Мемлекеттік мәдениет ұйымдарындағы билеттерді дайындау мен өткізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің м.а. 2021 жылғы 19 наурыздағы № 77 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 21 наурызда № 22378 болып тіркелді

      "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 35-8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік мәдениет ұйымдарындағы билеттерді дайындау мен өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      министрдің міндетін атқарушы Н. Дауешов

  министрдің міндетін атқарушы
2021 жылғы 19 наурыздағы
№ 77 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік мәдениет ұйымдарындағы билеттерді дайындау мен өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік мәдениет ұйымдарындағы билеттерді дайындау мен өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 35-8) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік мәдениет ұйымдарындағы билеттерді дайындау мен өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) билет кітапшасы – тапсырыс беруші (мәдениет ұйымы) әзірлеген үлгілер мен техникалық ерекшелікке сәйкес типографиялық тәсілмен ғана дайындалған және кітапқа түптелген қатаң есептегі билет бланкілері;

      2) дистрибьютор – азаматтық заңнама шеңберінде жасалған шарттар негізінде мәдениет ұйымдарының билеттерін сатуды жүзеге асыратын уәкілетті жеке және/немесе заңды тұлғалар;

      3) термобилет – типографиялық тәсілмен дайындалған қағаз тасығыштағы арнайы бланк түріндегі қатаң есептегі құжат;

      4) фонограмма – орындаушылықтардың немесе өзге де дыбыстардың дыбыстық жазбасы, сондай-ақ дыбыстау-бейнелеу туындысына енгізілген жазбаны қоспағанда, дыбыстарды кез келген нысанда беру.

2-тарау. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарындағы билеттерді дайындау тәртібі

      3. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарында (бұдан әрі – мәдениет ұйымы) билеттердің мынадай түрлерін дайындау жүзеге асырылады:

      1) қағаз жеткізгіштегі билет;

      2) термобилет;

      3) электрондық билет.

      4. Билеттер мынадай негізгі ақпаратты құрайды:

      1) іс-шараның атауы;

      2) іс-шараны өткізу күні мен уақыты;

      3) билет бағасы;

      4) көрермен залындағы сектор (болған жағдайда), қатар мен орын;

      5) іс-шарада фонограмманың болуы немесе болмауы туралы ақпарат (жазылады);

      6) құрылтай құжатына сәйкес мәдениет ұйымының атауы (толық немесе қысқартылған);

      7) мәдениет ұйымының заңды мекенжайы;

      8) қолдау қызметінің байланыс деректері (электрондық билеттер үшін);

      9) айырықша белгілер: қағаз жеткізгіштегі билеттерде – алты таңбалы сериялық нөмір (алфавиттік тәртіпке сәйкес екі бас әріппен белгіленген), реттік нөмір, термобилеттерде – жеті таңбалы сериялық нөмір (алфавиттік тәртіпке сәйкес екі бас әріппен белгіленген), реттік нөмір, электрондық билеттерде – штрих-код және/немесе QR код.

      Билеттердің сериялық және реттік нөмірлері мәдениет ұйымымен белгіленеді.

      5. Осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген ақпарат қағаз жеткізгіштегі билеттерге – арнайы мөртабандармен немесе типографилық баспа тәсілдерімен, термобилеттерге – шаблонға типографилық баспа тәсілдерімен енгізіледі.

      6. Қағаз жеткізгіштегі билеттің беткі және артқы жақтары болады. Билеттің беткі жағы үш бөлікке бөлінген (түбіртек, орталық бөлік және бақылау), оның екеуі (түбіртек және бақылау) үзбелі болып табылады.

      7. Қағаз жеткізгіштегі билет түбіртегінің беткі жағы осы Қағидалардың 4-тармағының 9) тармақшасында көрсетілген ақпаратты қамтиды.

      8. Қағаз жеткізгіштегі билеттің орталық бөлігінің беткі жағы осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген ақпаратты қамтиды.

      Билеттің түбіртегі мен орталық бөлігінің беткі жағындағы сериялық нөмірі мен сериясы бірдей болып табылады.

      9. Қағаз жеткізгіштегі билеттің бақылау бөлігінің беткі жағы "Бақылау" деген сөзді қамтиды.

      10. Билеттерде қамтылған ақпарат қазақ, орыс, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде ресімделеді.

      11. Мәдениет ұйымының қалауы бойынша қағаз жеткізгіштегі билеттің орталық бөлігінің артқы жағында мәдениет ұйымдарына көрермендердің келуі мен мінез-құлық тәртібі туралы, билетті қайтару саясаты туралы және қосымша анықтамалық ақпарат қамтылады.

      12. Қағаз жеткізгіштегі билеттің және термобилеттің сыртқы дизайны мәдениет ұйымымен дербес әзірленеді.

      13. Қағаз жеткізгіштегі билеттер бланкілері бір іс-шараға көрермендер залындағы отырғызу орындарының саны бойынша билет кітапшасында қалыптастырылады. Билет кітапшасының титул парағына мәдениет ұйымының атауы, билеттердің сериясы мен реттік нөмірі қойылады және мәдениет ұйымының бірінші басшысы мен бас бухгалтері қол қояды.

      14. Қағаз жеткізгіштегі билеттерді өткізу кезінде түбіртек билет кітапшасында қалады. Бір билет кітапшасы бір іс-шараға көрермендер залындағы отыратын орындар саны бойынша есептелген билеттер санын қамтиды.

      15. Термобилет беткі және артқы жағы бар шаблонды білдіреді. Билеттің беткі жағы екі бөлікке бөлінген (негізгі және бақылау бөлігі). Билеттің бақылау бөлігі үзбелі болып табылады.

      16. Термобилеттің негізгі бөлігінің беткі жағы осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген ақпаратты қамтиды.

      17. Термобилеттің бақылау бөлігінің беткі жағы "Бақылау" деген сөзді қамтиды.

      18. Қалыптастырылған термобилет арнайы термопринтердің көмегімен басып шығарылады.

      19. Термобилеттердің шаблондары қағаз орамдарға қалыптастырылады және термопринтердің техникалық сипаттамаларына сәйкес билеттер санын қамтиды.

      20. Электрондық билет осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген ақпаратты қамтиды және рұқсат етілмеген қолжетімділіктен қорғау, сәйкестендіру, тіркеу және билеттерді өткізген сәттен бастап 5 жыл ішінде билетті өткізу бойынша барлық операцияларды сақтау қасиеті бар билеттерді онлайн сатуды жүзеге асыратын дистрибьюторлардың автоматтандырылған жүйесі арқылы қалыптастырылады.

      21. Бір билет бір іс-шараға қатысу үшін бір рет пайдаланылатын құжат болып табылады.

3-тарау. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарындағы билеттерді өткізу тәртібі

      22. Билеттерді өткізу мәдениет ұйымының кассасында, сондай-ақ мәдениет ұйымымен азаматтық заңнама шеңберінде жасалған шарттар негізінде дистрибьюторлармен жүзеге асырылады.

      23. Билет кассаларының меңгерушісі немесе дистрибьюторларға ресімдеу және беру үшін билет бланкілерін алған мәдениет ұйымының билеттерді өткізуге жауапты тұлғасы тиісті жүкқұжаттар негізінде билеттерді беруді жүзеге асырады.

      24. Азаматтық заңнама шеңберінде мәдениет ұйымдарымен шарттар жасасқан дистрибьюторлар туралы ақпарат мәдениет ұйымдарының ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.

      25. Автоматтандырылған дистрибьюторлар билеттерді өз ресурстары арқылы өткізеді.

      26. Билеттерді өткізу ұлттық валютада қолма-қол және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жүзеге асырылады.

      27. Мәдениет ұйымының кассасынан билет сатып алған кезде кассир сатып алушыға қағаз жеткізгіштегі билетті және/немесе термобилетті және бақылау-касса аппаратурасын қолдана отырып, электрондық түрде қалыптастырылған және қағаз жеткізгіште басып шығарылған кассалық чекті береді.

      28. Электрондық билетті сатып алу кезінде сатып алушының электрондық поштасына және/немесе ұялы телефон нөміріне электрондық билетті сатып алу фактісін растайтын электрондық кассалық чек автоматты режимде жіберіледі.

      29. Мәдениет ұйымының гастрольдік іс-шараларына билеттерді өткізуді қабылдаушы тараптың немесе мәдениет ұйымының немесе дистрибьюторлардың күштерімен жүзеге асырылады.

      30. Егер гастрольдік іс-шараларға билеттерді өткізуді қабылдаушы тараптың күштерімен жүзеге асырылған жағдайда, онда қабылдаушы тарап өзі дайындаған билет бланкілерін не келетін тарап ұсынған билет бланкілерін пайдаланады.

      31. Бой бермейтiн күштiң (форс-мажор), яғни осы жағдайлар кезiндегi төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, соғыс қимылдары, төтенше жағдай және т.б.) салдарынан мәдениет ұйымы іс-шараның күшін жояды.

      32. Осы Қағидалардың талаптарын сақтамай ресімделген немесе қандай да бір түзетулері бар билеттер жарамсыз деп танылады және пайдалануға, айырбастауға және қайтаруға жатпайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады