"Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы № 125 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 3 қарашадағы № 969 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы № 125 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларында, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарда:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидалары, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 34-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және осы Қағидаларда көзделген білім беру ұйымдарында мемлекеттік қызметшілерді жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша даярлау, қосымша білім беру бағдарламалары бойынша қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды айқындайды.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Мемлекеттік басқару академиясында "Б" корпусының "А", "В" санаттары тобындағы, С-1, С-2, С-3, С-4, С-5, С-О-1, С-О-2, D-1, D-2, D-O-1, Е-1 санаттарындағы, сондай-ақ Астана қаласында орналасқан жергілікті атқарушы органдардың, орталық атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері қайта даярлаудан өтеді.

      Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында "Б" корпусының D-3, D-4, D-5, С-О-3, С-О-4, С-О-5, С-О-6, C-R-1, C-R-2, C-R-3, C-R-4, C-R-5, D-O-2, D-O-3, D-О-4, D-О-5, D-О-6, D-R-1, D-R-2, D-R-3, D-R-4, D-R-5, Е-2, E-3, E-4, E-5, E-R-1, E-R-2, E-R-3, E-R-4, E-R-5, E-G-1, E-G-2, E-G-3, E-G-4 санаттарындағы мемлекеттік қызметшілері қайта даярлаудан өтеді.";

      11-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11-1. Персоналды басқару қызметі мемлекеттік орган қызметінің бейініне сәйкес мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша жұмысты ұйымдастырады.

      Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары білім беру қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      Мемлекеттік қызметшілерді кәсіптік даярлаудың тиісті сапасын қамтамасыз ету мақсатында "Б" корпусы әкімшілік қызметшілерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына кадрлық, оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша мынадай талаптар қойылады:

      1) біліктілікті арттыру бойынша сабақтарды ғылым докторы немесе кандидаты ғылыми дәрежесі, философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор немесе магистр дәрежесі бар және семинар тақырыбына сәйкес келетін саладағы кәсіптік қызметте және (немесе) кемінде соңғы 3 жылда тренингтер өткізуде практикалық тәжірибесі бар адамдардың өткізуі;

      2) біліктілікті арттыру бойынша сабақтардың ұйымның штаттық қызметкерлері қатарынан дәріскерлердің кемінде 40 %-ын тарта отырып жүргізілуі;

      3) біліктілікті арттыру семинарларының оқу бағдарламалары мазмұнының тапсырыс беруші мемлекеттік орган қызметінің ерекшелігіне, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы шартқа техникалық ерекшелікте айқындалған талаптарға сәйкес келуі;

      4) меншік құқығында не жалдау шарттары бойынша тыңдаушылар контингентінің көлеміне, санитариялық-техникалық нормалар мен қағидаларға сәйкес келетін аудиториялық қордың болуы;

      5) меншік құқығында біліктілікті арттыру семинарлары бағдарламаларының тыңдаушылары контингентінің көлеміне сәйкес келетін Интернет желісіне қолжетімділігі бар кітапхана қорының, компьютерлік және интерактивті жабдықтардың болуы.

      Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары білім беру қызметтерін көрсету кезінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру құнын есептеу әдістемесін басшылыққа алады.

      Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдардың тізбесін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның жанындағы үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) айқындайды.";

      14 және 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Мемлекеттік басқару академиясында "Б" корпусының "А", "В" санаттары топтарындағы, C-1, C-2, C-3, C-4, C-5, C-О-1, C-О-2, D-1, D-2, D-О-1, Е-1 санаттарындағы, сондай-ақ Астана қаласында орналасқан жергілікті атқарушы органдардың, орталық атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері біліктілікті арттырудан өтеді.

      Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында "Б" корпусының D-3, D-4, D-5, C-О-3, C-О-4, C-О-5, C-О-6, С-R-1, С-R-2, С-R-3, С-R-4, С-R-5, D-О-2, D-О-3, D-4, D-О-4, D-О-5, D-О-6, , D-R-1, D-R-2, D-R-3, D-R-4, D-R-5, Е-2, Е-3, Е-4, Е-5, Е-R-1, Е-R-2, Е-R-3, Е-R-4, Е-R-5, Е-G-1, Е-G-2, Е-G-3, Е-G-4 санаттарындағы мемлекеттік қызметшілері біліктілігін арттырудан өтеді. Осы санаттағы қызметшілер мемлекеттік орган қызметінің бейіні бойынша мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында біліктілікті арттырудан өте алады.

      Сот жүйесінің қызметкерлері Сот төрелігі академиясында да біліктілікті арттырудан өте алады.

      15. "Б" корпусының қызметшілері:

      1) үш жылда бір реттен сиретпей;

      2) жылдың қорытындысы бойынша "функционалдық міндеттерін қанағаттанарлықсыз түрде атқарады" деген баға алған жағдайда қызметшілердің қызметін бағалау нәтижелері бойынша үш ай ішінде біліктілікті арттырудан өтеді.

      Осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген жағдайларда біліктілікті арттыру мемлекеттік қызметшінің функционалдық міндеттеріне сәйкес келетін және оның құзыреттерін дамытуға бағытталған бағыт бойынша жүргізіледі.

      Қызметші қатарынан соңғы сегіз тоқсан ішінде "функционалдық міндеттерін тиімді атқарады" деген мәні бар бағалау нәтижелерін алған жағдайда қызметшінің Үйлестіру кеңесі айқындайтын ұйымдар арасынан өз қалауы бойынша семинарлар тақырыбын және оқыту ұйымын таңдау мүмкіндігімен қызметші мен жұмыс беруші үшін қолайлы кез келген уақытта осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мерзімдерді сақтай отырып біліктілікті арттырудан өте алады.

      Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген жағдайларда біліктілікті арттыру мемлекеттік қызметшінің жұмысы қанағаттанғысыз деп танылған бағыт бойынша жүргізіледі.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік қызметші жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша тікелей оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте кемінде үш жыл үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асырады.

      Бұл ретте осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, тікелей оқу аяқталғаннан кейін кемінде бір жыл еңбек қызметі мемлекеттік қызметшіні оқуға жіберген мемлекеттік органда жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік демалыста болған кезеңі жұмыспен өтеу мерзіміне есептелмейді.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтаған соң мемлекеттік қызметші заңнамада белгіленген тәртіппен басқа мемлекеттік органда жоғары тұрған лауазымға орналасқан жағдайда осы мемлекеттік органда жұмыспен өтеуін жалғастыра алады.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтаған мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша жұмыспен өтеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілуі мүмкін.";

      29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Жұмыспен өтеуді жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуды аяқтаған мемлекеттік қызметші растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындауды кейінге қалдыру туралы өтінішпен мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға мынадай:

      1) еңбек қызметін жүзеге асыруға кедергі келтіретін сырқатын емдеген;

      2) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында, сондай-ақ 57-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік қызметті тоқтатқан;

      3) негізгі жұмыскердің шығуы негізінде мемлекеттік қызметті тоқтатқан;

      4) әлеуметтік демалыс берілген;

      5) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына әскери қызметке шақырылған жағдайларда жүгінеді.

      Жұмыспен өтеуді жүзеге асыруға кедергі келтіретін сырқат басталған кезде мемлекеттік қызметшінің еңбек қызметін жалғастыруының мүмкін еместігі туралы қорытындымен емдеу ұйымынан денсаулық жағдайы туралы дәрігерлік-консультациялық комиссия (бұдан әрі – ДКК) берген анықтама растаушы құжат болып табылады.";

      мынадай мазмұндағы 29-1, 29-2 және 29-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "29-1. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган материалдарды зерделейді және мемлекеттік қызметшіге кейінге қалдыруды ұсыну туралы өтініш түскен күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті кейінге қалдыруды ұсыну немесе оны ұсынудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Мемлекеттік қызметші қабылданған шешім туралы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның тиісті хатымен хабардар етіледі.

      29-2. Осы Қағидалардың 29-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда кейінге қалдыру еңбек қызметін жүзеге асыруға кедергі келтіретін ауруды емдеу мерзіміне және ауруды емдеу аяқталғаннан кейін үш айдан аспайтын мерзімге беріледі.

      Осы Қағидалардың 29-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда кейінге қалдыру мемлекеттік қызмет тоқтатылғаннан кейін алты айдан аспайтын мерзімге беріледі.

      Осы Қағидалардың 29-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген жағдайда кейінге қалдыру әлеуметтік демалыс берілген мерзімге беріледі.

      Осы Қағидалардың 29-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген жағдайда кейінге қалдыру Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына әскери қызметке шақыру мерзіміне және аталған шақыру аяқталғаннан кейін алты айдан аспайтын мерзімге беріледі.

      29-3. Мемлекеттік басқару академиясы кейінге қалдыру мерзімі басталғанға дейін бір айдан кешіктірмей кейінге қалдыру берілген адамға жұмыспен өтеуді қайта бастау қажеттігі туралы хабарлама жібереді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адам кейінге қалдыру мерзімдері аяқталғаннан кейін жұмыспен өтеуді қайта бастайды және жұмыспен өтеу қайта басталған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде Мемлекеттік басқару академиясына жұмыс орнынан анықтама береді.

      Тиісті анықтама көрсетілген мерзімдерде ұсынылмаған жағдайда осы Қағидалардың 30-1-тармағына сәйкес оны оқытуға бөлінген қаражатты өндіріп алу жөнінде шаралар қабылданады.";

      30 және 31-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Сот төрелігі академиясында оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте және мемлекеттік органда жұмыспен өтеу туралы шарттар, мемлекеттік қызметшінің өзге де міндеттемелері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясына оқуға қабылдау қағидаларында көзделген оқытуға арналған тиісті шартта көрсетіледі.

      Мемлекеттік басқару академиясында оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте және мемлекеттік органда жұмыспен өтеу туралы шарттар, мемлекеттік қызметшінің өзге де міндеттемелері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау қағидаларында көзделген оқытуға арналған тиісті шартта көрсетіледі.

      Бұл ретте докторантура бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған мемлекеттік қызметші оқу аяқталғаннан кейін екі жыл ішінде Мемлекеттік басқару академиясының диссертациялық кеңесінде докторлық диссертацияны қорғауды аяқтайды.

      Жоғарыда көрсетілген міндеттемелерді орындамау мемлекеттік қызметшінің шәкіртақы шығындарын қоспағанда, оның оқуына, соның ішінде шетелдік тағылымдамасына бөлінген бюджет қаражатын мемлекетке орындалмаған міндеттемелерге барабар өтеуіне әкеп соғады.

      30-1. Мемлекеттік қызметші міндеттемелерді орындамаған жағдайда Мемлекеттік басқару академиясы, Сот төрелігі академиясы шәкіртақы шығындарын қоспағанда, оның оқуына, соның ішінде шетелдік тағылымдамасына бөлінген қаражатты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өндіріп алу бойынша шаралар қабылдайды.";

      мынадай мазмұндағы 4-1-тараумен толықтырылсын:

      "4-1-тарау. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқу бітірген мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметте және оны оқуға жіберген мемлекеттік органда жұмыспен өтеуден өтуін мониторингтеуді жүзеге асыру тәртібі";

      мынадай мазмұндағы 30-2, 30-3 және 30-4-тармақтармен толықтырылсын:

      "30-2. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтаған мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметте және оны оқуға жіберген мемлекеттік органда жұмыспен өтеуден өтуін мониторингтеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Мониторинг әр алты ай сайын үш жыл бойы оқу бітірген адамдардың жұмыс орны туралы деректерді "Е-қызмет" интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы салыстырып тексеру жолымен жүргізіледі.

      30-3. "Е-қызмет" интеграцияланған ақпараттық жүйесінде мемлекеттік қызметші туралы деректер болмаған жағдайда мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуын аяқтаған мемлекеттік қызметшіге жұмыс орнынан анықтама беру қажеттігі туралы хабарлама жібереді.

      Хабарлама тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен және (немесе) телефонограммамен және (немесе) жеделхатпен және (немесе) ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе электрондық мекенжай бойынша мәтіндік хабарламамен не хабархатты немесе шақыруды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберіледі.

      Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқу бітірген мемлекеттік қызметші күнтізбелік жылдың 15 маусымынан және 15 желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімде Мемлекеттік басқару академиясына жұмыс орнынан анықтама береді.

      30-4. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқу бітірген мемлекеттік қызметші мемлекеттік орган актілері шыққаннан кейін үш жұмыс күні ішінде оның көшірмелерін Мемлекеттік басқару академиясына:

      1) мемлекеттік органнан жұмыстан босатылған;

      2) оқуға жіберген мемлекеттік органда жоғары тұрған немесе өзге лауазымға орналасқан;

      3) мемлекеттік қызметшіге әлеуметтік демалыс берілген жағдайларда ұсынады.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады