Ақтөбе облысының өзендері Ор, Ойыл, Қобда мен оның салаларына және шағын су қоймаларының (Ащыбек, Мағаджан, Қызылсу, Әулие, Айталы) су қорғау аймақтары мен белдеулерін және оларды шаруашылықта пайдалану режимін белгілеу туралы

Жаңартылған

Ақтөбе облысы Ақтөбе облыстық әкімдігінің 2013 жылғы 16 қыркүйектегі № 299 қаулысы. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 09 қазанда № 3651 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 39-бабына, 116-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 18 мамырдағы № 19-1/446 "Су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу қағидаларын бекiту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11838 тіркелген) бұйрығына сәйкес Ақтөбе облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – Ақтөбе облысы әкімдігінің 31.12.2015 № 487 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Бекітілген жобаның негізінде Ор, Ойыл, Қобда өзендері мен оның салаларының және шағын су қоймаларының (Ащыбек, Мағаджан, Қызылсу, Әулие, Айталы) су қорғау аймақтары мен белдеулері;

      Ор, Ойыл, Қобда өзендері мен оның салаларына және шағын су қоймаларының (Ащыбек, Мағаджан, Қызылсу, Әулие, Айталы) су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шаруашылық пайдалану режимі осы қаулының қосымшасына сәйкес белгіленсін.
      Ескерту. 1 тармақ жаңа редакцияда – Ақтөбе облысы әкімдігінің 10.07.2020 № 268 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2. "Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі бекітілген жобалық құжаттаманы Ор, Ойыл, Қобда өзендері мен оның салаларына және шағын су қоймаларының (Ащыбек, Мағаджан, Қызылсу, Әулие, Айталы) ластануына, қоқысталуына және сарқылуына жол бермеу және су қорғау аймақтары мен белдеулерінің аумағын пайдалану режимін сақтауды қамтамасыз ету жөнінде іс-шаралар әзірлеу үшін Мұғалжар, Хромтау, Ойыл және Қобда аудандарының әкімдеріне тапсырсын.
      3. Ор, Ойыл, Қобда өзендері мен оның салаларына және шағын су қоймаларының (Ащыбек, Мағаджан, Қызылсу, Әулие, Айталы) су қорғау аймақтары және белдеулері шегінде орналасқан жер алқаптары бар Мұғалжар, Хромтау, Ойыл және Қобда аудандарының әкімдеріне кәсіпорындардың, ұйымдардың және басқа да шаруашылық жүргізуші нысандардың басшыларына олардың ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан;
      бекітілген жобаға сәйкес су қорғау аймақтары және белдеулерінің шегінде орналасқан және олардың жай-күйіне зиянды әсер ететін нысандарды шығару немесе жою жөнінде жұмыстар жүргізуге;
      олардың тиісті санитарлық күйде күтіп ұсталуын, шаруашылықта пайдалану режимін сақтауды, сондай-ақ су қорғау белгілерін сақтығын қамтамасыз етуге ұсыныс жасалсын.
      4. "Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыны басқарманың ғаламтор-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Р.К.Кемаловаға жүктелсін.
      6. Осы қаулы алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі А. Мұхамбетов

  Облыс әкімдігінің 2013 жылғы 16 қыркүйектегі № 299 қаулысына қосымша

Ақтөбе облысының өзендері Ор, Ойыл, Қобда мен оның салаларына және шағын су қоймаларының (Ащыбек, Мағаджан, Қызылсу, Әулие, Айталы) су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шаруашылық пайдалану режимі

      1. Су қорғау аймақтарының шегінде:
      авиациялық–химиялық жұмыстарды жүргізуге;
      өсімдіктердің зиянкестеріне, ауруларына және арамшөптерге қарсы химиялық құралдар қолдануға;
      топырақты тыңайту үшін көң ағындары пайдалануға;
      улы химикаттар, минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағар май материалдары қоймалары, аппаратураларға улы химикаттар құю алаңдары, мал шаруашылығы кешендері мен фермалары, өндірістік, тұрмыстық және ауылшаруашылығы қалдықтарын құю және көму орындары, молалар мен малкөмінділері, сарқынды сулар жинағыштар орналастыруға;
      көң мен қоқысты жинақтауға;
      техникалық қызмет көрсету пунктерін орналастыруға және салуға, автокөліктерге, тракторларға және басқа да машиналар мен механизмдерге, оларды жуу және жөндеу жүргізуге;
      су қорғау аймақтары 100 метрден кем болған және іргелес жатқан аумақ баурайының тіктігі 3 градустан асқан кезде саяжайлық немесе бау–бақшалық учаскелер орналастыруға;
      көлік құралдарының тұрақтары, соның ішінде олар саяжайлық және бау бақшалық учаскелердің аумақтарында да орналастыруға;
      жергілікті атқарушы органдардың және су қорын пайдалану және қорғау, қоршаған ортаны қорғау, жер ресурстарын басқару, энергиямен жабдықтау және халықтың санитарлық–эпидемиологиялық салауаттылығы саласында уәкілетті органдардың келісімінсіз ғиматтарды, құрылыстарды, коммуникациялар мен басқа нысандарды реконструкциялау, сонымен бірге пайдалы қазбалар өндіру, жер қазу жұмыстарды және басқа жұмыстар жүргізуге жол берілмейді.
      2. Суды қорғау белдеулері шегінде:
      жүйелі түрде жер жыртуға, тыңайтқыштар пайдалануға;
      шайылған топырақ үйінділері жинауға;
      мал жаюға, және олардың жазғы лагерлерін (дәстүрлі суат орындарын пайдаланбағанда) ұйымдастыруға;
      саяжайлық және бау–бақшалық учаскелер жайғастыруға;
      жеке тұрғын үй немесе саяжайлық және басқа құрылыстарға учаскелер бөлуге жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады