Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 21 ақпандағы № 43 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 22 ақпанда № 26894 болып тіркелді

      "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрі
С. Брекешев
     
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
  Экология, геология және
  табиғи ресурстар министрі
  2022 жылғы 21 ақпандағы
  № 43 бұйрығымен
  бекітілген

Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрын (бұдан әрі – Мемлекеттік кадастр) жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Мемлекеттік кадастр Қазақстан Республикасындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (бұдан әрі – ЕҚТА) құқықтық мәртебесі, олардың орналасқан жері, мөлшері мен шекаралары, географиялық координаттары, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің сандық және сапалық сипаттамасы, экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени, рекреациялық құндылығы, қорғау режимінің түрлері, нысаналы пайдаланылуы және рұқсат етілген қызмет түрлері туралы мәліметтер жүйесін қамтиды.

      3. Мемлекеттік кадастрды ЕҚТА жүйесін дамыту бағдарламаларын әзірлеу үшін пайдалану, экологиялық желіні қалыптастыру және жерді ұтымды пайдалануды жоспарлау және биологиялық саналуандықты, бірегей табиғи ландшафттарды сақтауды ескере отырып, өңірлердің өндіргіш күштерін орналастыру мақсатында уәкілетті органның аумақтық органдары мен облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) атқарушы органдар ұсынатын мәліметтері негізінде тұрақты негізде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүргізеді.

2. Мемлекеттік кадастрды жүргізу тәртібі

      4. Мемлекеттік кадастрда республикалық кадастрлық кітап және ЕҚТА-ның кадастрлық істері болады.

      5. Кадастрлық іс әрбір ЕҚТА-ға жеке ресімделеді және оған мыналар кіреді:

      1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) атқарушы органдардың ЕҚТА құру туралы шешімі;

      2) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес (бұдан әрі – Заң) ресімделген ЕҚТА паспорты;

      3) ЕҚТА құрудың немесе кеңейтудің жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемесі;

      4) ЕҚТА құрудың немесе кеңейтудің жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы;

      5) уәкілетті мемлекеттік органдардың сұратуы бойынша ұсынылатын табиғи ресурстардың (жер, су, орман, жануарлар дүниесі, кен орындары мен пайдалы қазбалар көрініс-белгілерінің) мемлекеттік кадастрларында ЕҚТА-ны көрсету туралы мәліметтер;

      6) осы ЕҚТА-да анықталған мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесі.

      6. Республикалық кадастрлық кітапта оларды қорғау режимінің түрін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) атқарушы органдардың ЕҚТА құру туралы шешімін көрсете отырып, әрбір облыс бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған барлық ЕҚТА көрсетіледі.

      Республикалық кадастрлық кітапқа енгізілетін әрбір ЕҚТА-ға кадастрлық нөмір беріледі. Тиісті ЕҚТА-ға ресімделетін кадастрлық іс осы нөмірмен сәйкестендіріледі.

      7. Мемлекеттік кадастр ақпаратты жинаудың, өңдеудің және сақтаудың электрондық жүйелерін пайдалана отырып, қағаз және электрондық жеткізгіштерде жүргізіледі.

      8. Кадастрлық істерді ресімдеуді қоса алғанда, мәліметтерді өңдеуді, мемлекеттік кадастрға енгізуді уәкілетті орган қамтамасыз етеді.

      9. Уәкілетті органның аумақтық органдары және облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) атқарушы органдар уәкілетті органға жыл сайын, 10 қаңтарға дейінгі мерзімде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде құрылған ЕҚТА-ға қатысты осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттар мен мәліметтерді электрондық және қағаз жеткізгіштерде ұсынады.

      10. Кадастрлық іс ресімделетін құжаттарға немесе мәліметтерге өзгерістер енгізілген жағдайда, мұндай өзгерістер туралы уәкілетті органның аумақтық органдары мен облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) атқарушы органдар электрондық және қағаз жеткізгіштердегі тиісті құжаттар мен мәліметтерді қоса бере отырып, уәкілетті органды дереу хабардар етеді.

3. Қорытынды ережелер

      11. Заңның 35-бабы 4) тармақшасына сәйкес мемлекеттік кадастрды жүргізу бюджет заңнамасына сәйкес қаржыландырылады.

      12. Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының сұрау салуы, заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 20-бабында белгіленген тәртіппен сұрау салынатын аумақтар бойынша мемлекеттік кадастрдан мәліметтер ұсынылуы мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады