Облыс аумағында суды қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облысы әкімиятының 2005 жылғы 20 қыркүйектегі N 330 қаулысы. Ақтөбе облысының Әділет Департаментінде 2005 жылдың 10 қазанында N 3161 тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облыстық әкімдігінің 2011 жылғы 13 қыркүйектегі № 291 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облыстық әкімдігінің 2011.09.13 № 291 Қаулысымен.

       Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі N 481-2 СуКодексінің 39112 баптарын, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы N 148 "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27 бабын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 16 қаңтардағы N 42 "Суды қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу Ережесін бекіту туралы" қаулысын орындау жолында, су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарын тиісті санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарға сәйкес ұстау, су бетінің ластануы, бүлінуі және тартылуына жол бермеу мақсатында облыс әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - Ақтөбе облыстық әкімдігінің 2010.09.27 № 296 (жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
       1. Облыстың су айдындарын іргелес жатқан аумақтарда жер иелері мен жерді пайдаланушылардан жерлерін алмай суды қорғау аймақтары мен белдеулерінің ең тар ені 1-қосымшаға сәйкес белгіленсін.

      2. Суды қорғау аймақтары мен белдеулері шегінде шаруашылық қызметті жүзеге асыруға жол бермейтін шарттардың қоса беріліп отырған тізілімі 2-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      Ескерту. 2 тармаққа өзгерту енгізілді - Ақтөбе облыстық әкімдігінің 2010.09.27 № 296 (жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
       3. Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері:
      суды қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын ауыстыру, оларды белгілермен, аншлагтармен безендіру, жер есебі құжаттарына өзгертулер енгізу және бұл жұмыстардың жүргізілуін ұдайы бақылауды қамтамасыз ету үшін тиісті бюджеттерде қажетті қаржы қаражаттарын сатылап бөлу жолдарын қарастырсын;
      су қорларын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган және басқа да арнайы уәкілетті органдардың келісімі бойынша өзендердің ластануын, бітелуі мен тартылуын болдырмайтын тиісті пайдалану режимін сақтаған жағдайда, көлік мақсатында және басқа да арнайы мұқтаждар үшін суды қорғау аймақтары мен белдеулері шегіндегі аумақты бөлу мен пайдалануды белгіленген тәртіппен жүргізсін.
       4. Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне, ауылдық (селолық) округтердің әкімдеріне, кәсіпорындардың, ұйымдардың, басқа да шаруашылық субъектілерінің басшыларына олардың ведомстволық бағыныштылығына және меншік түріне қарамастан суды қорғау аймақтары мен белдеулері шегінде пайдаланып отырған жерлерін тиісті санитарлық жағдайда ұстауды және шаруашылыққа пайдалану режимін сақтауды қамтамасыз ету ұсынылсын.
       5. Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы қоршаған ортаны қорғау қызметін жүзеге асыратын уәкілетті органдар, Ақтөбе облысы ішкі істер департаменті өз өкілеттіктері шегінде суды қорғау аймақтары мен белдеулерін пайдалану режимінің сақталуын қамтамасыз етсін.
       6. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары І.Қ.Өмірзақовқа жүктелсін.
       7. Ақтөбе облысы әкімінің 1997 жылғы 31 қазандағы N 206 "Облыс аумағында суды қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу туралы" шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      Облыс әкімі

Облыс әкімдігінің
2005 жылғы 20 қыркүйектегі
N 330 қаулысына
1 қосымша

      Ескерту. 1 қосымша жаңа редакцияда - Ақтөбе облыстық әкімдігінің 2010.09.27 № 296 (жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

Облыс су қоймаларына іргелес жатқан аумақтарда суды қорғау
аймақтары мен белдеулерінің ең тар ені

      1. Әрбiр жағалау бойынша су қорғау аймағының ең тар енi көп жылдық межелік деңгейi кезiндегi су жиегiнен су тасқыны кезеңiндегi көп жылдық деңгейi кезiндегi су жиегiне дейiнгi (өзен жайылымын, жайылым жылғаларын, түпкi жағалауындағы тiк жарларды, шұңқырлар мен сайларды қоса алғанда) және қосымша 500 метр болып қабылданады.

      2. Су объектілерiнiң жағалауларында орналасқан орманды алқаптар Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес су қорғау аймақтарына енгiзіледi.

      3. Суару-суландыру каналдарының су қорғау аймағының ені ең тар ені (әр жағалау бойынша су деңгейі қалапты болған жағдайда) – 300 метр.

      4. Өзендердің бастаулары және бұлақтар үшін су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ең тар ені – 50 метрден кем болмауы тиіс.

      5. Салалардағы су қоймалары үшiн су қорғау аймағының ең тар енi ол орналасқан өзендегідей белгiленедi.

      6. Су құйылатын су қоймалары мен көлдер үшiн су қорғау аймағының ең тар енi су айдынының акваториясы 2 ш.м. дейін 300 метр және акваториясы 2 ш.м. acca, 500 метр болып белгiленедi.

      7. Салалардағы су қоймалары үшiн су қорғау аймағының ең тар енi ол орналасқан өзендегідей белгiленедi, ал, көлдер үшін су қорғау аймағының iшкi шекарасы судың көп жылдық деңгейінің жағалаулық шегі бойынша өтеді.

      8. Су қорғау аймағы шегiнде шектеулi шаруашылық қызмет режимi белгіленген су объектiлерiне iргелес, аумағының енi 35 метрден кем емес су қорғау белдеулерiмен ажыратылады.

      9. Шағын өзендер бастауларында су қорғау белдеулерi енi былай белгіленедi:
      орманы жоқ аудандарда - осы қаулыға сәйкес міндетті түрде енi кемiнде 35 метрге ағаш-бұта белдеуi салынады;
      орманды аймақтарда - Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес.

      10. Ақтөбе қаласы және басқа елді мекендерде жағалауды бекітетін құрылғылар болған жағдайда су қорғау белдеулерінің шекараларын жағалау парапетімен біріктіруге болады.

      11. Қолданыстағы қызмет үлесі, жеке және заңды тұлғалардың үй маңындағы, саяжайлық және бақшалық учаскелерінде жерді пайдалану құқығына және су қорғау режимін сақтауға мемлекеттік пакеті болған жағдайда су қорғау белдеуі шеңберінде қалады.

Облыс әкімдігінің
2005 жылғы 20 қыркүйектегі
N 330 қаулысына
2 қосымша

Су қорғау аймақтары мен белдеулері шегінде шаруашылық қызметтерін жүзеге асыруға жол бермейтін жағдайлар тізбесі

      Су қорғау аймағы шегінде мыналарға:
      су объектілерін және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерін бітелу мен ластанудан сақтайтын құралдармен және құрылғылармен қамтамасыз етілмеген, жаңа және жаңғыртылмаған объектілерді іске қосуға;
      тыңайтқыштар, пестицидтер, химиялық улы заттар мен мұнай өнімдерін сақтайтын қоймаларды, автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету мен жуу пункттерін, механикалық шеберханаларды, қоқыс пен өнеркәсіп және шаруашылық-тұрмыстық қалдықтарды төгетін құрылғыларды, өлген малдар көмілетін ұраларды, аппаратураларды пестицидтермен және химиялық улы заттармен толтыратын алаңдарды, авиациялық-химиялық жұмыстар жүргізуге арналған ұшу-қону алаңқайларын орналастыру мен құрылысын салуға, сондай-ақ судың сапасына кері әсер ететін басқа да объектілерді орналастыруға;
      құрылыс, су түбін тереңдету және жарылыс жұмыстарын атқару, пайдалы қазбаларды өндіру, кабель, құбыр және басқа да коммуникацияларды өткізу, белгіленген тәртіппен мемлекеттік орган су қорын пайдалану және қорғау саласындағы қоршаған ортаны қорғау, жергілікті атқарушы және басқа арнайы уәкілетті органдармен келісілген бұрғылау, ауыл шаруашылығы және өзге де жобасы жоқ жұмыстар жүргізуге;
      мемлекеттік табиғат қорғау органдарының, су ресурстары басқармасының, жергілікті атқарушы және басқа да өкілетті органдардың келісімінсіз су көздеріндегі су жиегінен 2000 метрге дейінгі орналасқан ауыл шаруашылығы дақылдары мен егілген ағаштарды химиялық улы заттармен авиациялық өңдеу және авиациялық жолмен минералды тыңайтқыштармен қоректендіру тәсілдерін қолдануға;
      органикалық және минералды тыңайтқыштар, улы химикаттар мен пестицидтер қолдануға;
      шамадан тыс мал жаюға;
      малды тоғыту мен санитарлық өңдеу және судың гидрохимиялық құрамын нашарлататын басқа да шаруашылық қызметін жүргізуге жол бермейді.

      Су қорғау белдеулері шегінде мыналарға:
      жер жыртуға, мал бағуға, тал-теректерді кесуге;
      палаталы қалашықтар, автотұрақтар, малдың жазғы лагерлерін жасауға;
      су ұстайтын, су реттейтін, қорғаныс және басқа да арнайы мақсаттарға арналған құрылғылардан басқа ғимараттар мен құрылғылар салуға;
      мемлекеттік арнаулы уәкілетті органдарының келісімі болмаған жағдайда жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін бөлуге және саяжайлар мен ұжымдық бақтар үшін жер беруге;
      Ақтөбе қаласы мен елді мекендерде су өткізбейтін кресіндермен жабдықталмаған жеке тұрғын үй аулаларын пайдалануға;
      су қорғау аймақтары мен белдеулерінде суаттардың ластануына жол бермейтін құрылғылармен қамтамасыз етілмеген қолданыстағы нысандарды пайдалануға жол бермейді.
      Ескерту. 2 қосымшаға өзгерту енгізілді - Ақтөбе облыстық әкімдігінің 2010.09.27 № 296 (жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады