Жаңаөзен қаласы, Рахат кенті мен Қызылсай, Теңге ауылдарының аумағында иттер мен мысықтарды ұстау Қағидасы туралы

Күшін жойған

Маңғыстау облыстық мәслихатының 2013 жылғы 10 желтоқсандағы № 13/195 шешімі. Маңғыстау облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 17 қаңтарда № 2345 болып тіркелді. Күші жойылды - Маңғыстау облыстық мәслихатының 2015 жылы 27 ақпандағы № 22/352 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облыстық мәслихатының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 22/352 шешімімен.

      Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексінің 3-бабының 2-тармағына және «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңының 6-бабының 2-2-тармағына сәйкес облыстық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жаңаөзен қаласы, Рахат кенті мен Қызылсай, Теңге ауылдарының аумағында иттер мен мысықтарды ұстау Қағидасы бекітілсін.
      2. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
 


      Сессия төрағасы                         Р. Борашов

      Облыстық
      мәслихат хатшысы                        Б. Жүсіпов
 
 

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Жаңаөзен қалалық ауыл шаруашылығы
      және ветеринария бөлімінің басшысы
      А. Тұрақов
      2013 жылғы 10 желтоқсан
 

      Жаңаөзен қаласы ішкі істер
      басқармасының бастығы
      И. Исмаилов
      2013 жылғы 10 желтоқсан
 

      Қазақстан Республикасы Ауыл
      шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық
      бақылау және қадағалау
      комитетінің Жаңаөзен қалалық
      аумақтық инспекциясының басшысы
      Б. Нұржауов
      2013 жылғы 10 желтоқсан
 
 

Облыстық мәслихатының
2013 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 13/195 шешімімен бекітілген
 

Жаңаөзен қаласы, Рахат кенті мен
Қызылсай, Теңге ауылдарының аумағында
иттер мен мысықтарды ұстау
ҚАҒИДАСЫ
  1. Жалпы ережелер
 

      1. Жаңаөзен қаласы, Рахат кенті мен Қызылсай, Теңге ауылдарының аумағында иттер мен мысықтарды ұстау Қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 3-бабының 2-тармағына және 311-бабына және 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңының 6-бабының 2-2-тармағына сәйкес жасақталған.
      2. Қағида Жаңаөзен қаласы, Рахат кенті мен Қызылсай, Теңге ауылдарының аумағында иттер мен мысықтарды ұстаудың тәртібін реттейді.
 

2. Иттерді және мысықтарды тіркеу тәртібі
 

      3. Туғанына үш ай толған иттер, екі ай толған мысықтар «Жаңаөзен қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі» мемлекеттік мекемесінде (бұдан әрі – «Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі») тіркеуден өтеді.
      4. Тіркеу барысында иттер мен мысықтардың иесі осы Қағиданың талаптарымен таныстырылады. Жануарлардың иесі Қағидамен танысқандығын Тіркеу кітабына қол қоюмен куәландырылады.
      5. Иттер мен мысықтарды тіркеуден өткізгеннен кейін жануарлардың иесі есебінен белгіленген үлгіге сәйкес ветеринариялық паспорт беріледі.
      6. Тіркеу және қайта тіркеу кезінде иттер мен мысықтардың иелері мына құжаттар мен мәліметтерді ұсынады:
      иесінің жеке басын куәландыратын құжаты;
      мекен-жайы, байланыс телефоны;
      иттің немесе мысықтың түрі, жынысы, аты, туылған күні, түсі, ерекше белгілері немесе жануардың сипаты.
      7. Иттер және мысықтар сатылған, жоғалған, өлген, басқа тұлғаға берілген жағдайларда жануарлардың иесі оларды есептен шығару немесе қайта тіркеу үшін екі апталық мерзімде қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөліміне хабарлауы қажет. Иттер мен мысықтардың иелері мекен-жайын өзгерткен жағдайда жануарлар 15 жұмыс күн ішінде тіркелуге жатады.
 

3. Иттерді және мысықтарды ұстау тәртібі
 

      8. Иттер тұқымдарына қарамастан үш айлық жасынан бастап құтырма ауруына, обаға және эпизоотиялық көрсеткіштер бойынша лептоспирозға, микроспорияға қарсы егілуі, сонымен қатар гельминттерге тексерілуі немесе профилактикалық дегельминтизация жасалуы қажет.
      9. Мысықтар екі айлық жасынан бастап жануарлар мен адамдарға ортақ жұқпалы ауруларға қарсы, эпизоотиялық көрсеткіштер бойынша микроспорияға қарсы егілуден, гельминтоздарға тексерілуден өтеді.
      10. Егер иттер мен мысықтардың иесі заңды тұлға болса, ол иттер мен мысықтарды ұстауға жауапты адам тағайындайды.
      11. Жануарлардың иесі дер кезінде, осы Қағидада белгіленген мерзімде міндетті ветеринарлық шараларды өткізеді, жануарлардың карантиндік режимін сақтайды, жұқпалы ауруларды жою бойынша шараларды өткізеді.
      12. Иттер мен мысықтарды ұстау санитарлық-гигиеналық, зоогигиеналық талаптарды және осы Қағиданы сақтаған жағдайда жүзеге асады:
      бір ғана отбасынан тұратын тұрғын үй-жайларда;
      бірнеше отбасынан тұратын тұрғын үй-жайларда, тек өзіне тиесілі аумақта ұстауға (пәтердің барлық тұрғындарының жазбаша келісімімен);
      кәсіпорындарда, ұйымдарда және мекемелерде, көп пәтерлі үйлерде, бау-бақшаларда, азаматтардың коммерциялық емес бірлестіктерінде, демалыс орындарында байлаулы түрде немесе торда және айналадағылардың мазаларын алмайтын және қауіп келтірмейтін жағдайда ұстау.
      13. Көп пәтерлі тұрғын үйдің пәтерінде бір отбасыға жалпы саны үштен аспайтын үлкен және орта тұқымды ит және алты айлық жасқа дейінгі мысықайлары бар үш мысық ұстау ұсынылады.
      14. Ортақ пайдаланылатын орындарда (ас әзірлейтін бөлмелер, кіреберістер, баспалдақ алаңдары, жертөлелер, шатырлар, лоджиялар, балкондар мен қосалқы жайлар), үйлердің алдындағы аумақтарда (жеке тұрғын үй қоры үйлерінің алдындағы аумақтарынан басқа), қонақ үйлерде және жатақхана дәліздерінде көзі нашар көретін адамдарды жетектейтін иттерден басқа иттер мен мысықтарды және ұстауға жол берілмейді.
      15. Қонақ үйлерде қонақ үй әкімшілігінің келісімімен, жануарлардың ветеринариялық паспорты болған және санитарлық-гигиеналық ережелер сақталған жағдайда иесі итімен немесе мысығымен тұрақтауына жол беріледі.
      16. Иттер және мысықтар жекелеген тұрғын үй қорындағы үйлерде, ғимараттарда және оларға тиесілі аумақтарда осы аумақтың иесінің рұқсатымен немесе басқа да өкілетті тұлғаның келісімімен ұсталуы керек. Иттер қашып шыға алмайтын, адамдарға немесе басқа жануарларға шабуыл жасамайтын және өтіп бара жатқан адамдарды қаба алмайтын қоршалған аумақта ұсталуы керек. Кіреберісте осы маңда иттің бар екендігі жөнінде кемінде 20х30 сантиметр көлемінде иттің суреті бар «Ит күзетеді!», «Охраняется собакой!» деген ескерту тақтайша ілінеді.
      17. Егер ұстау жағдайлары санитарлық-гигиеналық және зоогигиеналық нормалармен сәйкес келген жағдайда жеке тұрғын үй қорындағы үйлерде жалпы саны үштен аспайтын ит ұстауға жол беріледі.
      18. Иттердi арнайы бекiтiлген, қоршалған жерлерде серуендету керек. Егер ондай жерлер болмаса, иттердi серуендету құла далада жүзеге асырылады;
      19. Мыналарға рұқсат етілмейді:
      1) тіркелмеген (есепке алынбаған) және егілмеген иттер мен мысықтарды ұстауға;
      2) иттер мен мысықтарды балалар алаңдарында, спорттық алаңдарда, мектепке дейінгі және оқу орындарының, емдеу мекемелерінің аумақтарында және қоғамдық шаралар өткізілетін орындарда серуендетуге;
      3) декоративті түрінен басқа иттерді тұмылдырықсыз және ұзын шылбырда серуендетуге;
      4) мас адамдар мен 14 жасқа толмаған жасөспірімдерге иттерді серуендетуге;
      5) адамдардың шомылуына арналған орындарда, су бұрқақтарда және бастау көздерінде иттер мен мысықтарды шомылдыруға.
      20. Иелері байлап кеткен иттерден басқа, қоғамдық орындарда иесіз жүрген иттер қаңғыбас иттер болып саналады және арнайы қызметтердің аулауына жатады.
      21. Қаңғыбас иттер және мысықтар аулауды жергілікті атқарушы органмен келісім-шарты жасалған ветеринария саласындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын жүзеге асырады.
 

4. Иттер және мысықтар сату-сатып алу және тасымалдау
 

      22. Иттерді және мысықтарды белгіленбеген орындарда, сондай-ақ ветеринарлық анықтамасыз және құжаттарсыз саудаға салуға жол берілмейді.
      23. Иттерді және мысықтарды саудаға салу, тек тиісті ветеринарлық құжаттары болған жағдайда олар 2,5-3 айға толғанда ғана жол беріледі. Егер иттер және мысықтар ветеринарлық паспортынсыз 2,5-3 айға толмай сатылған жағдайда, сатып алушыға күшіктің және мысықтың денсаулық жағдайы жөніндегі анықтаманы ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар береді.
      24. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес иттерді және мысықтарды саудаға салу жануарлар шаруашылығы қоры (клубы), питомниктер, зоодүкендер және мамандандырылған базарлар арқылы рұқсат етіледі.
      25. Иттерді және мысықтарды Жаңаөзен қаласы, Рахат кенті мен Қызылсай, Теңге ауылдарының аумағына әкелу, оның ішінде шет мемлекеттерден әкелу немесе қаладан, кенттен және ауылдан тыс жерге әкету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      26. Жаңаөзен қаласы, Рахат кенті мен Қызылсай, Теңге ауылдарынан тыс жерге иттерді және мысықтарды тасымалдауға (орын ауыстыруға) және әкелуге ветеринария саласындағы өкілетті мемлекеттік орган берген егілгендігі туралы ветеринариялық куәлігі және арнайы үлгідегі ветеринарлық паспорты болған жағдайда рұқсат етіледі.
      27. Иттерді және мысықтарды әуе, теміржол, автомобиль, сонымен қатар су көлігімен тасымалдау осы көліктердің түрлерінде жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдау Ережелері негізінде жүзеге асырылады.
 

5. Ереженің сақталуын бақылау
 

      28. Жаңаөзен қаласы, Рахат кенті мен Қызылсай, Теңге ауылдарының аумағында иттерді және мысықтарды ұстау Қағидасының сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өкілеттік берілген мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
 

6. Қорытынды ережелер
 

      29. Осы Қағиданың талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес белгіленеді.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады