Қаратөбе ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе аудандық мәслихаттың 2010 жылғы 20 мамырдағы № 20-4 шешімі. Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы әділет басқармасында 2010 жылғы 18 маусымда № 7-9-97 тіркелді. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе аудандық мәслихатының 2012 жылғы 17 сәуірдегі № 2-7 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе аудандық мәслихатының 2012.04.17 № 2-7 Шешімімен

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Нормативтік құқықтық актілер туралы", "Тұрғын үй қатынастары  туралы" заңдарына сәйкес және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" Қаулысы негізінде аудандық мәслихат сессиясы ШЕШІМ ЕТТІ:
      1. Қаратөбе ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасы қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      2. Аудандық мәслихаттың 11 шілде 2007 жылғы № 35-6 санды шешімімен беркітілген "Қаратөбе ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй жәрдемақысын беру тәртібі мен мөлшері туралы Ережені" бекіту туралы (тіркеу тізілімінің № 7-9-46 25.07.2007 жылы, "Қаратөбе өңірі" № 32 (6742) санында 03.08.2007 жылы жарияланған) және аудандық мәслихаттың 6 наурыз 2008 жылғы күнгі № 4-8 шешімінің (тіркеу тізілімінің № 7-9-59 "Қаратөбе өңірі" газетінің  №15 (6777) санында 11.04.2008 жылы жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешім алғаш ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы                  Н. Мендешов
      Аудандық мәслихат хатшысы        Т. Сағынов

Аудандық мәслихаттың
2010 жылдың 20 мамырдағы
№ 20-4 санды шешімімен
бекітілген

Қаратөбе ауданы бойынша аз қамтамасыз
етілген отбасыларға (азаматарға)
тұрғын үй көмегін көрсету
Қағидасы

      Осы Қағида Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысы негізінде әзірленді.
      Осы Қағида меншіктің барлық нысандарында тұрғын үйлерде тұрақты тұратын және тұрғын жайдың меншік иесі немесе жалдаушысы болып табылатын аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) жергілікті бюджет есебінен берілетін тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындайды.

I. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      шекті жол берілетін шығыстар үлесі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысынан ұлғаюы бөлігінде отбасының 1 айда кондоминиум обьектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының орташа айлық жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;
      отбасының жиынтық табысы - тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасының алған кірістерінің жалпы сомасы;
      кондоминиум обьектісін басқару органы – кондоминиум обьектісін күтіп ұстау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      уәкілетті орган-жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын "Қаратөбе аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі.
      2. Тұрғын үй көмегі отбасының жиынтық табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) беріледі. Тұрғын үй көмегі аудан тұрғындарын әлеуметтік қорғау нысандарының бірі болып табылады. Ол аудан аумағында тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үйді ұстау, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді тұтыну жөніндегі шығындардың орнын толтыру үшін берілетін өтем.
      3. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен осы елді мекенде тұрақты тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларға ( азаматтарға):
      жекешелендірілген тұрғын үй-жайларды (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй жайларды ( пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум обьектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға;
      тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді тұтынуға;
      байланыс саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне;
      жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына ақы төлеуге беріледі. Аз қамтамасыз етілген отбасылардың(азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстарды жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
      Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде кондоминиум обьектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің айырмасы ретінде айқындалады. Шығыстардың шекті жол берілетін деңгейі отбасының жиынтық табысына 5 пайыз көлемінде белгіленеді.
      4. Тұрғын үй көмегін есептеу кезінде мынадай талаптар сақталуы тиіс:
      1) тұрғын үй алаңының мөлшері отбасының әрбір мүшесіне 18 шаршы метр көлемінде болып есептеледі, бірақ бір бөлмелі пәтерден кем болмауы керек;
      2) өтініш берушінің шығындары белгіленген нормадан асып кеткен жағдайда шығындары норма бойынша есептеледі.
      5. Тұрғын үй көмегін тағайындауды уәкілетті орган жүргізеді.
      6. Меншігінде біреудің артық үйі (пәтерлері,үйлері) бар немесе тұрғын жайды жалға беруші тұлғаларға тұрғын үй көмегі көрсетілмейді. Күтуді қажет етеді деп танылған мүгедектерді күтіп отырған, 3 жасқа дейінгі баланы бағып отырған, күтімге мұқтаж мүгедектерді күтетін тұлғаларды, уақытша жұмысқа жарамсыздығы жөнінде дәрігерлік- кеңестік коммиссияның қорытындысы бар, психикалық денсаулық орталығында есепте тұрған, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларды қоспағанда, зейнеткерлерден басқа, жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскерде қызмет атқармайтын және жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркелмеген еңбекке жарамды тұлғалары бар отбасыларына тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
      7. Тұрғын үй көмегін алушылар өз тұрғын үйінің меншік нысанындағы, отбасы құрамындағы және оның жиынтық табысындағы кез келген өзгерістер туралы, сондай-ақ көмектің дұрыс есептелмеген жағдайлары туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне он күн ішінде хабардар етуге тиіс. Заңсыз алған тұрғын үй көмегін заңда белгіленген тәртіппен қайтарылады.

II. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      8. Тұрғын үй көмегі қызметтерді жеткізушілер ұсынған шоттар бойынша көрсетіледі.
      Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азамат (отбасы) уәкілеті органға немесе ауыл әкіміне өтініш береді және мынадай құжаттарды тапсырады:
      өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      тұрғын үйге құқық беретін құжаттың көшірмесі;
      азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі;
      отбасының табысын растайтын құжаттар;
      кондоминиум обьектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған нысаналы жарнаның мөлшері туралы шот;
      жергілікті атқарушы органмен келісілген, пәтерлердің меншік иелері мен жалдаушыларының жалпы жиналысында бекітілген кондоминиум обьектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуге арналған шығыстар сметасы негізінде кондоминиум обьектісін басқару орган ұсынатын және мөрмен, кондоминиум обьектісін басқару органы басшысының қолымен расталған кондоминиум обьектісін ортақ мүлкін күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;
      коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
      телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
      тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқару орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.
      Отбасының жиынтық табысына отбасының барлық мүшелерінің жалақы, кәсіпкерлік табыс, мемлекеттік және мемлекеттік емес зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік көмектің атаулы әлеуметтік көмектен басқа түрлері, балаларға және басқа да күтімдегі тұлғаларға берілетін алимент, стипендия, акшалай және табиғи формада алынған ұтыстар, жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыстар түріндегі табыстары қосылады.
      9. Ауыл әкімі арыз берушілерден құжаттарды қабылдап, оларды тіркейді және уәкілетті органға тапсырады.
      10. Тұрғын үй көмегін көрсету туралы арызды уәкілетті орган қарап, қабылдаған айдың ішінде тұрғын үй көмегін тағайындау немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      11. Тағайындау туралы шешім қабылданғаннан кейін отбасымен келісім шарт құрылып, мұнда тағайындалған көмектің көлемі енгізіледі. Келісім шарт екі данада құрылып, біреуі меншік иесіне беріледі. Келісім шарт тұрғын үй көмегін тағайындау негізі болып табылады.
      12. Тұрғын үй көмегі өтініш берілген айдан бастап көмек алуға құқы туындағаннан кейін ағымдағы тоқсанға тағайындалады. Барлық қажетті құжаттарымен өтініш берген ай өтініш жасалған ай деп саналады.
      13. Тұрғын үй көмегін төлеу тоқсанына бір рет өтініш берушінің таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банк бөлімшесі арқылы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады