Шемонаиха аудандық мәслихатының 2018 жылғы 25 қазандағы № 29/7-VІ "Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау қағидаларын бекiту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 50/5-VI шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 17 сәуірде № 6947 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 2024 жылғы 29 наурыздағы № 15/4-VIII шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 29.03.2024 № 15/4-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      ЗҚАИ-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құықтық актілер туралы" Заңының 50-бабы 2-тармағына сәйкес Шемонаиха аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Шемонаиха аудандық мәслихатының 2018 жылғы 25 қазандағы № 29/7-VІ "Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау қағидаларын бекiту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5-19-193 болып тіркелген, 2018 жылғы 16 қарашада Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электронды түрде жарияланған) шешіміне мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе келесі редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы", 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулыларына сәйкес Шемонаиха аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:";

      көрсетілген шешіммен бекітілген Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындаудың қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      1) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды;

      2) коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға;

      3) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы Г. Андронова
      Шемонаиха аудандық мәслихатының хатшысы А. Боровикова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады