Бейнеу аудандық мәслихатының 2014 жылғы 24 қарашадағы № 28/196 "Бейнеу ауданының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ережені бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық мәслихатының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы № 57/470 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2020 жылғы 28 желтоқсанда № 4403 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңына сәйкес, сонымен қатар "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Маңғыстау облысы әділет департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесінің 2020 жылғы 20 қазандағы № 05-14-1725 ұсынысының негізінде, Бейнеу аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫҚ:

      1. "Бейнеу ауданының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ережені бекіту туралы" Бейнеу аудандық мәслихатының 2014 жылғы 24 қарашадағы № 28/196 шешіміне (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 2561 болып тіркелген, 2015 жылғы 16 қаңтарда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) келесідей өзгерістер енгізілсін:

      Бейнеу ауданының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ережесінде:

      1 тараудың тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:

      "1 тарау. Жалпы ережелер";

      2 тараудың тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:

      "2 тарау. Құрмет грамотасымен марапаттау бойынша талаптар";

      3 тараудың тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:

      "3 тарау. Құрмет грамотасымен марапаттау тәртібі";

      6 тармақ жаңа редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "6. Құрмет грамотасына ұсынылған әрбір адамға марапатталу бетшесі толтырылады. Марапаттау бетшесінде марапатталушының жеке басын сипаттайтын мәліметтер, сол саладағы және ұжымдағы жалпы еңбек өтілі, оның нақты сіңірген еңбектері, жұмысының сапасы және тиімділігі туралы мәліметтер, оның нәтижелері баяндалады.";

      4 тараудың тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:

      "4 тарау. Құрмет грамотасының сипаттамасы";

      13 тармақ жаңа редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "13. Құрмет грамотасы – беткі жағында Елтаңба белгісімен және мемлекеттік тілде "Құрмет грамотасы" деп жазылған, қосымша бетшесі бар көгілдір түсті папка. Қосымша бетше типографиялық тәсілмен, ақ түсті тығыз қағаздан дайындалады.

      Қосымшаның айқара ашылған бетінің сол жағы ұлттық оюмен өрнектелген, ал оң жағының жоғарғы бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнесінің төменгі жағында марапатталушының тегін, атын, әкесінің атын және сіңірген еңбектерін көрсету үшін орын қалдырылады. Мәтіннің астында қосарланып аудан әкімінің және аудандық мәслихат хатшысының қолдары орналасады.".

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Бейнеу аудандық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі және заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері жөніндегі комиссиясына (Ш.Азанов) жүктелсін.

      3. "Бейнеу аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (аппарат басшысы Ж.Оспанов) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Ш. Азанов
      Бейнеу аудандық мәслихатының хатшысы А. Улукбанов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады