Атырау облысы бойынша жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдардың және әкімдер аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеулерді қолдану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Атырау облысы әкімдігінің 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № 241 қаулысы. Атырау облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 11 желтоқсанда № 4801 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27, 37-баптарына, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңының 35-бабы 2-тармағына сәйкес Атырау облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Атырау облысы бойынша жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдардың және әкімдер аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеулерді қолдану қағидалары бекітілсін.

      2. Атырау облысы бойынша жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдардың және әкімдер аппараттары осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау "Қазақстан Республикасы Атырау облысы әкімі аппараты" мемлекеттік мекемесінің басшысы Б.Ә. Исақовқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Атырау облысының әкімі М. Досмухамбетов

  Атырау облысы әкімідігінің 2020 жылғы 10 желтоқсаны № 241 қаулысына қосымша

Атырау облысы бойынша жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдардың және әкімдер аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеулерді қолдану қағидалары

      1. Осы Атырау облысы бойынша жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдардың және әкімдер аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеулерді қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңының 35-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді және Атырау облысы бойынша жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдардың және әкімдер аппараттарының (бұдан әрі - мемлекеттік органдар) мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеулерді қолдану тәртібін анықтайды.

      2. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілеріне мынадай көтермелеулер қолданылады:

      1) біржолғы ақшалай сыйақы;

      2) алғыс жариялау;

      3) грамотамен марапаттау;

      4) көтермелеудің өзге де нысандары.

      3. Мемлекеттік қызметшіге бір ерекшелігі үшін бір көтермелеу ғана қолданылады.

      4. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, аса маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша көтермеленеді.

      5. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерін көтермелеу осы Қағидалардың 9-тармағының талаптарын ескере отырып, тікелей басшының ұсынысы бойынша Атырау облысының, Атырау қаласының және аудандардың әкімдерімен құрылатын мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу мәселелері жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) оң шешімі негізінде жүргізіледі.

      Комиссия ұсыным енгізілген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды.

      Комиссия құрамы Атырау облысы, Атырау қаласы мен аудандар әкімдерінің, мемлекеттік органдар басшыларының актілерімен (өкімімен, бұйрығымен) бекітіледі.

      6. Біржолғы ақшалай сыйақы төлеу қаржыландыру жоспары бойынша мемлекеттік органды ұстауға көзделген жергілікті бюджетті үнемдеу есебінен Атырау облысы, Атырау қаласы мен аудандардың әкімдерінің, мемлекеттік органдар басшыларының актілері (өкімі, бұйрығы) негізінде Комиссия оң шешім қабылдаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      7. Мемлекеттік қызметшілер Атырау облысы, Атырау қаласы мен аудандар әкімінің, мемлекеттік орган басшысының грамотасымен лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны, қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені, Атырау облысы, Атырау қаласы мен аудандардың әкімдерінің, әкімдіктерінің, мемлекеттік органдардың алдына қойылған аса маңызды тапсырмаларын шешуде қосқан жеке үлесі үшін марапатталады.

      8. Мемлекеттік қызметшілерге әкімдердің және мемлекеттік органдар басшыларының тапсырмаларын тиісті және адал атқарғаны, аса маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны үшін Атырау облысы, Атырау қаласы мен аудандар әкімінің, мемлекеттік орган басшысының алғысы жарияланады.

      9. Атырау облысы, Атырау қаласы мен аудандар әкімінің, мемлекеттік орган басшысының грамотасымен және алғысымен көтермелеу туралы шешім Комиссия оң шешімі қабылдаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде:

      1) Атырау облысы әкімінің грамотасымен және алғысымен көтермелеу үшін - Атырау облысы әкімінің орынбасарлары, Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы, Атырау қаласы мен аудандар әкімдері, Атырау облысының бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшылары;

      2) Атырау қаласы мен аудандар әкімдерінің грамотасымен және алғысымен көтермелеу үшін - олардың орынбасарлары, мемлекеттік органдар басшылары;

      3) мемлекеттік органдар басшыларының грамотасымен және алғысымен көтермелеу үшін олардың орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелер басшыларының ұсынымдары бойынша қабылданады.

      Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерін грамотамен және алғыспен көтермелеулерді есепке алуды персоналды басқару қызметі (кадр бөлімі) көтермелеу бойынша мәліметтерді мемлекеттік қызметшінің еңбек кітапшасына және жеке іс қағазына енгізумен жүргізеді.

      10. Грамота және алғыс мемлекеттік не орыс тілдерінде әзірленеді және Атырау облысы, Атырау қаласы мен аудандар әкімдерінің, мемлекеттік органдар басшыларының қолы қойылады.

      11. Көтермелеу тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеудің өзге нысандары қолданылады.

      12. Мына мемлекеттік қызметшілер көтермелеуге жатпайды:

      1) алынбаған тәртіптік жазасы барлар;

      2) сынақ мерзімінен өту кезеңіндегілер;

      3) мемлекеттік органда бір айдан аз уақыт жұмыс істегендер.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады