"Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қаңтардағы № 36 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 1246 қаулысы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қаңтардағы № 36 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      преамбула мынадай редакцияда жазылсын:

      "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларында:

      2-тармақта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) геномдық ақпарат бойынша сәйкестендіру – анықталып жатқан адамның, танылмаған мәйіттің геномдық профилінің "Жеке басты биометриялық сәйкестендіру" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – "ЖБС" ААЖ) геномдық ақпаратының дерекқоры бойынша сәйкес келуін тексеру;";

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) дактилоскопиялау – материалдық жеткізгіштерде қолдың тырнақ фалангаларының және (немесе) алақан бетіндегі папиллярлық сызықтардан түзетілетін тері бедерінің таңбасын (бұдан әрі – таңбалар) алу;";

      13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) "Жеке басты биометриялық сәйкестендіру" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі – біреуі автоматтандырылған дактилоскопиялық ақпараттық жүйедегі дактилоскопиялық ақпаратты қамтитын, ал екіншісі автоматтандырылған геномдық ақпараттық жүйедегі геномдық ақпаратты қамтитын екі кіші жүйеден тұратын электрондық ақпараттық ресурс;";

      21) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "21) халықты құжаттандыруға арналған қолданбалы бағдарламалық қамтылым (бұдан әрі – ҚБҚ) – Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыруға және тіркеуге арналған бағдарламалық өнім;";

      12-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Адамдардың дактилоскопиялық ақпаратын жинау ішкі істер органдарының көші-қон қызметі бөлімшелерінде, оның ішінде халықты құжаттандыруды тіркеу пункттерінде, ұлттық қауіпсіздік органдарында, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде жүргізіледі.";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Дактилоскопиялау процесі қолдың он саусағын немесе екі қолдың он саусағы мен алақандарын арнайы дактилоскопиялық сканерде сканерлеу арқылы бояу жақпайтын әдіспен не осы Қағидалардың 26-тармағында белгіленген жағдайларда бояу жағу әдісімен дактилоскопиялық картаның қағаз бланкісінде жүзеге асырылады.";

      18-тармақ алып тасталсын;

      19, 19-1 және 20-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберілетін не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттар қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоспағанда, тіркелетін адамның қолында саусақтарының жекелеген тырнақ фалангаларында ашық жаралар мен өзге де жарақаттар болып, дактилоскопиялауға уақытша мүмкіндік болмаған кезде дактилоскопиялық ақпаратты жинау қолдың жарақаттанбаған саусақтарынан жүргізіледі.

      Дактилоскопиялық тіркелуге тиіс адамның буындары деформацияланған жағдайда дактилоскопиялық ақпаратты жинау қолдың анағұрлым азырақ деформацияланған саусақтарынан жүргізіледі.

      Бұл ретте дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асыратын қызметкер "ЖБС" ААЖ дерекқорына екі қолдың он саусағының тырнақ фалангаларына уақытша зақым келгені және өтініш жасалған күні дактилоскопиялау рәсімін жүзеге асырудың мүмкін еместігі туралы белгі қолды және тіркелетін адамға жазылғаннан кейін жеке басын куәландыратын құжатты алу үшін келесі жүгінген кезде қайтадан дактилоскопиялаудан өту қажеттігі туралы ескертеді.

      19-1. Жеке басын куәландыратын құжаттарын ресімдеген кезде Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, Қазақстан Республикасының визаларын ресімдеген кезде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дактилоскопиялау бояу жақпайтын әдіспен қолдың он саусағын мынадай тәсілдердің бірімен сканерлеу арқылы жүзеге асырылады:

      1) қолдың он саусағын батыра басу (бұдан әрі – батыра басу тәсілі) арқылы;

      2) қолдың он саусағын аунату (бұдан әрі – аунату тәсілі) арқылы.

      Қолдың он саусағының таңбасын сканерлеудің батыра басу тәсілі мынадай кезекпен жүргізіледі:

      1) дактилоскопиялық сканердің төсеніш шынысына оң қолдың, содан кейін сол қолдың төрт саусағы (бас бармақсыз) бір уақытта қойылады;

      2) дактилоскопиялық сканердің төсеніш шынысына қолдың бас бармақтары бір уақытта қойылады.

      Қолдың он саусағының таңбасын сканерлеудің аунату тәсілі мынадай кезекпен жүргізіледі:

      1) оң қолдың бас бармағынан бастап шынашағымен аяқтап, тырнақтың бір шетінен екіншісіне дейін кезекпен аунатылады, содан кейін дактилоскопиялық сканердің төсеніш шынысына сол қолдың саусақтары дәл солай аунатылады;

      2) оң қолдың, содан кейін сол қолдың төрт саусағы (бас бармақсыз) дактилоскопиялық сканердің төсеніш шынысына бір уақытта қойылады;

      3) дактилоскопиялық сканердің төсеніш шынысына қолдардың бас бармақтары бір уақытта қойылады.

      20. Жеке басын куәландыратын құжаттарды ресімдеген кезде Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының визаларын ресімдеген кезде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың екі қолындағы саусақтарының папиллярлық бедерлері "ЖБС" ААЖ-да танылмайтын болса, қолды санитариялық-гигиеналық құралдармен өңдеу және дактилоскопиялау рәсімінен қайтадан өту қажет. Дактилоскопиялаудың батыра басу тәсілі пайдаланылған кезде екі қолдағы саусақтардың папиллярлық бедерлері "ЖБС" ААЖ-да тағы да танылмаған жағдайда дактилоскопиялаудың аунату тәсілі қолданылады.";

      21-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21-2. Құжаттандыру рәсімін бастамас бұрын қызметкер жеке тұлғаның ҚБҚ-да дактилоскопиялық тіркеуден өткені туралы белгінің бар-жоғын тексереді.

      Белгі бар болса, қызметкер жеке тұлғаны "ЖБС" ААЖ арқылы верификациялауды жүргізеді.

      ҚБҚ-да жеке тұлғаның дактилоскопиялық тіркеуден өткені туралы белгі болмаған жағдайда қызметкер ҚБҚ-да дактилоскопиялық тіркеуден өтуге өтінім қалыптастырады. Содан кейін "ЖБС" ААЖ-да дактилоскопиялық тіркеуді жүргізеді.

      Жеке тұлғаны верификациялау дактилоскопиялық сканердің төсеніш шынысына оң қол мен сол қолдың төрт саусағын (сұқ, ортаңғы, атаусыз саусақ пен шынашақты), одан кейін бас бармақтарын бояу жақпайтын әдіспен бір уақытта кезекпен қою арқылы жүзеге асырылады.

      Жеке тұлғаның қолындағы саусақтарының папиллярлық бедерлері жеке басын куәландыратын құжатта орналастырылған не "ЖБС" ААЖ дерекқорындағы оның дактилоскопиялық ақпаратымен сәйкес келген жағдайда құжаттандыру рәсімінен одан әрі өтеді.

      Жеке тұлғаның қолындағы саусақтарының папиллярлық бедерлері жеке басын куәландыратын құжатқа орналастырылған не "ЖБС" ААЖ дерекқорындағы оның дактилоскопиялық ақпаратымен сәйкес келмеген жағдайда жеке тұлға осы Қағидалардың 22-тармағының 2) тармақшасына сәйкес дактилоскопиялаудан қайтадан өтуге тиіс не осы Қағидалардың 126, 127 және 128-тармақтарында көзделген тексеру іс-шаралары жүргізіледі.";

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Дактилоскопиялау немесе верификациялау алдында тіркелетін адамның қолында ашық жараның бар-жоғы және қолының тазалығы қаралады.

      Тіркелетін адамда:

      ашық жара анықталса, осы Қағидалардың 19, 20 және 21-тармақтарында көзделген іс-әрекет жүргізіледі;

      қолы айтарлықтай лас болса, санитариялық-гигиеналық құралдармен өңдеу арқылы кірді кетіруге мүмкіндік беріледі.

      Дактилоскопиялаған кезде мына талаптардың бірінің сақталуы қамтамасыз етіледі:

      тіркелетін адамның қол саусақтарын дактилоскопиялық сканердің төсеніш шынысына үйкемей біркелкі аунату;

      тіркелетін адамның қол саусақтарын дактилоскопиялық сканердің төсеніш шынысына тығыз батыра басу;

      тіркелетін адамның қол саусақтарын бояуды жайып жағуға арналған боялған металл немесе шыны тілімшенің (бұдан әрі – тілімше) бетінен және дактилоскопиялық картаның үстінен үйкемей біркелкі басып түсіру, сондай-ақ таза білікше мен тілімшелерді пайдалану.";

      25-тармақ алып тасталсын;

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Еңбекші көшіп келушілерге рұқсат берген кезде Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберілетін не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттар қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дактилоскопиялау аунату тәсілімен мына әдістердің бірі арқылы:

      1) қолдың он саусағы мен алақандарын сканерлеу арқылы бояу жақпайтын әдіспен;

      2) осы Қағидалардың 27, 28-тармақтарына сәйкес дактилоскопиялық картаның қағаз бланкісінде қолдың он саусағы мен алақандарына бояу жағу әдісімен жүзеге асырылады.

      Қолдың он саусағы мен алақандарын сканерлеу мынадай кезекпен орындалады:

      1) оң қолдың бас бармағынан бастап шынашағымен аяқтап, тырнақтың бір шетінен екіншісіне дейін кезекпен аунатылады, содан кейін дактилоскопиялық сканердің төсеніш шынысына сол қолдың саусақтары дәл солай аунатылады;

      2) оң қолдың, содан кейін сол қолдың төрт саусағы (бас бармақсыз) дактилоскопиялық сканердің төсеніш шынысына бір уақытта қойылады;

      3) дактилоскопиялық сканердің төсеніш шынысына қолдардың бас бармақтары бір уақытта қойылады;

      4) дактилоскопиялық сканердің төсеніш шынысына оң қолдың, содан кейін сол қолдың алақандары кезекпен қойылады.

      Дактилоскопиялық картаның қағаз бланкінде бояу жағу әдісімен дактилоскопиялау буындардың деформациялануына байланысты қол саусақтарын сканерлеу мүмкін болмаған жағдайда қолданылады. Алынған қағаз дактилоскопиялық карта ҚБҚ-ға енгізгеннен кейін оны көші-қон қызметінің қызметкерлері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес акт бойынша жояды.";

      26-1- тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "26-1. Еңбекші көшіп келушінің дактилоскопиялық тіркеуден өткені туралы анықтама осы Қағидаларға 3-1-қосымшаға сәйкес ресімделеді және оған қағаз форматта беріледі.";

      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Аунатылған саусақ таңбасын алу үшін қол саусағы тырнақ фалангасының қырымен боялған тілімшеге қойылады және оның үстінде тырнақтың бір шетінен екіншісіне дейін аунатылады.

      Бояу жағу әдісімен дактилоскопиялаған кезде тырнақ фалангасының ішкі жұмсақ бөлігі толығымен және ортаңғы фаланганың 3-5 мм боялуға тиіс. Бояу жағылған саусақ дактилоскопиялық карта бланкіндегі таңба алу үшін қалдырған жерде дәл осындай әдіспен аунатылады. Тіркелетін адам саусағын аунатып болғаннан кейін қызметкер оны босатпай, папиллярлық бедердің суретін бұзып жібермей жоғары көтереді.";

      29-тармақ алып тасталсын;

      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Жеке басын куәландыратын құжаттарды ресімдеген кезде Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дактилоскопиялау мүмкіндігін жоққа шығаратын дене кемшіліктері анықталған кезде олардан дактилоскопиялық ақпарат жинаған қызметкер ҚБҚ тиісті бөліміне адамның дактилоскопиялық тіркеуден босатылғаны туралы белгі қояды.

      Қазақстан Республикасының визаларын ресімдеген кезде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дактилоскопиялау мүмкіндігін жоққа шығаратын дене кемшіліктері анықталған кезде де олардан дактилоскопиялық ақпаратты жинаған қызметкер адамның дактилоскопиялық тіркеуден босатылғаны туралы тиісті белгі қояды.";

      көрсетілген Қағидаларға 3-1-қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2023 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 1246 қаулысына
  қосымша
  Дактилоскопиялық және
  геномдық тіркеуді жүргізу
  қағидаларына
  3-1-қосымша

Еңбекші көшіп келушінің дактилоскопиялаудан өткені туралы анықтама

      ___________________________________________________________________

      (Т.А.Ә. (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), туған күні)

      __________________________________________________________ берілді.

      ЖСН___________________________________________________________

      Ішкі істер органының атауы _______________________________________

      _______________________________________________________________

      Дактилоскопиялау жүргізген_______________________________________

      (қызметкердің лауазымы, атағы, Т.А.Ә. (егер жеке басын

      _________________________________________________________________

      куәландыратын құжатта көрсетілсе)

      _________________________________________________________________

      (дактилоскопиялау күні) (қызметкердің қолы)

      Мөр орны (бар болса)

      Анықтама ұлттық паспортты көрсеткен кезде жарамды

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады