Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 мамырдағы № 190 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 1 маусымда № 32649 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 105-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Т. Дуйсенова

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Оқу-ағарту министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрлігі

  Министр труда и
социальной защиты
населения Республики
Казахстан от 30 мая 2023 года
№ 190 бұйрықпен
бекітілген

Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 105-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар, қандастар, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептердің студенттері, жоғары сынып оқушылары үшін әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуметтік еңбек саласындағы бірыңғай ақпараттық жүйе – уәкілетті мемлекеттік органның, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, еңбек мобильділігі орталықтарының, мансап орталықтарының, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметін автоматтандыруға және әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылға арналған ақпараттандыру объектісі;

      2) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау – кәсіп таңдауда, қызмет түрін ауыстыруда және кәсіптік білімді, дағдыларды, жеке басының мүдделерін және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып біліктілігін арттыруға практикалық көмек көрсетуге бағытталған өзара байланысты іс-шаралар кешені;

      3) бос орын – жұмыс берушідегі бос жұмыс орны (лауазым);

      4) еңбек нарығы – жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты қалыптастыратын сала;

      5) жұмыссыз – жұмыс іздеуші және жұмысқа кірісуге дайын жеке тұлға;

      6) жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген, еңбек делдалдығын көрсететін жеке немесе заңды тұлға;

      7) жұмыс іздеуші адам – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін мансап орталығына жүгінген жеке тұлға;

      8) кәсіптік ақпараттандыру – еңбек нарығының жай-күйі, Жалпыұлттық дерекқордың мәліметтері, бар мамандық бойынша жұмысқа орналасу, қатысушының кәсіптік біліктілігіне сәйкес қайта оқытудан, біліктілік арттырудан өту немесе кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу мүмкіндігі туралы ақпарат беру;

      9) кәсіптік бейімдеу – қатысушының өндіріске, еңбек жағдайларына және нақты мамандықтың ерекшеліктеріне бейімделу процесі;

      10) кәсіби консультация – жұмыс орнын және белгілі бір мамандық таңдауда қатысушының психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін, қабілетін, кәсіби қызығушылығын ескере отырып, оған көмек көрсету;

      11) кәсіби іріктеу – қатысушының нақты кәсіпке, мамандыққа, жұмыс орнына кәсіби бейімділігінің дәрежесін айқындау;

      12) қандас – бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері;

      13) мансап орталығы – еңбек мобильділігі орталығының аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада оның функцияларын орындауды жүзеге асыратын филиалы;

      14) студент – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымында оқитын адам;

      15) Электрондық еңбек биржасы – Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыс іздеуді және персоналды іріктеуді, жұмыспен қамту саласында электрондық және проактивті форматта қызметтер көрсетуге жәрдемдесуді қамтамасыз ететін, іздеушілер мен жұмыс берушілерге арналған жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық тұғырнамасын білдіретін ақпараттандыру объектісі.

      3. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудың негізгі мақсаты қатысушының жеке қызығушылықтарына, қабілеттеріне, бейімділігіне және нарық қажеттіліктеріне сәйкес кәсіп таңдау процесін оңтайландыру болып табылады.

      4. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы" және "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес өңірлік кәсіпкерлер палатасын (ӨКП) және жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерін және (немесе) өзге ұйымдарды тарта отырып, мансап орталықтары, білім беру ұйымдары жүргізеді.

2-тарау. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды жүргізу тәртібі

1-параграф. Жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды және қандастарды әлеуметтік кәсіптік бағдарлау

      5. Мансап орталығы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін жүгінген жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды және қандастарды кәсіптік бағдарлауды жүргізеді.

      6. Мансап орталығы:

      1) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы" және "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін жүгінген жұмыс іздеп жүрген адамдарға, жұмыссыздарға және қандастарға әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу үшін жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктері арасында іріктеу жүргізеді;

      2) іріктеу қорытындылары бойынша жұмыспен қамтудың жекеше агенттігімен жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін жүгінген жұмыс іздеп жүрген адамдарға, жұмыссыздарға және қандастарға өтеулі негізде әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу туралы шарт жасасады;

      3) жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі ұсынымының негізінде қатысушыны кәсіби іріктеуді жүргізеді, ол қатысушының жеке-психологиялық ерекшеліктерін диагностикалауды, нақты мамандық талаптарына оның жеке қасиеттерінің сәйкес келуін және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу мүмкіндігін бағалауды қамтиды.

      7. Мансап орталығы және/немесе жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі:

      1) өңірдегі еңбек нарығының жай-күйі туралы кәсіптік ақпараттандыруды жүргізеді, семинарлар, тренингтер және түрлі кәсіп өкілдерінің қатысуымен кездесулер ұйымдастырады;

      2) жүгінген адамдардың жеке тілектерін, психологиялық ерекшеліктерін және еңбек нарығындағы нақты ахуалды ескере отырып, кәсіби консультация береді;

      3) Электрондық еңбек биржасы бойынша бос орындардың болуын және қатысушы таңдаған кәсіп бойынша оның кейіннен жұмысқа орналасуы үшін кадрларға қажеттілікті айқындайды;

      4) дағдыларды айқындау үшін тестілеуді ұйымдастырады;

      5) тестілеу және кәсіптік консультация нәтижелері бойынша кәсіптік іріктеуден өту қажеттілігі туралы ұсынымдар дайындайды;

      6) кәсіптік оқытудан өту үшін адамдардың тізімін жасайды;

      7) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен, ӨКП және кәсіпорындармен, ұйымдармен, мекемелермен бірлесіп, қатысушы таңдаған кәсіпке дайындалу процесімен және таңдалған мамандық бойынша жұмыс орындарын таныстыру бойынша жұмыс жүргізеді, кәсіптік бейімдеуді ұйымдастырады.

      8. Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін жүгінген жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды және қандастарды әлеуметтік кәсіптік бағдарлау мансап орталықтарының алаңында жүргізіледі.

      9. Мансап орталықтары жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерімен, ӨКП және жұмыс берушілермен бірлесіп, болашақ мамандығын таңдап қойған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырады.

2-параграф. Студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу тәртібі

      10. Мансап орталығы студенттерге және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына еңбек нарығының жай-күйі, білікті кадрларға экономиканың болжамды қажеттіліктері туралы консультациялар береді.

      11. Білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу үшін студенттер, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары қатарынан контингентті айқындайды және мансап орталығына ұсынады.

      12. Білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган:

      1) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу жоспарын құрады, оны мансап орталығымен және өңірлік кәсіпкерлер палатасымен келіседі;

      2) жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларын кәсіптермен таныстыру және әлеуметтік кәсіптік бағдарлау рәсімдерін жүргізу үшін жоғары және арнайы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын айқындайды;

      3) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізуге жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына алдын ала даярлық жұмыстарын жүргізеді.

      13. Мансап орталығы "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы" және "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізуге жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктері арасында іріктеу өткізеді;.

      14. Іріктеу нәтижелері бойынша мансап орталығы мен жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі арасында студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында өтеулі негізде әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізуге шарт жасалады.

      15. ӨКП экономиканың әртүрлі салаларындағы қызметтермен студенттерді және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларын таныстыру бойынша кәсіптік бағдарлау жүргізу үшін ұйымдар мен кәсіпорындардың тізбесін ұсынады.

      16. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлауға іріктеуден өткен жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі:

      1) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау өткізу жоспарына сәйкес білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органмен, мансап орталығымен бірлесіп, ата-аналардың, жұмыс берушілердің және кәсіптік білім беру ұйымдары өкілдерінің қатысуымен оқу орындарында кәсіптік бағдарлау бойынша жұмысты ұйымдастырады;

      2) студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары үшін негізгі ұйымдар мен кәсіпорындарда кәсіптер презентацияларын, экскурсиялар, ашық есік күндерін өткізу кестесін жасайды;

      3) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу жоспарына сәйкес дағдыларды айқындауға қатысушыларға тестілеу жүргізіп, тестілеу нәтижелері бойынша студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына одан әрі кәсіби дамуы үшін консультация береді;

      4) мансап орталықтарымен бірлесіп студенттер арасында жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

      17. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудың және жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі консультациясының қорытындылары бойынша кейіннен жұмысқа орналастыру мақсатында оқыту үшін қысқа мерзімді курстарға жіберу мақсатында болашақ кәсібін әлі таңдамаған оқушылардың тізімі қалыптастырылады.

      18. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау кездесулер, дөңгелек үстелдер, семинар-тренингтер және кәсіптік экскурсиялар нысандарында жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады