Жария кадастрлық картаны жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 2023 жылғы 12 шiлдедегi № 252/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 18 шiлдеде № 33106 болып тіркелді

      "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 4-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жария кадастрлық картаны жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы
А. Оразбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрінің міндетін атқарушы
2023 жылғы 12 шілдедегі
№ 252/НҚ Бұйрықпен
бекітілген

Жария кадастрлық картаны жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жария кадастрлық картаны жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 4-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жария кадастрлық картаны жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жария кадастрлық карта (бұдан әрі – ЖКК) – Қазақстан Республикасының жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларынан алынған ақпаратты (мәліметті), сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың өзге де мәліметтерін қамтитын цифрлық карта;

      2) жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесі (ЖМБМК АЖ) – жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Жер Кодексінде және "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалатын жер және құқықтық кадастрлардың мәліметтерін қамтитын ақпараттық жүйе.

      3. ЖКК сервистер жиынтығы арқылы ЖМБМЖ АЖ-дан кеңістіктік деректерді беруді жүзеге асыруға арналған.

      Жеке кабинетке кіру idp.egov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.

      4. ЖКК өтініш берушінің жеке кабинетінде мынадай функцияларға қол жеткізуді қамтамасыз етеді:

      1) жер – кадастрлық жұмыстар (бұдан әрі – ЖКЖ) бойынша коммерциялық қызметтер көрсетуге өтініштерді рәсімдеу;

      2) бастапқы және қайталама жылжымайтын мүлікке (жеке тұлғалар үшін) салық салу мақсатында мүліктің құнын есептеуге берілген өтінімді рәсімдеу;

      3) ЖКЖ бойынша коммерциялық қызметтерді көрсету нәтижесін алу және қарау;

      4) елді мекендердің шекараларында (оның ішінде жобаланатын) базалық мөлшерлемелер мен елді мекеннің белгіленген шекаралары болған кезде жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын автоматты түрде анықтау;

      5) электрондық түбіртекті сақтай отырып, ЖКЖ бойынша коммерциялық қызметтерді көрсету үшін онлайн төлем;

      6) іріктеу өлшемшарттары бойынша ЖКК-да қамтылған ақпаратты іздеу;

      7) ЖМБМК АЖ авторизацияланған пайдаланушылары үшін ақпаратты іздеу нәтижелері бар (*.pdf / *.xlsx / *.docx) файлдарды жүктеп алу.

      5. ЖМБМК АЖ платформасында ЖКК арқылы жер учаскесін алуға кезекте тұрғандардың тізілімі қалыптастырылады.

2-тарау. Жария кадастрлық картаны жүргізу тәртібі

1-параграф. Жария кадастрлық картаның құрамы

      6. ЖКК және ЖМБМК АЖ арасындағы ақпарат алмасу келесі веб-сервистер арқылы жүзеге асырылады:

      1) өтініш берушінің жылжымайтын мүлік объектілерін анықтауға арналған ақпараттық веб-сервисі;

      2) қызмет көрсету үшін төлем туралы ақпаратты сұрау веб-сервисі;

      3) ЖКК-дан ЖМБМК-ға тапсырыс қабылдауға арналған веб-сервис;

      4) қызмет көрсеткені үшін қосымша ақы алу веб-сервисі.

      7. ЖКК мен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимылы "электрондық үкімет" шлюзі (бұдан әрі – ЭҮШ) арқылы республикалық деңгейде мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасының (бұдан әрі – МО БКО) контурында жүзеге асырылады.

      Хабарламаларды қабылдауға және беруге арналған жүйелер ЭҮШ, ЖКК және ЖМБМК АЖ жұмысындағы технологиялық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы қолжетімді.

      8. Онлайн режимінде ЖКК мәліметтерін толтырудың тұтастығын тексеруді келесі тармақтарға сәйкес ЖМБМК АЖ иесі жүзеге асырады:

      1) ЖКК жұмысын күнделікті бақылау;

      2) мәліметтерді беруді жүзеге асыру кезінде қателіктер туындаған жағдайда себептерді анықтау және оларды дереу жою.

2-параграф. Жария кадастрлық картаны басқару

      9. ЖКК-ның деректерін басқару үшін мынадай функциялар жүргізіледі:

      1) жүйенің әр қабатындағы мәліметтеріне жақындау;

      2) авторизацияланған пайдаланушы тиісті интерфейс элементін басқаннан кейін, сұралып отырған жер учаскесін (бұдан әрі – ЖУ) құру/өңдеу жүзеге асырылады.

      10. Картаға кеңістіктік деректерді (координаттарды) енгізу мынадай тәсілдермен жүргізіледі:

      1) тінтуірдің сол жақ батырмасымен "полигон", "сызық", "нүкте" құралдарының көмегімен сурет салу;

      2) ашылған модальді терезеде сұралатын ЖУ шекараларының бұрылыс нүктелерінің координаттарын енгізу;

      3) ашылған модальді терезеде кеңістіктік деректер шекараларының бұрылыс нүктелерінің координаттары бар файлды жүктеу.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады