқылы.";

      үшінші абзацтағы "арызы бойынша" деген сөздер алып тасталсын;

      3. "Соттардың Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Жалпы бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 12 (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2019 жылғы 31 мамырдағы № 3 нормативтік қаулысымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен):

      1) мынадай мазмұндағы 6-1 және 6-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "6-1. ӘҚБтК-нің 45-бабының бірінші, екінші бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралын не нысанасын, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу оларды заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекет меншiгiне мәжбүрлеп өтеусiз айналдырудан тұрады. Егер ӘҚБтК-нің Ерекше бөлiгiнде өзгеше көзделмесе, құқық бұзушының меншiгi болып табылатын зат қана тәркiлеуге жатады.

      Тәркілеу адам әкімшілік жауаптылыққа тартылатын ӘҚБтК бабының санкциясы әкімшілік жазаның қосымша шарасы ретінде көздеген жағдайларда ғана қолданылатынын соттардың ескергені жөн.

      6-2. Әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралының не нысанасының, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүліктің ӘҚБтК-нің 766-бабы 7) тармақшасы ережелерінің негізінде тәркілеу нысанасына қатыстылығы оның әкімшілік құқық бұзушылық құрамын дәлелдеу нысанасына кіретін мән-жайлармен байланысын білдіретінін ескеру қажет. Әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болып табылған затты, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлікті тәркілеу туралы мәселені шешкен кезде соттар міндетті түрде осы мүліктің тиесілігін негіздейтін дәлелдемелерді, әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға осы заттар мен мүліктің және мүлік сатылып алынған қаражаттың шығу тегін тексеруге тиіс. Контрабанда заттары тиістілігіне қарамастан тәркіленуге жатады. Егер іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы не заттары, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлік белгіленбесе, тәркілеу, оның ішінде ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің осы қосымша жаза түрін міндетті түрде қолдануды көздейтін баптарына қолданылмайды.

      Әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға тиесілі емес заттарды немесе мүлікті тәркілеу туралы мәселені шешкен кезде сот олардың тиесілігін, меншік иесінің оның мүлкін құқыққа қайшы мақсаттарда пайдалану туралы хабардар болуын айқындауға және олардың анықталуына қарай шешім қабылдауға тиіс. Егер мүліктің меншік иесі өзінің мүлкін басқа адамдардың пайдалануының құқыққа қайшы мақсаттары туралы білмесе және біле алмаса, онда мұндай мүлік тәркіленуге жатпайды.";

      2) 7-тармақтың бірінші абзацындағы екінші сөйлем алып тасталсын;

      3) 10-тармақтың екінші абзацындағы екінші сөйлем алып тасталсын;

      4) 11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. ӘҚБтК-нің 33-бабының үшінші бөлігіне сәйкес заңды тұлғаның әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған және дербес салық төлеушiлер болып табылатын құрылымдық бөлiмшелерi (қаржы ұйымдарын қоспағанда) заңды тұлғалардың жауапкершілігі көзделген ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің тиісті баптары бойынша құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заңды тұлғалар ретінде жалпы негіздерде әкімшілік жауаптылықта болады.

      Соттар салықтың жекелеген түрлері бойынша Салық кодексінде заңды тұлғаның салық заңнамасында көзделген шарттар мен рәсімдерді сақтай отырып, құрылымдық бөлімшені өз шешімімен дербес салық төлеуші деп тану құқығы көзделгенін есте ұстағандары жөн.

      Салық кодексінің 490-бабының 1-тармағына сәйкес, егер Салық кодексінің 490-бабында өзгеше белгіленбесе, меншік құқығында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар және меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында салық салу объектілері бар заңды тұлғалар көлік құралдары салығын төлеушілер болып табылады. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамасына сәйкес осындай құрылымдық бөлімшеге тіркелген көлік құралдары бойынша көлік құралдары салығын өз бетінше төлеуші деп тануға құқылы.

      Баяндалған норманы ескере отырып, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі заңды тұлға өзінің шешімімен заңнамада белгіленген тәртіппен құрылымдық бөлімшеге тіркелген көлік құралдарына салық төлеуші деп таныған жағдайда, көлік құралдарына салынатын салық бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа жатады. Мұндай шешімнің салық заңнамасының талаптарына сәйкес күшіне енуі де құқықтық маңызға ие.

      Сонымен қатар салықтың жекелеген түрлері бойынша салық төлеушіні айқындайтын Салық кодексі нормаларының қолданылуына байланысты тек заңды тұлға ғана әкімшілік жауаптылықта болады, осылайша Салық кодексінің 222-бабының 1-тармағына сәйкес заңды тұлғалар корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып табылады.

      Дербес салық төлеуші болып табылмайтын заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің құқыққа қарсы іс-әрекет жасауы, егер бұрын ӘҚБтК-нің 61-бабында көзделген мерзім ішінде заңды тұлға өзінің басқа құрылымдық бөлімшесі осындай құқыққа қарсы іс-әрекет жасағаны үшін жауапқа тартылса, қайталама деп есептелуі тиіс.";

      5) мынадай мазмұндағы 12-1-тармақпен толықтырылсын:

      "12-1. Әскери қызметшілер мен әскери жиында жүрген әскери міндеттілер ӘҚБтК-нің 32-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған әкімшілік құқық бұзушылықтары үшін тәртіптік жарғы бойынша жауаптылықта болады. Осы адамдар құқық бұзушылықты қызметтік міндеттерін атқармаған (демалыста болған, әскери бөлім орналасқан жерден сейілдемеге шыққан және т.б.) кезде жасағанда жоғарыда аталған адамдар ӘҚБтК-нің 32-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген әкімшілік жаза қолданудағы шектеулермен жалпы негіздерде әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатады.

      Арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жауаптылығы тиісті органдарда қызмет өткеру тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкес айқындалады.

      ӘҚБтК-нің 32-бабының екінші бөлігінде көзделген мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ құқық бұзушылықты қызметтен тыс жерде жасаған кезде, жоғарыда аталған адамдар оларға атыс және суық қаруды алып жүру мен сақтау құқығынан айыру және әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жазалар қолдануға тыйым салуды сақтай отырып, жалпы негіздерде жауапты болады.

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде, егер ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігі бабының санкциясымен әкімшілік қамаққа алу түріндегі баламасыз жазаны ғана қолдану көзделсе (ӘҚБтК-нің 652-бабын қоспағанда), соттың ӘҚБтК-нің 32-бабының бірінші бөлігінде аталған адамға қатысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтататынын ескергені жөн.

      Осы адамға қатысты құқық бұзушылық туралы материалдар оны тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін тиісті органдарға жолданады, бұл туралы сот қаулысының қарар бөлігінде көрсетіледі.";

      6) 13-тармақта:

      мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "ӘҚБтК-нің кейбір баптарының санкциялары бірнеше қосымша әкімшілік жазаны көздейді. Соттар ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің ережелерінен Жалпы бөлім нормаларының басымдығын ескеруі және ӘҚБтК-нің 55-бабының үшінші, төртінші бөліктерінің ережелерін ескере отырып, бір қосымша әкімшілік жазаны таңдауды қаулыда уәждеуі тиіс.";

      екінші абзац үшінші абзац болып саналсын;

      7) 14-1-тармақтың екінші абзацындағы "23" деген цифрлар "24" деген цифрлармен ауыстырылсын;

      8) 16-тармақта:

      бірінші абзацтағы үшінші сөйлемдегі "курьердің" деген сөз "электрондық құжат айналымы арқылы" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші абзацтармен толықтырылсын:

      "Әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза қолдану мерзімінің өтуі өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылған кезден бастап тоқтатыла тұрады. Бұл мерзімді есептеу әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамды күштеп әкелу туралы ұйғарымды орындайтын органға (лауазымды адамға) іс жүзінде жеткізген кезден бастап қайта басталады.

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын орган (лауазымды адам) ӘҚБтК-нің 785-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі уақытылы және дұрыс қарауды қамтамасыз ету мақсатында істі сотқа жібергенге дейін, егер орган (лауазымды адам) күштеп әкелу туралы ұйғарым шығаруға құқылы болған жағдайда, келуден жалтарған, оларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған ӘҚБтК-нің 744-бабының үшінші бөлігінде аталған адамдарды (кәмелетке толмағандарды қоспағанда) күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарады. Органның (лауазымды адамның) іс жүргізуіндегі іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза қолдану мерзімінің өтуі осы адамдарды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылған кезден бастап тоқтатыла тұрады. ӘҚБтК-нің 744-бабының үшінші бөлігінде аталған адамдар органға (лауазымды адамға) іс жүзінде жеткізілген кезден бастап осы мерзімді есептеу қайта басталады және іс сотқа жіберіледі.";

      9) 17-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Әкімшілік құқық бұзушылықты қылмыстық құқық бұзушылық ретінде дұрыс сараламау әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасының орын алмағанын білдірмейді. Осыған орай адамға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарылғаннан кейін, адамды әкімшілік жауаптылыққа тарту мәселесін шешу кезінде соттар әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдерін есептеу туралы ережелерді қолдануы тиіс.

      ӘҚБтК-нің 62-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес құқық бұзушының әрекеттерiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi болған кезде қылмыстық iс тоқтатылған жағдайда, тұлға оны тоқтату туралы шешiм келіп түскен күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.

      Бұл мерзімді есептеу әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға құқығы бар органның (лауазымды адамның) қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысын алған кезден басталады (органның тиісті хат-хабарларының тізілімінде тіркелген күні).";

      10) мынадай мазмұндағы 18-2-тармақпен толықтырылсын:

      "18-2. ӘҚБтК-нің 741, 742-баптарында көзделген мән-жайлардан басқа, әкімшілік жауаптылықтан босату институттарының бірі маңызы аз әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады.

      Әкімшілік жауаптылықтан босату үшін осы негізді қолдану тек әкімшілік құқық бұзушылықтардың материалдық құрамдарымен ғана шектелмейді және тек жеке тұлғаларға ғана емес, заңды тұлғаларға да қатысты болуы мүмкін.

      Құқық бұзушылықтың маңызы болмашы болған жағдайда адамды әкімшілік жауаптылықтан босату кезінде заң шығарушы ӘҚБтК-нің 64-1-бабына ескертпеде айқындаған өлшемшарттарды негізге алу, атап айтқанда: әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың мән-жайларын, оның ішінде құқық бұзушының жеке басын, қолсұғушылық объектісін, ал келтірілген зиян болған кезде оның мөлшерін ескеру қажет.";

      11) мынадай мазмұндағы 20-1-тармақпен толықтырылсын:

      "20-1. Егер ӘҚБтК-нің 57-бабында көрсетілген мән-жай ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің тиісті бабында әкімшілік құқық бұзушылық құрамының біліктілік белгісі ретінде көзделсе, ол жауаптылықты ауырлататын мән-жай ретінде қайта ескерілмейді.";

      12) 22-тармақтың екінші абзацындағы "440 (төртінші және бесінші бөліктерінде)" деген сөздер "440 (үшінші бөлігінде)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4. "Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі іс бойынша соттың қаулысы туралы" 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 5:

      1) 7-тармақта:

      бесінші абзацтағы "Заңының" деген сөзден кейін "(бұдан әрі – Құжаттар туралы заң)" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы жетінші абзацпен толықтырылсын:

      "Құжаттар туралы заңның 6-бабының 4-тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға цифрлық құжаттар сервисі арқылы пайдаланылатын және берілетін жеке басты куәландыратын құжаттардың қағаз жеткізгіштегі құжаттармен мәні бірдей.";

      2) 13-тармақтағы екінші абзац алып тасталсын;

      3) 18-тармақтағы "ілеспе жүкқұжатты," деген сөздер алып тасталсын;

      4) 22-тармақтағы "Әкімшілік іс жүргізу" деген сөздер "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 23-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс қозғалған адамға салынған әкімшілік айыппұлдың мөлшерін ӘҚБтК-нің 829-11-бабының екінші бөлігі негізінде қысқарту құқығы көзделген. Бұл нормада қысқартудың төменгі шегі жоқ, алайда қысқартудың шектеуші жоғарғы шегін (әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасының отыз пайызынан асырмай) сақтау міндетті екендігін соттардың ескергені жөн.";

      6) 32-тармақтағы "2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін 30-тармақтың төртінші абзацын қоспағанда," деген сөздер алып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
А. Мерғалиев
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г. Әлмағамбетова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады