Арнайы комиссияны қалыптастыру қағидаларын және Арнайы комиссия туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 10 шiлдедегi № 134 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 12 шiлдеде № 33068 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 42) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Арнайы комиссияны қалыптастыру қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Арнайы комиссия туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Куантыров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
2023 жылғы 10 шілдедегі
№ 134 Бұйрыққа
1-қосымша

Арнайы комиссияны қалыптастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Арнайы комиссияны қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 42) тармақшасына сәйкес әзірленді және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жанынан құрылатын арнайы комиссияны қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) арнайы комиссия (бұдан әрі – комиссия) – дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне қосуға қатысты мәселелерді қарау мақсатында мемлекеттік органдардың, "Атамекен" Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасының (бұдан әрі – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы), қоғамдық бірлестіктер мен кәсіптік одақтардың өкілдері қатарынан құрылатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жанындағы консультативтік-кеңесші орган;

      2) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар туралы мәліметтерді, атап айтқанда:

      дара кәсіпкердің атауы не заңды тұлғаның атауы және тіркелген күні;

      сәйкестендіру нөмірі;

      заңды мекенжайы (орналасқан жері);

      әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісінің тізіліміне қосылған күнді;

      әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісінің санатын қамтитын электрондық дерекқор.

2-тарау. Арнайы комиссияны қалыптастыру тәртібі

      3. Комиссияны қалыптастыру мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы жыл сайын 1 желтоқсанға дейін дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) тізілімге қосу мәселелерін қарау бойынша кандидатураны ұсынуы үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағындағы мемлекеттік органдарға, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, қоғамдық бірлестіктер мен кәсіптік одақтарға сұрау салу жібереді.

      4. Мемлекеттік органдар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық бірлестіктер мен кәсіптік одақтар сұрау салуды алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей комиссия құрамына қосу үшін кандидатураны ұсынады.

      5. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) тізілімге қосу мәселелерін қарау жөніндегі комиссияның құрамы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тиісті жергілікті атқарушы органы әкімінің шешімімен 31 желтоқсаннан кешіктірілмей бекітіледі.

      6. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және оның мүшелерінен тұрады.

      7. Комиссияның құрамы коммерциялық емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатарынан қалыптастырылады. Бұл ретте мемлекеттік органдар өкілдерінің саны төрт адамнан кем болмауға және коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің санынан аспауға тиіс.

      8. Комиссияны төраға басқарады, оны комиссия мүшелері бірінші отырыста сайлайды.

      9. Комиссия төрағасы мемлекеттік органдардың өкілі бола алмайды.

      10. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын төрағаның орынбасары орындайды, мемлекеттік органдардың өкілі төрағаның орынбасары бола алмайды.

      Төрағаның орынбасарын комиссия төрағасы комиссияның бірінші отырысында тағайындайды.

      11. Комиссияның қызметін тиімді ұйымдастыру мақсатында хатшы тағайындалады.

      12. Комиссия хатшысы жұмыс органының өкілі болып табылады. Хатшы комиссия мүшесі болып табылмайды және комиссия шешім қабылдаған кезде оның дауыс беру құқығы жоқ.

  Бұйрыққа
2-қосымша

Арнайы комиссия туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Арнайы комиссия туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан РеспубликасыҮкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 42) тармақшасына сәйкес әзірленді және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жанынан құрылатын арнайы комиссияның (бұдан әрі – комиссия) мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайды.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады. Комиссия өз жұмысын ашықтық, жариялылық, алқалылық және бейтараптық қағидаттарында ұйымдастырады.

      3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі айқындайтын әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы жұмыстарды жүргізуге жауапты облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың деңгейіндегі жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      4. Комиссияның қызметі облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімі шешімінің негізінде тоқтатылады.

2-тарау. Арнайы комиссияның міндеті

      5. Комиссияның міндеті дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) үшін тең жағдайлар жасау, сондай-ақ оларға қойылатын талаптардың бірыңғайлығын сақтау, ұсынылатын құжаттарды зерттеулердің жан-жақтылығы мен толықтығы, қабылданатын шешімдердің объективтілігі мақсатында дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне (бұдан әрі – тізілім) қосу бойынша ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

      6. Комиссия өзіне жүктелген міндеттерге қол жеткізу мақсатында дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) өтінімдерін қарайды, мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды, өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар тұжырымдайды.

3-тарау. Арнайы комиссияның қызметін ұйымдастыру

      7. Комиссия өз қызметін отырыстар нысанында (бетпе-бет форматта немесе бейне-конференц-байланыс) жүзеге асырады.

      Комиссия отырыстары тоқсанына бір рет өткізіледі.

      8. Комиссияның хатшысы:

      1) төрағаның тапсырмасы бойынша отырысқа мемлекеттік органдардың, мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің өкілдерін, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолдау және әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы сарапшыларды, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерін шақырады;

      2) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, жеке тұлғалардан комиссия міндетін іске асыру үшін қажетті материалдарды сұратады және алады.

      9. Комиссия отырысының күн тәртібін жұмыс органы дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) өздерін тізілімге енгізу туралы өтініштері негізінде қалыптастырады.

      10. Алдағы кезеңге комиссия отырысының күн тәртібін алдағы тоқсанның бірінші айының 1-күніне дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей комиссия төрағасы бекітеді.

      11. Комиссия хатшысы комиссия отырысы өткізілетін күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей оның мүшелеріне, сондай-ақ тізілімге енуге үміткер дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) отырыстың өткізілу уақытын, форматын және орнын көрсете отырып, күн тәртібін жібереді.

      12. Комиссия төрағасы оның қызметін басқарады, комиссияның отырыстарында төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, ұсынымдарының іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.

      13. Комиссияның отырысына қатысатын адамдарды комиссия хатшысы тіркейді.

      14. Комиссия мүшелері олардың қызметіне алмастыру құқығынсыз қатысады.

      15. Комиссия мүшелері ұсынымдарды әзірлеу кезінде тең дауысқа ие болады.

      Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасы дауыс берген ұсыным қабылданды деп есептеледі.

      16. Келіспеген жағдайда комиссия мүшелері ерекше пікірін жазбаша түрде баяндайды, ол комиссия отырысының хаттамасына қоса береді.

      17. Комиссия отырысы, егер оған комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.

      18. Комиссияның ұсынымдарына отырысқа қатысып отырған комиссия мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берсе, олар қабылданады.

      19. Комиссия отырысы күн тәртібінің мәселелерін комиссия хатшысы жария етеді.

      20. Комиссия төрағасының орынбасары (ол болмаған жағдайда – комиссия хатшысы) комиссияның қарауына ұсынылған материалдар бойынша баяндама жасайды.

      21. Комиссияның ұсынымдары комиссияның қарауына берілетін материалдар бойынша баяндаманы және өтініш берушілердің түсіндірмелерін талқылағаннан кейін комиссия мүшелерінің дауыс беруі арқылы әзірленеді.

      22. Комиссия төрағасы күн тәртібінің әр тармағын талқылау нәтижесі бойынша дауыс беруді жариялайды, ол "қолдаймын" немесе "қарсымын" форматында өткізіледі.

      23. Комиссия хатшысы дауыстарды санауды жүзеге асырады және алынған нәтижені жариялайды. Дауыс беру нәтижесі комиссия отырысының хаттамасына енгізіледі.

4-тарау. Арнайы комиссия отырысында қабылданған ұсынымдарды ресімдеу

      24. Комиссия отырысында қабылданған ұсынымдар отырыс хаттамасы түрінде ресімделеді және тізілімді бекіту үшін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.

      25. Төраға комиссия отырысының хаттамасына комиссияның тиісті отырысы өткізілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.

      26. Комиссия отырысының хаттамасын комиссияның төрағасы, ал ол болмаған жағдайда отырысқа төрағалық етуші комиссия төрағасының орынбасары бекітеді.

      27. Комиссия хатшысы отырыстың хаттамасын бекіткен күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірмей комиссия отырысы хаттамасының көшірмесін қағаз және (немесе) электрондық нысанда комиссия мүшелеріне, өздерін тізілімге енгізуге үміткер дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) жібереді.

      28. Комиссия хатшысы комиссияның тиісті отырысының күн тәртібі өтініштері негізінде қалыптастырылған адамдарға комиссия отырысы хаттамасынан үзінді көшірмені жібереді. Үзінді көшірмеде комиссия отырысының хаттамасынан нақты өтінішке қатысты мәліметтер ғана болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады