"Ресми статистикалық ақпаратты электронды түрде қалыптастыру және тарату бойынша әдістемені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2016 жылғы 30 қарашадағы № 292 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті Төрағасының 2020 жылғы 21 қаңтардағы № 4 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 23 қаңтарда № 19917 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ресми статистикалық ақпаратты электронды түрде қалыптастыру және тарату бойынша әдістемені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2016 жылғы 30 қарашадағы № 292 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14568 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2016 жылғы 30 желтоқсанда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ресми статистикалық ақпаратты электронды түрде қалыптастыру және тарату бойынша әдістемеде:

      22 және 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Қызмет түрі және/немесе басқа жіктелімдердің элементтері бойынша аудан және/немесе облыс (республикалық маңызы бар қала және/немесе астана) бөлінісінде жалғыз болып табылатын респондентпен ұсынылған алғашқы статистикалық деректер респонденттің келісімінсіз жарияланбайды және жарияланымдарда "Х" белгісімен белгіленеді.

      Құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері ресми статистикалық ақпаратты жариялауы кезінде алғашқы статистикалық деректердің жариялануын болдырмау үшін құпия деректерді жасырудың келесі әдістерін қолданады:

      алғашқы деректерді тікелей белгілеу арқылы деректерді жариялау;

      жіктелімнің жоғары деңгейіндегі деректерді жариялау;

      жіктелімнің басқа элементіне ауыстыру арқылы деректерді жариялау;

      жіктелімнің бір элементіне басқа деректерді біріктіру арқылы деректерді жариялау.

      23. Бір аудан немесе бір облыс (республикалық маңызы бар қала немесе астана) және/немесе басқа жіктелім элементтері бойынша "Х" белгісі бар аудандар немесе облыстар (республикалық маңызы бар қалалар немесе астана) бөлінісінде ресми статистикалық ақпаратты жариялау барысында құпия деректердің жанама белгіленуін болдырмау үшін келесі ең аз респонденттер саны немесе келесі ең аз өндіріс көлемі, қызмет көрсету көлемі бойынша деректері бар басқа аудан немесе облыс (республикалық маңызы бар қала немесе астана) бойынша және/немесе басқа жіктелім элементтері бойынша деректер қосымша "Х" белгісімен белгіленеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Пайдаланушылармен жұмыс басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Пайдаланушылармен жұмыс басқармасы осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің құрылымдық бөлімшелеріне және аумақтық органдарына жұмыс бабында басшылыққа алу және пайдалану үшін жеткізсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасарына (Н.Ж. Көшкімбаев) жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға Н. Айдапкелов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады