Астықтың резервтік қорын басқару жөніндегі қағидаларды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2021 жылғы 19 наурыздағы № 89 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 25 наурызда № 22387 болып тіркелді.

      "Астық туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 32-6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 05.05.2023 № 175 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Астықтың резервтік қорын басқару жөніндегі қағидалар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін:

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурсында ораналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
С. Омаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сауда және интеграция министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Төтенше жағдайлар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2021 жылғы 19 наурыздағы
№ 89 бұйрығымен
бекітілген

Астықтың резервтік қорын басқару жөніндегі қағидалар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Астықтың резервтік қорын басқару жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) "Астық туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабы 32-6) тармақшасына сәйкес әзірленді және астықтың резервтік қорын басқару тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 05.05.2023 № 175 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) азық-түліктік астық – тағамдық мақсаттарға пайдаланылатын астық;

      2) астық қабылдау кәсiпорны – астық сақтауды жүзеге асыратын меншік құқығындағы астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пункті) бар заңды тұлға;

      3) астық нарығы жөніндегі оператор (бұдан әрі – оператор) – астық нарығында тұрақтандыру функцияларын және астықтың резервтік қорын басқару жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысатын агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық компания;

      4) астықтың резервтік қоры – табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, төтенше жағдай енгізілген кезде елді азық-түліктік астықпен кепілдендірілген түрде қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ қажет болған кезде ішкі нарыққа реттеушілік әсер ету мақсатында пайдаланылатын азық-түліктік астықтың қоры;

      5) астықтың резервтік қорын басқару – бюджет қаражаты есебінен астық қабылдау кәсіпорындарында астықтың резервтік қорын сақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ астықтың резервтік қорын сатып алуға және өткізуге бағытталған оператордың қызметі;

      6) әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар – белгілі бір аумақта адам шығындарына, денсаулыққа зиян келтiруге, елеулi мүліктік шығындарға немесе тұрғындардың тiршілiк әрекетi жағдайының бұзылуына әкеп соғуы мүмкiн немесе әкеп соққан, әлеуметтік қатынастар саласындағы қайшылықтар мен жанжалдардың туындауымен байланысты төтенше жағдайлар;

      7) табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті табиғи құбылыстар (геофизикалық, геологиялық, метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрогеологиялық қауіпті құбылыстар), дала өрттері, эпидемиялар, ауыл шаруашылығы өсімдіктері мен ормандардың аурулармен және зиянкестермен зақымдануы нәтижесінде қалыптасқан төтенше жағдайлар;

      8) техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен, көлiк апаттары және басқа да апаттардан, өрттерден (жарылыстардан), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық қауiптi заттар бөлініп шығатын (шығару қаупі бар) апаттардан, ғимараттар мен құрылысжайлардың кенеттен опырылуынан, бөгеттердің бұзылуынан, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электр энергетикасы және коммуникация жүйелерiндегi, тазарту құрылысжайларындағы апаттардан болған төтенше жағдайлар;

      9) төтенше жағдай – азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын қорғау мақсатында ғана қолданылатын және азаматтардың, шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтарына жекелеген шектеулер белгiлеуге жол беретiн және оларға қосымша мiндеттер жүктейтiн мемлекеттiк органдар, ұйымдар қызметiнің ерекше құқықтық режимі болып табылатын уақытша шара;

      10) уәкiлеттi орган – құзыретi шегiнде астық нарығына қатысушылардың қызметiн үйлестiруді және реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-тарау. Резервтік астық қорын басқару тәртібі

1-параграф. Резервтік астық қорын қалыптастыру және ұстап тұру үшін астықты сатып алу

      3. Астықтың резервтік қоры "Бидай. Техникалық шарттар" ҚР СТ 1046 ұлттық стандартында (бұдан әрі – ұлттық стандарт) белгіленген тиісті талаптарға сәйкес келетін, 500 000 (бес жүз мың) тонна көлеміндегі оператордың азық-түліктік астығынан қалыптасады.

      4. Астықты сатып алу Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жасалатын шарттар негізінде жүзеге асырылады.

      5. Астықтың резервтік қорын ұстап тұру үшін оператор астықтың резервтік қорын ауыстыруды жүзеге асырады. Астықтың резервтік қорын ауыстыру ұлттық стандартта белгіленген талаптарға сәйкес келетін, оператордың қолда бар азық-түліктік астығына тең көлемге астықты толықтыру арқылы жүзеге асырылады.

2-параграф. Резервтік астық қорын сақтау

      6. Астықтың резервтік қорын сақтау Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 1 маусымдағы № 178 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22952 болып тіркелген) бекітілген "Астық қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметі бойынша қызметтер көрсетуге лицензия беру" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес астық қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметі бойынша қызметтер көрсетуге лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарында жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 05.05.2023 № 175 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Астық қабылдау кәсіпорындарын оператор уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған оператордың ішкі нормативтік құжаттарында белгіленген тәртіппен іріктейді.

      8. Астықтың резервтік қорын сақтау Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушысының 2015 жылғы 29 мамырдағы № 4-1/487 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімінде № 11596 болып тіркелген) бекітілген астық қабылдау кәсіпорны мен астық иесі арасындағы астықты сақтауға арналған жария шарттың үлгі нысанына сәйкес жасалған астық қабылдау кәсіпорындары мен оператор арасындағы астық сақтау шарттары негізінде жүзеге асырылады.

      9. Астық қабылдау кәсіпорындары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 26 маусымдағы № 4-1/573 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімінде № 11839 болып тіркелген) бекітілген Астықты сақтау қағидаларына сәйкес астықтың сақталуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 19 маусымдағы № 4-1/546 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімінде № 11804 болып тіркелген) бекітілген Астықтың сандық-сапалық есебiн жүргiзу қағидаларына және астықты сақтауға арналған шарт бойынша қабылданған міндеттемелерге сәйкес сақтауға қабылданған астықтың сандық-сапалық сақталуын қамтамасыз етеді.

3-параграф. Резервтік астық қорын өткізу

      10. Астықтың резервтік қоры елді азық-түлік астығымен кепілді қамтамасыз ету мақсатында:

      1) табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар туындағанда;

      2) төтенше жағдай енгізілгенде;

      3) ішкі нарыққа реттеушілік әсер ету үшін өткізіледі.

      11. Осы Қағидалардың 10-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда оператор астықтың резервтік қорын өткізуді өңірлер кесіндісінде астықтың резервтік қорының көлемін, өткізу мақсаттарын көрсете отырып, уәкілетті органның жазбаша өтініші негізінде жүзеге асырады. Бұл ретте, астықтың резервтік қорының құны Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерв қаражаты және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың резервтері есебінен өтеледі не Қазақстан Республикасының Президенті төтенше жағдай енгізгенде қаржыландыру мемлекеттік төтенше бюджет есебінен өтеледі.

      12. Ішкі нарыққа реттеушілік әсер ету мақсатында азық-түліктік астықты ұн тарту ұйымдарына жеткізуді уәкілетті органның жазбаша өтініші негізінде оператор тиісті жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 маусымына дейін жүзеге асырады. Бұл ретте, уәкілетті органның жазбаша өтініші облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өңірдегі ішкі нарыққа реттеушілік ықпал етуге қажетті астық көлемін және ішкі нарыққа реттеушілік әсерді қамтамасыз етуге қатысатын ұн тарту ұйымдарының тізбесін көздейтін өтініштері негізінде қалыптастырылады.

      13. Астықтың резервтік қорын ұстап тұру мақсатында оператор астықтың резервтік қорының жалпы көлемінен 50 (елу) пайызға дейінгі бөлігін, егер Қағидалардың 10-тармағына сәйкес астықтың резервтік қорын өткізу тиісті жылдың 1 маусымына дейін толық көлемде жүзеге асырылмаған жағдайда өткізеді.

      14. Уәкілетті органның астықтың резервтік қорын осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген мақсаттарға тиісті жылдың 1 маусымынан кейін өткізу туралы жазбаша өтініші келіп түскен жағдайда, оператор осы Қағидалардың 13-тармағына сәйкес астықтың резервтік қорын өткізуді тоқтауы тиіс.

      Оператор астықтың резервтік қорының өткізілген бөлігін қалпына келтіруді уәкілетті органның жазбаша өтініші келіп түскен күннен бастап бір ай ішінде осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес жүзеге асырады.

3-тарау. Астықтың резервтік қоры бойынша бақылау және есептілік

      15. Оператор жыл сайын тиісті жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша астықтың резервтік қорының 500 000 (бес жүз мың) тонна көлемінде болуын қамтамасыз етеді.

      16. Астықтың резервтік қорының сандық және сапалық жай-күйін бақылау Заңға және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 05.05.2023 № 175 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Оператор астықтың резервтік қорын басқаруға байланысты қызмет нәтижелері бойынша тоқсан сайынғы негізде уәкілетті органға осы Қағидаларға қағидалар сәйкес нысан бойынша астықтың резервтік қорының бар-жоғы туралы есепті ұсынады.

  Астықтың резервтік
қорын басқару жөніндегі
қағидаларға
қосымша
  Нысан

Астықтың резервтік қорының бар-жоғы туралы есеп

№ №№

Астық қабылдау кәсіпорнының атауы

Астық қабылдау кәсіпорнының мекенжайы

20__ жылғы __________ жағдай бойынша астықтың бар-жоғы (тонна)

1

2

3

4





      Басшы _____________________________________ ________________

      (аты, әкесінің аты (бар болса), тегі)      (қолы)

      Күні: 20__ жылғы "____" ___________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады