Пана іздеген адамдар жаппай ағылып келген кезде оларды уақытша қоныстандыру пункттерінде қабылдау мен орналастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 12 шiлдедегi № 554 қаулысы.

      "Босқындар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Пана іздеген адамдар жаппай ағылып келген кезде оларды уақытша қоныстандыру пункттерінде қабылдау мен орналастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 12 шілдедегі
№ 554 қаулысымен
бекітілген

Пана іздеген адамдар жаппай ағылып келген кезде оларды уақытша қоныстандыру пункттерінде қабылдау мен орналастыру қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Пана іздеген адамдар жаппай ағылып келген кезде оларды уақытша қоныстандыру пункттерінде қабылдау мен орналастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Босқындар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және пана іздеген адамдар жаппай ағылып келген кезде уақытша қоныстандыру пункттерінде қабылдау мен орналастыру тәртібін айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) арқылы жаппай өткен кезде пана іздеген адамдарды уақытша қоныстандыру пункттерінде қабылдау мен орналастыру мақсатында шекара маңындағы облыстардың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – ЖАО) ішкі істер, азаматтық қорғау, денсаулық сақтау және ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне уақытша қоныстандыру пункттерін айқындау жөнінде ұсыныс енгізеді.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларындағы басшылықты, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру мен дамытуды, азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуі мен одан әрі дамуын қамтамасыз етуді, өрттердің алдын алу мен оларды сөндіруді ұйымдастыруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      2) әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай – белгілі бір аумақта әлеуметтік қатынастар саласында адам шығынына, денсаулыққа зиян келуіне, елеулi мүліктік шығындарға немесе тұрғындардың тыныс-тiршілiк жағдайының бұзылуына әкеп соғуы мүмкiн немесе әкеп соққан қайшылықтар мен жанжалдардың туындауымен байланысты төтенше жағдай;

      3) босқындар мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – босқындар мәселелері бойынша қатынастарды реттеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      4) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      5) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті орган – атқарушылық және бақылау функцияларын, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервтің жүйесіне басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6) пана іздеген адамдардың жаппай ағылып келуі – пана іздеген адамдардың Мемлекеттік шекара арқылы Қазақстан Республикасының аумағына бір мезгілде өтуі, оның жаппай келу екенін ЖАО айқындайды;

      7) пана іздеген адам – уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өздерінің өтінішхаты бойынша түпкілікті шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында пана сұрауға тілек білдірген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;

      8) сұрыптау пункті – пана іздеп келген адамдардың жеке басын анықтау және оларды одан әрі орналастыру туралы шешім қабылдау үшін құрылатын арнайы объект;

      9) сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті орган – сыртқы саяси қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет, сондай-ақ инвестициялар тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы органдардың бірыңғай жүйесін басқаратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;

      10) уақытша қоныстандыру пункттері – пана іздеген адамдарды уақытша орналастыруға арналған, пана іздеген адамдардың бірінші кезектегі тіршілігін қамтамасыз ету үшін дайындалған объектілер (тиісті құрылымы бар әртүрлі ғимараттар мен құрылысжайлар) және уақытша шатырлы лагерьлер.

2-тарау. Пана іздеген адамдарды уақытша қоныстандыру пункттерінде қабылдау мен орналастыру тәртібі

      4. Қазақстан Республикасының аумағында пана іздеген адамдардың құқықтық жағдайы, сондай-ақ босқындар мәселелері жөніндегі мемлекеттік органдардың құзыреті "Босқындар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.

      5. Ұлттық қауіпсіздік органдары ЖАО-ға, босқындар, азаматтық қорғау мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарға және ішкі істер органдарына пана іздеген адамдардың жаппай ағылып келуі туралы дереу хабарлайды.

      6. Пана іздеген адамдарды ұйымдасқан есепке алу, тіркеу мақсатында ЖАО жаппай ағылып келген жерлердегі азаматтық қорғау органдарымен бірге сұрыптау пункттері мен уақытша қоныстандыру пункттерін өрістетеді.

      7. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ЖАО-ға уақытша қоныстандыру пункттерін дайындауда және сұрыптау пункттерін өрістетуде жәрдем көрсетеді, сондай-ақ пана іздеген адамдарды қабылдау мен орналастыруға арналған сұрыптау пункттері мен уақытша қоныстандыру пункттерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

      8. ЖАО мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жаппай ағылып келген кезде пана іздеген адамдарды қабылдау мен орналастыруды ұйымдастыру жөніндегі жұмыс органы болып табылады.

      ЖАО пана іздеген адамдарды ұйымдасқан есепке алу, тіркеу, уақытша орналастыру және олардың бірінші кезектегі тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі бекітетін тиісті жоспарды әзірлейді.

      9. ЖАО уақытша орналастыру пункттерінде пана іздеген адамдарды орналастыру және олардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасауға байланысты іс-шараларды іске асырады.

      10. Пана іздеген адамдар жаппай ағылып келген кезде оларды қабылдауды ішкі істер, денсаулық сақтау және ұлттық қауіпсіздік органдары сұрыптау пункттері арқылы жүзеге асырады.

      11. Сұрыптау пункттерінің негізгі міндеттері:

      1) пана іздеген адамдарды қарсы алу және есепке алу;

      2) пана іздеген адамдарды орналастыруды ұйымдастыру және олардың бірінші кезектегі тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету;

      3) медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету;

      4) пана іздеген адамдарға нұсқау беруді және хабардар етуді ұйымдастыру;

      5) пана іздеген адамдардың жүріп-тұруын құжаттамалық ресімдеу.

      12. Ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының аумағына келген пана іздеген адамдарды және олардың отбасы мүшелерін есепке алуды жүзеге асырады және пана іздеген адамдарды бақылау-өткізу пункттерінен сұрыптау пункттері мен уақытша қоныстандыру пункттеріне дейін ертіп барады.

      13. ЖАО денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен бірге жұқпалы аурулардың белгілерін анықтау, қажетті санитариялық-гигиеналық жағдайлардың сақталуын бақылау тұрғысынан медициналық қарап-тексеруді ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады, сондай-ақ медициналық пункттерді өрістету, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет күштері мен құралдарын және жедел медициналық жәрдем станцияларын тарту есебінен уақытша қоныстандыру пункттерінде медициналық көмекті жүзеге асырады.

      14. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай мен салдарының алдын алу және жою жөнінде шараларды қабылдау үшін қажет болған жағдайда әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу және оны жою жөніндегі мемлекеттік орган мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын пайдалануы мүмкін.

      15. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай мен оның салдарының алдын алу және жою жөнінде шаралар қабылдау үшін мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын броньнан алу тәртібімен шығару "Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операциялар жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 шілдедегі № 860 қаулысына сәйкес мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу және оны жою жөніндегі мемлекеттік органдардың шешімі бойынша жүзеге асырылады.

      16. ЖАО пана іздеген адамдарды қабылдау және орналастыру, оның ішінде мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын жеткізу жөніндегі іс-шараларға қажетті көлік құралдарын тартуды қамтамасыз етеді.

      17. Ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірге пана іздеген адамдарды сұрыптау барысында қаруды, жарылғыш заттарды, оқ-дәріні, есірткіні, экстремистік әдебиетті және басқа да тыйым салынған заттарды анықтау тұрғысынан оларды тексеріп-қарауды жүргізеді, қылмыс жасауға қатысы бар адамдарды және деструктивті діни ағымдарды жақтаушыларды анықтау жөніндегі шараларды қолданады, сондай-ақ республикалық және халықаралық іздестіруде жүрген адамдарды анықтайды және ұстайды.

      18. Пана іздеген адамдар сұрыптаудан өткеннен кейін адамның қауіпсіздігін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында пана іздеген адамдар уақытша қоныстандыру пункттеріне орналастырылады.

      19. Қазақстан Республикасында пана сұрауға тілек білдірген пана іздеген адамдар босқын мәртебесін беру туралы жазбаша өтінішхатпен:

      1) Қазақстан Республикасының аумағына келгеннен кейін күнтізбелік бес күн ішінде өзінің келген жеріндегі ЖАО-ға;

      2) Мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметi аумақтық бөлімшесінің құрылымдық бөлімшесіне;

      3) Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті болмаған кезде Мемлекеттік шекараны мәжбүрлі түрде заңсыз кесіп өткен жағдайда бір тәулік ішінде ЖАО-ға жүгіне алады.

      20. ЖАО Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат тіркелген күні пана іздеген адамдарға пана іздеген адам куәлігін береді.

      21. Пана іздеген адамдар уақытша қоныстандыру пункттерінде ЖАО айқындайтын, бірақ 30 (отыз) тәуліктен кем болмайтын мерзімге орналастырылады.

      22. ЖАО-ға босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатпен жүгінбеген шетелдіктердің құқықтық жағдайы "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

      23. Босқындар мәселелері жөніндегі уәкілетті орган өз құзыреті шегінде пана іздеген адамдардың мәселелері бойынша ЖАО-ны үйлестіруді және оған әдістемелік басшылықты жүзеге асырады, сондай-ақ өз құзыреті шегінде пана іздеген адамдарға шыққан елінде тұратын туыстары туралы ақпарат алуға жәрдемдеседі.

      24. Сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті орган өз құзыреті шегінде орталық мемлекеттік органдарға пана іздеген адамдардың шыққан елдері туралы ақпарат алуға жәрдем көрсетеді, сондай-ақ босқындар мәселелері жөніндегі уәкілетті органдармен бірлесіп, пана іздеген адамдарға көмек беру мүмкіндіктеріне қатысты халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады