Панфилов ауданының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды ұстау Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Панфилов аудандық мәслихатының 2011 жылғы 26 қыркүйектегі N 4-51-312 шешімі. Алматы облысының Әділет департаменті Панфилов ауданының Әділет басқармасында 2011 жылы 04 қарашада N 2-16-140 тіркелді. Қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты қаулының күші жойылды - Алматы облысы панфилов аудандық мәслихатының 2012 жылғы 23 шілдедегі N 5-8-53 шешімімен

      Ескерту. Қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты қаулының күші жойылды - Алматы облысы Панфилов аудандық мәслихатының 23.07.2012 N 5-8-53 шешімімен.
      РҚАО ескертпесі.
      Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.

       Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" Кодексiнiң 3-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңының 6-бабының 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес Панфилов аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
       1. Қосымша берiлген Панфилов ауданының елдi мекендерiнде иттер мен мысықтарды ұстау Ережесi бекітілсін.
       2. Осы шешiм мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихаты
      сессиясының төрағасы                       К. Илахунов

      Аудандық
      мәслихаттың хатшысы                        Т. Оспанов

      КЕЛІСІЛДІ:

      Қазақстан Республикасы
      Ауыл шаруашылығы Министрлігі
      агроөнеркәсіптік кешендегі
      мемлекеттік инспекция комитетінің
      Панфилов аудандық аумақтық
      инспекциясының бастығы                     Келдібеков Шаймұрат Сұлтанұлы
      26 қыркүйек 2011 жыл

      "Панфилов ауданының
      ауыл шаруашылығы және
      ветеринария бөлімі"
      мемлекеттік мекемесінің бастығы            Абдукаримов Азат Нұрахметұлы
      26 қыркүйек 2011 жыл

      Панфилов аудандық ішкі
      істер бөлімінің бастығы                    Әміров Мейрамбай Кенжебайұлы
      26 қыркүйек 2011 жыл

      Панфилов ауданы бойынша
      мемлекеттік санитарлық-
      эпидемиологиялық қадағалау
      басқармасының бастығы                      Смағұлов Ерғали Қабдиұлы
      26 қыркүйек 2011 жыл

Панфилов аудандық мәслихатының
2011 жылғы 26 қыркүйекте
қабылдаған "Панфилов ауданының
елдi мекендерiнде иттер мен
мысықтарды ұстау Ережесiн бекіту
туралы" N 4-51-312 шешiмiмен
бекітілген

Панфилов ауданының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды ұстау
ЕРЕЖЕСI

      Осы Панфилов ауданының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды ұстау Ережесі (бұдан әрі-Ереже) "Ветеринария туралы", "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына, "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексiне және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекстерiне сәйкес әзiрленген. Ереже Панфилов ауданының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды ұстау және аудан тұрғындарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында жануарлар ауруларына қарсы алдын алу iс-шараларын өткiзу тәртiбiн реттейдi.
      Осы Ереже барлық иттер мен мысықтардың иелерiне, меншiк түрiне қарамастан заңды және жеке тұлғаларға (Қорғаныс министрлiгi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Iшкi iстер министрлiгi, Төтенше жағдайлар министрлiктерiнiң мекемелерi мен ұйымдары, сондай-ақ адамдарды құтқару, қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртiптi сақтау қызметiндегiлерден басқа), сондай-ақ иттер мен мысықтарды серуенге алып шығатын барлық тұлғаларға (бұдан әрi - Иелер) қолданылады.

1 тарау. Жалпы ережелер

      Осы Ереже Панфилов ауданының аумағында әрекет етедi. Осы Ережеде келесi түсiнiктер қолданылады:
      ит - үй жануары, сүт қоректi, қасқыр тектес жануарлар, көлемiне, түсiне және басқа да белгiлерiне қарамастан;
      мысық - үй жануары, сүт қоректi, мысық тектес жануарлар, көлемiне, түсiне, және басқа да белгiлерiне қарамастан;
      жануардың иесi - ит пен мысықтың асыраушы, күтушi адам не болмаса иесiнiң келiсiммен жалға алушы және осыған ұқсас әрекеттегi адам;
      иесiз жануарлар - тiркеуде жоқ, иелерiн анықтау мүмкiн болмаған, иелерiнен адасқан не болмаса қашып кеткен, иесi немесе жануарға жауапты адам тарапынан қараусыз жүрген жануарлар;
      иттер мен мысықтарды серуенге шығару - иесiнiң меншiгi болып табылатын немесе басқа тұлғадан жалға алып отырған орын-жайдан тыс жерде болуы және иттер мен мысықтардың арнайы белгiленген аумақтарда серуендеуi болып табылады.

2 тарау. Иттер мен мысықтарды тiркеуге алудың тәртiбi

      1. Панфилов ауданының тұрғындарындағы, кәсiпорындардағы, мекемелердегi, ұйымдардағы қызметтiк, күзеттiк, аңшылық иттер және иелердiң ерекше жауапкершiлiгiн қажет ететiн иттер, сол сияқты мысықтардың барлық түрлерi Панфилов ауданының ауыл шаруашылық және үй жануарларын тiркеу жүргiзетiн органда тiзiмдiк есепке алынуы тиiс.
      2. Әрбiр тiркеуден өткен үй жануарларына бiрдейлендiру реттiк саны берiледi, бұл реттiк сан оның бүкiл өмiр сүру кезеңiне сақталады. Ит пен мысықты тiркеу барысында иелерiнiң есебiнен ветеринарлық құжат берiледi.
      3. Барлық иттер үш айлық жасынан, мысықтар екi айлық жасынан бастап алғашқы тiркеуден және жыл сайын қайта тiркеуден өтуi тиiс.
      4. Ит пен мысықты тiркеуден өткiзу және қайта тiркеу кезiнде иелерi келесi құжаттар мен мәлiметтерді ұсынуы қажет: иесiнiң жеке басының куәлігі, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, мекен-жайы, байланыс телефоны, ит пен мысықтың туылған күнi, түрi, түсi, жынысы, лақап аты, ерекше белгiлерi немесе жануардың сипаты.
      5. Үй жануары өлiп қалған жағдайда ветеринарлық құжат жануар бұрын тiркеу жүргiзген органға немесе мекемеге тапсырылады.
      6. Тiркеушi орган жануардың шығу (сатылу, жоғалу, өлу, басқа бiр адамға тапсырылу) жағдайларында тiркеуден шығару үшiн немесе қайта тiркеуi үшiн хабарлануы керек.

3 тарау. Иттер мен мысықтарды ұстау

      7. Иттер мен мысықтарды сатып алу мен сату, басқа бiр адамға тапсыру, барлық көлiк түрлерiмен аудан iшiнде тасымалдау әрекеттерi құтырма және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы егiлген уақыты белгiленген жануардың ветеринарлық құжаты болған жағдайда ғана рұқсат етiледi. Иттер мен мысықтарды елдi мекендерден тысқары жерлерге тасымалдау кезiнде және басқа аймақтардан әкелген жағдайда, иелерi жануардың денсаулығы және егу жұмыстарының жүргiзiлгендiгi жөнiнде, яғни жұқпалы ауруларға қарсы 12 айдан аспаған мерзiмде не болмаса жолға шығардан 30 күн бұрын егiлгендiгi жөнiндегi мәлiмет толтырылған ветеринарлық куәлiгiнiң болуы тиiс.
      Тұрғындарға, кәсiпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға тиесiлi иттердiң барлық түрлерi үш айлық мерзiмiнен бастап, құтырма ауруына және эпизоотиялық көрсеткiштерге сәйкес лептоспироз, микроспория ауруларына қарсы егiлуi және гельминттердiң болмауына тексерiлуге тиiс немесе профилактикалық алдын-алу шаралары қолданылуы тиiс.
      Мысықтар туылғаннан екi айлық мерзiмнен бастап адамдар мен жануарларға бiрдей жұқпалы ауруларға, эпизоотиялық көрсеткiштерге сәйкес микроспорияға қарсы егiлуге, гельминттердiң болмауына тексерiлуге тиiстi.
      8. Иттiң иесi ретiнде (иелердiң ерекше жауапкершiлiгiн қажет ететiн иттердiң түрлерiнен басқа) 14 жасқа толған, ата-анасының жазбаша рұқсаты бар (иттi өз атына тiркеу үшiн) тұлға болуы мүмкiн.
      9. Иттер мен мысықтарды ұстауға санитарлық-гигиеналық, зоогигиеналық талаптарды және осы Ереженi сақтаған жағдайда рұқсат етiледi:
      1) бiр ғана от басынан тұратын тұрғын үй-жайларда;
      2) бiрнеше от басынан тұратын тұрғын үй-жайларда, тек өзiне тиесiлi аумағында ұстауға (пәтер тұрғындарының жазбаша келiсiмiмен);
      3) мекемелерде, ұйымдарда иттердi байлаулы түрде немесе торда, яғни қоршаған ортаға, адамдарға қауiпсiздiк келтiрмейтiн және тыныштық сақталған жағдайда ұсталады.
      10. Көп қабатты, көп пәтерлi тұрғын үйдегi бiр отбасына саны екiден көп емес үлкен және орта мөлшердегi ересек иттер мен үш мысықты, үш айлық мерзiмге дейiнгi күшiктердi ұстауға рұқсат етiледi. Үш айдан асқан күшiктер мен мысықтар жаңа иелерiне берiлуi немесе қараусыз иттер мен мысықтарды ұстаумен және аулаумен айналысатын мекемелерге тапсырылуы тиiс.
      11. Иттер мен мысықтарды көпшiлiк пайдаланатын (ас әзiрлеуге арналған бөлмелерде, кiреберiстерде, баспалдақ алаңдарында, үйдiң шатырында, жертөлелерде, балконда және басқа да қосалқы үй-жайларда) орындарда және үй маңында (жеке тұрғын үй аумағынан басқа), қонақ үйлер мен жатақхана дәлiздерiнде ұстауға рұқсат етiлмейдi.
      12. Қонақ үйлерде, қонақ үй әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен және санитарлық-гигиеналық жағдайларды сақтаған жағдайда иелерi итiмен немесе мысығымен бiрге тұрақтай алады.
      13. Иттер мен мысықтарды жекелеген тұрғын үй қорында, ғимараттарда, және оларға тиесiлi аумақтарда жердiң заңды иегерiнiң рұқсатымен немесе басқа да өкiлеттi тұлғаның келiсiмiмен ұстауға болады. Иттер жақсы қоршалған, яғни қашып кете алмайтындай, адамдарға не болмаса басқа жануарларға шабуылдауына мүмкіндік тудырмайтын аумақта ұсталуы тиiс. Осы аумақта иттiң бары жөнiнде кiреберiсте 20х30 сантиметр көлемiндегi, иттiң суретi бар "Ит күзетедi! Охраняется собакой!" деген жазуы бар ескерту тақта қойылуы шарт.
      14. Жеке тұрғын үйлер қорында гигиеналық-санитарлық және зоогигиеналық талаптар сақталған жағдайда саны екiден көп иттердi ұстауға рұқсат етiледi.
      15. Иттер мен мысықтарды зообұрыштарда, балалар және жасөспiрiмдерге арналған мекемелердiң "тiрi бұрыштарында", жазғы және қысқы сауықтыру орталықтарында (санаторийлер, демалыс үйлерi, пансионаттар) санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық қадағалау органдарының рұқсатымен ұстауға болады.
      16. Тiркелмеген (есепке алынбаған) және жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егiлмеген иттер мен мысықтарды ұстауға тыйым салынады.
      17. Иттер мен мысықтарды олардың терiсiн пайдалану, етiн өңдеу, сату, тұтыну үшiн өсiруге не болмаса аулауға жол берiлмейдi.
      18. Панфилов ауданының аумағында иттердiң төбелесiн ұйымдастыруға және өткiзуге, жануарларға қарсы қатыгез әрекеттер жасауға мүмкiншiлiк беретiн басқа да iс-шараларды өткiзуге жол берiлмейдi (қызметтегi, күзетке арналған иттердiң жұмыс қабiлеттiлiгiн тексеру мақсатында, иттердiң жарақат алмауын ескеретiн, дұрыс тұқымдық сұрыптауға арналған арнайы ережелер бойынша тексерулерден басқа).

4 тарау. Иесiнiң ерекше жауапкершiлiгiн қажет ететiн иттердi
ұстау

      19. Адамдарға және басқа жануарларға қауiп туғызуға бейiм, ұстауда ерекше жауапкершiлiктi қажет ететiн асыл тұқымды иттердiң есебiн жүргiзу мақсатында, осындай иттердi өсiруге және ұстауға ауыл шаруашылық және үй жануарларын тiркейтiн органда тiркеуге алынғаннан кейiн ғана рұқсат етiледi.
      20. Иесiнiң ерекше жауапкершiлiгiн қажет ететiн ит тұқымдарының түрлерiне: ортаазиялық овчарка, кавказдық овчарка сондай-ақ осы тұқымдардың будандастырылуынан туған, шоқтығының биiктiгi 50 сантиметрден жоғары иттер жатады. Иттiң қай тұқымға жататындығы тегiнiң құжаттарына қарап ажыратылады, ал даулы жағдайда ауыл шаруашылық және үй жануарларын тiркеу органының жанындағы сараптау комиссияның көмегiмен анықталады.
      21. Иесiнiң ерекше жауапкершiлiгiн қажет ететiн иттердi Панфилов ауданының ауыл шаруашылық және үй жануарларын тiркейтiн органының келiсімісiз аудан аумағына әкелуге, ұстауға және өсiруге рұқсат берiлмейдi.
      22. Иесiнiң ерекше жауапкершiлiгiн қажет ететiн иттердi ұстау үшiн болашақ иегер психоневрологиялық және нашақорлық диспансерлiк есепте тұрмағандығы туралы анықтама құжатын көрсету қажет.
      23. Балаларға және 16 жасқа толмаған жасөспiрiмдерге, сонымен қатар денсаулық жағдайы қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға иесiнiң ерекше жауапкершiлiгiн қажет ететiн иттердi серуенге шығаруға рұқсат берiлмейдi.
      24. Иесiнiң ерекше жауапкершiлiгiн қажет ететiн иттердi тұрғын-үй пайдалану органдарының жергiлiктi атқарушы органдармен келiстiрiлген, иттердi серуендетуге арналған арнайы орындарынан басқа қоғамдық және көпшiлiк демалыс орындарына әкелуге рұқсат берiлмейдi.

5 тарау. Иттер мен мысықтарды серуенге шығарудың ретi

      25. Иелерi иттi серуенге шығарғанда келесi талаптарды орындауы тиiс:
      1) Иттердi тұмылдырықпен (декоративтi ит түрiнен басқасы) және қысқа (1,5 метрге дейiн) мойын жiппен, Ережедегi 26-тармақта көрсетiлген орындардан басқа жерлерде, қоршаған ортаны мазаламай, кедергі келтiрмей ертiп жүруге және серуенге шығаруға болады.
      2) Иттердi тұмылдырықсыз және мойын жiпсiз тек арнайы қоршалған аумақтарда, жаттықтыру алаңдарында, жергiлiктi атқарушы органдары, пәтер иелерi кооперативтерi бекiткен еркiн серуен алаңдарында серуендеуге болады.
      3). Иттердiң иелерi әрдайым иттiң мойнына аты, түрi, иесiнiң мекен-жайы мен телефондары көрсетiлген жетон бекiтiлген қарғыбау тағуы керек. Иесiнiң тiлегi бойынша жетонда итке қатысты басқа да мәлiмет болуы мүмкiн.
      4) Иттер мен мысықтарды қалалық қоғамдық көлiктерде тасымалдау көлiктiң артқы алаңдарында, жолаушылардың мазасын алмайтын жағдайда жүзеге асырылуы тиiс. Иттердiң декоративтi түрлерiн және мысықтарды сөмкеде, арнайы торларда (тасымалдауға арналған контейнерде), қолда алып тасымалдауға болады. Науқас иттер мен мысықтарды қоғамдық көлiкте тасымалдауға жол берiлмейдi.
      5) Иттер мен мысықтарды тұрғын үйлердiң маңында серуендету кезiнде иттердiң иелерi 23.00. мен 07.00. сағат аралығында тыныштықты сақтауды қамтамасыз етуi тиiс.
      6) Тыйым салған ескерту белгiсi жоқ мекемелер мен азық-түлiк сатпайтын дүкендерде, поштада және тағы басқа орындарда иелерi иттерiн қысқа мойын жiпте және тұмылдырықта ертiп жүруге болады. Кәсiпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге нысандарға иттi ертiп келуге қарсы ескерту белгiлерiн қоюымен қатар иттердi байлап қалдыратын орындар жарақтауы қажет.
      7) Иттi қысқа мойын жiппен және тұмылдырықпен, өздiгiнен шешiлiп кетпейтiндей, иесi ғимараттың iшiнде уақытша болған мерзiмге, егер де ит басқа тұлғаларға қауiп төнгiзбейтiн, қоғамдық тәрiптi бұзбайтын, қозғалыстарға және өзiне зиян келмейтiндей жағдайда байлаулы қалдыруына болады. Осы кезде ит жүргiншiлердiң жүрiп тұруына кедергi болмауы керек.
      8) Ит қоғамдық орындарда қарғы баусыз тек қана қызметтiк тапсырмаларды орындау кезiнде ғана жүре алады.
      26. Иттердiң иелерi келесi шектеулерді сақтауға тиiстi:
      1) құтырма ауруына қарсы егiлмеген және токсоплазмозға тексерiлмеген иттердi серуендетуге;
      2) жануарларды рұқсат етiлген немесе арнайы орындардан басқа, ауладағы балалар ойнайтын, спорттық алаңдарда, мектепке дейiнгi және оқу орындарының аумақтарында, емделу мекемелерiнiң, саябақтар мен қоғамдық демалыс орындарының алаңдарында, тыйым салынған ескерту белгiсi бар жерлерде серуендетуге;
      3) Иттер мен мысықтарды қалалық жағажайда серуендетуге, көпшiлiк шомылатын жерлерде жуындыруға, тоғандарда, фонтандарда, су айдындары мен бөгеттерде шомылдыруға;
      4) көзi нашар көретiн адамды жетектеушi иттен басқа иттердi қоғамдық тамақтану кәсiпорындарына, азық-түлiк дүкендерiнiң сауда жасау және өндiрiстiк орындарына, сервистiк қызмет көрсету мекемелерi мен мәдениет мекемелерiне әкелуге, ұстауға;
      5) халық көп жиналатын орындарда және қоғамдық шаралар өтетiн жерлерде адамдарды құтқаруға арналған тапсырманы орындау барысындағы, қылмыспен күрес және қоғамдық тәртiптi сақтауға қатысатын, сондай-ақ көзi нашар көретiн адамды жетектеушi иттерден басқа жануарлармен бiрге болуға.
      27. Иесi мас болған жағдайда иттер мен мысықтарды ертiп жүруге және көпшiлiк жүретiн орындарда серуендетуге, көлiкте алып жүруiне рұқсат берiлмейдi.

6 тарау. Ит пен мысық иелерi

      28. Тiркелген иттер мен мысықтар иесiнiң меншiгi болып табылады және кез-келген меншiк ретiнде заңмен қорғалады.
      29. Ит немесе мысық Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылға 28 сәуірдегі "Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық кесімдерді бекіту туралы" N 407 қаулысымен бекiтiлген аурулар түрiмен ауырған деп танылған жағдайда, аумақтың мемлекеттiк ветеринарлық инспектордың шешiмiмен, немесе соттың шешiмi болған жағдайда ғана иесiнен алынып, жойылуы мүмкiн. Егер де ит науқас емес деп танылса, онда ол иесiне қайтарылуы тиiс. Сонымен қатар, ит немесе мысық иелерiнен адамға жарақат келтiрген жағдайларда, қауып алғанда, адамға берiлетiн аурулардың немесе қауiптi аурулардың болуын тексеру үшiн алынуы мүмкiн.
      30. Иттер мен мысықтардың иелерi төмендегi талаптарды қамтамасыз етеді:
      1) иттер мен мысықтардың қоршаған ортаға қолайсыздық келтiрмейтiн және қауiпсiздiк тудырмайтын, тыныштықты жағдайын қамтамасыз ету;
      2) тұрғын үй-жайларда тыныштықты қамтамасыз ету;
      3) алаңдарды, кiреберiстердi, сатылық торларды, лифтiлердi, балалар алаңдарын, жолдарды, тротуар, шағын гүлбақтарды, демалыс аумақтарын ластамау, ал ластанған жағдайда мiндеттi түрде жедел тазалауды жүзеге асыру (қағаз немесе полиэтилен пакеттерiн пайдалану);
      4) жануарларды түрлерiне қарай зоотехникалық, зоогигиеналық және ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес ұстау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
      5) иттер мен мысықтарды олардың биологиялық қажеттiлiктерiне сай ұстау, оларға iзгiлiктi қарау, қараусыз қалдырмау, өздерiнiң жануарларына қажеттiлiгiне қарай тамақ беру, таза су iшуге жағдай жасау, ұрмау;
      6) ветеринариялық мекемелер мамандарының талаптары бойынша иттер мен мысықтарды бақылау үшiн, диагностикалық зерттеу және емдеу, алдын-алу шараларын жүргiзу үшiн бөгетсiз берiлуi керек;
      7) иттер мен мысықтарды жыл сайын екi, үш айлық мерзiмiнен бастап ветеринариялық емханаларға бақылау үшiн және құтырма ауруына және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы алдын алу шараларын қолдануға әкелiп отыру, ветеринарлық құжатына жазбаларды белгiлеп отыру;
      8) жүйелi түрде, тоқсанына кемiнде бiр рет иттер мен мысықтарға терi паразиттерiне қарсы алдын-алу шараларын қолданып отыруы керек;
      9) иттер мен мысықтар ауырғанда немесе ауруға күдiктi болғанда жедел түрде ветеринарлық мекемелерге хабарласу, тексерiстердiң қорытындысы бойынша мамандардың ұсыныстарын мүлтiксiз сақтау;
      10) ит немесе мысықты одан әрi ұстауға мүмкiндiк болмаған жағдайда оны басқа тұлғаға, жануарларды қорғау мекемелерiне бередi немесе ветеринариялық мекемеге тапсырады;
      11) үй жануарының өлiп қалған жағдайларында немесе құтыру ауруына шалдығуға ұқсас белгiлерi болған жағдайда жедел түрде ветеринарлық мекемелерге хабарлау қажет және осы жануарлар ветеринарлық қызмет мамандарының келуiне дейiн оқшаулануы тиiс;
      12) ит немесе мысық белгiсiз себептермен өлiп қалған жағдайларда ветеринарлық мекемелерге немесе лицензияланған ветеринарлық дәрiгерлерге өлудiң себептерiн анықтау үшiн хабарласу қажет.
      31. Өлiп қалған иттер мен мысықтардың өлiгiн лақтырып тастауға, аудан аумағына көмiп тастауға рұқсат берiлмейдi. Иттер мен мысықтардың өлiгi қараусыз жануарларды аулайтын және өлген жануарлардың өлекселерiн жинайтын қызмет орындарына тапсырылуға немесе жануарлар өлексесiн жоюмен айналысатын орындарға тапсырылып, тиiстi құжаттар алынуы керек.

7 тарау. Ереженiң сақталуын бақылау 

      32. Панфилов ауданының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды ұстау Ережелерiнiң аудан тұрғындары, кәсiпорындар, мекемелер мен ұйымдар тарапынан сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттiлiк берген мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      33. Пәтер иелерiнiң кооперативтерi Ережелердiң сақталуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында:
      1) иттердi серуенге шығару үшiн көлемi 15х15 метрден кем емес, пәтер иелерiнiң кооперативтерiне, тұрғын үй кооперативiне бекiтiлген немесе құрылыстан бос шағын аудан (квартал) аумағында немесе кооперативтердiң маңындағы аумақта қоршауы бар, арнайы белгiлердiң орнатылуымен, жергiлiктi атқарушы органдармен келiсiлген орын белгiлеуi қажет;
      2) үй жануарлары иелерiнiң есебiнен немесе үй жануарлары иелерiнiң коммуналдық қызметтеріне қосымша төлем енгiзу арқылы иттердi серуенге шығаруға бекiтiлген аула аумақтарының санитарлық жағдайын қамтамасыз етедi;
      3) жертөле, шатырларды және басқа да қосалқы үй - жайлардың кiре берiстерiн тұрғын үй қорларын ұстаудың, техникалық пайдаланудың тәртiбiне сәйкес қараусыз жануарлардың кiрiп кетуiне жол бермейтiндей жабық ұстайды;
      4) қараусыз жүрген үй жануарларын аулаумен айналысатын ұйымдарға өзiнiң аумағында жүрген қараусыз иттер мен мысықтар туралы хабарлайды және оларды ұстауға қатысады;
      5) ветеринарлық қызметтердiң мамандарына эпизоотияға қарсы iс-шараларды жүргiзуге көмек көрсетедi;
      6) өкілетті органдарға Ережелердiң бұзылу фактiлерi бойынша хабарлайды.
      34. Iшкi iстер органдары:
      1) елді мекендерде иттердi серуендету және көлiкте тасымалдау тәртiбiнiң сақталуын бақылауды қамтамасыз етедi;
      2) тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, ветеринарлық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемелерiне азаматтар, ұйымдар мен мекемелер тарапынан осы Ережелердiң сақталуына бақылау жасауға және сақталмаған жағдайларда әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартуға қажеттi көмек көрсетедi;
      3) иелерiнiң ерекше жауапкершiлiгiн қажет ететiн иттерi бар азаматтарға, ұйымдарға және кәсiпорындарға оларды аудан көлеміне кiргiзу, аудан көлемінен шығару, ұстау және көбейту құқығына келiсiм беруге қатысады;
      4) өздерiне берiлген өкiлеттiк шегiнде азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге шаралар қолданады;
      35. Мемлекеттiк ветеринарлық және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары:
      1) жануарларды жұқпалы ауруларға қарсы егедi;
      2) аудан көлемінен басқа жерлерге шығар кезде жануарларға ветеринариялық куәлiктер бередi;
      3) қаңғыбас үй жануарларын аулайтын қызметтерге жұмысты ұйымдастыру жөнiнде көмек көрсетедi;
      4) үй жануарларының иелерi тарапынан ветеринарлық және санитарлық талаптардың сақталуына бақылау жасайды;
      5) иттердi ұстайтын кәсiпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге ветеринарлық саладағы нысандар ретiнде ветеринарлық тiркеу құжаттарын бередi;
      6) жануарлардың ауруларын болдырмау үшiн және ол аурулардың адам ағзасына жұқтырмау үшiн тұрғындар арасында ағарту жұмыстарын жүргiзедi.

8 тарау. Жануарлар иелерiнiң осы Ережелердi бұзғандары үшiн
жауапкершiлiгi

      36. Осы Ереженi бұзғаны үшiн жануар иесi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкке тартылады.

9 тарау. Қорытынды жағдайлар

      37. Тiркелуге тиiстi иттер мен мысықтардың иелерi осы Ереже күшiне енгеннен бастап алты ай мерзiм iшiнде оларды тiркеуді қамтамасыз етуі тиіс.
      38. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды уақытша ұстау орындарына орналастыру және ұстау аталған орындар құрылған уақытта жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады