Қазақстан кітапханаларының жиынтық электрондық каталогын пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 22 сәуірдегі № 105 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 23 сәуірде № 22609 болып тіркелді

      "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 35-9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан кітапханаларының жиынтық электрондық каталогын пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2021 жылғы 22 сәуірдегі
№ 105 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан кітапханаларының жиынтық электрондық каталогын пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан кітапханаларының жиынтық электрондық каталогын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 35-9) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан кітапханаларының жиынтық электрондық каталогын пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан кітапханаларының жиынтық электрондық каталогы (бұдан әрі – Жиынтық электрондық каталог) – Қазақстан Республикасы кітапханаларының қорлары туралы библиографиялық мәліметтер қамтылған электрондық ақпараттық ресурс;

      2) Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы – қазақстандық кітапханалардың, музейлер мен архивтердің қорларын сақтауға, сондай-ақ Қазақстанның тарихи, ғылыми және мәдени мұрасына пайдаланушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе;

      3) қатысушы – Қазақстан Республикасының кітапханалары.

2-тарау. Қазақстан кітапханаларының жиынтық электрондық каталогын пайдалану тәртібі

      3. Жиынтық электрондық каталог жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – пайдаланушылар) анықтамалық-библиографиялық қызмет көрсетуге арналған.

      4. Қазақстан Республикасы кітапханаларының қорлары туралы библиографиялық мәліметтер іздеу мақсатында баспа және қолжазба құжаттарын, сондай-ақ графикалық, дыбыстық-көрініс материалдарды сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтерді қамтиды.

      5. Жиынтық электрондық каталогты пайдалану Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасы арқылы пайдаланушыны авторизациялаусыз және тіркеусіз жүзеге асырылады.

      6. Жиынтық электрондық каталог қызметтерін пайдалану тегін жүзеге асырылады.

      7. Жиынтық электрондық каталог пайдаланушыларға интернет желісіне қосылған құрылғылар арқылы қолжетімді.

      8. Қазақстан Республикасы кітапханаларының қорлары туралы библиографиялық мәліметтерді Жиынтық электрондық каталогта іздеу қазақ және (немесе) орыс тілдерінде бірыңғай іздеу жолы арқылы жүзеге асырылады.

      9. Қазақстан Республикасы кітапханаларының қорлары туралы библиографиялық мәліметтерді іздеу мынадай өлшемшарттардың бірімен жүзеге асырылады:

      1) автордың аты-жөні бойынша;

      2) баспа және қолжазба құжаттарының, сондай-ақ графикалық, дыбыстық-көрініс материалдарының атауы бойынша;

      3) баспаның атауы бойынша;

      4) басылымның шығу мәліметтерінің міндетті элементтері бойынша.

      10. Сұратылған ақпарат болған жағдайда, осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген өлшемшарттар бойынша іздеу нәтижелері бастапқы деректері бар қатысушылардың интернет-ресурстарына сілтеме жасай отырып, тізім түрінде көрсетіледі.

      11. Библиографиялық мәліметтерді іздеу нәтижелеріне көшу көрсетілген сілтемелер тізімінен баспа және қолжазба құжаттарының, сондай-ақ графикалық, дыбыстық-көрініс материалдардың қажетті атауын таңдау арқылы жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады