Жалағаш ауданының елді мекендерінде жануарларды ұстау Нұсқаулығын бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облысы Жалағаш аудандық мәслихатының 2010 жылғы 24 желтоқсандағы N 37-4 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаменті Жалағаш аудандық Әділет басқармасында 2011 жылы 20 қаңтарда N 10-6-176 тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы Жалағаш аудандық мәслихатының 2011 жылғы 20 маусымдағы N 43-4 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы Жалағаш аудандық мәслихатының 2011.06.20 N 43-4 шешімімен.

      "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексінің 3-бабының 2-тармағына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтарындағы Заңының 6-бабы 1-тармағының 8)тармақшасына сәйкес Жалағаш аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жалағаш ауданының елді мекендерінде жануарларды ұстау Нұсқаулығы бекітілсін.
      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихаттың
      XХХVІІ-сессиясының төрағасы                А. АБЖАЛЕЛОВ

      Аудандық мәслихат хатшысы                  К. СҮЛЕЙМЕНОВ

2010 жылғы 24 желтоқсандағы N 37-4
      Жалағаш аудандық мәслихатының
      шешімімен бекітілген

      Жалағаш ауданының елді мекендерінде жануарларды ұстау
Нұсқаулығы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық Жалағаш ауданының елді мекендерінде жануарларды ұстау (бұдан әрі-Нұсқаулық) "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексіне, "Қазақстан Республикасында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңына сәйкес дайындалды.
      2.Осы Нұсқаулықта келесi ұғымдар қолданылады:
      1) жануарлар - үй, жабайы, зоосаябақ, цирктік, зертханалық, сәндік, терісі бағалы, теңіз жануарлары мен басқа гидробионттардың, құстардың, аралардың, балықтардың барлық түрлері;
      2) қадағалаусыз жануарлар - иесi бар және уақытша иелерiнiң қарауынан (бағуынан) шыққан малдар, иелерi жоқ немесе иесi белгiсiз және де иелiк құқығынан иелерi бас тартқан үй малдары;
      3) мал - адам өсіретін ауыл шаруашылық өндірісіне тікелей қатысы бар ауыл шаруашылығы малы мен құсының барлық түрлері;
      4) ветеринариялық құжаттар - уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау объектілеріне республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы және оның орынбасары, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы беретін ветеринариялық-санитариялық қорытынды, ветеринариялық сертификат; жануарға, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы эпизоотиялық жағдай туралы аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы бөлімшесінің ветеринариялық дәрігері беретін ветеринариялық анықтама;
      5) ветеринариялық iс-шаралар - жануарлар ауруларының профилактикасын, оларды емдеуді немесе диагностикасын қоса алғанда, олардың пайда болуын, таралуын болғызбауға немесе оларды жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін аса қауіпті аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға; жануарлардың өнімділігін арттыруға; жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, бірдейлендіру рәсімін қоса алғанда, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, жемшөп және жемшөп қоспаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған эпизоотияға қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсімдер кешені;
      6) ветеринариялық паспорт-жануарларды және ветеринариялық іс-шараларды есепке алу мақсатында малдың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы, жүргізілген ветеринариялық дауалаудың мерзімдері мен сипаты көрсетілетін уәкілетті орган белгілеген нысандағы құжат;
      7) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер-уәкілетті орган бекітетін, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болып табылатын ветеринариялық нормативтердің негізінде ветеринариялық іс-шараларды жүргізу тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
      8) ветеринариялық-санитариялық сараптама-жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының ветеринариялық нормативтерге сәйкес келуін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен органолептикалық, биохимиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, уыттық және радиологиялық зерттеулер кешені арқылы тексеру;
      9) малдың иесi - жеке меншiгiнде немесе басқа меншiкте малдары бар жеке немесе заңды тұлға;
      10) жануарларды ұстау - ветеринариялық-санитариялық нормаларды сақтау кезiнде малдардың өмiрiн, денсаулығын сақтау үшiн, ветеринарлық санитарлық нормаларды сақтай отырып толық құнды төл алу және де жалпы тәртiп пен азаматтар мен жануарлар әлемiнiң өкiлдерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге мал иелерiмен жасалатын iс-әрекеттер;
      11) жануарлардан алынатын өнiмдер - ет және ет өнiмдерi, сүт және сүт өнiмдерi, балық және балық өнiмдерi, жұмыртқа және жұмыртқа өнiмдерi және де бал арасы өнiмдерi;
      12) жануарлардан алынатын шикiзаттар - терi, жүн, қыл, қылшық, аң терiсi, түбiт, мамық, қауырсын, эндокриндiк без, iшек-қарны, қан, сүйек, мүйiз, тұяқ, жануарларды азықтандыруға арналған және (немесе) өнеркәсiпте пайдаланылатын жануарлардан алынатын басқа да өнiмдер.
      3. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою және жою Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Осы Нұсқаулықтың күшi Жалағаш ауданындағы заңды және жеке тұлғадағы жануарлар иелерiне таралады.

2. Малдарды тiркеу тәртiбi

      5. Меншік түріне қарамастан заңды және жеке тұлғалар меншігіндегі малдардың барлық түрлері жануарларды бірдейлендіру тәртібімен ветеринариялық ұйымда тізімдік есепке алынып, тіркеу барысында иелеріне ветеринарлық паспорт беріледі.
      6. Малдарды тiркеу бiрдейлендiру жолымен iске асырылады. Малдарды бiрдейлендiру қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамалары мен халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      7. Тiркелген малға ветеринариялық паспорт рәсiмделiп, бiрдейлендiру нөмiрi берiледi.
      8. Малды тiркеу және қайта тiркеу кезiнде мал иесi келесi құжаттарды тапсырады:
      иесiнiң жеке тұлғасын растайтын құжат;
      мекен-жайы, телефоны;
      мал туралы мәлiмет (тұқымы, жынысы, атауы, жасы, түсi, түрi, ерекше белгiлерi немесе малдың сипаты).
      9. Жаңа әкелiнген малға тiркеу жүргiзiледi. Малды сату және (немесе) басқа қолға тапсыру ветеринариялық паспортты бiрге берумен жүргiзiледi.
      10. Мал өлген жағдайда малдың ветеринариялық паспорты ветеринариялық ұйымға қайтарылады.
      11. Тiркеу органына есептен шығару немесе қайта тiркеу мақсатында шығып қалу туралы (сату, жоғалу, сою, өлу, басқа қолға тапсыру) хабар берiледi.

3. Жануарларды ұстау және бағу

      12. Тіркелген жануарлар иесінің меншігі болып табылады және кез-келген меншік ретінде заңмен қорғалады.
      13. Иесінен жануарлар тек соттың шешімімен немесе Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы қолданыстағы заңнамасында қаралған жағдайларда ғана алынады.
      14. Жануарлар иесi:
      1) жануарлар иелерiнiң қоғамында, ветеринариялық ұйымдарда жануарларды ұстау, өсiру туралы қажеттi ақпарат алады;
      2) малдарды бiрдейлендiрудi қамтамасыз етедi, ветеринариялық iс-шаралардың жүргiзiлуi үшiн қажеттi жағдай жасайды, қажеттi ветеринариялық iс-шараларды жүргiзiлу кезiндегi мемлекеттiк ветеринарлық қызмет мамандарының нұсқамаларын орындайды;
      3) малдың бірдейлендіру нөмiрi жоғалған жағдайда мал иесi жоғалған нөмiрдi қалпына келтiру үшін тиісті ветеринариялық ұйымға хабар береді;
      4) ветеринариялық (егу және серологиялық зерттеу) және ветеринариялық ережелердi сақтай отырып жануарлардың ауруларының алдын алуын қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекiтiлген әкiмшiлiк-шаруашылық шараларды iске асырады;
      5) малдың ауруларының алдын алу мен емдеуiн уақытында iске асыру, малдың ауруының барлық жағдайында немесе ауруға күдiк туған кезде тез арада ветеринариялық ұйымға хабарлап, тексеру қорытындысы бойынша маманның нұсқамаларын орындайды;
      6) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер мен нормаларға сәйкес жануарларды ұстау, өсiру және қолдануды iске асырады;
      7) жануарлармен қоршаған ортаға қауiп төндiрмеуді, жеке және заңды тұлғалардың мүлiктерiне зиян келтiрмеуді қамтамасыз етедi;
      8) адамды тiстеу мен дене жарақатын салу кезiнде жараланған адамға алғашқы медициналық көмегін көрсетеді және тиісті медициналық орындар мен ветеринариялық ұйымдарға хабарлайды;
      9) малдардың оқыстан өлуi, бiр уақытта бiрнеше малдардың ауруы немесе олардың ерекше мiнездерi туралы ветеринариялық мамандарға хабарлайды, ветеринариялық мамандар келгенге дейiн ауруға күдiктi жануарды оқшаулауға, ауруға күдiктi жануардың өлiгiн сақтауға шара қолданады;
      10) ветеринариялық ұйым мамандарының арнайы талаптары бойынша қарауға, диагностикалық зерттеулерге, емдеу-алдын алу шараларын жүргiзуге, егу, вакцинациялауға жағдай жасайды;
      11) малдарды союды мал дәрігерi қарағаннан кейiн мал союға арналған арнайы аумақтарда жүргiзеді;
      12) мал өлiктерiн ветеринариялық мамандар қарағаннан кейiн мал қорымдарында көмедi (жояды);
      13) малдарды бағу үшiн жинайтын орынға дейiн апарып, алып келуді қамтамасыз етеді.
      15. Елдi мекендердiң ауа кеңiстiгi арқылы дала құстарының ұшу маусымында үй құстары жұқпалы аурулар көзi болдырмау мақсатында ұшу құстарымен қатынасты болғызбай жабық бөлмелерде ұстау қажет.
      16. Жануарларды мектепке дейiнгi мекемелерiнде, мектептерде және басқа оқу орындарындағы зообұрыштарда ұстау ветеринария саласындағы өкiлеттi органның және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарымен келiсе жүргiзiлуi қажет.
      17. Ара шаруашылығымен айналысатын заңды және жеке тұлғалар өз омарталарын адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ете отырып, орналастыру қажет.

4. Жануарлар иелерiнiң осы Нұсқаулықты бұзғандығы үшін жауапкершiлiгi

      18. Осы Нұсқаулықты бұзған жағдайда жануарлар иелері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады