Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 15 қыркүйектегі № 1012 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтеу қағидалары туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Асханұлы Смайыловқа Келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға екілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2022 жылғы 15 қыркүйектегі
№ 1012 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты негізге ала отырып,

      ауыл шаруашылығы өнімдері нарығының жұмыс істеудегі ашықтығын қамтамасыз етуге деген ұмтылысты бөлісе отырып,

      Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі - Одақ) шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қоймалық куәліктерді пайдалану практикасын кеңейтуге және олардың тұрақты айналысын, сондай-ақ қоймалық куәліктерді ұстаушылардың қаржы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүше мемлекеттердің мүдделі екеніне негізге ала отырып,

      өзара құрмет, теңдік және ашықтық қағидаттарын сақтай отырып, төмендегі туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады;

      "қоймалық куәлікті ұстаушы" - мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, қоймада сақталатын ауыл шаруашылығы өнімдеріне қоймалық куәлікте көрсетілген мөлшерде және сапада билік ету құқығы бар заңды немесе жеке тұлға;

      "кепіл ұстаушы" - ауыл шаруашылығы өнімдерінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелерді орындауды талап етуге құқығы бар заңды немесе жеке тұлға;

      "қоймалық куәліктер тізілімі" - шығарылған (берілген) қоймалық куәліктер туралы, оның ішінде қоймалық куәліктермен жасалған операциялар (оларды өтеуді қоса алғанда) туралы, қоймалық куәліктердің айналысына немесе олар бойынша құқықтарды жүзеге асыруға шектеулердің бар-жоғы (олардың сипатын қоса алғанда) туралы мәліметтерді, сондай-ақ қоймалық куәліктерді ұстаушылар мен кепіл ұстаушылар туралы мәліметтерді қамтитын мүше мемлекеттің ақпараттық ресурсы;

      "қойма" - мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызмет ретінде тауарларды сақтауды және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау бойынша қызметтер керсетуді жүзеге асыратын мүше мемлекеттің заңды тұлғасы;

      "қоймалық куәлік" - ұстаушысының қоймадан осы қағазды шығару (беру) кезінде айқындалған мөлшерде және сапада ауыл шаруашылығы өнімдерін алу құқығын куәландыратын және кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді орындауды талап ету құқығын беретін құжаттамасыз эмиссиялық емес бағалы қағаз.

      Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған мағыналарда түсініледі.

      Ескерту. 1-баптың орыс тілінде өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді – ҚР Президентінің 29.05.2023 № 237 Жарлығымен.

2-бап

      1. Осы Келісім Одақ шеңберінде қоймалық куәліктерді шығаруға (беруге), олардың айналысына және өтелуіне байланысты құқықтық қатынастарды реттейді және қоймалық куәліктерге қойылатын талаптарды айқындайды.

      2. Одақ шеңберінде қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелуі осы Келісімнің ережелері ескеріле отырып, мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Қоймалық куәліктердің айналысы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес биржада және (немесе) биржадан тыс нарықта жүзеге асырылады.

      4. Қоймалық куәліктері шығарылатын (берілетін) ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлері мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалады.

      5. Мүше мемлекеттерде шығарылған (берілген), қоймалық куәліктер тізілімдеріне енгізілген және осы Келісімнің талаптарына сәйкес келетін қоймалық куәліктерді мүше мемлекеттер өзара таниды.

3-бап

      1. Белгілі бір мөлшердегі және сападағы ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға қабылдауды растау үшін қойма орыс тілінде және мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде (мемлекеттік тілдерінде) (егер бұл мүше мемлекеттің заңнамасында көзделсе) ресімделген қоймалық куәлікті шығарады (береді).

      2. Қоймалық куәлікте мынадай міндетті мәліметтер (деректемелер):

      а) қоймалық куәліктің нөмірі мен шығарылған (берілген) күні;

      б) ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға қабылдаған қойманың атауы, оның тұрған жері және тұлғаны мүше мемлекеттің салық төлеушісі ретінде сәйкестендіретін нөмір;

      в) заңды тұлға үшін - ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға тапсырған қоймалық куәлікті ұстаушының: атауы, оның тұрған жері, жеке тұлға үшін - тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), тұрғылықты жері, тұлғаны мүше мемлекеттің салық төлеушісі ретінде сәйкестендіретін нөмір (бар болса);

      ғ) сақтауға қабылданған ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрі, оның сандық және сапалық сипаттамалары;

      д) егер мұндай мерзім мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленсе, ауыл шаруашылығы өнімдері сақтауға қабылданған мерзім не өнім талап етілгенге дейін сақтауға қабылданды деп көрсетілуі;

      е) қоймалық куәліктерді шығара отырып (бере отырып), ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған рұқсаттың не қойма туралы мәліметтердің қоймалық куәліктер шығаратын (беретін) мүше мемлекет қоймаларының тізіліміне (бұдан әрі - қоймалар тізілімі) енгізілгенін растайтын құжаттың деректемелері;

      ж) ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтағаны үшін сыйақы мөлшері (оның негізінде есептелетін тарифтер) және осы өнімдерді сақтауға ақы төлеу тәртібі не оған дейін сақтау жөніндегі көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу жүргізілген күн;

      з) қоймалық куәлік бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәртібі туралы мәліметтер қамтылады.

4-бап

      1. Шығарылған (берілген) қоймалық куәлік туралы мәліметтер қоймалық куәліктер тізіліміне енгізіледі.

      2. Қоймалық куәлік бойынша құқықтар берілген жағдайда, қоймалық куәліктер тізіліміне тиісті жазба жасалады.

      3. Қоймалық куәліктер тізілімінде осы Келісімнің 3-бабының 2-тармағында көзделген мәліметтер, сондай-ақ:

      а) кепіл ұстаушының атауы, тұрған жері, оны мүше мемлекеттің салық төлеушісі ретінде сәйкестендіретін немір туралы (ауыл шаруашылығы өнімін кепілге қойған жағдайда);

      б) қоймалық куәлік бойынша құқықтарды беру туралы;

      в) қоймалық куәліктің етелуі туралы;

      г) қоймалық куәлік бойынша құқықтарды шектеу туралы мәліметтер қамтылады.

      4. Қоймалық куәліктер тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібі осы баптың ережелері ескеріле отырып, мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалады.

      5. Қоймалық куәліктер бойынша құқықтарды есепке алу мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалатын ұйымдарды тарта отырып жүзеге асырылуы мүмкін.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 29.05.2023 № 237 Жарлығымен.

5-бап

      1. Қойма өз қызметін мүше мемлекеттің аумағында жүзеге асырады және мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленген ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау қағидаларын және ауыл шаруашылығы өнімдерін сандық-сапалық есепке алуды жүргізуге қойылатын талаптарды сақтайды.

      Қойма мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен қоймалық куәліктер шығара отырып (бере отырып), ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған рұқсат берілген күннен бастап не мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен ол туралы мәліметтер қоймалар тізіліміне енгізілген күннен бастап қоймалық куәліктер шығарады (береді).

      2. Қоймалар тізілімінде мынадай:

      а) қойма сақтауға маманданған ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрі туралы;

      б) қойманың атауы, типі, сыйымдылығы, қолжетімді сақтау көлемі, тұрған жері және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау орны туралы;

      в) қоймалар тізілімінде қойманың тіркелгенін растайтын, мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілетін құжат туралы мәліметтер;

      г) мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес өзге де мәліметтер қамтылады.

6-бап

      1. Қоймалық куәлік бойынша сақтауға қабылданған ауыл шаруашылығы өнімдері олардың сақталу мерзімі ішінде кепіл нысанасы бола алады, ол қоймалық куәлік бойынша құқықтарды шектеу туралы мәліметтерді қоймалық куәліктер тізіліміне енгізу арқылы ресімделеді.

      2. Қоймалық куәліктер тізілімінде қамтылған қоймалық куәліктің кепілдігі туралы мәліметтер болған кезде қоймалық куәлікті ұстаушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді етегенге дейін қоймадан ауыл шаруашылығы өнімдерін ала алмайды.

      3. Қоймалық куәліктер тізілімінде қоймалық куәлік бойынша құқықтарды жүзеге асыруға арналған шектеулер туралы мәліметтер болмаған кезде қойма ауыл шаруашылығы өнімдерін қоймалық куәлікті ұстаушыға береді.

      4. Осы баптың 2-тармағының талаптарына қарамастан, қоймалық куәліктер тізілімінде өзіне қатысты кепіл туралы жазба қамтылған, қоймалық куәлікті ұстаушыға ауыл шаруашылығы өнімдерін берген қойма қоймалық куәліктің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелерді етеу үшін кепіл ұстаушының алдында жауапты болады.

      5. Қоймалық куәлік бойынша құқықтарды жүзеге асыруға шектеулермен ауыртпалық салынбаған оны ұстаушы ауыл шаруашылығы өнімдерін бөліп-бөліп беруді талап етуге құқылы. Бұл ретте бастапқы қоймалық куәліктің орнына оған қоймада қалған ауыл шаруашылығы өнімдеріне жаңа қоймалық куәлік шығарылады (беріледі).

7-бап

      Қойма мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің иесі арасындағы қатынастар жария сақтау шартын жасасу арқылы ресімделеді. Жария сақтау шартына мынадай:

      сақтауға берілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің саны мен сипаттамалары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті олардың сапалық көрсеткіштері туралы;

      қойманың мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген мерзімде сақтауға қабылданған, сапасы бойынша біртекті ауыл шаруашылығы өнімдерінің партиясына қоймалық куәлік шығару (беру), сақтауға қабылданған ауыл шаруашылығы өнімдерінің қоймалық куәлікте көрсетілген мөлшерде және сапада сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жария сақтау шарты бойынша өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру және (немесе) қоймалық куәліктер бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорының (қорларының) қатысушысы болу міндеттемелері туралы міндетті мәліметтердің енгізілуі ескеріле отырып, жария сақтау шартының үлгілік нысаны мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалады,

8-бап

      Мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен мүше мемлекет "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінде мыналардың:

      мүше мемлекеттің қоймалық куәліктер тізілімінен мәліметтерге қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынатын интернет-ресурстың;

      ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасына сараптаманы жүзеге асыратын ұйымдар туралы мәліметтердің (атауы, тұрған жері, сондай-ақ тұлғаны мүше мемлекеттің салық төлеушісі ретінде сәйкестендіретін нөмір);

      мүше мемлекеттегі қоймалық куәліктердің айналысын реттейтін заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің, қоймалық куәліктер тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібінің, сондай-ақ осындай актілер жобаларының;

      қоймалық куәліктер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәртібі мен шарттары туралы ақпараттың;

      қойма мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің иесі арасындағы жария сақтау шартының үлгілік нысанының;

      қоймалық куәліктер шығара отырып (бере отырып), ауыл шаруашылығы өімдерін сақтау жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған рұқсаттар берілген не қоймалар тізіліміне енгізілген қоймалар тізбесінің орналастырылуын қамтамасыз етеді.

9-бап

      1. Қоймалардың қоймалық куәліктер бойынша міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және қоймалық куәліктерді ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қоймалардың өздері шығарған (берген) қоймалық куәліктер бойынша міндеттемелерді орындамауынан, оның ішінде мүше мемлекеттерде қоймалық куәліктер бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорын (қорларын) қалыптастыру немесе қоймалардың қоймалық куәліктерді ұстаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру арқылы қорғауға бағытталған ұйымдастырушылық-құқықтық шаралар кешенін көздейді.

      2. Мүше мемлекеттерде құрылатын қоймалық куәліктер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету жүйесіне қойылатын талаптарды мүше мемлекеттердің ұсыныстары негізінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі айқындайды.

      3. Мүше мемлекет өз аумағында мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес қоймалардың қоймалық куәліктер шығару (беру) және олардың өтелу қағидаларын, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау қағидаларын, қауіпсіздік талаптарын және ауыл шаруашылығы өнімдерін сандық-сапалық есепке алуды жүргізуге қойылатын талаптарды сақтауын бақылауды қамтамасыз етеді.

      4. Мүше мемлекет мүше мемлекеттің аумағында қоймалық куәліктері шығарылатын (берілетін) ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасына сараптама жүргізуді қамтамасыз етеді,

10-бап

      Осы Келісімге ескертулер жасауға жол берілмейді.

11-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ережелеріне сәйкес шешіледі.

      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 29.05.2023 № 237 Жарлығымен.

12-бап

      Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақ құқығына кіреді.

13-бап

      Мүше мемлекеттердің өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен рәсімделеді және осы Келісімнің ажырамас белігі болып табылады.

14-бап

      Осы Келісім мүше мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді, бірақ 2026 жылғы 1 маусымнан ерте болмайды.

      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 29.05.2023 № 237 Жарлығымен.

      20__ жылғы "___" __________ ___________қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, оның куәландырылған көшірмесін әрбір мүше мемлекетке жібереді.

Армения Республикасы үшін Беларусь Республикасы үшін Қазақстан Республикасы үшін Қырғыз Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін

     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады