Төлеби ауданында иттер мен мысықтарды күтіп-ұстаудың Қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби аудандық мәслихатының 2012 жылғы 2 наурыздағы № 2/13-V шешімі. Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының Әділет басқармасында 2012 жылғы 11 сәуірде № 14-13-105 тіркелді. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы мәлихатының 2012 жылғы 22 маусымдағы № 6/36-V шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби  ауданы мәслихатының 2012.06.22 № 6/36-V шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 3 бабының 2 тармағына және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6 бабы, 1 тармағының 8) тармақшасына сәйкес, аудандық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:
      1.Қоса беріліп отырған Төлеби ауданында иттер мен мысықтарды күтіп - ұстаудың Қағидасы бекітілсін.
      2. Осы шешiм алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі.

      Аудандық мәслихат cессиясының төрағасы     А.Исабеков

      Аудандық мәслихаттың хатшысы               Ә.Шыңғысбаев

      Төлеби аудандық мәслихатының
      2012 жылғы 02 наурыздағы
      № 2/13-Ү шешімімен бекітілген

      Төлеби ауданында иттер мен мысықтарды күтіп-ұстаудың Қағидасы

      Осы Қағида «Ветеринария туралы»«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әзірленген. Қағида Төлеби ауданында иттер мен мысықтарды ұстау тәртібін реттейді.
      Осы Қағида барлық иттер мен мысықтардың иелеріне меншік түріне қарамастан заңды және жеке тұлғаларға (Қорғаныс министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Президенттің Күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрліктерінің мекемелері мен ұйымдары, сондай-ақ адамдарды құтқару, қылмысқа қарсы және қоғамдық тәртіпті сақтау қызметіндегілерден басқа), сондай-ақ иттер мен мысықтарды серуенге алып шығатын барлық тұлғаларға (бұдан әрі-Иелер) қолданылады.

      1 тарау. Жалпы ережелер

      Осы Қағида Төлеби ауданының аумағында әрекет етеді.
      Осы Қағида келесі түсініктер қолданылады:
      ит – үй жануары, сүт қоректі, қасқыр тектес жануарлар, көлеміне, түсіне және басқа да белгілеріне қарамастан;
      мысық – үй жануары, сүт қоректі, мысық тектес жануарлар, көлеміне, түсіне, және басқа да белгілеріне қарамастан;
      жануардың иесі – ит пен мысықтың асыраушы күтуші адам не болмаса иесінің келісіммен жалға алушы және осыған ұқсас әрекеттегі адам.
      иесіз жануарлар – тіркеуде жоқ иелерін анықтау мүмкін болмаған, иелерінен адасқан не болмаса қашып кеткен, иесі немесе жануарға жауапты адам тарапынан қараусыз жүрген жануарлар.
      иттер мен мысықтарды серуенге шығару – иесінің меншігі болып табылатын немесе тұлғадан жалға алып отырған орын-жайдан тыс жерде болуы және иттер мен мысықтардың арнайы белгіленген аумақтарда серуендеуі болып табылады.

      2 тарау. Иттер мен мысықтарды тіркеуге алудың тәртібі

      1. Төлеби ауданының тұрғындарындағы, кәсіпорындардағы, мекемелердегі, ұйымдарғы қызметтік, күзеттік, аңшылық иттер және иелердің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттер, сол сияқты мысықтардың барлық түрлері үй жануарларын бірдейлендіру тәртібімен ветеринарлық пунктерде, Төлеби ауданының ауыл шаруашылық және үй жануарларын тіркеу жүргізетін органда тізімдік есепке алынып, компьютерлік базаға енгізілуі тиіс. Әрбір тіркеуден өткен үй жануарларына бірдейлендіру реттік саны беріледі, бұл реттік сан оның бүкіл өмір сүру кезеңіне сақталады. Ит пен мысықты тіркеу барысында иелерінің есебінен ветеринарлық құжат және белгіленген үлгіге сәйкес реттік саны бар жетон беріледі.
      Тіркеу барысында иелер осы Қағидамен таныстырылады. Жануарлар иелерінің Қағидамен танысқандығы тіркеу кітабына қол қойылуымен рәсімделеді.
      Бірдейлендіру белгісі ретінде қызмет түріне ветеринарлық пункт дәрігері тарапынан үй жануарларының терісіне енгізетін микрочип салуға болады.
      2. Барлық иттер үш айлық жасынан, мысықтар екі айлық жасынан бастап алғашқы тіркеуден және жыл сайын қайта тіркеуден өтуі тиіс.
      3. Үй жануарын асырап алған немесе иесінің мекен-жайы өзгерген жағдайда үй жануарлары екі апта мерзімінде тіркелуі керек.
      4. Ит пен мысықты тіркеуден өткізу және қайта тіркеу кезінде иелері келесі құжаттар мен мәліметтер беруі қажет: иесінің жеке басының төл құжаты, салық төлеушінің тіркеу нөмері, мекен-жайы, байланыс телефоны, ит пен мысықтың туылған күні, түрі, түсі, жынысы, лақап аты, ерекше белгілері немесе жануардың сипаты.
      5. Үй жануарына эвтоназия қолданылғанда немесе өліп қалған жағдайда ветеринарлық құжат пен жетон жануар бұрын тіркеу жүргізген органға немесе мекемеге тапсырылады.
      6. Тіркеуші орган жануардың шығу (сатылу, жоғалу, өлу, басқа бір адамға тапсырылу) жағдайларында тіркеуден шығару үшін немесе қайта тіркеуі үшін хабарлануы керек.

      3 тарау. Иттер мен мысықтарды күтіп - ұстау

      7. Иттер мен мысықтарды сатып алу мен сату, басқа бір адамға тапсыру, барлық көлік түрлерімен аудан ішінде, ауданнан тысқары жерлерде, саяжай серіктестіктері аумақтарында тасымалдау әрекеттері құтырма және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы егілген уақыты белгіленген жануардың ветеринарлық құжаты болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Иттер мен мысықтарды ауданнан тысқары жерлерге тасымалдау кезінде және ауданға басқа елді мекендерден әкелген жағдайда, иелері жануардың денсаулығы және егу жұмыстарының жүргізілгендігі жөнінде, яғни жұқпалы ауруларға қарсы 12 айдан аспаған мерзімде не болмаса жолға шығарған 30 күн бұрын егілгендігі жөніндегі мәлімет толтырылған ветеринарлық куәлігінің болуы тиіс.
      Тұрғындарға, кәсіпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға тиесілі иттердің барлық түрлері үш айлық мерзімінен бастап, құтырма ауруына және эпизоотиялық көрсеткіштерге сәйкес лептоспироз, микроспория ауруларына қарсы егілуі және гельминттердің болмауына тексерілуге тиіс немесе профилактикалық алдын-алу шаралары қолданылуы тиіс.
      Мысықтар туылғаннан екі айлық мерзімнен бастап адамдар мен жануарларға бірдей жұқпалы ауруларға, эпизоотиялық көрсеткіштерге сәйкес микроспорияға қарсы егілуге, гельминттердің болмауына тексерілуге тиісті.
      8. Иттің иесі ретінде (иелердің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттердің түрлерінен басқа) 14 жасқа толған, ата-анасының жазбаша рұқсаты бар (итті өз атына тіркеу үшін) тұлға болуы мүмкін.
      9. Иттер мен мысықтарды ұстауға санитарлық-гигиеналық, зоогигиеналық талаптарды және осы Қағиданы сақтаған жағдайда рұқсат етіледі:
      бір ғана отбасынан тұратын тұрғын үй-жайларда;
      бірнеше отбасынан тұратын тұрғын үй-жайларда, тек өзіне тиесілі аумағында ұстауға (пәтер тұрғындарының жазбаша келісімімен);
      мекемелерде, ұйымдарда, бақ шаруашылықтары мен саяжайларда, коммерциялық емес бірлестіктерде және демалыс орындарында иттерді байлауды түрде немесе торда, яғни қоршаған ортаға, адамдарға қауіпсіздік келтірмейтін және тыныштық сақталған жағдайда ұсталады.
      10. Қаладағы көп қабатты, көп пәтерлі тұрғын үйдегі бір отбасына саны екіден көп емес үлкен және орта мөлшердегі ересек иттер мен үш мысықты, үш айлық мерзімге дейінгі күшіктерді ұстауға рұқсат етіледі. Үш айдан асқан күшіктер мен мысықтар жаңа иелеріне берілуі немесе қараусыз иттер мен мысықтарды ұстаумен және және аулаумен айналысатын мекемелерге тапсырылуы тиіс.
      Пәтерлерде иттер мен мысықтардың барлық түрлеріне арналған паналау орындарын ашуға жол берілмейді. Ерекше жағдайларда, жергілікті атқарушы органдарға, пәтерлер иелері кооперативтеріне санитарлық-тұрмыстық талаптарды ескере отырып тиісті ұйымдар мен қызметтерді қатыстыра отырып, пәтерлерде және басқа да коммуналдық нысандарда иттер мен мысықтарды, басқа да зоологиялық түрлерді белгіленген саннан артық көлемде ұстауға рұқсат беруге, ұстауды шектеуге құқық беріледі.
      11. Иттер мен мысықтарды көпшілік пайдаланатын (ас әзірлеуге арналған бөлмелерде, кіреберістерде, баспалдақ алаңдарында, үйдің шатырында, жертөлелерде, балконда және басқа да қосалқы үй-жайларда) орындарда және үй маңында (жеке тұрғын үй аумағынан басқа), қонақ үйлер мен жатақхана дәліздерінде ұстауға рұқсат етілмейді.
      12. Иттер мен мысықтарды жекелеген тұрғын үй қорында, ғимараттарда, және оларға тиесілі аумақтарға жердің заңды иегерінің рұқсатымен немесе басқа да өкілетті тұлғаның келісімімен ұстауға болады. Иттер жақсылап қоршалған,яғни қашып кете алмайтындай, адамдарға не болмаса басқа жануарларға шабуылдамауына ыңғайлап жасалынған аумақта ұсталуы тиіс. Осы аумақта иттің барлығы жөнінде кіреберісте 20х30 сантиметр көлеміндегі, иттің суреті бар «Ит күзетеді! Охраняется собакой!» ескерту қойылуы шарт.
      13. Жеке тұрғын үйлер қорында гигиеналық-санитарлық және зоогигиеналық талаптар сақталған жағдайда саны екіден көп иттерді күтіп-ұстауға рұқсат етіледі.
      14. Иттер мен мысықтарды зообұрыштарда, балалар және жасөспірімдерге арналған мекемелердің «тірі бұрыштарында», жазғы және қысқы сауықтыру орталықтарында (санаторийлер, демалыс үйлері, пансионаттар) санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық қадағалау органдарының рұқсатымен ұстауға болады.
      15. Тіркелмеген (есепке алынбаған) және жұқпалы ауруларға қарсы егілмеген иттер мен мысықтарды ұстауға тиым салынады.
      16. Иттер мен мысықтардың қатысуымен өткізілетін жарыстар, көрмелер және тағы басқа көпшілік шаралар санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринарлық қадағалау өкілдерінің жазбаша келісімімен және ішкі істер органдары мен аудан әкімінің рұқсаты бойынша өткізіледі.
      17. Мемлекет аумағынан селекциялық (асыл тұқымды) және ұлттық құндылығы бар иттер мен мысықтарды кинологиялық, фелинологиялық орталықтарының (клубтардың) рұқсатынсыз не болмаса жолдамасынсыз шығаруға жол берілмейді.
      18. Иттер мен мысықтарды олардың терісін пайдалану, етін өңдеу, сату, тұтыну үшін өсіруге не болмаса аулауға жол берілмейді.
      19. Төлеби ауданы аумағында иттердің төбелесін ұйымдастыруға және өткізуге, жануарларға қарсы қатыгез әрекеттер жасауға мүмкіншілік беретін басқа да іс-шараларды өткізуге жол берілмейді (қызметтегі, күзетке арналған иттердің жұмыс қабілеттілігін тексеру мақсатында, иттерді жарақат алмауын ескеретін, дұрыс тұқымдық сұрыптауға арналған арнайы ережелер бойынша тексерулерден басқа).

      4 тарау. Иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді күтіп - ұстау

      20. Адамдарға және басқа жануарларға қауіп тұғызуға бейім, ұстауда ерекше жауапкершілікті қажет ететін асыл тұқымды иттердің есебін жүргізу мақсатында, осындай иттерді өсіруге және ұстауға кинологиялық клубтарда, бірлестікте және Төлеби ауданындағы ауыл шаруашылық және үй жануарларын тіркейтін органда, ветеринарлық клиникада тіркеуге алынғаннан кейін ғана рұқсат етіледі. Итті тіркеу барысында иттің иесін осы Қағидамен таныстырып, танысқандығы жөнінде қолын қойғызуы керек.
      21. Иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін ит тұқымдарының түрлеріне: американдық стаффордшир терьері, стаффордшир бультерьері, ротвейлер, акита-ину, аргентиналық дог, питбультерьер, бульмастиф, бразильялық филдер, боксер, американдық бульдог, ризеншнауцер, ағылшындық мастиф, испандық мастиф, пиринейлік мастиф, тибеттік мастиф, ирландық волкодав, лабрадор, командор, берндік малшы иті, корольдік (үлкен) пудель, бельгиялық овчарка, доберман, оңтүстік орыс овчаркасы, ортаазиялық овчарка, кавказдық овчарка, мәскеулік күзет иті және сондай-ақ осы тұқымдардың бұдандастырылуынан туған, шоқтығының биіктігі 50 сантиметрден жоғары иттер жатады. Иттің қай тұқымға жататындығы тегінің құжаттарына қарап ажыратылады, ал даулы жағдайда ауыл шаруашылық және үй жануарларын тіркеу орындары жанындағы сараптау комиссияның көмегімен анықталады.
      22. Иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді ауыл шаруашылық және үй жануарларын тіркейтін орындардың келісімінсіз, аудан аумағына әкелуге, ұстауға, иеленуге және өсіруге рұқсат берілмейді.
      23. Иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді ұстау үшін оның болашақ иесі психоневрологиялық және нашақорлық диспансерлік есепте тұрмағандығы туралы анықтама көрсетуі қажет.
      24. Тіркеуден өтпеген, иесінің ерекше жауапкершілікті қажет ететін иттері бар меншік иелері иттерін осы Қағида бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жарияланған күнінен бастап кинологиялық клубтарда, бірлестіктерде, ауыл шаруашылық және үй жануарларын тіркеу орындарында, ветеринарлық пункттерде тіркетуі тиіс.
      25. Балаларға және 16 жасқа толмаған жас өспірімдерге, сонымен қатар денсаулық жағдайы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді серуенге шығаруға рұқсат берілмейді.
      26. Иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді серуендету оларға арналған арнайы орындардан басқа қоғамдық және көпшілік демалыс орындарына әкелуге рұқсат берілмейді.

      5 тарау. Иттер мен мысықтарды серуенге шығарудың реті

      Иелері итті серуенге шығарғанда келесі талаптарды орындауы тиіс:
      27. Иттерді тұмылдырықпен (декоративті түрінен басқа) және қысқа (1 метрге дейін) мойын жіппен, Ережедегі 40-тармақта көрсетілген орындардан басқа жерлерде, қоршаған ортаға ешқандай қолайсыздық келтірмейтіндей етіп ертіп жүруге және серуенге шығаруға болады.
      28. Иттерді тұмылдырықсыз және мойын жіпсіз тек арнайы қоршалған аумақтарда, жаттықтыру алаңдарында, жергілікті атқарушы органдары, пәтер иелері кооперативтері бекіткен еркін серуен алаңдарында алып жүруге болады.
      29. Иттердің иелері әрдайым иттің мойнына аты, түрі, иесінің мекен-жайы мен телефондары көрсетілген жетон бекітілген қарғыбау тағуы керек. Иесінің тілегі бойынша жетонда итке қатысты басқа да мәлімет болуы мүмкін.
      30. Иттерді қалалық қоғамдық көліктерде тасымалдау көліктің артқы алаңдарында, жолаушылардың мазасын алмайтын жағдайда жүзеге асырылуы тиіс. Иттердің декоративті түрлерін және мысықтарды сөмкеде, арнайы торларда (тасымалдауға арналған контейнерде), қолда алып тасымалдауға болады. Науқас иттер мен мысықтарды қоғамдық көлікте тасымалдауға жол берілмейді.
      31. Иттерді тұрғын үйлердің маңында серуендету кезінде иттердің иелері 23.00. мен 07.00. сағат аралығында тыныштықты сақтауды қамтамасыз етуі тиіс.
      32. Итті қысқа мойын жіппен және тұмылдырықпен, өздігінен шешіліп кетпейтіндей, иесі ғимараттың ішінде уақытша болған мерзімге, егер де ит басқа тұлғаларға қауіп төнгізбейтін, қоғамдық тәріпті бұзбайтын, қозғалыстарға және өзіне зиян келмейтіндей жағдайда байлаулы қалдыруына болады. Осы кезде ит жүргіншілердің жүріп тұруына кедергі болмауы керек.
      33. Ит қоғамдық орындарда қарғы баусыз тек қана қызметтік тапсырмаларды орындау кезінде ғана жүре алады.
      34. Көше қиылыстары мен магистралды жолдардан өткен кезде иттің иесі (итте серуендеуге шығарған тұлға) жол-көлік оқиғаларын және итті көліктің басып кетпеуін болдырмау үшін мойын жібін қысқартып ұстауы тиіс.
      35. Иттердің иелері келесі тыйымдарды сақтауға тиісті:
      1) құтырма ауруына қарсы егілмеген және токсоплазмозға (латентті немесе созылмалы түрде болатын паразиттік инфекция. Қоздырғышы – жасушаішілік паразит) тексерілмеген иттерді серуендетуге;
      2) жануарларды рұқсат етілген немесе арнайы орындардан басқа, ауладағы балалар ойнайтын, спорттық алаңдарда, мектепке дейінгі және оқу орындарының аумақтарында, емделу мекемелерінің, саябақтар мен қоғамдық демалыс орындарының алаңындарында, тыйым салынған ескерту белгісі бар жерлерде серуендетуге;
      3) иттерді қалалық жағажайда серуендетуге, көпшілік шомылатын жерлерде жуындыруға, тоғандарда, фонтандарда, су айдындары мен бөгеттерде шомылдыруға;
      4) көзі нашар көретін адамды жетектеуші иттен басқа иттерді қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына, азық-түлік дүкендерінің сауда жасау және өндірістік орындарына, сервистік қызмет көрсету мекемелері мен мәдениет мекемелеріне әкелуге, ұстауға;
      5) халық көп жиналатын орындарда және қоғамдық шаралар өтетін жерлерде адамдарды құтқаруға арналған тапсырманы орындау барысындағы, қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысатын, сондай-ақ көзі нашар көретін адамды жетектеуші иттерден басқа жануарлармен бірге болуға.
      36. Иесі мас болған жағдайда итті ертіп жүруге және көпшілік жүретін орындарда серуендетуге, көлікте алып жүруіне рұқсат берілмейді.

      6 тарау. Ит пен мысық иелері

      37. Тіркелген иттер мен мысықтар иесінің меншігі болып табылады және кез-келген меншік ретінде заңмен қорғалады.
      38. Ит немесе мысық Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 28 сәуірдегі № 407 қаулысымен бекітілген аурулар түрімен ауырған деп танылған жағдайда, аумақтық бас мемлекеттік ветеринарлық инспектордың шешімімен, немесе соттың шешімі болған жағдайда ғана иесінен алынып, жойылуы мүмкін. Егер де ит науқас емес деп танылса, онда ол иесіне қайтарылуы тиіс. Сонымен қатар, ит немесе мысық иелерінен адамға жарақат келтірген жағдайларда, қауып алғанда, адамға берілетін аурулардың немесе қауіпті аурулардың болуын тексеру үшін алынуы мүмкін.
      39. Иттер мен мысықтардың иелері төмендегі талаптарды орындауға борышты:
      1) иттер мен мысықтардың қоршаған ортаға қолайсыздық келтірмейтін және қауіпсіздік тудырмайтын, тыныштықты жағдайын қамтамасыз ету;
      2) тұрғын үй-жайларда тыныштықты қамтамасыз ету;
      3) алаңдарды, кіреберістерді, сатылық торларды, лифтілерді, балалар алаңдарын, жолдарды, тротуар, шағын гүлбақтарды, демалыс аумақтарын ластамау, ал ластанған жағдайда міндетті түрде жедел тазалауды жүзеге асыру (қағаз немесе полиэтилен пакеттерін пайдалану);
      4) жануарларды түрлеріне қарай зоотехникалық, зоогигиеналық және ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес ұстау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      5) иттер мен мысықтарды олардың биологиялық қажеттіліктеріне сай ұстау, оларға ізгілікті қарау, қараусыз қалдырмау, өздерінің жануарларына қажеттілігіне қарай тамақ беру, таза су ішуге жағдай жасау, ұрмау;
      6) ветеринариялық мекемелер мамандарының талаптары бойынша иттер мен мысықтарды бақылау үшін, диагностикалық зерттеу және емдеу, алдын-алу шараларын жүргізу үшін бөгетсіз берілуі керек;
      7) иттер мен мысықтарды жыл сайын екі, үш айлық мерзімінен бастап ветеринариялық емханаларға бақылау үшін және құтырма ауруына және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы алдын алу шараларын қолдануға әкеліп отыру, ветеринарлық құжатына жазбаларды белгілеп отыру;
      8) жүйелі түрде, тоқсанына кемінде бір рет иттер мен мысықтарға гельмиттерге және тері паразиттеріне қарсы алдын-алу шараларын қолданып отыруы керек;
      9) иттер мен мысықтар ауырғанда немесе ауруға күдікті болғанда жедел түрде ветеринарлық мекемелерге хабарласу, тексерістердің қорытындысы бойынша мамандардың ұсыныстарын мүлтіксіз сақтау;
      10) ит немесе мысықты одан әрі ұстауға мүмкіндік болмаған жағдайда оны басқа тұлғаға, жануарларды қорғау мекемелеріне береді немесе ветеринариялық мекемеге тапсырады;
      11) үй жануарының өліп қалған жағдайларында немесе құтыру ауруына шалдығуға ұқсас белгілері болған жағдайда жедел түрде ветеринарлық мекемелерге хабарлау қажет және осы жануарлар ветеринарлық қызмет мамандарының келуіне дейін оқшаулануы тиіс;
      12) ит немесе мысық белгісіз себептермен өліп қалған жағдайларда ветеринарлық мекемелерге немесе лицензияланған ветеринарлық дәрігерлерге өлудің себептерін анықтау үшін хабарласу қажет.
      40. Өліп қалған иттер мен мысықтардың өлігін лақтырып тастауға, аудан аумағына көміп тастауға рұқсат берілмейді.
      Иттер мен мысықтардың өлігі қараусыз жануарларды аулайтын және өлген жануарлардың өлекселерін жинайтын қызмет орындарына тапсырылуға немесе жануарлар өлексесін жоюмен айналысатын орындарға тапсырылып, тиісті құжаттар алынуы керек.

      7 тарау. Жануарлар иелерінің осы Қағиданы бұзғандары үшін жауапкершілігі

      41. Осы Қағиданы бұзғаны үшін жануар иесі Заңда белгіленген жауапкершілікке тартылады.

      8 тарау. Қорытынды жағдайлар

      42. Тіркелуге тиісті иттер мен мысықтардың иелері оларды осы Қағида күшіне енгеннен бастап алты ай мерзім ішінде тіркетуі қажет.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады