Қарақия ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Күшін жойған

Маңғыстау облысы Қарақия аудандық мәслихатының 2013 жылғы 11 шілдедегі № 11/120 шешімі. Маңғыстау облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 09 тамызда № 2286 тіркелді. Күші жойылды - Маңғыстау облысы Қарақия аудандық мәслихатының 28 наурыздағы 2024 жылғы № 13/105 шешімімен.

      Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облысы Қарақия аудандық мәслихатының 28.03.2024 № 13/105 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      Ескерту. Шешімнің тақырыбы жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Қарақия аудандық мәслихатының 29.10.2021 № 8/71 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет Кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына және "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Қарақия ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі айқындалсын.

      Ескерту. 1 тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Қарақия аудандық мәслихатының 29.10.2021 № 8/71 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Қарақия аудандық мәслихатының заңдылық, депутаттар өкілеттігі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін (комиссия төрағасы Е. Таджибаев).

      3. "Қарақия аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (А. Мееров) осы шешім мемлекеттік тіркелгеннен кейін, оның интернет - ресурста жариялануын қамтамасыз етсін.

      4. Осы шешім Маңғыстау облысының әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Е. Есенқосов
     
      Аудандық
      мәслихаттың хатшысы А. Мееров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      "Қарақия аудандық жұмыспен қамту

      және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі"

      мемлекеттік мекемесінің басшысы

      Рысбаев Қайрат Ерсұлтанұлы

      2013 жыл 11 шілде

      "Қарақия аудандық экономика

      және қаржы бөлімі" мемлекеттік

      мекемесінің басшысы

      Әбдіхалықова Әлия Жұмабайқызы

      2013 жыл 11 шілде


  Қарақия аудандық мәслихатының
2013 жылғы 11 шілдедегі
№ 11/120 шешімімен бекітілген

Қарақия ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Қарақия аудандық мәслихатының 29.10.2021 № 8/71 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қарақия ауданында тұратын, жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысына шекті жол берілетін шығыстар үлесі 7 (жеті) пайыз мөлшерінде.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.

      Ескерту. 1 -тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Қарақия аудандық мәслихатының 26.05.2023 № 4/28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      2. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Қарақия аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүзеге асырылады.

      3. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 226 "Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20498 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен есептейді.

      Ескерту. 3 -тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Қарақия аудандық мәслихатының 26.05.2023 № 4/28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар 10 пайыздан асырмай белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде пайдалы алаңы бір адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес мөлшерде, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады.

      Ескерту. 4 тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Қарақия аудандық мәслихатының 07.09.2022 № 17/165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - Маңғыстау облысы Қарақия аудандық мәслихатының 26.05.2023 № 4/28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соңқолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      5. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеу "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларына сәйкес "Азаматтарға арналған үкімет "Мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі-Мемлекеттік корпорация) немесе "Электрондық үкімет" веб-порталына жүгінеді.

      Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "Электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

      7. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде шығыстар сметасына сәйкес кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шоттары бойынша жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі. 

      8. Тұрғын үй көмегін тағайындау аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тиісті қаржы жылына арналған аудан бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      9. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады