"Жерлерді сақтап қою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 29 қыркүйектегі № 993 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 1100 қаулысы.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Жерлерді сақтап қою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 29 қыркүйектегі № 993 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Жерлерді сақтап қою қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Жерлердi сақтап қою қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтiру, қоршаған ортаны жақсарту және халық денсаулығын қорғау мақсатында ауыл шаруашылығының тозған алқаптарын, шектi жол берiлетiн концентрациясы мен шектi жол берiлетiн әсер ету деңгейiнiң белгiленген нормативтерiнен артық химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен, сарқынды сулармен ластанған, карантиндiк объектілермен, бөтен текті түрлермен және аса қауіпті зиянды организдермен зақымданған жерлердi (бұдан әрі – бүлінген жерлер) сақтап қою, сондай-ақ ядролық қару сынақтары салдарынан нормативтен артық радиоактивті ластануға ұшыраған жер учаскелерін алып қою тәртiбiн белгiлейдi.";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Ядролық қару сынақтары салдарынан нормативтен артық радиоактивті ластануға ұшыраған жер учаскелерін алып қою";

      14 және 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Ядролық қару сынақтары салдарынан нормативтен артық радиоактивті ластануға ұшыраған жерлерді босалқы жерлердiң құрамына ауыстыру туралы материалдарды тиiстi облыстық атқарушы органдардың өтінішхаты бойынша жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган қоршаған ортаны қорғау және атом энергиясын пайдалану жөнiндегi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп дайындайды және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына жолдайды.

      15. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 143-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ядролық қару сынағының салдарынан нормативтен артық радиоактивті ластануға ұшыраған жер учаскелерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде ядролық қару сынағының салдарын жою жөнiндегi барлық iс-шаралар және кешендi экологиялық зерттеп-қарау аяқталғаннан кейiн ғана жеке меншiкке немесе жер пайдалануға беруi мүмкiн.".

      2. Осы қаулы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады