Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің жекелеген санаттарын кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 28 ақпандағы № 490 Жарлығы

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі
актiлерiнiң жинағында
жариялануға тиiс

      "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 47-1-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. 2024 жылғы 1 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің жекелеген санаттары кезектен тыс аттестаттаудан өткізілсін.

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің жекелеген санаттарын кезектен тыс аттестаттау жөніндегі орталық аттестаттау комиссиясы;

      2) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің жекелеген санаттарын кезектен тыс аттестаттау жөніндегі өңірлік аттестаттау комиссиялары құрылсын.

      3. Қоса беріліп отырған:

      1) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің жекелеген санаттарын кезектен тыс аттестаттаудан өткізу қағидалары;

      2) орталық аттестаттау комиссиясының лауазымдық құрамы;

      3) өңірлік аттестаттау комиссияларының лауазымдық құрамы бекітілсін.

      4. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2024 жылғы 28 ақпандағы
№ 490 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің жекелеген санаттарын кезектен тыс аттестаттаудан өткізу ҚАҒИДАЛАРЫ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің жекелеген санаттарын кезектен тыс аттестаттаудан өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 47-1-бабына сәйкес әзірленді және ішкі істер органдары қызметкерлерінің (бұдан әрі – қызметкерлер) жекелеген санаттарын кезектен тыс аттестаттаудан өткізу тәртібін айқындайды.

      Осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес Кезектен тыс аттестаттауға жататын Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары лауазымдарының тізбесіне сәйкес лауазымдарды атқаратын қызметкерлер осы Қағидаларда кезектен тыс аттестаттауға жататын қызметкерлердің санаттары ретінде түсініледі.

      2. Жүктілігі және Заңның 77-бабында көзделген демалыстарда болу кезеңіндегі қызметкерлерді қоспағанда, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес лауазымдарды атқаратын қызметкерлер кезектен тыс аттестаттауға жатады.

      3. Қызметкердің жеке және кәсіби қасиеттерін, қызметтік жұмыс нәтижелерін бағалау ескеріле отырып, оның атқарып отырған лауазымына сәйкес келуі кезектен тыс аттестаттау кезінде бағалаудың негізгі өлшемшарты болып табылады.

      4. Кезектен тыс аттестаттау бірқатар дәйекті кезеңдерді қамтиды:

      1) кезектен тыс аттестаттау өткізуге дайындық;

      2) кәсiптiк жарамдылығын айқындау бойынша белгiленген нормативтердi тапсыру;

      3) кезектен тыс аттестаттауға жатқызылған қызметкердің Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін және логикалық ойлау қабілетін компьютерлік тестілеуден өткізу;

      4) тиісті аттестаттау комиссиясы өткізетін қызметкермен әңгімелесу;

      5) тиісті аттестаттау комиссиясының шешім шығаруы.

2-тарау. Кезектен тыс аттестаттауды өткізуге дайындықты ұйымдастыру

      5. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының кадр бөлімшесі (бұдан әрі – кадр бөлімшесі) қызметкерлерге кезектен тыс аттестаттауды өткізу мерзімдері туралы ол басталғанға дейін бір ай бұрын жазбаша хабарлайды.

      6. Кезектен тыс аттестаттауға жататын қызметкердің басшысы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оның қызметтік мінездемесін ресімдейді, онымен таныстырады және тиісті аттестаттау комиссиясының отырысына дейін үш аптадан кешіктірілмейтін мерзімде оны кадр бөлімшесіне жібереді.

      7. Кадр бөлімшесі жиналған аттестаттау материалдарын тиісті аттестаттау комиссиясына оның отырысына дейін бір аптадан кешіктірілмейтін мерзімде жібереді.

      8. Кәсiптiк жарамдылығын айқындау бойынша белгiленген нормативтерді тапсыру, Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін және логикалық ойлау қабілетін компьютерлік тестілеуден өткізу, сондай-ақ әңгімелесуді өткізу кестелерін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі немесе оны алмастыратын адам бекітеді.

3-тарау. Аттестаттау комиссиясы

      9. Өңірлік аттестаттау комиссиялары облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың деңгейінде құрылады.

      Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің жекелеген санаттарын кезектен тыс аттестаттау жөніндегі орталық және өңірлік аттестаттау комиссиялары туралы ережелерді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекітеді.

      10. Орталық аттестаттау комиссиясының және өңірлік аттестаттау комиссияларының дербес құрамдарын Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген орталық аттестаттау комиссиясының және өңірлік аттестаттау комиссияларының лауазымдық құрамдары негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекітеді.

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің және оның ведомствосының қарамағындағы аумақтық органдардың (бөлімшелердің) және мемлекеттік мекемелердің ұтымды жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, тиісті аттестаттау комиссияларының жұмыс кестелерін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекітеді.

      11. Аттестаттау комиссиясының жұмысын ұйымдық қамтамасыз етуді кадр бөлімшесінің қызметкері болып табылатын хатшы жүзеге асырады. Хатшы дауыс беруге қатыспайды.

      12. Аттестаттау комиссиясының отырысы, егер оған құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.

4-тарау. Кезектен тыс аттестаттауды өткізу

      13. Тиісті аттестаттау комиссиясының отырысында аттестатталатын қызметкермен әңгімелесу жүргізіледі.

      14. Әрбір қатысушымен әңгімелесу техникалық жазба (аудио-, бейнежазба) құралдарының көмегімен тіркеледі.

      15. Әңгімелесудің қорытындысы бойынша тиісті аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді және кадр резервіне қабылдауға немесе жоғары тұрған лауазымға жылжытуға ұсынылады;

      2) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;

      3) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын төмендету ұсынылады;

      4) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және басқа қызметке (лауазымға) ауыстыру ұсынылады;

      5) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және ішкі істер органдарынан жұмыстан шығару ұсынылады.

      16. Тиісті аттестаттау комиссиясының отырысында дәлелді себеппен болмаған қызметкерлер қызметке шыққаннан кейін кезектен тыс аттестаттаудан өтеді.

      17. Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелді себепсіз екі рет келмеген қызметкерлерді Заңда белгіленген тәртіппен жұмыстан шығару ұсынылады.

      18. Кәсiптiк жарамдылығын айқындау бойынша белгiленген нормативтердi тапсырмаған және тестілеу кезінде шекті мәннен төмен баға алған жағдайда аттестаттау комиссиясы осы Қағидалардың 15-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген шешімдердің бірін қабылдайды.

      19. Тиісті аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер ол үшін отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелері санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда тиісті аттестаттау комиссиясының төрағасы жақтап дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      20. Тиісті аттестаттау комиссиясының шешімі үш жұмыс күні ішінде хаттамамен ресімделеді, оған оның отырысына қатысқан тиісті аттестаттау комиссиясының мүшелері мен хатшысы қол қояды.

      21. Кадр бөлімшесі тиісті аттестаттау комиссиясының шешімін осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қызметкердің аттестаттау парағына енгізеді.

      Қызметкер тиісті аттестаттау комиссиясының шешімі қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде онымен қолын қойып танысады.

      22. Кезектен тыс аттестаттаудан өтпеген және (немесе) ішкі істер органдарында өзге, оның ішінде төмен лауазымдарда қызметін жалғастырудан бас тартқан қызметкерлер Заңда белгіленген тәртіппен жұмыстан шығарылуға жатады.

5-тарау. Кезектен тыс аттестаттау комиссиясының шешіміне шағымдану

      23. Тиісті аттестаттау комиссиясының шешімдеріне Заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.

  Қазақстан Республикасы
ішкі істер органдары
қызметкерлерінің жекелеген
санаттарын кезектен тыс
аттестаттаудан өткізу
қағидаларына
1-ҚОСЫМША

Кезектен тыс аттестаттауға жататын Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары лауазымдарының ТІЗБЕСІ

      1. Орталық аттестаттау комиссиясы

      1. Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті өзіндік қауіпсіздік басқармасының, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың полиция департаменттері, Көліктегі полиция департаменті және аумақтық қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері өзіндік қауіпсіздік бөлімшелерінің орта, аға және жоғары басшы құрамының лауазымдары.

      2. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басқарма бастықтары, басқарма бастықтарының орынбасарлары, дербес бөлімдерінің бастықтары.

      3. Әкімшілік полиция және Көші-қон қызметі комитеттерінің басқарма бастықтары, басқарма бастықтарының орынбасарлары.

      4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың полиция департаменттері, Көліктегі полиция департаменті бастықтарының бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары.

      5. Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің бастығы және бастығының орынбасарлары.

      6. Қылмыстық-атқару жүйесінің аумақтық департаменттері бастықтарының орынбасарлары.

      7. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың полиция департаменттері, Көліктегі полиция департаменті аппараттары басқармаларының, дербес бөлімдері мен бөлімшелерінің бастықтары*.

      8. Қылмыстық-атқару жүйесінің аумақтық департаменттері аппараттарының бөлім бастықтары**.

      9. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың полиция департаменттері полиция басқармалары мен бөлімдерінің, Көліктегі полиция департаментінің желілік полиция басқармалары мен бөлімдерінің бастықтары.

      10. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бастықтары.

      11. Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының (Астана қаласы), дипломатиялық өкілдіктерді, үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі, қалалар мен облыстардың мамандандырылған күзет қызметі басқармаларының бастықтары.

      12. Кинологиялық орталықтың, автокөлікке қызмет көрсету мекемесінің, "Оңтүстік" және "Солтүстік" әскери және арнайы жабдықтау базаларының бастықтары.

      2. Өңірлік аттестаттау комиссиялары

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың полиция департаменттері, Көліктегі полиция департаменті аппараттарының басқармалары бастықтарының орынбасарлары*.

      2. Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігі бөлімдерінің, бөлімшелерінің бастықтары, бөлімдері бастықтарының орынбасарлары.

      3. Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы (Астана қаласы), дипломатиялық өкілдіктерді, үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі, қалалар мен облыстардың мамандандырылған күзет қызметі басқармалары бастықтарының орынбасарлары.

      4. Кинологиялық орталық, автокөлікке қызмет көрсету мекемесі, "Оңтүстік" және "Солтүстік" әскери және арнайы жабдықтау базалары бастықтарының орынбасарлары.

      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың полиция департаменттерінің, Көліктегі полиция департаментінің аппараттарына бағынатын бөлімше басқармаларының, бөлімдерінің бастықтары және бастықтарының орынбасарлары*.

      6. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың полиция департаменттерінің, Көліктегі полиция департаментінің полк, батальон және рота командирлері және командирлерінің орынбасарлары.

      7. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың полиция департаменттерінің жедел ден қою арнайы жасақтарының командирлері және командирлерінің орынбасарлары.

      8. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың полиция департаменттері арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің командирлері және командирлерінің орынбасарлары.

      9. Аумақтық қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері аппараттарының бөлім бастықтарының орынбасарлары, бөлімше бастықтары**.

      10. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың полиция департаменттерінің полиция басқармалары мен бөлімдері, Көліктегі полиция департаментінің желілік полиция басқармалары мен бөлімдері бастықтарының орынбасарлары.

      11. Аумақтық қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің пробация қызметтері бөлімдерінің бастықтары.

      12. Көліктегі полиция департаменті желілік полиция бөлімшелерінің бастықтары.

      13. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың полиция департаменттері полиция басқармаларының жанындағы полиция бөлімдерінің бастықтары және бастықтарының орынбасарлары.

      14. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері бастықтарының орынбасарлары.

      15. Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының (Астана қаласы), дипломатиялық өкілдіктерді, үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі, қалалар мен облыстардың мамандандырылған күзет қызметі басқармаларының бөлім бастықтары.

      16. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың полиция департаменттері полиция басқармаларының, Көліктегі полиция департаменті желілік полиция басқармаларының бөлім бастықтары.

      17. Дипломатиялық өкілдіктерді, үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі, қалалар мен облыстардың мамандандырылған күзет қызметі басқармалары батальондарының командирлері және командирлерінің орынбасарлары, рота командирлері.

      Ескертпе:

      * – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекіткен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың полиция департаменттерінің, Көліктегі полиция департаментінің үлгілік құрылымдарына сәйкес;

      ** – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекіткен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің республикалық маңызы бар қалалар, астана және облыстар бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің үлгілік құрылымына сәйкес.

  Қазақстан Республикасы
ішкі істер органдары
қызметкерлерінің жекелеген
санаттарын кезектен тыс
аттестаттаудан өткізу
қағидаларына
2-ҚОСЫМША

Кезектен тыс аттестаттауға жататын қызметкердің қызметтік мінездемесінің ҮЛГІЛІК НЫСАНЫ

      Қызметкердің Т.А.Ә. _____________________________________

      Лауазымы ______________________________________________

      Тағайындалған күні ______________________________________

      Атағы __________________________________________________

      1. Лауазымдық міндеттерін орындауы (қызметкер шешуге қатысқан негізгі мәселелердің тізбесі келтіріледі; қызметтік міндеттерін орындаудың тиімділігі мен адалдығы, шығармашылық бастамашылығы, азаматтармен жұмысы және т.б. бағаланады).

      2. Мемлекеттік органның қызметі саласындағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі, кәсіптік білімін қолдануы, сондай-ақ егер лауазымдық міндеттеріне кірсе, коммуникациялық және ақпараттық технологияларды қолдануы (стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі, кәсіптік білімінің, коммуникациялық және ақпараттық технологияларды білуінің деңгейі, оларды жұмыста қолдануы және т.б. сипатталады).

      3. Заңдылықты, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әдеп кодексін, сондай-ақ еңбек тәртібін, ішкі қызметтік тәртіптемені сақтауы (тәртіптік жазалары, заңдылықты, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауы туралы мәліметтер және т.б. көрсетіледі).

      4. Жеке қасиеттері (қызметкердің жеке қасиеттері: адамдармен тіл табысуы, азаматтармен жұмыс істеу қабілеті, психологиялық орнықтылығы, өзін-өзі жетілдіру қабілеті, көшбасшылығы және т.б. сипатталады).

      5. Аттестатталатын адам басқаратын бөлімше не ол жетекшілік ететін бөлімше жұмысының нәтижесі, оның ішінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимылдың жай-күйі туралы мәліметтер.*

      6. Қызметкер жұмысының қорытынды бағасы (тікелей басшының қызметкер туралы пікірі көрсетіледі: атқаратын лауазымына сәйкес келеді не сәйкес келмейді, жоғары немесе төмен лауазымға ұсынылуы мүмкін).

      Басшының Т.А.Ә. __________________________________

      Лауазымы ________________________________________

      Атағы ____________________________________________

      Күні 20___жылғы __________________________________

      МО

      Ескертпе:

      * – бұл талап басшылық лауазымды атқаратын адамдарға қолданылады.

  Қазақстан Республикасы
ішкі істер органдары
қызметкерлерінің жекелеген
санаттарын кезектен тыс
аттестаттаудан өткізу
қағидаларына
3-ҚОСЫМША

Кезектен тыс аттестаттауға жататын қызметкерді аттестаттау парағының ҮЛГІЛІК НЫСАНЫ

      1. Тегі, аты, әкесінің аты _____________________________________

      2. Туған күні ___ жылғы _____________________________________

      3. Білімі ___________________________________________________

      4. Мамандығы ______________________________________________

      5. Кезектен тыс аттестаттау кезіндегі атқаратын лауазымы _________

      6. Атағы ____________________________________________________

      7. Аттестаттау комиссиясының шешімі __________________________

      8. Өзге де мәліметтер _________________________________________

      Аттестаттау комиссиясының төрағасы ___________________________

      (қолы)

      Аттестаттау комиссиясының хатшысы ___________________________

      (қолы)

      Кезектен тыс аттестаттаудан өту күні 20__жылғы __________________

      Аттестаттау парағымен таныстым ________________________________

      (қызметкердің қолы және күні)

      МО

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2024 жылғы 28 ақпандағы
№ 490 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Орталық аттестаттау комиссиясының ЛАУАЗЫМДЫҚ ҚҰРАМЫ

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, төраға

      Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары

      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кадр саясаты мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Штаб – департамент бастығы

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі заң департаментінің бастығы

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары, хатшы

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2024 жылғы 28 ақпандағы
№ 490 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Өңірлік аттестаттау комиссияларының ЛАУАЗЫМДЫҚ ҚҰРАМЫ

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, төраға

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы (төрағасының орынбасары)

      облыс прокуроры немесе оған теңестірілген (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) прокурор

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс, республикалық маңызы бар қала жəне астана бойынша департаментінің бастығы

      Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) облыс, республикалық маңызы бар қала жəне астана бойынша департаментінің басшысы

      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жəне астананың полиция департаментінің бастығы

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі кадр саясаты департаментінің бастығы (бастығының орынбасары)

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы (бастығының орынбасары)

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі заң департаментінің бастығы (бастығының орынбасары)

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі кадр саясаты департаментінің басқарма бастығы (бастығының орынбасары), хатшы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады